Футбол • 22 Қазан, 2020

Қаралы қазан

24815 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан 38 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1982 жылдың 20 қазанында КСРО-ның бас шаһары – Мәскеуде көптеген жанкүйердің көзіне жас алдырған қайғылы оқиға болды. Атап айтсақ, әйгілі В.И Ленин атындағы Орталық стадионда (қазіргі «Лужники») футболдан УЕФА кубогының 1/16 финалдық сайысы өтіп жатты. Бұл матч­та жергілікті «Спартак» пен Нидерландтың «Хаарлем» клубтары күш сынасты. Бәсекенің аяқталуына санаулы ғана уақыт қалғанда көрермендердің қалың нөпірі шыға берісті бетке алды. Баспалдақтар мен дәу дарбазаның алдында олар бір-бірін таптап өтіп, соның салдарынан көптеген адам сол жерде жантәсілім етті.

Қаралы қазан

 

Қаралы күн қарсаңында Мәскеуде жапалақтап қар жауды. Келесі тәулікте күн күрт суып, ауаның температурасы минус 10°С-қа дейін төмендеді. Сол себепті де УЕФА кубогы жолындағы кездесуді көру үшін стадионға көрермендер әдеттегіден тым аз жиналды. Ойынды небәрі 16 643 адам ғана тамашалады. Ал ол кезде В.И.Ленин атындағы Орталық стадион 80 мыңнан аса көрерменді сыйдыра алатын. Соны қаперге алған аталған спорттық нысанның басшылары жиналған жұртты екі трибунаға ғана орналастыруды жөн көрді. Шығыстағы трибунаға 12 мың адам жайғасса, қалғандары Батыс беткейден орын алды.

Ойын басталған бетте-ақ Ринат Дасаев, Олег Романцев, Юрий Гав­рилов, Федор Черенков, Сергей Родио­нов сынды түгел дерлік КСРО құра­масы сапында өнер көрсетіп жүрген жұлдыздардан құралған «Спар­так» ойын тізгінін мықтап қолға алды. Алғашқы гол көп күттірген жоқ. 16 минутта Эдгар Гесс есеп ашты. Қар­сыластары да қарап қалмады. «Хаарлемнің» ойыншылары ара-тұра қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, бірнеше мәрте Константин Бесков баптаған команданың қорғаныс шебін бұзып өтпек болды. Алаң иелері де есепті еселеуге барынша күш салды. Бір сөбен айтсақ, ойын өте тартысты өтіп жатты. Десек те, тараптар ұзаққа дейін бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Тек соңғы секундтарда Сергей Швецов баспен екінші голды соғып, кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 2:0.

Шамамен дәл сол тұста төрешінің ойынның аяқталғаны жайында белгі бергенін күтпестен көпшілік стадионнан шығуға асықты. Тоңып қалған жанкүйерлердің дені метроға жақынырақ орналасқан есікке қарай бағыт алды. Куәгерлердің айтуын­ша, сол жерде бір бойжеткен сүрі­ніп жығалған екен. Үш-төрт адам құлап жатқан қызды тұрғызып алуға әрекет етеді. Алайда арттан келе жатқан көрермендердің қалың нөпі­рі оларды таптап өтеді. Сол аралықта тағы бірнеше жанкүйер құлап, аяқтың астында қалады. Ол аз­дай, сан мың адамды көтере ал­ма­ған темір баспалдақ опырылып түседі. Талай көрермен бетонға құлап, мерт болады. Осы келеңсіз жайт­тың салдарынан 66 адам қаза тапты. Түрлі дене жарақатын алып, ауру­ханаға түскендердің санында есеп жоқ. Олардың дені өрімдей жастар еді. Ресми деректерге сүйенсек, ба­қилық болғандардың ең ересегі – 45 жаста, ал ең жасы 14 жасқа енді ғана толған екен. Осы оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп, істің анық-қанығы анықталғаннан кейін кінәлі деп танылған адамдар тиісті жазаларын алды. Соттың үкімімен кейбіреулер бас бостандығынан айырылса, кейбіреуіне сөгіс жарияланды.

Кеңес Одағындағы спорттық нысандарда бұрын-соңды дәл осындай адам шығыны көп қаралы оқиға болмаған еді. Сол себепті де партия басшылығы бұл жайтты көпшілікке жария етпей, жасырып қалуға тырысты. Ел арасында гу-гу әңгі­мелер айтылғанымен, ресми түрде ешқандай мәлімет жарияланбады. БАҚ-тар тек «Спартак» пен «Хаарлем» арасындағы кездесудің нәтижесін көрсетумен және жазумен шектелді. Ал стадиондағы қайғылы жағдай жайында ешкім тіс жармады.

1980 жылдардың екінші жартысында КСРО-да қайта құру нау­қа­ны белең алды. Міне, дәл сол тұс­та жоғарыдағы оқиға жайында тың деректер шыға бастады. 1989 жыл­дың 8 шілдесінде «Советский спорт» газетінде «Лужникидің қара­лы құпиясы» атты мақала жарияланды. Журналистер 66 емес, 340 көрермен қаза тапты деген деректі алға тартты. Іле-шала осы сипаттағы мақалалар басқа басылымдарда да жарық көрді. Көп ұзамай бұл ақпарат төрткүл дүниеге тарады. Шетелдік басылымдар да журналистік зерттеу­лер жүргізіп, 1982 жылдың 20 қаза­нында болған қанды оқиғаны одан әрі қыздыра түсті. Ал сол күні «Спар­такпен» ойнаған «Хаарлемнің» ойын­шылары мен бапкерлері және осы ойынды тамашалау үшін Мәскеуге келген 100-ге жуық нидерландтық жан­күйер де қайғылы жағдайдан мүл­дем бейхабар екен. В.И.Ленин атын­дағы Орталық стадиондағы оқиға жа­йында олар арада жеті жыл өткенде ғана білді.

Футболшылар бәсекесі барысында орын алған қаралы оқиғалар тек осымен шектелмейді. Көптеген бей­күнә адамның өліміне әкеліп соқтыр­ған жағдайлар оған дейін де болған, одан кейін де болды. Енді солардың кейбіреулеріне азды-кемді тоқталайық.

1946 жылдың 9 наурызы. Ан­глияның Болтон қаласында өткен ел кубогы жолындағы жарыста «Бол­тон Уондерерс» пен «Сток Сити» кез­деседі. Мыңдаған көрермен сол матчқа билетсіз кірмек болып, бір-бірін таптап өлтірген. Соның сал­да­рынан 33 адам мерт болып, жарқаттанғандары 400-ден асқан.

1954 жылдың 4 сәуірі. Грузияның астанасы – Тбилисиде КСРО чем­пио­натының тұсауы кесіліп, жергілікті «Динамо» мен Мәскеудің «Спартак» клубтары шеберлік байқасты. Билет­сіздердің бассыздығы салдарынан стадионға баса-көктеп кірмек болған 20 адам сол жерде жантәсілім етті. Ал қаншама көрерменнің жарақат алғанын Кеңес Одағының билігі жасырып қалды.

1955 жылдың 30 қарашасы. Неа­польда өткен Италия чемпионатының кезекті турында «Наполи» мен «Бо­лонья» бақ сынады. Ойын барысында алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіленді. Сол мезетте жергілікті жанкүйерлер Болониядан келген көрермендер жайқасқан ложаға лап берді. Екі жақтың фанаттары бір-бірін төмпештей бастады. Араларында оқ атқандар да болды. Осы оқиға салдарынан 152 адам түрлі дене жарақатын алды. Зардап шекендер арасында тәр­тіп сақшылары мен әскерилер де бар.

1964 жылдың 24 мамыры. Лимадағы ұлттық стадионда Перу мен Аргентинаның олимпиадалық құрамалары кездесті. Матчтың соңғы минуттарында қонақтардың айып алаңында ойын ережесі бұзылды. Әуелде төреші 11 метрлік нүктені көрсетеді де, сәлден кейін шешімін өзгертеді. Сол сәтте жаппай төбелес басталады. Полиция көзден жас шы­ғаратын газ пайдаланды. Оқиға салдарынан 328 адам өліп, жарақат алғандар саны 4 мыңнан асып жығылды.

1968 жылдың 23 маусымы. Буэнос-Айрестегі (Аргентина) «Мону­менталь» стадионында «Ривер Плейт» пен «Бока Хуниорс» клубта­ры­ның фанаттары арасында жан­жал шығып, соңы төбелеске ұласты. Оқиға салдарынан 74 адам мерт болды.

1969 жылдың 15-20 шілде аралығы. 1970 жылғы әлем чемпио­на­тының іріктеу турнирінде Сальва­дор мен Гондурас құрамалары күш сынасады. Қос ойынның қоры­тын­дысы бойынша жеңімпаз анықтал­ма­ғаннан кейін қосымша кездесу ұйым­дастырылады. Бұл бәсекеде сальва­дорлықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Оның ақыры алты күндік соғысқа ұласып, 3 мыңға жуық адам қаза та­уып, алты мыңнан астамы жараланды.

1971 жылдың 2 қаңтары. Шотландия біріншілігінде «Глазго Рейнджерс» пен «Селтик» кездеседі. Бәсеке соңында адамдар бір-бірін таптап, 66 адам мерт болса, 140 көрермен жарақат алады.

1974 жылдың 11 ақпаны. Каир қаласында Мысыр біріншілігінің кезекті тур ойындары өтіп жатқанда, трибунаның жартысы опырылып түседі. 48 көрермен шейіт болып, 50-ден астамы ауруханаға түседі.

1985 жылдың 11 мамыры. Англияның Брадфорд қаласындағы «Вэлли Прэйд» стадионында өрт шығып, 56 жанкүйер өртеніп кетсе, 256-сын күйік шалады.

1985 жылдың 29 мамыры. Еуропа чемпиондары кубогының финалы Бельгияның бас қаласы – Брюссельде өтті. Өз командаларына қолдау көрсетуге келген «Ливерпуль» мен «Ювентустың» фанаттары бір-бірімен төбелесіп, трибуна құлайды. Соның кесірінен 39 адам өліп, 500-ден аса көрермен жарақаттанады.

1988 жылдың 12 наурызы. Непал біріншілігі өтіп жатқанда нөсер жаңбыр жауады. Көрермендер шыға беріске беттейді. Алайда сегіз дарбазаның жетеуі жабық болады. Сол жерде 93 адам тапталып, жан­тәсілім еткен.

1989 жылдың 15 сәуірі. Шеф­филд­тегі (Англия) «Хиллисборо» стадионында өткен «Ноттингем Форест» пен «Ливерпуль» арасындағы бәсеке барысында 96 жанкүйер аяқтың астында қалып, жарық дүниемен қош айтысады.

1996 жылдың 16 қазаны. Гвате­малада жергілікті ұлттық құрама мен Коста-Рика футболшылары кездеседі. Бұл матчтың ақыры төбелеске ұласып, 82 адам қаза табады.

2012 жылдың 1 ақпаны. Мысыр біріншілігінде «Әл-Масри» мен «Әл-Ахли» шеберлік байқасып жатқанда жанкүйерлер жанжалдасып, бір-біріне жұдырықтарын ала жүгіреді. Суық қару қолданғандар да бар деседі. Соның кесірінен 73 адам жарық дүниемен қош айтысса, мыңнан аса жанкүйер дәрігерлердің көмегіне жүгінеді.

Міне, футболшылар бәсекесінде ара-тұра осындай қайғылы жағдайлар да болып тұрады. Біз бүгін солардың біразын ғана тілге тиек еттік. Сондай-ақ Заир, Түркия, Камерун, Грекия, Мек­сика, Франция, Португалия, Югос­лавия, ОАР, Гана, Замбия, Либе­рия, Кот-д Ивуар, Түркия және тағы басқа мемлекеттердің стадиондарында да келеңсіз жайттар тіркелгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Соның салдарынан көптеген адам жарық дүниемен қош айтысса, кейбіреулері әлі де сол жарақттарынан айыға алмай жүр.