Комиссия отырысының жұмысына еліміздің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі салаларының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, жұртшылықтың және БАҚ өкілдері қатысты.
– Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – тұрғын үй. Үй болмаса күй болмайтынын естияр баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Сондықтан кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен баспаналы болу мәселесіне қатысты қолға алынған бірқатар бағдарлама бар. Аталған бағдарламалар жастардың, зейнеткерлердің, өзге де әлеуметтік топтардың игілігіне айналғанын отандастарымыз жақсы біледі. Сол сияқты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, Үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне, құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берді. Кей-кейде біздегі жағдайға өзіміз өте сыни көзқараспен қараймыз. Алайда өзге елдермен салыстырған кезде біздің мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан шаруаны айрықша мол деп айтуға болар еді. Біз Еуропа елдерінің азаматтарымен жиі хат-хабар алысып, байланыс орнатып тұрамыз. Сол кезде шетел азаматтары еліміздегі мемлекет есебінен (кей кездері тегін) жеке азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, әсіресе баспаналы болуына мүмкіндік жасалып жатқанына таңғалады, – деді Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов.
Оның айтуынша, елімізде азаматтардың құқығын сақтап, олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатысты мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Мәселен, биылғы пандемия кезінде отандастарымызға, әсіресе медицина саласының қызметкерлеріне мемлекеттік көмек ретінде бірқатар қолдау жасалды.
Отырыс барысында Комиссия мүшелері көп жыл бұрын заңнамада белгіленген тәртіппен сатып алған пәтерлерінің құнын толық төлеп қойған, бірақ құрылыс компаниялары басшыларының немқұрайдылығынан және жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура тарапынан бақылаудың жоқтығынан осы сатып алған пәтерлерінде тек үлестік қатысу немесе цессия шарттарымен тұрып жатқан азаматтар мемлекет және қоғам тарапынан ерекше қорғауда болулары керек екендігін атап өтті. Аталған мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің баяндамасы да тыңдалды.
– 2018 жылы елордада күрделі мәселеге айналған 52 нысан тіркелген болатын. Бүгінде мұндай нысандардың саны – 41. Яғни 2019-2020 жылдары 11 нысан қолданысқа енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 9 нысанды қолданысқа енгізу жоспарлануда. Осылайша, бұған дейін атап өткен 52 нысанның 20-сы халық игілігіне беріледі деген сөз. Алайда әлі де 13 мың үлескер өздеріне тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Үлескерлік негізде бой көтеретін әрбір нысан бойынша Жол картасы қабылданды. Оларды қаржыландыру көзі анықталды. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті компания ретінде белгіленді. Ведомствоаралық комиссияның отырысы да үнемі өткізіліп келеді. Бұл отырыстарда нысандардың құрылысын аяқтауға қатысты барлық қажетті шешімдер қабылданады. Осы жылы мәселелі нысандардың құрылысын аяқтау үшін қор есебінен қосымша 40 млрд теңге бөлінді. «Территория комфорта», «Жағалау» сынды проблемалық тұрғын үй кешендері айрықша бақылауда. Апта сайын үлескерлермен кездесу жиындары өткізіледі, – деді Н.Нұркенов.
Оның айтуынша, мәселелі тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Әр жылда атқарылатын жұмыстар жоспарланып қойыпты. Мәселелі нысандардың ең соңғысы 2023 жылы салынып бітетін көрінеді. Яғни 2018 жылы елордада мұндай нысандардың саны 52 болған болса, осы олқылықтың орны бас-аяғы 5 жылда толмақ. Осылайша, биыл барлығы 19 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар кей нысандардың құрылысы үлескерлердің өз күшімен аяқталады екен.
Комиссия отырысында тұрғын үйлердің құрылысы және жылжымайтын мүлік объектілерін тұрғындардың жекеменшігіне беру кезінде азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз етуде аталған тақырыптың маңызды бағыттардың бірі ретіндегі өзектілігі мен мәнділігіне ерекше назар аударылды.
– Әлемді әбігерге салған пандемия қаладағы үлескерлік құрылысқа ғана емес, жалпы құрылыс саласына кері әсерін тигізгені белгілі. Шектеу шаралары құрылысшылардың, мамандардың жүріп-тұруына кедергі келтірді. Тіпті кейбір құрылыс материалдарын тасымалдау, жеткізу кезінде де мәселелер болды. Соған қарамастан, құрылыс қарқынын төмендеткен жоқпыз. Мәселен, коммерциялық құрылыс туралы айтатын болсақ, біз алға қойған жоспарымыздан шығып, құрылыс кестесінен ауытқып кеткен жоқпыз. Сондықтан биыл пайдалануға берілуі жоспарланған нысандардың барлығы уақтылы бой көтеретін болады, – деді Н.Нұркенов.
Өз кезегінде Комиссия мүшелері прокуратура және қаржылық бақылау органдарына жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс жүргізу ұйымдарының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын орындауын үнемі тексеріп тұрулары керек екендігі ұсынылды.
Сонымен қатар Комиссия отырысында Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына Қазақстан Республикасының қол қоюының өзекті мәселелері талқыланды.
Өздеріңіз білетіндей, биыл 23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына Қазақстан Республикасы қол қойды. Бүгінде аталған халықаралық ұйымның құрамындағы 193 мемлекеттің 88-і осы Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған екінші Факультативтік хаттаманың қатысушылары саналады, – деді Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Үсен Сүлеймен.
Комиссия отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жеткізілетін болады.