Президент • 26 Қазан, 2020

Әділ төрелік, тиімді сот жүйесі қажет

3709 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

«Әділетті мемлекет» құру тұжы­рым­дамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қам­тамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді. Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Со­ның жарқын дәлелі ретінде Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судья­ларының VIII съезін айтуға болады.

Әділ төрелік, тиімді сот жүйесі қажет

Төрт жылда бір рет өтетін съезд жұмысы ең алдымен еліміздің сот жүйе­сін дамытуға бағытталып келеді. Осы­лайша 1996 жылдан бері Қазақстанда барлығы жеті съезд ұйымдастырылып, маңызды міндеттер бойынша шешімдер қабылданған еді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, соттарды дамытудың қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар сот жүйесін дамытуға қатысты судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, кейбір қылмыс түрлеріне жазаны күшейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан Рес­пуб­ликасы судьяларының VIII съезі делегаттарының алдында құттықтау сөз сөйледі. Бейнеконференция режімінде өткен жиынға еліміздің бүкіл өңірлерінің судьялары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Президент сөйлеген сөзінде сот төре­лі­гінің әділ және заңды жүзеге асырылуы­на мемлекет те, бүкіл қоғам да мүд­делі екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, карантинге қарамастан аза­маттардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ақпараттық технологияның ар­қа­сында сот процесі қашықтан жүр­гізу форматына жедел көшірілді. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды.

Сонымен қатар Мемлекет басшы­сы құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Әсіресе бұл олқылықтар пандемия кезінде анық байқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында құқық қорғау және сот жүйесін рефор­малауға баса мән берілгенін еске салды. Оның пікірінше, сот жүйесіндегі үдеріс­терге, ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек.

Мемлекет басшысы сот жүйесін ре­фор­­малау саласында айтарлықтай ілгері­­леу болу үшін судьялардың кәсі­би­­лі­гіне, сот төрелігі мен сот ісін бас­қа­ру­дың сапасына негізделген түбе­гейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін­де алға қойған мақсаттарға қол жеткі­зуге мүмкіндік беретін бірқатар басым­дықтарды айқындады.

Адам құқық­тары мен заң үстемдігін қамта­ма­сыз ету­ді бір­інші міндет ретінде атап көр­сетті.

– Судьялар корпусы өздерінің күн­делікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқық­тары­ның мүлтіксіз сақталуын басты на­зарда ұстауы керек. Еліміздің судья­лары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арт­тырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қа­лып­тас­қан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзек­ті ха­лық­аралық үдеріс­терді ескеріп, судья­лар­дың халық­аралық қауым­дас­ты­ғы­мен тығыз байланыс орнату маңыз­ды, – деді Президент.

Сот жүйесінің тәуелсіздігі – екінші ма­ң­ызды басымдық. Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың айтуынша, әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген се­­ні­мін арттыру міндетті шарт болу керек.

– Отандық және халықаралық сарап­шылар судьяларды әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төраға­лары­на тәуелді деп санайды. Бұл – тиім­сіз тә­жірибе. Бұдан құтылу қажет. Судья­­лар­­дың құқық қорғау органдарына тәуел­­ділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуел­­сіздігіне қатысты ешкімде күмән бол­мауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және ин­­ве­с­торлар қазақстандық судьялар­дың бейтарап әрі әділ шешім шығара­ты­нына сенімді болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың да кездесетініне назар аударды.

– Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кей­бір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіби судьялар корпусы барша сот реформаларының шешуші факторы екенін атап өтті. Соңғы жылдары судья лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптардың күшейгенін, іріктеудің заманауи құралдары енгізілгенін айтты. Бұл мық­ты заңгерлерге, белгілі ға­лым­дар мен кәсіби құқықтанушыларға сот жұ­мы­сындағы тәжірибесі болмаса да, судья болуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы міндетті жүзеге асы­руда Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Аса­новтың зор еңбек сіңіргеніне тоқталды.

– Судьялардың беделі мінсіз, ал кан­дидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдер­дің басым бөлігінде судьяларға қойы­латын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болма­шы бір теріс әрекеті лауазымға тағайын­далмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сот үдерістерін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктерін енгізу мәселесіне де назар аударды. Осы мәселенің маңызы сот үдерісінде бюрократияның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сот ісіндегі ресімдерді шектен тыс регламенттеу процестердің ұзаққа созылуына алып келеді және қоғам тарапынан әділ сынға ұшырайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сот ісін оңтайландырып, керексіз рәсімдер мен регламенттерді алып тастау қажет.

– Сот процесі түсінікті және ыңғайлы болуы тиіс. Азаматтар рәсімдердегі түрлі айла-шарғыларды шешуге міндетті емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қоры­тын­дылай келе, аталған барша міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Съез жұмысының барысында Жо­ғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов заң жобаларының әзірленгені, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шараларды, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру, пандемия кезіндегі фронт-кеңселер мен соттардың жұмысы жөнінде айтты.

– Биылғы басқосудың екі ерекшелігі бар. Біріншісі, пандемияға байланысты соттар да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Басты міндет – халық денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтарын қорғау. Процестеріміздің 95%-ы қашықтан өтуде. Күніне 4,5 мыңға жуық онлайн-процесс өтеді. Екінші ерекшелік, жиы­нымызға Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан соттарының басшы­лары, Германия, Эстония, АХҚО, Еуразиялық Экономикалық Одақтың судьялары, елшілер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. Демек, біздің Съезіміз халықаралық мәртебеге ие деген сөз. «50 жылда ел жаңа» демекші, қоғам тез өзгеруде. Сот та заманға қарай өзгеру керек екенін түсінеміз, – деді Ж.Асанов.

Ж.Асановтың айтуынша, әр елдің сотында үш түйткілді мәселе бар. Бірінші маңызды мәселе – жаңа судья ретінде кімді іріктеп алған дұрыс? Жұмыс істеп жүрген судьяларды қалай ынталандырып, қызметін қалай бағалаған жөн? Екінші мәселе – олардың шешімдері мен үкімдерінің сапасы. Үшінші мәселе – инфрақұрылым. Соттардағы ыңғайлы сервис.

Спикердің айтуынша ондаған жобалар жүзеге асырылыпты: «Түнгі соттар», «Отбасылық соттар», «Татуластырушы судьялар», «Татуластыру орталықтары», «Соттардағы фронт-кеңселер» және тағы басқалар. Соған қарамастан тереңірек үңілуді қажет ететін проблемалар әлі де бар. Оларды шешу үшін құқықтық саланы өзгерту керек. Нәтижесінде, 30 заң жобасы қолға алынып, 17-сі қолданысқа енгізіліп үлгерген екен.

Осы заңдар нені өзгертті? Жаңа судья етіп кімді және қалай таңдау мәселесі алдыңғы орынға шықты. Жоғарғы Сот Кеңесімен бірлесіп таңдау түбегейлі өзгертіліпті. Әлемдік компаниялардың HR құралдары енгізілді. Оның өз нәти­жесі де бар. Егер бұрын төрт канди­дат­тың біреуі судья болса, қазір жиыр­ма кан­ди­даттың біреуі ғана судья бола­ды. Әлсіз­­дерге тосқауыл қойылды. Соған бай­ланыс­ты елімізде 14% бос жұмыс орын­дары бар көрінеді. Бірақ Ж.Аса­нов­тың айтуынша, кездейсоқ кадрларға қара­ғанда осы дұрыс.

Енді сот шешімдері мен үкімдерінің сапасына тоқталайық. Біріншіден, елімізде сот шешімдерінің жаңа форматы енгізілді. Алғаш рет барлық қылмыстық, әкімшілік істер санаты бо­йынша екі тілде үлгілер жинағы жарық көрді. Екіншіден, судьялар шешімдерді, үкімдерді жариялағаннан кейін бірден неге дәл осындай шешім қабылдағанын процесс қатысушыларына түсіндіреді. Нәтижесінде, жоғары тұрған соттардың шешімдері мен үкімдеріне келіп түсетін шағымдар 30%-ға қысқарыпты.

Инфрақұрылым мәселесіне келейік. Бүгінде еліміздегі 230 сотта фронт-кеңселер ашылыпты. Бірыңғай жұмыс реті белгіленген. Сот ғимаратына кіре берісте кеңесші отырады. Адвокаттар, медиаторлар, нотариустар үшін арнайы кабинеттер бар. Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап сот қызметі қашықтан басқару режіміне көшірілді. Көптеген елдердегідей сот жұмысы тоқ­тап қалған жоқ. Егер, төтенше жағдайға дейін елімізде күніне 150 онлайн-процесс болған болса, қазір күн сайын 4,5 мыңға жуық процесс өтеді. Яғни, 30 есе көп. Ж.Асановтың айтуынша, мұндай қыз­метті көптеген адамдар әлдеқайда ың­ғайлы әрі шығыны аз деп бағалап отыр.   

Жоғарғы Сот Төрағасы ерекше назар аударған төртінші мәселе – айып­тау­шылық көзқарасқа қатысты болды. Соңғы 3 жылда елімізде ақтайтын үкім­дер көбейіп отыр. Ал енді аса ауыр қылмыстар бойынша нәтиже 12 есе артыпты. Бұрын ауыр қылмыстар бо­йынша жылына 15 адам ақталған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 180-нен асқан екен. Құқық қорғау органдарына қатысты шағымдар 2 есе көп қанағаттандырылуда. Олар да өз кезегінде жұмысты жете жүргізбесе, айыпталушыны соттың ақтап алатынын түсіне бастады.

1

– Әрине, айыптаудан толығымен арылдық деп айтуға болмайды. Жүйелі түрде қарау керек. Яғни, сотқа дейінгі шараларды да қарастыру қажет. Же­дел­детуге болатын бір нәрсе бар. Қазір сотқа барлық қылмыстық істер беріледі. Сонымен қатар сараптамалар да, актілер де сотқа ұсынылады. Оларды прокурорлар, тергеушілер жасайды. Осыны оқыған кезде судья саналы түрде айыпталушыны қылмыскер деп ойлайды. Осындай пікір түйеді. Қорғаушының айтқанына өзінің санасында қалыптасып қалған парадигма арқылы қарайды. Сарапшылардың пікірінше, сотқа айып­тау актісі мен қорғау актісі ғана ұсынылуы керек. Сол арқылы біз судьяның санасында алдын-ала пікір қалыптасуына қарсы жұмыс істейміз. Прокурор да, адвокат та өз дәлелдерін шамалап, аз-аздан ұсынсын, – деді Ж.Асанов.

Жоғарғы Сот Төрағасының айтуын­ша, бұл – бәсекелестік үрдісі. Сотта­лушының кінәсі тек осылай дәлелденуі керек. Көптеген дамыған жүйелер талай уа­қыт­тан бері осы модельді қолданып келеді. Мәселен, Италия бұл үрдіске 1989 жылы көшіпті. Кейін осы қадамға Бал­тық теңізінің маңында орналасқан елдер де барған көрінеді. Мұндай шешім еліміздің сот жүйесін дамытуға да оң әсерін тигізері сөзсіз.

Ж.Асановтың баяндамасынан кейін, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын атындағы аудандық сот төр­ағасы Татьяна Курынова сөз алды.

– Соттар біреуге тым қатал, ал біреуге тым жұмсақ жаза қолданады деген пікір бар. Ең алдымен, заңда әрбір қылмыс үшін белгілі бір жаза қарастырылған. Қылмыстық кодексте қатаң негіз бар, сондықтан біз оның шеңберінен шығуға құқымыз жоқ. Мәселен, жол апаты орын алып, онда 5 адам қайтыс болды делік. Ең жоғарғы санкция – 10 жыл. Бірақ жеңілдететін мән-жайлар болған кезде Қылмыстық кодекс заң бұзушыны ең көп дегенде 5 жылға бас бостандығынан айыруға рұқсат береді. Тағы да бір мысал келтірейін. Ерікті жыныстық қатынас болды деп қарайық. Ер адам 33 жаста, қыз бала 14-те болды дейік. Сот бірден көп жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруға құқығы жоқ. Неліктен? Себебі Қылмыстық кодексте бұл үшін жеңілірек жаза – бас бостандығын шектеу қарастырылған, – деді Т.Курынова.

Оның айтуынша, осы жайттарды және мәселенің мән-жайын білмей әлеу­меттік желілерде дүрбелең туындап жа­тады екен. Желі қолданушылары судья­ны пара алды және жеңіл жаза тағай­ын­дады деп ашық түрде айыптайды.

– Біз тек Қылмыстық кодексте көз­делген жазаны қолданамыз. Артық жаза қолдануға немесе оны жеңілдетуге құқы­мыз жоқ. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, адам саудасы және браконьерлік үшін санкциялар күшейтілді. Қалыптасқан түсінік-таны­мымыз жұмсақ жаза қолдануға жол бермейтін бірқатар басқа да қылмыстар бар. Мәселен, балаларды азаптағаны, оларды қауіпке қалдырғаны, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түскені үшін санкцияны күшейту керек. Заң өзгерсе осындай істер бойынша сот тәжірибесі де өзгереді, – деді Т.Курынова.

Баяндамашы көтерген келесі мәселе сот органдарының заңға, құқыққа сүйе­ніп жүргізген істерін масқаралау мәсе­лесіне қатысты болды. Өткен жылы еліміз­дегі форумға дүние жүзінің 110 мемле­кетінен судьялар келіпті. Олар бұқа­ралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі келеңсіздіктер сотқа тікелей қысым екенін мойындапты. Бұл мәселе бүгінде барлық елдердің сотына ортақ болып отыр.

– Бізде де осындай тенденция бар. Тіпті кей жағдайда тікелей қорлауға дейін жетеді. Педофилия, зорлау, сыбайлас жемқорлық сынды ауыр тақырыптар бойынша полицейлер, прокурорлар, судьялар туралы «жалған» ақпарат тарайды. Әрине, мен сындарлы сын туралы айтып тұрған жоқпын. Судьяға да дүрбелеңнің жетегінде кетуіне болмайды.  Ол бейтарап шешім қабылдауға міндетті. Солай бола тұра бәрібір бір адам наразы болады. Біздің жұмысымыз осындай. Алайда судьялардың да мінезі болады. Оған қоғамдағы жасанды және қасақана жасалатын пікірлерге қарсы шығу психологиялық тұрғыда өте қиын. Қоғамдық пікірге сәйкес келмейтін заңды шешім қабылдау қашан да оңайға соқпайды, – деді Т.Курынова.

Оның айтуынша, осы жылы сот­тар­дың баспасөз қызметі жандандырылыпты. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Судьялар резонансты процестерінен кейін баспасөз мәслихаттарын өткізеді. Сонымен қатар судьялар жүйелі проблемалар бойын­ша әлеуметтік желілерде пікірта­лас­тар жүргізеді. Тұрғындармен жанды, күнделікті жұмыс жүріп жатыр. Со­ған қарамастан, әлеуметтік желілерде судья­ларға жала жабу, қорлау оқиғалары жаза­сыз қалып келеді. Сондықтан, съезд шешімі кезінде осыған мән беру қажет­тілігі пайда болды.

Бұдан соң мінберге Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов көтерілді.

– Осы 9 айда кассацияда 15 мың іс қаралды. Бәрі күрделі. Ал апелляцияда – 37 мың іс. Апелляцияның әр судьясы екі күнде бір істің тағдырын шешті. Күн сайын жарты іс. Бұл көп пе, аз ба? Жоғар­ғы Сот судьяларының жүктемесі апел­ляцияға қарағанда үш есе көп. Мойын­дауымыз керек, апелляцияға қоғамның сенімі әлі де аз. Заңды шешім қабылдасақ та, тараптарды көндіріп, сендіре алмаймыз. Соның салдарынан жұртшылық әділдікті Жоғарғы Соттан іздейді, – деді Б.Кәрібжанов.

Оның айтуынша, бүгінде аудандық судьялардың жауапкершілігі айтар­лықтай күшейді. Енді осындай талапты апел­ля­цияға қоятын кез келді. Себебі жұмыс жақсармай, сот жүйесінің өзгеруі қиын. Бір жағынан, жүктемеге байланыс­ты кассация өз міндетін толық атқара алмау­да. Мәселен, бірыңғай практиканы қа­лыптастыру, нормативтік қаулы қабыл­дау, әдістемелік көмек көрсету.

– Келесі мәселе сот ғимараттарының жартысынан көбі ескі әрі тар. Өткен ғасырдың 20-шы – 80-ші жылдары салын­ған. Ол кезде сотқа бүгінгідей сұраныс болған жоқ. Бәрі мемлекет меншігінде болған соң, даулар да жоқтың қасы еді. Қазір бұл ғимараттар заман талабына сай емес. Меніңше, Нұр-Сұлтанның 4 ауданында 4 қылмыстық және 4 азаматтық сот бар. Алматы мен басқа қалаларда да солай. Соларды бір жерге біріктірсек, ұтарымыз көп. Бұрын географиялық алшақтық проблема болатын. Қазір – цифрландыру заманы. Процеске үйде отырып-ақ, онлайн режімде қатысуға болады. Бұлай еткен жағдайда, біріншіден, шағын ғимараттарды босатып, мемле­кет қажетіне береміз. Екіншіден, әр ғи­ма­ратты күтіп-ұстауға кететін шығын мен қызметкерлерге төленетін қаржы да үнем­деледі. Осылайша, көп қаржы жұмса­май-ақ, сотқа келушілерге қолайлы жағ­дай жасауға әбден болады, – деді Б.Кәріб­жанов.

Съезд жұмысының маңызын ерекшелеген ендігі мәселе – оған халықаралық сарапшылардың қатысуы деуге болады. Ондай сарапшылардың қатарында Қазақстанда және Өзбекстандағы GIZ өкілдіктерінің басшысы, Германияның Берлин қаласындағы әкімшілік соттың судьясы Йорг Пуделька болды.

– Германия мен Қазақстан талай жылдардан бері көптеген салаларда серіктес болып келеді. Содан біле­ті­німдей, Қазақстанның сот-құқықтық жүйесі жоспарлы түрде даму үстінде. Мәселен, осы жылдың маусым айын­да Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болып саналады. Бұл Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы жаңа кезеңді  білдіреді. Осы заңнамалық акт құқықтық айқындылық пен тұрақтылық үшін түбегейлі маңызды. Өйткені ол сәйкестік пен сенім құқығын қорғау сияқты негізгі қағидаттарды алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітті. ҚПК-нің қабылдануы сот ісін жүргізудің негізгі түрлерін оқшаулаудың аяқталғанын, атап айтқанда, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізудің ара-жігін нақты ажыратуды айғақтайды, – деді Й.Пуделька.

Оның айтуынша, сол арқылы біз қазақстандық әкімшілік әділет жүйесінің дүниеге келгеніне куә болып отырмыз. Жаңа заңда соттың белсенді рөлінің қағи­даты, әкімшілік талаптардың әр алуан түрлері, дәлелдеу бойынша міндет­терді бөлу ережелері айқындалды.

– Азаматқа мемлекетпен қарым-қа­тынаста өзінің субъективтік құқық­тарын тиімді қорғауға, ал сотқа мем­лекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттерінің заңдылығына толық сот бақылауын жүргізуге мүмкіндік бере­тін басқа да іс жүргізу тетіктері көрі­ніс тапқаны қуантады. Жаңа әкім­шілік соттар сот практикасының пысық­та­луының нәтижесінде құқық пен заң­ның «қарауылына» айналады және Қазақ­станның одан әрі құқықтық дамуына қомақты үлес қосады деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Й.Пуделька.

«Бейкер Макензи» компаниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Куртис Мастерс те аталған съезд жұ­мы­­сына қатысып, өз ойын ортаға салды.

– Нұр-Сұлтандағы Жоғарғы Сот ғима­­ратына кіреберіс алдында ежелгі Рим мифологиясынан шыққан әділет құ­­дайының әдемі мүсіні – халықаралық сот төрелігінің нышаны орналасқан. Әділет құдайының көздері дәкемен таңылған. Бұл бейтараптылықты – сот төрелігі бәсекелес тараптардың билігіне, байлығына және басқа мәртебесіне қара­мастан әділеттілікті ұстануы керек деген идеалды білдіреді. Әділет құдайы дәлелдемелерді безбендеуді білдіретін әділеттілік таразысын ұстап тұр. Таразы тұғырының болмауы дәлелдемелердің өз жөнімен қаралуға тиіс екендігін айғақтайды. Екінші қолымен Құдай қылышты қыса ұстап тұр. Бұл әділеттілік шешімі тез табылуға тиіс әрі түпкілікті болуы керек дегенді білдіреді, – деді К.Мастерс.

Оның айтуынша, Халықаралық әді­лет­­тілік нышанының осы мүсіні Қазақ­стан Жоғарғы Сотының ғимара­тына кіретін барлық адамдар үшін елде сот төрелігінің халықаралық стандарттары қол­данылуға тиіс екенін еске салу болып саналады. Қазақстандық сот төрелі­гінде бөлек ұғым жоқ. Сот төрелі­гіне құқық – кез келген елдің азаматтарына тең дәрежеде қолданылатын әрбір адамның құқығы.

– Сот төрелігінің халықаралық стан­дарт­тарының осы тұжырымдамасына сәйкес, Елбасы Н.Назарбаевтың 2015 жылғы мамырда жариялаған «Бес инс­ти­туттық реформаны іске асыру жөнін­дегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспар­ын­да консультациялық қолдау көрсету үшін Жоғарғы Соттың мүшелеріне халық­аралық сарапшылар кеңесін құру ұсы­нылған болатын. Жоғарғы Сот­тың жа­нындағы Халықаралық кеңес деп аталатын осы кеңеске Германия, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігі, АҚШ, Балтық елдері­нің, Ресейдің, Дубайдың, Оңтүс­тік Кореяның және тіпті «Астана» халық­аралық қаржы орталығы сотының сарапшылары кіреді. Оның құрамына белгілі қазақстандық құқықтанушы ғалымдар мен судьялар да еніп отыр, – деді К.Мастерс.

Оның айтуынша,Халықаралық кеңес сот болып саналмайды және нақты сот істерін қарамайды. Керісінше, Халық­аралық кеңес Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен Қазақстанда сот төрелігін жүзеге асыру кезінде туындайтын даулы мәселелерге қатысты халықаралық тәжірибемен және көзқарастармен бөлісу үшін тұрақты түрде отырыстар өткізіп тұрады.

– Кейде осы мәселелердің ауқы­мы өте кең болады. Мысалы, маман­дан­дырылған соттарды құрудың қажеттілігі бар ма, әкімшілік соттардың рөлі қандай, сот шешімдерінің сапасын қалай бағалау керек деген мәселелер талқыға түседі. Кейде қарастырылған мәселелер, мысалы, отбасылық зорлық-зомбылық туралы үкім шығаруға немесе мемлекеттік баж мөлшерін анықтау туралы шешімдерге әсер етеді. Осындай мәселелер бо­йынша кеңестің шетелдік мүшелерінің ұсыныстарын алып әрі талқылай отырып, Төраға Ж.Асанов және кеңестің қазақстандық мүшелері осындай мәсе­лелерді барынша ұтымды шешу туралы шешім қабылдай алады, – деді К.Мастерс.

Осылайша, 400-ге жуық делегат пен мейман қатысып, онлайн режімде өткен форум барысында Мемлекет басшысы сот-құқық жүйесін одан әрі дамыту идеологемасын айқындап, судьялар корпусының таяу кезеңдегі басым міндеттерін белгіледі. Сонымен қатар, съездің екінші бөлімінде судьялар одағы төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Абдолла бірлестік жұмысы туралы баян­дады. Форум делегаттары Тексеру комиссиясының есебін тыңдап, Судьялар одағы Орталық кеңесінің жаңа құрамын сайлады. Жұмыс қорытындысы бойынша съезд қаулысы қабылданды.