Экономика • 23 Қазан, 2020

Азық-түлік нарығын реттеудің жаңа әдістері молшылыққа жол ашып, бағаның көтерілуін тежейді

549 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Егер Қазақстан экономикасында таңғалуға лайық бірқатар мәселе болса, соның бірі тамақтың жеткіліксіздігі мен қымбатшылығы дер едік. Дұрыс пайдалана білсе, 18 емес, 180 млн адамды асырауға лайық ұлан-байтақ жеріміз бар. Жұмыс күшін таба алмай отырмыз дейтіндей емес, екі қолға бір күрек ұстаудың жолын білмей, саусылдап бос жүрген адам да жетерлік. Мемлекет болса, ауыл шаруашылығына берілетін көмекті жылдан жылға күшейте түсуде.

Азық-түлік нарығын реттеудің жаңа әдістері молшылыққа жол ашып, бағаның көтерілуін тежейді

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, EQ

 

Әлде бұл істі ұйымдас­тырудың амалы табылмай тұр­ған шығар дейін десең, керемет құралдарды туындатып жатқан жаңа технологиялар заманында солардың көмегіне сүйеніп-ақ, алақандай жерде, тіпті жерін таза құм басқан шөлде отырып әлем халқын асырауға кіріскен елдердің жарқын мысалдары да жетіп артылады. Яғни, үй­ренуге лайық халықаралық тәжі­рибе де жеткілікті. Бірақ соған қарамастан кең-байтақ Қазақ­станда тағам мәселесі әлі толық шешіліп болған жоқ. Неге? Ойласаң, бас қатыруға лайық ғажап сұрақ.

Дегенмен соңғы жылдары бұл мәселеде де аздап болсын алға басушылық жоқ емес. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың берген тапсырмалары негізінде азық-түлік қауіпсіздігін ретке келтіруде көп іс тындырылып та жатыр. Жылыжайлар мен қоймалар салынуда. Мал бор­­дақылау алаңдары іске қосы­лу­да. Субсидиялар бөлу мәсе­лесі неғұрлым әділдік пен тиім­ділік тұрғысынан қайта қарас­ты­ры­лып, ретке келтірілу­де. Қан­дай азық-түлік түрінің жет­пей отырғаны нақты анық­талып, іш­кі нарықты толықтыру жолы ай­қын­далуда. Бірақ халық сұра­ны­сы­на ие азық-түлік бағасы­ның қым­баттауы әлі де тоқтамай келеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәс­ли­хатында осы мәселенің мән-жайы­нан журналистер тағы да хабардар болды.

Нұр-Сұлтан қаласының Инвес­тициялар және кәсіпкер­лікті дамыту басқармасы басшы­сының орынбасары Гүлмира Ермолдинаның айтуынша, астанада жыл басынан бастап 19 негізгі азық-түлік тауары бо­йынша бағаның өсуі 109,3%-ды құ­раған. Яғни, өткен жылдың осы мерзіміндегі қымбатшылық­тан да көтеріле түскен. Был­тыр бұл көрсеткіш 2,2%-ға төмен болыпты.

Бағаның өсуі маусымдық си­пат­қа ие. Дәстүр бойынша мұндай жағдай жыл сайын қаң­тардан бастап сәуірге де­йін қай­таланады. Мамыр айынан бас­­тап жаңа өнімнің пайда болуы­мен баға төмендей бастай­ды. Сондай-ақ бағаларда өндіру­шілердің шикізатқа, буып-түю материалдары шығындарының қымбаттауы, көлік шығынының артуы әсер еткен. Әкелген тауары үшін жоғары үстеме баға белгілейтін делдалдардың да тигізген әсері аз емес екен.

«Бағаны тұрақтандыру мақ­сатында бірқатар шара қабы­л­дануда. «Айналым механизмі» бойынша 20 мың тонна өнімге келісімшарттар жасалды. 7 субъек­тімен («Айқын Сапа», «Мир круп», «Магнум», «Ақмол», «Туркуаз», «Вермакс», «АА Агро») келісімшартқа қол қо­йы­лып, оларға 3,6 млрд теңге несие бөлінді. Бұл тетік ірі сау­да нысандарында әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін белгіленген бағалар бойынша сатуға мүмкіндік береді», деді Г.Ермолдина.

Мысалы, желтоқсаннан бас­тап 2021 жылдың мамыр айы­на дейін картоп, пияз, қырық­қа­бат, сәбіздің, сондай-ақ келе­сі жылдың сәуіріне дейін күріш,  қарақұмық жармасы мен күн­бағыс майының бағасы бекіті­ліпті. Бұдан басқа 2021 жылдың соңына дейін азық-түліктің тағы 10 түріне баға тұрақты болмақ. Олардың қатарында сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, құс еті, макарон өнімдері бар.

Баға көтерілген жағдайда тұрақ­тандыру қорының тауар ин­тервенциялары жедел жүр­гізіледі. Қазір 6 сауда нысанында («Магнум», «Астықжан», «ВкусМарт», «Ақмол», «Шапа­ғат» және «Смолл») қанттың та­уарлық интервенциялары 1 ки­ло үшін 220 теңгеден аспайтын баға­мен сатылады. Бүгінде қорда 912 тонна қант бар.

Нан бағасын тұрақтандыру бойынша отандық өндірушілер­ден ұн сатып алуға жергілікті бюд­жеттен қосымша 600 млн теңге бөлінді. Осы қаржыға сатып алынған қосымша ұн қоры қыр­күйек айынан бастап келесі егін жиналғанға дейін жеткілікті екен.

Сондай-ақ елорда әкімдігі үш шаруа қожалығымен 703 млн теңгеден астам сомаға форвард­тық келісімшарт жасасыпты. Оған қол қойған кәсіпкерлер осы жыл­­дың желтоқсан айынан 2021 жылдың мамыр айына де­йін жеміс-көкөніс өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының базарларына жеткізіп тұратын болады.

«Келісімшарттар ескі егін аяқ­талып, жаңасы әлі пісіп үлгер­меген кезең үшін жасалады. Осылайша, біз баға көтерілетін мерзімнің алдын алатын боламыз. Өнімдер сөреге сенімділікпен жеткізіліп тұрады. Демек, биыл қыста бағаның күрт өсуі болмайды деп айта аламыз. Себебі қолданылып отырған «айналым механизмі» өзінің тиімділігін дәлелдеді», деді спикер.

Сонымен қатар жаңа көтерме-тарату орталықтары да бағаны тұрақ­­тандыруға және өнімді үз­дік­­сіз жеткізуге септігін тигіз­бек. Жалпы ауданы шамамен 50 мың шаршы метр болатын 3 көтерме-тарату орталығын салу үшін инвесторлар тартыл­ды, олар­дың құны шамамен 15 млрд тең­гені құрайды. Жобалар 2022 жылы аяқталады деп жос­парланған.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің ішкі сауда де­пар­таменті директорының орын­басары Ерлан Ешназаров әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша мамырдан қыркүйекке дейін бағаның төмендегенін атап өтті. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша бағалар 4,2%-ға өсе түскен.

«Сауда және интеграция ми­нистрлігі «Сауда қызме­тін рет­теу туралы» Заңға жә­не іш­кі сауда ережелеріне сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың бағасын реттеуді ғана жүзеге асырады. Бизнес субъе­к­тілері басқа тауарларға баға­ны өздері белгілейді. Бірақ бір­қа­тар шара қабылдануда. Оның ішіндегі тиімдісінің бірі – өңір­лерде тұрақтандыру қор­лары­ның құрылуы. 1 қазандағы жағдай бойынша 25 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұдан басқа тағы 30 мың тонна азық-түлікке форвардтық шарттар жасалды. Тұрақтандыру қорлары 2019 жылдан бастап сатып алу және сату бойынша еркін әрекет ете алады және бүгінде бұл баға­ны ұстап тұрудың ең тиімді құрал­дарының бірі болып табылады. Екінші құрал – кәсіпкерлік және сауда субъектілеріне «айналым механизмі» деп аталатын жеңілдетілген несиелер беру. Бүкіл Қазақстан бойынша оны іске асыру үшін 14 млрд теңгеден аса қаражат берілді» деп атап өтті ведомство өкілі.

«Айналым механизмін» жү­зеге асыру жолы қарапайым. Өңір­­­­лердегі әлеуметтік кәсіпкер­лік кор­­порациялар сауда субъек­ті­­лерін 0,01%-бен қаржылан­ды­ра­­ды, ал олар өз кезегінде, әлеу­­мет­­тік маңызы бар өнімдер­дің баға­сын нарықтық бағадан төмен қояды.

Сонымен қатар заңға енгізіл­ген жаңа нормаларға сәйкес, әкім­діктер 15%-дан аспайтын шекті сауда үстемесін белгі­леу­ге өкілетті. Сондай-ақ сөре кеңістігінің кемінде үштен бірін­де «Қазақстанда өндірілген» тауарлар болуы тиіс.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департа­мен­ті директорының мінде­тін ат­қарушы Әсемгүл Нұрмаған­бетова ведомствоның негізгі миссиясы жайлы айтып берді.

«Кәсіпкерлік кодекске сәй­кес монополияға қарсы ден қою шараларын бағалардың өсуін тежеу мақсатында емес, моно­по­лияға қарсы заңнаманы бұзу жағ­­дайлары болған кезде ғана қол­дануға болады» деген ол ведо­мствоның карантин кезіндегі жұмысының нәтижелерін баян­дады.

«Осы жылдың бірінші жартысында жоғары сұранысқа ие тауарларға бағалардың өсуі жағ­дайында, карантиндік шара­лар­­ды қабылдау кезінде, оның ішінде баға белгілеу мәсе­ле­леріне және азық-түлік нарық­тары­на қатысушылардың әрекет­теріне басты назар аударылды. Тиісінше, осы кезеңде хабарламалар мен тергеп-тексерулер көп болды. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдері нарығына 297 хабарлама жіберілді. 13 тексеру тағайындалды», деді Ә.Нұрмағанбетова.

Агенттіктің ресми мәліметі бойынша бағалық сөз байласу фактілерін растай отырып, 5 тексеру аяқталды. Айыппұлдың жалпы көлемі 4,3 млн теңгені құрады. 8 тексеру жалғасуда.

Ә.Нұрмағанбетованың айтуынша, қазіргі кезде тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Оның негізгі бағыт­тары – биржалық сауданы дамыту, баға белгілеудің жаңа құралы ретінде биржалық индикаторлар тетігін қалыптастыру, мем­лекеттік қолдау жүйесін шағын, орта бизнеске қайта бағдарлау.

Агенттіктің ресми мәліметін­ше, ұлттық жобаны іске асыру бар­лық мемлекеттік билік ор­ганы­ның міндетіне, ал бәсеке­лес­тік іс-қимыл барлық нарыққа қатысушы үшін нормаға айналады. Ұлттық жоба шеңберінде салалар мен өңірлерде бәсеке­лес­тікті дамыту стандарттары а­й­­қындалады. Шағын, орта биз­­нестің үлесін ұлғайту, өңір­ара­лық кооперацияның көлемін арттыру және бәсекелестіктің көптеген басқа көрсеткіші нысаналы индикаторлар ретінде негізге алынады.

«Баға саясаты азаматтардың әлеу­меттік көңіл-күйіне тікелей әсер ететін нарықтарға қатысу­шыларға әкімшілік қысымды төмендету және шығындардың ең аз мөлшері кезінде тежеудің жо­ғары деңгейін сақтау мақ­сатында монополияға қарсы комплаенс актілерін қабылдау ұсынылды. Комплаенсті әзірлеу туралы ұсыныс ірі сауда желілеріне де жіберілді. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға және монополияға қарсы органның ақпараттық ашықтық деңгейін сапалы өзгертуге ба­ғыт­талған монополияға қарсы ор­ганның ашықтығы туралы дек­ларация жарияланды. Атап айт­қанда, мәселелерді ашық, бір­лесіп талқылау мен қарау­ды көздейтін «Open Space» ат­ты ком­муникациялардың жаңа қ­ұ­ралы енгізілді», деді Ә.Нұрмағанбетова.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі агроазық-түлік нарығы, о­р­ганикалық өнім және тех­никалық реттеу департаменті директорының міндетін ат­қарушы Сәуле Жұрынова Мем­лекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған биыл­ғы Жол­дауында берілген тапсыр­ма­ға сәйкес, барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу мін­деті алға қойылғанын айтты. Оның мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар түрі бойынша ішкі нарық 100%-ға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80% және одан асады. Енді тек, азық-тү­лік тауарларының 6 түрі бойын­ша ғана өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру шараларын іске асыру қажет. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Қазір ішкі нарықты осы тауарлармен қамтудың жолдары айқындалып, соған сәйкес бірқатар жобаны жүзеге асыру қолға алынды.