Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Тұрақтандыру қорының өнімі жеткілікті

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде картоп мол, көкөніс бағасы арзан. Өйткені жыл сайын павлодарлық шаруашылықтар картоп, сәбіз, пияз, қырыққабатты өздері өсіріп, күзде молынан жинап алады. Қарбызды да екті. Бидайы да, қарақұмығы да жеткілікті.

Тұрақтандыру қорының өнімі жеткілікті

 

Өткен аптадан бастап әлеу­меттік жәрмеңке қайтадан жал­ғасты. Фермерлер 190 тоннадан аса өнім әкелген. Сиыр етінің килосы 1 200-ден 1 500 теңгеге дейін, қой еті – 1 300-1 500, жылқы еті 1 500-1 800, картоп килосына 65 теңгені құрады. Ірі сүт фермалары сүтінің литрі – 130 теңгеден. Аққулы қарбызының килосы 100 теңгеден сатылды.

Бұған дейін тұрғындар асыға күтетін әр сенбі сайын өтетін әлеуметтік ауылшаруашылық жәр­­­­меңкесі індеттің таралуы ке­зінде тоқтап қалған болатын. Об­лыс­тың барлық аудандарының фермерлері өз өнімдерін «Квазар» сауда үйіне қарама-қар­сы тұрған кең алаңға әкеледі.

Тіпті қалалықтар жәрмең­кенің ашылуын таңғы сағат 6-дан бастап күткен екен. Жәр­мең­кеде төмен бағамен ет, шұ­жық, ірімшік, сүт, сүзбе, жұ­мырт­қа, май, бал, көк­ө­ніс­тер және басқа да өнімдер са­тып алу мүм­кіндігіне ие.

Ал облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мә­лі­метінше, осы күндері өңірдегі барлық әлеуметтік дүкенге 115 ауыл шаруашылығы өндіру­шілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуде.

Өндірушілер жеткізетін азық-түлік тауарлары, көкөністер, картоптың бағалары нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан. Об­лыс әкімдігінде өңірдегі ірі кар­топ өсірушілермен меморандум жасалды. Енді фер­мер­лер кар­топтың 15 пайызын бел­гіленген бағамен өңір тұр­ғындарының ал­дағы қыс пен көк­темдегі қажет­тіліктері үшін сақтайды.

Ауылшаруашылық басқарма­сының мәліметінше, өткен жылы өңірде 512 мың тонна картоп алынса, қазіргі өнім молырақ, 564 мың тоннаға жеткен. Бұл өңірдің өнімге деген қажеттілігінен едәуір асып түседі.

Екіншіден, өңірдегі ауыл ша­руашылығы тауарларын өн­діруші серіктестіктермен, ша­ғын шаруа қожалықтарымен «Өн­дірушіден сөреге дейін» қа­ғидатына сәйкес бірнеше ме­морандум да жасалды. Ме­морандум барысында азық-түлік тауарларының 16 тү­ріне бірінші сұрыпты ұн, күріш, қара­құмық, кеспе, сарымай, нан, айран, сүт, сүзбе, тауық еті, бі­рін­ші санатты жұмыртқа, тұз, кар­топ, пияз, сәбіз, қырыққабат ен­ген. Яғни ме­морандумда бе­кі­тілген осы азық-түлік дел­дал­сыз өндірушіден тіке­лей сө­реге жеткізіледі.

Басқарманың мәліметінше, қазір облыста азық-түліктің тұ­рақтандыру қорын толықтыру белсенді жүргізілуде. Жыл ба­сынан бері тұрақтандыру қо­рына 5,3 мың тонна өнім сатып алынды. Бүгінде өнімдердің 4,4 мың тоннадан астамы сатыл­ды. Тұ­рақтандыру қорын қалып­тастыру жүйесі үздіксіз жүр­гізіледі. Қараша айының соңына дейін қордың көлемін 4 мың тон­наға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Ал тұрақтандыру қорының өнімдері 176 әлеуметтік дүкенде сатылады. Мысалы, облыс бойын­ша iNMart желісінің барлық 24 супермаркетінде әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарла­рының 16 түрінің бағасын көтер­меу міндеттелді.

Азық-түлік бағаларын тұрақты ұстап тұру туралы «Павлодар» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Низкоцен» ЖШС (iNMart сау­да желісі) арасында келісім жа­салған.

– Осы мақсатты жүзеге асы­ру үшін компанияның сау­да айналымына 50 млн теңге бөлу қарастырылған. Бұған дейін де «Қызылжар Құс» ЖШС та­уық етін дүкендерге тұрақ­ты ба­ғамен жеткізуге мін­­дет­те­ліп, сол үшін 150 млн теңге бө­лін­ген болатын, – дейді бас­қарма өкілдері.

Ал 21 қазандағы статистика­лық деректерге сәйкес, облысымызда 13 түрлі әлеуметтік ма­ңызды азық-түлік өнімінің құны респуб­лика бойынша қа­­лып­тасқан орташа бағадан төмен. Оның ішінде бірінші сұ­рыпты ұн, пастерленген сүт, айран, сүзбе, сарымай, картоп, сәбіз, қа­рақұмық жармасы, сиыр еті (жа­уырын-төс бөлігі), тауық етінің бөліктері, 1-санатты жұ­мырт­қа, күнбағыс майы, құм­ше­кер ба­ғалары төмен азық-түлік бес­тігіне енген.

Өңірде азық-түлік бағалары бойынша жағдай облыстық, қалалық, аудандық әкімдік тарапынан үнемі бақылауға алынған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын кө­теру фактілері анық­талған жағ­дай­да тұрғындар жедел желіге ха­барласуға болады.

 

Павлодар облысы