Қоғам • 23 Қазан, 2020

Саябақтардың атына заты сай ма?

448 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта Ақтөбедегі саябақтар мен гүлзарларға қатысты сын көп. Әсіресе әлеуметтік желілерде демалыс аумағындағы жарықтандыру мен көгал­дан­дыруға, жалпы абаттандыруға өзінің ұсыныс-тілегін білдіретіндер аз емес.

Саябақтардың атына заты сай ма?

Шаһардағы көпшілік сейіл құрып, серуендейтін орындарға жауапты мекеме – Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі. Мердігер мекемелермен қаладағы, соның ішінде саябақ­тардағы көріктендіру һәм көгалдан­дыру, жарықтандыру және тазалық жұмыс­тарын жүргізетін аталған органның мамандарымен сөйлесудің өзі оңайға түспеді. Бұның себебін олар әрдайым жол жөндеу жұмыстарын қадағалап, басқа да құрылыстарды аралауға кете­тінін айтып, жұмыс орнында күні бойы отырмайтынымен түсіндірді.

– Ақтөбе қаласында 65 саябақ-гүлзар бар. Ірілі-ұсақты тынығатын аймақ­тардың жалпы саны осындай. Жыл сайын бұларды күтіп-қарауға бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Айталық, биыл бұл мақсатта 146 518,7 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар қала аумағында гүлдер егуге, көгалдандыруға қосымша 400 млн теңге аударылды. Бұл қатарға сіз айтып отырған нысандар да кіреді, – дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мирас Әжібаев.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласын­дағы демалыс орындардың күтімі мен көрігіне 3 серіктестік жауап береді. Же­келей тоқталсақ, саябақтар мен гүл­зар­­лардың тазалық жұмысына «Нұрлы Таң Ақтөбе» (62 жұмысшы) мен «Samgau-2030» (48 жұмысшы) ЖШС, ал жасыл желекпен көмкеруге «ТехПром Ақтөбе» компаниясы (97 жұмысшы) тартыл­ған.

Қаланың ескі бөлігіндегі байырғы демалыс орны – А.Пушкин атындағы саябақ көпшілікке жақсы таныс. Кеңес одағы кезінен үлкен-кішінің жиі бас қосатын жеріне айналған мекеннің қазіргі жағдайын сөзбен жеткізу қиын. Бұны тек қана көру керек. Аттрак­цион­дардың тозығы жетіп, көркі қашқан. Субұрқағы әлдеқашан істен шығып қалған жа­рықтандыруы да нашар. Ал асфальтін суреттеуге сөз жетпейді. Бір сөзбен айт­қанда, күйі кеткен. Бұл бойынша тұр­ғындар да көп шағымданады. Сол сияқты көне қала аумағындағы қар­жыгерлер аллеясы мен темір жол вокзалы маңындағы гүлзардың жағдайы сын көтермейді. Бұлардың барлығы осыдан 10-15 жыл бұрын Ақтөбенің ең көрікті аймақтарының қатарында болғанын ескерсек, таңырқайтындай жөніміз бар. Жалпы, Ақтөбедегі демалыс орындарының бұлай өзгеруіне не әсер етті? Бұл мәселелер бойынша біз сөйлескен М.Әжібаев төмендегідей деп жауап берді:

– Аталған түйткілдер турасында хабардармыз. Қаланың ескі бөлігінде ор­наласқан А.Пушкин атындағы сая­бақ­қа келсек, ол жекенің қолында. Сондықтан бұл іске араласа алмаймыз. Қазіргі таңда саябақты мемлекет меншігіне қайтару үшін сот процестері жүріп жатыр. Егер бұл жұмыстар сәтті аяқталса, саябақты қалпына келтіру жайы қолға алынады. Соның қасындағы қаржыгерлер аллеясын, ондағы субұрқақты биыл жөн­деу жоспарда жоқ. Аталған бағытта жергілікті бюджеттен қаржы бөлінсе, дұрысталатын болады, – деп атап өтті.

Сондай-ақ шаһардың орталығындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақтың жағдайы туралы бірер сөз. Әңгімелесушіміз бұл демалыс орнын күтіп-ұстап, өзге де санитарлық жұ­мыс­тарын жүргізу ойдағыдай атқа­рылып жатқанын, барлығы өзі бас­шылық ететін бөлімнің бақылауында екенін баян етті. Қандай күйде болса да, өңірдегі саябақтарға жиналатындар баршылық. Әлемді жайлаған пандемия өкінішке қарай баршамызды торға түскен торғайдай етті. Әйтпесе, саябақта серуендеу, көңіл кө­теру мәде­ниеті Ақтөбеде жақсы қа­лыпт­асқан. Демалыс күндері, тіпті би кештері ұйым­дас­тырылып тұратын-ды.

Қаланың ескі бөлігіндегі «Ретро» саябағында әр сенбі сайын әдемі әуеннің ырғағында билеген жұртшылықты көптеп кезіктіретінбіз. Қазіргі таңда мұның барлығы уақытша тоқтап тұр. Десе де, сергіп, бос уақытын таза ауада өткізгісі келетіндер бірте-бірте артып келе жатыр. Қарттар шүйіркелесіп әңгіме айтса, жастар жағы аз құраммен доп тепкенді тәуір көреді.

– Өзім Орталық базар жақта тұра­мын. 40 жылдан бері осы қалада өмір сүріп келемін. Кейінгі жылдары Пушкин атындағы саябақтың сиқы кетті, баруды қойдық. Оның жанындағы аллеяның да күтімі бұрынғыдай емес. Сондықтан кейінгі уақытта ашылған ғой деп «Ретро» саябағына барамын. Негізі осы сая­бақтардың барлығы кезінде тым жақсы еді, қысы-жазы ішінде адамдар жүретін. Бүгінгі халі ойдағыдай емес. Жас­тығымның куәсі болған демалыс орындарын жаңартса, субұрқақтарды көптеп орнатса деген тілегім бар. Ең бірінші кезекте бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш болатын еді, – деп тілегін жет­кізді зейнеткер Мәруа Ахметова.

 

P.S. Ресми дерекке сүйенсек, 2015-2018 жылдары «Tуған жерге – тағзым» акциясы аясында шаһарда пайдалануға берілген саябақтар мен гүлзарлардың саны 50-ге жуықтайды екен. Бұл, әрине, көңіл қуантатын көрсеткіш. Бірақ осы тұста «Саннан бұрын сапа кем емес пе?» деген сұрақ туындайды...

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

АҚТӨБЕ