Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Жазасын өтеп келіп, шаруа қожалығын ашты

1666 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған Данияр Саламатов  мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грантқа қол жеткізді, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Жазасын өтеп келіп, шаруа қожалығын ашты

Түзету мекемесінде жазасын өтей жүріп, тәртібіне байланысты   шартты түрде мерзімінен босаған жас жігіт бостандыққа шыққан бойы  кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдаған.  Жастық қызулықпен  қателікке ұрынып, өмірден ащы сабақ алған Данияр осы күні  "Адал еңбек қана адамды түзетеді" деген тұжырымға келген.  Ол жасөспірім кезінде өзіне  дұрыс бағдар көрсететін жанның табылмағанына қапаланады.

- Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталып, түзеу мекемесінде жазамды өтеп жүргенде, тәртібіме байланысты шартты жазаға ауыстырылдым да, бостандыққа шыққан соң  Мұғалжар аудандық пробация қызметінің  есебіне алындым. Міне, осы кезден бастап пробация қызметкерлері маған кәсіпкерлікпен айналысуға ұсыныс беріп,  жолын көрсетті, дейді Данияр Саламатов. 

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша  кәсіпкерлік негіздеріне оқып,  жобасын сәтті қорғап шығып, көктемде  441 мың 500 теңге  қайтарымсыз грант алған бойы Данияр оған  екі сиыр сатып алады. Бұл жерде  Даниярдың келіншегі  еріне қолдау көрсетіп, көмекке келген.  Көктемде мал төлдегенде, келіншегі  сиыр сауып, одан құрт, май, ірімшік жасап, жаз бойы сатылымға шығарады.

Екі бас  малымыз  қазір төрт басқа  көбейді. Мен де жаз бойы ауылда шөп орып, малдың қыстық азығын өзім дайындадым. Енді алдағы көктемде шаруашылығымды одан әрі кеңейтсем деген жоспарым бар. Өйткені, кезінде дәнекерлеуші мамандығын оқып бітіргенмін. Қора соғу, тағы басқа ауыл үйдің шаруасын өзім реттеймін. Жобаны қорғау кезінде ірі қара малының басын көбейткім келетінін де  айтқан болатынмын. Сондықтан, менің негізгі мақсатым –  түліктің осы басын көбейтіп,  жеке қожалық ашу. Шаруам алға басса,  өзім секілді есепте тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдасам деймін. Кезінде  түзету мекемесінен шыққан соң қайда барарымды білмей басым қатқан сәттерде маған  қолдау көрсеткен Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметіне алғысым шексіз, дейді  Данияр.

Жас жігіттің мінез-құлқына пробация қызметінің инспекторы да оң бағасын берді.

– Есепте тұрған Данияр пробация ұйымдастырған қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Жауапкершілігі жоғары. Берген уәдесін орындайды, бірсөзді, дейді Мұғалжар аудандық №1 аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы  Гүлсезім Ешмағамбетова. 

Данияр қосымша жұмыс ретінде ауыл мектебінің  қазандығын жағып, қосымша табыс та тауып отыр. Бұл сәбилі болған жас отбасыға едәуір көмек. Аталған маусымдық жұмысқа есепте тұрған азаматты  Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің инспекторлары орналастырған болатын, дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше