Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Өртте өлген мал саны нақтыланды

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыған дейін Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылында күріші жиналған 30 гектар аумақтағы сабан өртеніп, "Ынтымақ" шаруа қожалығының жайылымда жүрген ұсақ малдары жалында қалып қойғанын жазған едік, деп хабарлайды Egemen.kz   

Өртте өлген мал саны нақтыланды

Әуелгіде алқапта өртеніп өлген қойлардың саны 700-ге жуық деген хабар тараған.  Тіпті жалынды әдейі қойған деген де сыбыс естіліп қалған еді. Бірақ, "Түгіскен" ЖШС мамандары мұны жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша алқапқа сүдігер жырту үшін от қойылған. Алайда аяқ астынан жел көтеріліп, жалын әл бермей кетіпті. Оқиғаға байланысты тиісті орындар өкілдері брифинг өткізіп, оқиғаның жай-жапсарын баяндады. 

– Оқиға 21 қазан күні 17:50 шамасында басталған. Бізге хабарлама аудандық ішкі істер қызметінің кезекшілігінен түсті. Өрт сөндіруге 19 қызметкер, 5 техника жұмылдырылып, жалын үш сағатта өшірілді. Басқа жағдайлар сараптама қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Руслан Қайрақбаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев өртенген қойлардың түгел көмілгенін айтады. Күйік шалғаны 685 болып отыр. Олардың қаншасы тірі қалатыны әзірге белгісіз. Ал өтемақы төлеу  комиссия қорытындысынан кейін белгілі болады.