Коронавирус • 23 Қазан, 2020

Коронавируспен күрестен сабақ алдық па?

122 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаман тұмаудың екінші толқыны туралы жиі айтылуда. Қауіптің бетін қайтару үшін өткеннен сабақ алған жөн. Тұтқиылдан келген тажалмен күресуге қаншалықты қауқарлы болдық, қай жерде олқылық орын алды, оны да ашық айтқан ләзім.

Коронавируспен күрестен сабақ алдық па?

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Ақмола облысы тұрғындары арасында ақпан мен тамыз айларында COVID-19 жұқтырып, медициналық мекемелерде емделген науқастар саны 3 393 адамды құрады. Денсаулық сала­сының 34 мекемесінде қуаты 2 223 орындық провизорлық және инфек­циялық бөлімшелер ашылып, осы мекемелерде 1 636 дәрігер, 5 880 ор­та буын­ды маман мен басқа да қыз­меткер медициналық көмек көр­сетуге жұмылдырылды. Коронавирус жұқ­пасына шалдыққан 843 медицина қыз­меткері емделіп шықса, өкінішке қарай олар­дың 15-і өмірден өтті.

Біздің аурухананың қызметкерлері және басқа да мекемелерден келген мамандар осы майданда 208 тәулік қыз­мет атқарды. Мен осы ұжымның басшысы ретінде індетке қарсы күрес барысына тоқталғым келеді. 2011-2015 жылдары денсаулық сақтау саласы­на басшы қызметін атқарған тұста 130 орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының жобасын жасатып едім, бір өкініштісі, жүзеге аспай қалды. Об­лы­сымызда арнайы инфекциялық орталық болмады. Біздің аурухананың санитарлық-эпидемиялық дайындығына, кадрлардың қатал эпидемиялық талаптарды орындауда мол тәжірибе жинақ­тауына байланысты бөлімше облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдейтін негізгі орталық болып ашылды. Бұл аурухананың тағы бір ерекшелігі, 5 фтизиатр дәрігеріміз «Пульмонология» мамандығы бо­йынша дайындықтан өтіп, талапқа сай құжаттарын алған болатын. 16 наурыздан 28 тамызға дейін қызметкерлердің 10 тобында 592 адам еңбек етіп, осы мерзімде 687 науқас сырқатынан құлан- таза жазылып шықты, оның ішінде 88 науқас жан сақтау бөлімшесінен отбасына оралды.

Денсаулық сақтау басқармасы Ақмо­ла облыстық тубдиспансеріне провизор­лық және инфекциялық бөлімшелері бар 34 медициналық мекемені қаржы­лан­дырудағы басты операторлық мін­дет­ті жүктеді. Демек Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры 34 медици­налық мекеменің шығынын өтеуге ар­налған қаржыны облыстық тубдиспансерге аударып есеп айырысады. Жалпы қаржы көлемі 1,6 млрд теңгені құрайды. Осы бағыттағы жұмыс барысында ауыр салмақ пен жауапкершілік тек қана мамандардың мойнында болды. Осы міндеттерді атқаруға қосымша қаржы не адам ресурстары берілген жоқ.

Осы мерзімде 12 сәби дүниеге келіп, аналардың аман-есен жаны қалып, отбасыларына оралды. Нұр-Сұлтан қаласынан өте ауыр халде және коронавирус ауруына қосымша инсульт алған қарт ана сырқатынан құлан-таза жазылды. 14 сәуірден бастап облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың шешімімен біздің мамандар күнделікті ауысым қызметі аяқталған соң «Елікті» шаңғы орталығына барып тынығып, дем алатын болды. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінді.

Дәрігер-инфекционистер облыс ор­талығында екеу-ақ. Олар Сәуле Жұ­матаева мен Виктория Пичкунова. Қос әріптесіміз осынау қиын-қыстау уа­қытта біздің аурухана ғана емес, жал­пы облыс бойынша кеңес беріп, диаг­ностикалық көмек беру қызметін ерекше жауапкершілікпен атқарды. Басқарма басшысының бұйрығы бойын­ша әрбір емхана мен аурухана меди­циналық құрал-жабдықтарды біздің ауруханаға өздері жеткізіп, талапқа сай қамтамасыз етуге көмектесті. Осының ішінде Жарқайың, Зеренді, Астрахан аудандық, Көкшетау қаласының екі емханасы, облыстық балалар ауруханасы және облыстық, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханалар басшыларына шексіз алғыс айтамыз. Облыстық медицина жабдықтарымен қамтамасыз ету базасының директоры Асылхан Үсе­новтің шешімімен күні-түні оттегі баллондарын тасуға жүк машинасы және жұмысшылар бөлінді. Оттегі баллонын жігіттер күніне 80 данаға дейін тасыды.

Жалпы облыс бойынша сараптай келсек, менің ойымша коронавируспен күрес барысында көп кемшілікке жол берілді. Оның ішінде, күнделікті жұ­мыста, әсіресе санитарлық-эпидемия­лық талаптарға сай келмеген жайлар жиі орын алды. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің тарапынан да көп жағдай уа­қытында шешілмеді. Оның себебі, менің ойымша, тәжірибелі, өңір мен ауылдың жағдайын жақсы білетін ма­мандардың орталық аппаратта болмауы. Сол себепті келесі мәселелерді баса айту ке­рек, осыларға көңіл бөлу керек.

Коронавируспен ауырған науқастар­ды емдеуге бөлінген орындар талаптарға сай келмеді, уақытында дайын болмады. Науқастарды оқшаулауға арналған палаталар, оларға оттегін беру жүйелері, науқас саны көбейген сәттерде осы па­ла­таларға қосымша бөлмелер бөлу көп мекемелерде қарастырылмай, бас­қар­ма басшылығының бірнеше рет қо­йылған талап-тапсырмаларынан кейін ғана реттеліп отырды. Індеттің қазіргі азайған уақытында осы мәселелер қа­растырылып, шешілуге тиіс.

Ауруханалар мен емханаларда қыз­меткерлерге, олардың киім ауыстыруы­на, шомылуына арналған орындар, санитарлық өткізгіш-сүзгі бөлмелері да­йын болмады. Санитарлық-эпидемиялық қызметтегілер үшін еш жағдай жасалмады және қаражат та көзделмеген. Оларды талапқа сай киім, аяқ киім, шешінетін, киімдерін ауыстыратын, пайдаланылған киімдерін жинап, жуатын орындар мүлдем ойластырылмаған. Шомылатын орындар да ешбір мекемеде жоқ және мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің бірде-бір құжатында қарастырылмаған. Осы мәселені шешу үшін санитарлық-эпи­демиялық қызметтің бюджетінде қаражат қарастырылуы керек. Аудан­дардағы немесе қаладағы ауруханаларда ұйымдастырылған санитарлық өткізгіш-сүзгі бөлмелерін, кір жуатын орындарды ауруханамен келісімшарт бойынша санитарлық-эпидемиялық қызметкерлер үшін жағдай жасауға пайдалануға мүм­кіндік бар. Санитарлық-эпидемиялық қызметкерлерді зертханалық тексеруден өткізу үшін қаражат қарастырылмаған. Жалпы, коронавирусты анықтауға ар­нал­ған зертханалық бақылауды, оның төлеу механизмдерін және осы бақы­­лаудан қандай тұлғалар міндетті түр­де өтуге тиіс екенін қайта қарап, бе­кі­ту керек. Зертханалық тексерістен өту тәртібі реагенттердің не болмаса зерт­ха­налардың мүмкіндігіне тәуелді бол­мағаны дұрыс.

Ауруханаларда алғашқы айларда­ әртүрлі медициналық бұйым мен қон­­­дырғылардың үлкен тапшылығы бай­­қалды. Қазіргі уақытта соның бә­рін тексеріп, есепке алу керек. Осы ба­­ғыт­­та профилактикалық жұмыс жүр­гізілуі қажет. Облыс бойынша ма­­­ман­дардың жетіспеушілігі, соның ішін­­де, әсіресе, анестезиолог-реанимато­лог дәрігерлердің тапшылығы ерекше орын алды. Біріншіден, алғашқы тол­қында науқастарға сапалы қызмет көр­­сеткен мамандар тізім бойынша ре­зервте тұру керек. Екіншіден, қо­сым­­ша мамандармен толықтырып, ара­лас­­­тырып, қазірден топ-топқа бөліп, дайындық жұмысын жүргізген абзал. Жоспардан тыс, шұғыл түрде жұқпалы ауруларды емдеуге ашылған стационарларды қаржыландыру механизмдері министрлік тарапынан уақытында дұрыс шешілмеді. Осы қателіктер жыл­дық жоспарда ауруханалардың негізгі қызметіне арналған қаржыны ауыт­қыта жұмсауына мәжбүр етті. Келесі жылды қаржыландыру жоспарында осы олқылықтарды есепке алып, назарда ұстаған дұрыс. Ұжымдардағы медицина қызметкерлерінің арасында коронавируспен ауырғандардың оны қашан, қан­дай жағдайда жұқтырған себептерін анықтауға бағытталған ешбір құжат немесе нұсқама осы күнге дейін жоқ. Бұл – үлкен кемшілік. Осының салдарынан коронавируспен ауырған науқасқа тікелей медициналық көмек көрсетуге ешбір қатысы болмаған қызметшілер де қазіргі кезде «2 млн теңге аламын» деп дәмеленіп, әңгіме көтеруде.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер­дің соңғы қаулыларында коронавирус­қа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған бөлімшелерде қызмет етуге кірерде және ауысым аяқталғанда қыз­меткерлерді зертханалық тексерістен өткізу мүлдем қарастырылмаған. Бұл шешім өте қате екенін күмәнсіз ай­та аламын. Осындай қателіктер жұ­мыс беруші мен қызметкер арасында түсі­ніс­пеушілікке әкеліп соғады. Осыдан кейін орынсыз шағымдар туады немесе ешқандай негізсіз адамның құқығы бұзы­лады.

Қосымша жалақы төлейтін мамандар мен қызметкерлердің тізімін қайта қарап бекіткен дұрыс деп ойлаймын. Себебі биыл 13 тамызға дейін жұқпалы аурулар бөлімшесіне арналған штаттық кесте туралы министрлік тарапынан ешбір нұсқау болған жоқ және электрик, сантехник, метролог, программист, психолог мамандарына қосымша еңбекақы төлеу ешбір құжатта көрсетілмеді. Қай­тыс болған адамның мәйітін тасымалдау, жерлеу тәртіптері осы күнге дейін реттеліп, бекітілмеген.

Алыс-жақын шетелдерге іссапарға шыққан немесе демалысқа барған азаматтармен жұмыс тағы да кеш басталып отыр. Осы бағытта жұмысты шетелдерге шығуға рұқсат берілген уақыттан бастап есепке алып, оларды елімізге оралған бойда оқшаулап, бақылауға алып, зертханалық тексерістен өткізуді талап ету керек еді.

Мектеп оқушыларының оқуын ауыл­дық шағын мектептерде тоқтатпаған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі ауыл бала­лары бәрі бірдей тығыз қарым-қаты­наста болады немесе мектеп-интернаттарын ұйымдастырып, жағдай жасап, бақы­лауда ұстауды қолға алған дұрыс.

Пандемия басталғанда медицина мекемелерінің өзара қарым-қатынастары үзілді. Сондықтан әр жерде әрқилы кемшіліктер болды. Осы орайда, мамандарды әрбір базаға жіберіп, оқыту, үй­рету жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Облысымыз бойынша денсаулық сақтау саласы және санитарлық-эпи­демиялық қызмет өз міндеттерін үлкен абыроймен атқарды. Әлі де майдан аяқ­талған жоқ, сондықтан шұғыл түрде қарастыратын, шешетін мәселелер көп. Қазіргі уақытта жоспарлы түрде, жоға­рыда атап өткен олқылықтарды ескере отырып, дайындық жұмыстарын іске асы­ру қажет.

 

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

жоғары санатты денсаулық сақтау менеджері,  жоғары санатты дәрігер эпидемиолог, санитарлық дәрігер

 

Ақмола облысы