Экономика • 23 Қазан, 2020

Экономиканы өзгертетін бес бағыт

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экономиканы әрта­рап­тан­дыру туралы әр кез айтыл­ғанмен, әзірше иек артарамыз – шикізат қана. Жердің асты-үстін­дегі ен байлықтың түбі көрінсе, тығырыққа тіре­леріміз тағы белгілі. Сон­дық­тан мүмкіндік барда экономиканың өзге де салаларын дамытқан дұрыс.

Экономиканы өзгертетін бес бағыт

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Осы орайда қаржы сарапшысы, FINANCEkaz telegram-каналының авторы Андрей Чеботаревтың мына бір пікіріне көзіміз түсті. Кейбір ойлары ерсілеу көрінсе де, оң жамбасқа келетін идеяларын елдің экономикасын өзгерту жолында сынап көруге болатын секілді. Ол Қазақстан экономикасын әр­тараптандыра алатын бес ба­ғыт­ты атаған екен.

– Дамудың эволюциялық және революциялық жолы бар. Мұнай кен орындарын ашуды, барлау мен өндіруді есепке алмасақ, Қазақстан экономикасы тәуелсіздік алған сәттен бері эволюциялық жолмен ғана жүріп келді. Дамудың бұл түрі көп уақытты алады. Оның кемшілігі де осында. Әлі күнге дейін экономиканы тиісті дең­гей­де әртараптандыра алмай келе жатқанымыз да сондықтан. Демек, жаңа идеяларды жүзеге асыратын уақыт жетті, – дейді ол.

Қаржы сарапшысы ел экономикасына ерекше серпін бере алатын саланың бірі ретінде ауыл шаруашылығын қарас­ты­рып отыр. Негізі бұл туралы талай айтылды да. Жоғары дең­гейде түрлі тапсырмалар да берілді. Расымен де, Қа­зақ­стан­ның аграрлық ел атана­тындай мүмкіндігі бар. Әттең, соны дұрыс үйлестіре алмай келеміз.

«Ауыл шаруашылығы сала­сы­ның жаңа мыңжылдықтағы Қазақстанның орташа жыл­дық экономикалық өсуіне қос­қан үлесі болмашы ғана – 0,22 па­йыз», дейді сарапшы.

Оның хабарлауынша, эконо­ми­калық секторға жаңа­шыл­­дық әкелетін бағыттың бірі – жердің еркін нарығы және гендік тұр­ғы­дан түрлендірілген өнім­­дерді өсіруге қатысты тыйым­дар­ды алып тастау.

– Мұның екеуі де әлемде бар тәжірибе. Жер нарығының ашық­тығы кез келген елдегі аграрлық сектордың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрамдас бөлік саналады. Ал гендік тұрғыдан түрлендірілген өнімдерді өсіруге бір кездері Аргентина рұқсат берген болатын. Егер осы екі қадам жа­сал­са, Қазақстан ше­тел­дік ин­вес­тор­лардың қызы­ғушы­лы­ғына ие болады. Сондай-ақ осының нәтижесінде елде жаңа ғылыми институттар, зертханалар және басқа да кәсіпорындар ашылуы мүмкін, – деп жазды ол өзінің жеке telegram-каналында.

А.Чеботаревтың пікірінше, экономиканы өзгерте алатын тағы бір жол – марихуананы заңдастыру. Канада 2018 жылдың қазан айынан бері есірт­кінің аталған түрін заң­дас­­тырып, тың қадамға барған әлемдегі алғашқы ірі мем­лекет атанды. Үйеңкі жапы­рақ­ты елде қабыл­данған жаңа заңға сәйкес, марихуананы өсіруге, сатуға, тұтынуға заңды түрде рұқсат берілген.

– Бұл жағдай елдің қор на­ры­ғы­на және экономика секторына айтарлықтай көп өсім әкелді. Қазақстанда мари­х­уа­на өсіруді заңдастыру ар­қы­лы шетелдік инвесторларды тартуға болады және ол аграр­лық секторға ғана емес, қор нарығына да оң ықпал етуі мүмкін. Марихуананы заң­дас­тыру – әлем елдері жүріп өткен жол. Ешқандай таңсық дү­ние емес. Дәл осындай шешім қа­былдаған мемле­кет­тер­дің қан­шалықты пайдаға кенел­ге­нін көріп-білген өзге елдер заң­на­ма­ға тиісті өзгерістер енгізу үстінде, – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы экономиканы әртараптандыра алатын бағытқа жүргізушісіз көліктерге рұқсат беруді де жатқызыпты.

– Қостанайдан Tesla зауытын салсақ несі бар?! Егер Қазақстан ортақ пайдалануға арналған жолдарда жүргізушісіз машиналардың жүруіне әлем елдері ішінен бірінші болып рұқсат берсе, дүниенің дидары бізге ауатыны анық. Осы­лай­ша, жүргізушісіз машиналарды пайдалануға, сондай-ақ Қазақ­стан­дағы автомобиль индустриясын дамытуға және IT-саласын алға бастыруға жол ашылады, – дейді ол.

Бесінші бағыт – салықтық офшор.

– Еуразияның кіндік тұ­сын­да тұрсақ та, Қытай мен Еуро­па­ны, Еуропа мен Қытайды жалғастыратын ел ретінде ғана басымдыққа иеміз. Ал аталған жол арқылы отандық тауарларды алып жүру қиындау, әрине. Егер салық заңнамасын крипто­ва­люталарды пайдалануға рұқ­сат беру арқылы толық ырық­­тандырсақ, Қазақстанда са­лық­тық офшор, яғни бизнес жүр­­гізуге салықтық жеңіл­дік­­­тер ұсы­натын мүм­кіндік туа­ды. Бәлкім, басында ЕАЭО аясындағы серіктестерге ғана тартымды болармыз. Бірақ салықтық артықшылықтарды дұрыс ұсынған жағдайда елдің мүмкіндігі молаяды. Айтпақшы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы осы міндетті ойда­ғыдай орындап отыр. Қаржы секторындағы ресейлік компа­ния­лардың Қазақстанға келіп, тіркелуінен осыны аңғаруға болады. Біздіңше, бұл басы ғана, – дейді А.Чеботарев.

Бірден айтайық, бұл – бір ғана сарапшының пікірі. Сондықтан айтылған дүниелерді әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін.

– Бұл идеяларды орынсыз санайтындар бар. Біреулер мұндай өзгерістерге қоғам да, мемлекеттік институттар да дайын емес дер. Бірақ экономиканы өзгертетін уақыт жетті. Қазір әлемнің өзі жедел дамып жатыр. Сондықтан өзгерістер кезеңі – жаңа идеяларды жүзеге асыруға таптырмас уақыт екенін естен шығармайық, – дейді сарапшы.