Руханият • 22 Қазан, 2020

Диссидент (Ұшқыр ойлы жас ұлан Қайырбек Әжібаев туралы бір үзік әңгіме)

325 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

1968 жылдың күзі. Кеңес өкіметі соның алдында бір жыл бұрын Қазан төңкерісінің жартығасырлық мерекесін дүбірлете атап өткен болатын. Осыған орай елдегі үлкен кәсіпорындарға, үлгілі ұжымшарлар мен қалалардағы орталық көшелерге «Қазанның 50 жылдығы» аты берілді. Ал газет, радио болса, халық тамағының тоқ, көйлегінің көк болуы «күн көсем» – Ленин өмірге әкелген осы идеяның арқасы деген насихат жұмыстарын жалғастыра жүргізіп жатты.

Диссидент (Ұшқыр ойлы жас ұлан Қайырбек Әжібаев туралы бір үзік әңгіме)

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай күндердің бірінде Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік ко­митеті басқармасына орта бойлы, сымбатты қазақ әйелі келіп кірді. Жауапты кезекші ретінде мен оны қабылдап, бұйымтайын сұрадым. Әлі есімде, әлгі келіншек өзін Ақмаржан Смағұлова деп таныстырды да облыстық поштадағы хаттарды сұрыптау бөлімінде істейтінді­гін айтты. Жұбайы Мұқтар бұрындары КГБ органында қызмет атқарған екен. Осылай деген ол сөмкесінен ашылған конвертті алып үстел үстіне қойды. Сөз иесінің мәлімдеуінше, бұл хат Алматыдан ад­ресаты дұрыс көрсетілмегендіктен, ке­йін қайтарылған болып шықты. «Пош­та ережесіне сай ашылған не сыр­ты бү­­лінген хаттың мазмұнымен танысқ­а­нымда, оның өкіметке қарсы бір кісі­нің танысына жазған дүниесі екенін аңғардым, – деді келіншек. – Ана жолы сіздердің бір қызметкеріңіз келіп, біздің ұжымға «Кеңес азаматтарының саяси қырағылығы» туралы лекция оқыған. КГБ органына қатысты фактілер кездессе, біздермен байланыста болыңыздар деп еді. Сондықтан мына хаттың сіздерге қатысы бар шығар деп әкеліп тұрмын», деп сөзін аяқтады.

Алдымдағы белгісіз қағаз парақ­та­ры­на көз жүгіртіп шықсам, бұл біздің өңір­дегі Боровской ауданындағы Михай­лов елді мекенінің тұрғыны Әжібаев деген азаматтың жазбасы болып шықты. Ол оны «Жас тұлпар» атты жасырын ұйымның мүшесі ретінде Алматы қала­сында тұратын өзінің пікірлесіне жол­даған екен. Осыны білгеннен кейін меке­меміздегі әскери тәртіп бойынша мен аталған хатты әкелген азаматшадан жазбаша түсінік алдым. Сөйттім де оны конвертке қоса тіркеп, кезекшіліктің соңында басқарма бастығына тапсырдым.

Содан көп уақыт өтпей бұл хат­қа облыстық қауіпсіздік комитеті бас­қар­масы ғана емес, республикалық МҚК басшылығы да көңіл аударып, өз бақы­лауына алды. Оның айқын белгісі бізде арнайы топ құрылып, оған облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасындағы идеология бөлімінің бастығы, полковник П.Сафрыгин, осы мекеменің аға тергеушісі, полковник П.Дадыкин, ­идео­логия бөлімінің жауапты қызмет­ке­рі ка­питан Ж.Тасмағамбетов пен аға лей­тенант Е.Ыбыраев енді.

Осы ұйымдастыру жұмыстары аяқ­талған кезде басқарма бастығы полковник С.Сенкеевич мені кабинетіне шақырды. Барсам, онда жоғарыда айтылған топ мүшелері отыр екен. Бастық: «Бүгін Әжі­­баевтың үйіне тінту жүргізесіңдер, – деп бастады сөзін. – Бұған облыс прокуроры П.Грачевтің келісімі бар. Ал се­ні, Мәулетов арамыздағы қазақ тілді жал­ғыз тергеуші болғандықтан, осы іс-ша­раға арнайы қосып отырмын. Се­бебі онда жергілікті ұлт тіліндегі құжат­тар болуы мүмкін. Соны іріктеп алу ке­рек». Мұны естіген мен: «Жолдас, пол­ковник, қылмыстық іс қозғалмай тұ­­­рып тінту амалдарын жүргізуге болмай­ды ғой. Ол сол мәселеге қатысты Ко­декс­­­те көрсетілген», дей бастап едім, С.Сен­кеевич сөзімді бөліп жіберді. Сөйт­­­­ті де: «Оған басың ауырмасын. Бі­рін­­шіден, топты Дадыкин басқарады. Заң­бұзушылық болса, оған сен емес, аға тергеуші жауапты. Екіншіден, прокурор П.Грачев тінту жүргізуге ке­лі­сі­мін берген деп жаңа айттым ғой. Об­лыс­тық партия комитетінің хатшысы да бұл мәселеден хабардар. Содан кейін... Айналысайық деп отырған адамымыз тексеруімізге алған қатардағы кісі емес. Оны республикалық МҚК күнделікті назарында ұстап отыр», деді.

Заңсыздықпен келісуге тура келді. Ол кезде партияның қай салада болса да нұсқау беріп отыратын, оған ешкім қарсы шықпайтын кезі еді. Бағынбай көр, сенімен көп сөйлеспейді, тәжікелеспейді. Социалистік қоғамның сара жолын тү­сінбейтін кездейсоқ жан деп ойлайды да, партбилетіңді үстелге қой дейді. Ал ондай ұйғарымға ешкім қарсы тұра алмайды.

Сол күні жұмыс аяғына таман біз ­Ми­­­хайловка поселкесіне келдік. Қайыр­бек Әжібаевтың үйі поселкенің күн­батыс жағында екен. Ол қайыңды орман­ның іргесіне орналасыпты. Шағын, екі пәтерлі құрастырмалы финн үйі. Осыған және ауладағы қора-қопсыға қарап, іздеп келген адамымыздың жұмысынан оралуын күтіп біраз тұрдық. Кешкі сағат алтылардың шамасында көшеден бойы құдды бастауыш мек­тептің баласындай кішкентай ғана бір жігіт келе жатты. Оны сырттай барлап жүрген Тасмағамбетов: «Біз іздеп келген адам осы болу керек», деді ақырын ғана. Өйткені әріптесім, бұған дейін өзіне бекітілген үшаяқты мотоциклімен бұл поселкеге бір-екі рет келіп кеткен еді. Көпшілік оны ата-енесі осы елді мекенде тұрып жатқандықтан, «жаман күйеу қайыншыл» дегендей, соларға баратын шығар деп жорамалдайтын-ды. Бірақ мәселе басқада болатын.

Біз амандасып, өзімізді таныстырып болған соң Қайырбек Әжібаевпен бірге ілесіп үйіне кірдік. Бойдақ, шешесімен екеуі ғана тұрады екен. Көршілерінен екі куәгер шақырып іске кірістік. Мұны көрген кәрі анасы бір жағдайды сезгендей, біз кеткенше жылаумен болды. «Жалғызымды соттап жіберсеңдер, мына ауру, ертең бе, бүгін бе деп отырған дім­кәс мені кім бағады? Өлейін деп жатқаным­да кім аузыма су тамызады? Ертеңгі күнім не болмақ?» деп зарлағанда, біздердің бәріміздің тұла бойымыз түршігіп кет­ті. Бірақ қолымыздан не келмек? Үкі­мет­тің мейірімсіз, алып машинасына кім қарсы тұра алады? «Абыржымаңыз», деп қоямыз кейуанаға. Бұл әйтеуір жай жұ­бату ғой. Басқа сөз айта алмадық.

Қайырбек Әжібаевтың үйі өте жұ­пыны болып шықты. Тек қабырға сөре­сіндегі көп кітап қана көзге түседі. Жи­һаз-мүлік дегеннен үлкен, ескі сандық, қа­зақы көрпе, жастық. Басқа ештеңе жоқ. Үйді ұзақ тінттік. Сөренің жоғары жағына қойылған ескі шабаданнан Қа­зақ­станның көптеген қаласынан кел­ген хаттар және ұсақ әріптермен толтырылып жазылған бірнеше дәптерді тауып, тәркіледік. Сөз ретіне қарай айта кетейін, тінтудің бір кезеңі қазір есіме түсіп отыр. Менің міндетім, ортада үйіліп жат­қан құжаттарды іріктеп алып, керектісін хат­­тамаға тіркеу-тін. Соларды оқып отыр­­­ғанымда көзімнің шалып қалғаны, жа­нымдағы үй иесі ақырындап бір дәп­тер­ді жымқырмақшы болып жатыр екен. Оны көріп отырған Ыбыраев оған басын изеп, келісімін берген сияқты болды. Мен: «Қайда апарасың?» дегендей қолынан шап бердім. Әжібаев ештеңе дей алмай сасып қалды. Алыстан қарап отырған Василий деген жүргізушіміз осы оқиғаны кейін: «Ғалихан Нұржанович «стоп» дегендей Әжібаевтың қолынан шап берді», деп жолдастарына күлдіргі сөз ретінде сан құбылтып айтып жүрді. Жасырмаймын, бұл да сол кездегі біз­дің үкімет пен партияға мейлінше беріл­гендіктің бір көрінісі ғой.

Тағы да бір жағдай, жеті қабат жер­дің астындағы сыбырдың өзі бірден естіліп жататын бұл органға кейін біз­дің қызметкерлеріміз Ыбыраевтың тін­ту жүргізіліп жатқан кезде үй иесіне «бүйрегі бұрғаны» туралы құпия құжат келіп түскені бар. Онда Әжібаевтың дәптерді жасырып қалуға әрекет еткені және біздер туралы, сондағы сөздерімізге дейін жеткен. Мұны содан біраз уақыт өткен соң жауап алғанда Әжібаевтың өзі де айтыпты. Сонда ол: «Тінтушілердің ішінен мен өзім оқыған орта мектептің директоры Ыбыраев ағайдың баласын бірден таныдым. Ол да осы білім ұясының түлегі еді. Ол мінезі жұмсақ, ұлтжанды кісі екен. Негізгі дәптерімді қымқырып қалуға өз ризашылығын бергендей болды. Бірақ құжаттарды тексеріп отырған екінші ұлты қазақ, қатігез, еш­кімге жүрегі елжірей қоймайтын адам болып шықты. Ол көрмей қалғанда, топ мүшелері жартымды ештеңе таба алмайтын еді», депті.

МҚК органы жоғарыдағы жағдайдан соң құпия хатқа үлкен мән беріп, Ыбы­раевтың саяси сенімсіздігі туралы мәселе көтерілді. Абырой болғанда бұл туралы ол осының алдында топ жетекшісі Дадыкинге айтқан екен. Ол кісі: «Бұл жөнінде мен білемін, шектен шыққан ештеңе жоқ. Ыбыраев маған айтқан», – депті. Сонымен Ершат орнында қалып, бұрынғы жұмысын жалғастыра берді.

Қазір еске түсірсем, Әжібаев­тың ой-пікірі сол кезгі өкіметтің қай сала­дағы болсын «іс-әрекеттері қазақ халқына зиянды» деп айтылған құжаттар екен. «Шындықты айтуға болмайды. Өкімет­ке қарсы келіп өз пікіріңді білдірсең, жүй­ке ауруымен ауырады деген жаламен ауруханаға салады, не соттайды», депті. Біраз уақыт өтсе де, әлі есімде, қалға­ны мемлекетті басқару саласындағы партияның рөлін азайтып, оның орнына халық сайлаған президенттік басқару­ға көшу туралы біраз салыстырмалы дә­лелдер келтірілген. Мұны ол сонау 60-жыл­­дары айтып отыр. Сондай-ақ тағы бір те­зисінде Әжібаев Варшава Шартына кіретін елдер сияқты КСРО-дағы одақтас республикаларда да басқа партиялардың болуы керектігін айтқан. Бұл мен алып қалған дәптерде көбірек жазылыпты. Онда тіпті республиканың болашақ президенті, үкімет мүшелері мына кісілер болғаны дұрыс деген нақты фамилиялар да келтірілген. Оған жолдаған хатында бір пікірлесі: «Сіз өзіңізді осы лауазымды президенттік қызметке үміткермін деп неге айтпайсыз?» дегеніне, ол: «Құдай маған бой бермеген. Ел басшысы бой­­шаң, сымбатты әрі жоғары білімді, жан-жақ­ты сауатты азамат болуы керек. Ал ме­нің білімім арнайы орта ғана, араласқан ортам да озық ойдың иелері емес», деген.

Дәптердің «Жас тұлпар» бағдар­ла­масы» деген бөлімінде ұлт мәселесіне байланысты ойлар жинақталыпты. Онда республикадағы облыстар мен аудандар басшыларының басым бөлігі негізгі ұлт өкілдерінен болуы керек делінген. «Бірақ Қостанай облысынан мысал келтірер болсақ, Амангелді, Жангелдин аудандарынан басқа өңірлерде бірінші хатшы қазақ жоқ. Ірі кәсіпорындардың, тіпті кеңшар директорларының бәрі орыс ұлтының өкілдері. Сонда 50 жылда бұл мемлекет ұлт кадрларын даярлап шыға­ра алмаған ба, әлде жергілікті ұлтқа де­ген сенбеушілік пе?» деп жазған. «Об­лыс орталығында бір қазақ балабақша­сы жоқ, Қостанай қаласында жалғыз-ақ қазақ мектебі бар», дейді күйзелген ол. Дәптер иесі: «Баспасөз көбіне орыс тілді, радиодан қазақ үнін есту қиын, ал халықаралық аренаға келсек, қазақ деген ұлтты басқа елдер білмейді. Неге біз, Қазақ Республикасы Украина, Бело­руссия сияқты БҰҰ-ға мүше емес­піз», дейді де: «Сынақтар неге адам жоқ тайгада өткізілмейді? – деп Семей ядролық полигонына тоқталады. Жазуы өте сауатты, бәрі қазақ тілінде. Мұндай батыл ойды сол кезде айтудың өзі бір үлкен ерлік! Міне, оның жоғарыдағыдай ұшқыр ойына мен бүгіндері ерекше таңғаламын.

Тінту нәтижесі бойынша, респуб­ли­калық МҚК басшылығына және об­лыс­тық партия комитетіне көлемді анық­тама құжат жазылды. Заң орындары­на енді Қайырбек Әжібаевты Қылмыс­­тық кодекстің қайсы бабымен жауапқа тар­ту туралы мәселе тұрды. Бұл жерде пі­кір екіге бөлінді. Тобымыздағы «өз жұ­­мысын» көрсеткісі келген өзге ұлт өкіл­­­дері қатаң жазалауды ұсынды. Кі­нәлі азаматымыз ұмытпасам, аталған заң­­наманың 161-1-бабымен сотталып кетуі әбден мүмкін еді. Бұл кеңестік қо­ғамды ойдан шығарған жаламен қара­лау деген тұжырымға келетін ұғым еді. Бі­рақ республикалық МҚК-дегі тер­геу бө­лімінің бастығы, полковник Н.Ловя­гин деген кісі өте бір парасатты, осы ор­гандағы беделді адам болатын. Әрі өзі басқа ұлт өкілі болғандықтан ба, Қайырбек Әжібаевты қатаң жазаламауды ұсынды.

Осыдан кейін: «Құжаттармен тергеу­ші ретінде жұмыс істеген сен, аға лейтенант пікірің қалай?» деп бастық маған ­сөз берді. Мен: «Ловягин жолдас өте білім­ді, мұндай істерді республика бойынша талай көріп, қолынан өткізген адам. Және олар бойынша өзінің дұрыс шешімін айтқан кісі. Мұндай маман пікірімен келіспеуге болмайды. Бұны республикалық МҚК тергеу бөлімінің пікірі деп ұққан жөн», дедім. Сөйттім де: «Қолымыздағы құжатта Әжібаев тек өз пікірін жазған. Ол үкіметке қарсы шығу туралы мәселе көтермеген. Және қоғамға қарсы пікірі әлі толық қалыптаспаған. Кеңестік Қазақстанның 50 жыл ішіндегі жетістіктерін айтып жатқанымызда, дәл қазір мынадай сөз көтеру орынсыз. Оның үстіне бұл азаматты құдай аямаған. Отбасы жоқ, кәрі анасын еңіретіп қалдыру орынсыз және ертең сот бола қалған күнде оның орындығында бойы 1,5 метрге әрең жететін адам отырса, жұртшылық мемлекетке қарсы шыққан адамдарының түрін қара деп күлмей ме?» деп қызбаланып кеткенімде, бастық мені тоқтатып тастады. «Жетеді, – деді. – Пікірің түсінікті болды. Әжібаевтың жазулары саған да әсер еткен бе деп отырмын».

Ойын-күлкіге араластырып айтқан бұл сөзге ел ду күлді. Сонымен көпшілік оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы шешімге келді. Нақтылап айт­қанда, басқармамыздың идеология бөлімі Әжібаевпен профилактикалық, қылмыстың алдын алу шараларын жүр­гізу жөнінде тапсырмалар алды. Бұл тер­геу жұмысына кірмейтін іс-ша­ра бол­ғандықтан, мен оған қатысқан жоқ­пын.

Сөз етіліп отырған адам, яғни Қайыр­бек Әжібаев туралы жазамын деген ой менде жоқ еді. 2009 жылы «Егемен Қа­зақстан» газетінде қостанайлық диссидент М.Құлмағамбетов туралы мақалам жарық көргеннен кейін басылымның сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаев ініміз телефон шалып, оған өзінің оң бағасын берген. Содан биыл ол: «Таяуда Павлодарда бір жиын өтеді. Диссиденттік тақырыпқа байланысты мақалаңыз болса жіберсеңіз. Біз республика бойынша кеңестік кезеңдегі сондай күрескерлер туралы ұжымдық жинақ шығарылса деп едік», деді.

 Сол сәтте осы Әжібаев туралы жазсам қалай болады деген ойдың келгені. Бірақ көп жылдар өткендіктен, бұл аза­маттың аты-жөні есіме түспей-ақ қой­ды. Архив­терден де ештеңе таба алмадым. Бір күні, кезінде осы іс бойынша жұмысқа тартылған, қазір Алматыда тұрып жатқан Ершат Ыбыраев есіме түсті. Телефон шалып, Әжібаев тура­лы сұрадым. Ол: «Ғалеке, оның аты – Қайырбек. Менің Нұршат деген інім­мен бірге 1965 жылы Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар орта мектеп-интернатын бітірген. Ол туралы інімнің аздап айтқаны – сы­ныптасының экономист мамандығын алғаны. Меңдіқара ауданындағы Михай­ловка астық қабыл­дау пунктінде есепші болып жұмыс істе­гендігі. Одан кейін 70-жылдары бір баланы құтқарамын деп суға кеткенін естігендігі. Сөзінің соңында, – деді Ершат, – інім ол тура­лы сыныптастарының бірі, бұрынғы Қос­танай облыстық соты төр­ағасының бірінші орынбасары болған зейнеткер Тұрсынбай Жармұхамбетов­тің білетінін айтып, мектеп бітіргенде ­ұжым болып түскен фотовиньетканы берді».

Нұршаттың ағасы Ершатқа айтқан сөзінен кейін ол нұсқаған Тұрсекең, Тұрсынбай ініме телефон шалып бұйым­тайымды айттым. Ол да 1965 жылы Қос­танайдағы Ыбырай Алтынсарин атын­дағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты Қайырбекпен бірге бітіргенін сөз етті. Содан соң: «Ол өзі 1946 жылы Қостанай қаласының іргесіндегі Нечаев­ка поселкесінде дүниеге келген қандасы­мыз еді», – деді. – Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы политехникумға түсіп, қаржыгер мамандығын игерді. Содан соң Меңдіқара ауданының Михайловка кентіндегі астық қабылдау пунктінде істеп жүр дегенді естігенім бар. 70-жылдары суға кетіп қайтыс болыпты. Менің ойымша ол екі жыл Алматыда оқығанда ой-пікірі дамып, сол кездегі Мұрат Әуезов төңірегіне топтасқан қыз-жігіттердің «Жас тұлпар» ұйымымен байланыста болуы әбден мүмкін».

Тұрсынбайдың сөзінің жаны бар. Олай дейтінім, тінту кезіндегі Қайыр­бектің қағазға түсірген ойлары мен әр жер­ден келген хаттар оның «Жас тұл­пар» ұйымымен мұраттас болғанын дәлел­дейді. Осыларды естіп-білген соң Қайырбек жұмыс істеген Михайловка астық қабылдау пунктінде бухгалтер болып істеген Дариға Махамбетова, На­дежда Толстых секілді кісілермен де сөй­лесіп, пікір сұрадым. Олар біздің кейіп­керіміздің өз мекемелерінде экономист болып қызмет атқарғанын растады. «Қайырбек жұмысына тиянақты, артық сөзі жоқ, көп кісілермен араласа бермейтін жігіт еді. Мінезі тұйық бол­ғандықтан, кейбіреулер бұл «шпион» емес пе екен деп те күдіктенетін. Жұмыс­шылардың еңбекақыларын кеспей, айлықтарын әділ төлеуге көп жұмыс жасады. Ел осынысы үшін оны жақсы көріп: «Наш маленкий Коля», дейтін. Басқа айтарымыз жоқ», деді...

...Кеңес өкіметі кезінде социалистік қоғамға наразы болып, оны сынаған немесе арнайы бағдарлама жасап, ұйым құруға әрекет еткен адамдар онша көп емес. Бұларды саусақпен санарлық деп айтуға болады. Олар – сонау 40-жыл­дардың басында республиканың ұлт саясатындағы қиғаштықтарды ашына айтып, Бүкілодақтық төраға М.Калинин­ге хат жазған Батыс Қазақстандағы жас­тар тобының жетекшілері мен 50-жылдар­ғы сол түсініктегі тың игеруге байланыс­ты кеудемсоқтыққа қарсы шаққан «ЕСЕП», 60-жылдары Қарағанды өңі­рінде өмірге келген «Жас қазақ» пар­тиялары мен Алматыдағы «Жас тұл­пар» қозғалысының басшылары бола­тын. Оған сондай-ақ Павлодардағы «Жас ұлан» ұйымын қосуға болады. Осы­лардың жетекшілерін есептей келіп, сол уақытта өзі жеке-дара әрекет еткен М.Құлмағамбетов пен мына мақаламызда сөз еткен қандасымыз Қ.Әжібаевты қос­қанда, ол кеңес қоғамындағы бөгде ойлы 13-ші адам болып шығады екен. Бұл жердегі әңгіме 1940-1970 жылдар аралығындағы диссиденттер тура­сында болып отыр. Кейін мұндай жан­дардың Алматы мен Қызылорда және Целиноградта бой көрсеткені анық. Қайыр­бек Әжібаев та сол уақытынан ерте ту­ған намысқой қандасымыздың бірі еді.

 

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,

ҰҚК-нің құрметті ардагері, отставкадағы подполковник

 

Қостанай