Қоғам • 26 Қазан, 2020

Еріктілер қашанда өзгеріске бастайды

420 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісімшарт негізінде 7 отандасымыздың халықаралық ұйымда тәжірибе жинауына, әлемдік деңгейдегі волонтерліктің қыр-сырын үй­ренуге мүмкіндік жасалғаны туралы басылымның өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Бүгін солардың бірі, «БҰҰ Әйелдер» ұйымында қызмет етіп жүрген отандасымыз Меруерт Сыздықбекова туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Еріктілер қашанда өзгеріске бастайды

Меруерт Ыстанбұлда БҰҰ аймақ­тық офисінің қоршаған орта және климаттың өзгеруі бойынша маманы болып қызмет атқарады. Сұхбат барысында ол волонтерліктің елдегі саяси реформаларға әсері мен үлкен ұйымдағы тәжірибесі мен қызметі туралы айтып берді.

Университет қабырғасында ж­үріп-ақ еріктілікті өмір салтына айналдырған Меруерт Қарағанды мемлекеттік университетін «Халық­ара­лық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон Экономика және сая­си ғылымдар мектебінде оқуын жал­ғастырады. БҰҰ волонтерлер қа­тарына қосылмас бұрын елге оралып, университетте дәріс оқиды, мем­лекеттік қызметші атанады.

– Қазақстан мен БҰҰ арасындағы келісімшарт аясында халықаралық ұйымға қазақстандық волонтерлер баратынын естігенде бағымды сынап көретін кездің келгенін түсіндім. Бұл – жаңа деңгей. Жұмыс өтілім, тәжірибем мен білімім өзіме деген сенімділікті арттыра түсті. Бұған дейін елордамыздағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) офисінде жұмыс істедім. Яғни, халықаралық ұйымдар миссиясы мен міндеттерімен жақын таныспын, – дейді Меруерт.

Меруерттің айтуынша, бұл бағдар­ламаның басқаларынан ерекшелейтін тұсы – қатысушылардың жасы мен географиясына шектеу жоқ. Яғни кез келген адамға қайырымдылық жа­сау­ға, қоршаған орта мен адам құ­қық­тарын қорғауға мүмкіндік береді.

– Мен «БҰҰ Әйелдер» қорын таң­дадым. Өйткені гендерлік теңдік пен әйел құқығы саласында аз да болса тәжі­рибем бар. Білімімді іс жүзінде сынап, тәжірибемді толықтыра ала­тынымды түсіндім. Сонымен бір­ге бұл тақырып бүгінгі қоғамда өзек­ті. Тек Қазақстан емес, төрткүл дү­ниені алаңдатып отырған мәселе еке­ні айтпасақ та түсінікті. Қазір белсенді әйелдер өз құқықтары жа­йында азаматтық қоғам алаңдарында, үкіметтік деңгейде айтып, қатып қал­ған таптаурын көзқарастан ары­луға қарсы жұмыс істеп жүр. Ха­лықаралық ұйымда жиған-терген тә­жі­рибем тек Қазақстанда емес, бас­қа елдегі бұл түйт­кілді шешуге кө­мек­теседі деген се­нім­демін, дейді волонтер.

Меруерт волонтерлік алдымен ниетке байланысты деп санайды. «Волонтерлік өзің тұрып жатқан елді мекендегі жағдайды жақсартуға тырысу, жалпы, жағдайды түзетуді қалау. Сен өзің тұрып жатқан жердегі ахуалды жақсарту арқылы өз еліңе, одан әрі түгел әлемге әсер етесің», дейді ол. Ал БҰҰ қатарында тіптен шектеу жоқ екенін, әр қызметкердің жұмысы шектелмегенін, білімі мен тәжірибесін әртүрлі елдің, қоғамның, топтың пайдасына қолдана алатынын алға тартады.

– 2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп бекітілді. Бұл – былтырғы Жастар жылының логикалық жал­ғасы. Иә, шешімді билік қабылдаса да, бұл ойдың тууына елдегі жағдай, халықтың әрекеті сеп болды. Бұл жерде азаматтардың, әсіресе жастар­дың белсенділігін атап өтпесе болмас. Елде волонтерліктің дамып жат­қанын байқауға болады. Қазір жануарларды бағатын арнайы орын­­дардың ашылғаны, жастардың бірі­гіп басқаларға көмектескені туралы ха­барларды жиі оқимыз, – дейді Меруерт. 

Сонымен бірге Волонтер жылы­ның пандемияға тұспа-тұс келуінде де сим­воликалық мән бар дейді волонтер. Меруерттің айтуынша, әлем хал­қы ортақ індетпен күрес жолында күш біріктіріп, иық тірестіріп жұ­мыс істеп жатыр. Сонымен бірге іс­те­­ген жақсылығының қайтарымын күт­пеуді,  басқаларға көмектесу ар­қылы өзіне көмектесіп жатқанын түсіну керек екенін алға тартады. Оның айтуынша, волонтерліктің мем­лекет үшін де маңызы зор. Өйт­кені волонтерлік – күш, ол – өзгеріс­тің бастауы. 

– Волонтерлік қоғамның дамуы үшін, алға қадам жасауы үшін ма­ңыз­ды. Өйткені волонтерлік – ізгі ниетпен адамдардың жұмылуы. Адамдардың бірігуі қоғамды жақ­сы жағынан өзгертеді. Яғни инсти­туттардың тиімділігін арттырып, аза­маттық белсенділіктің артуына алып келеді. Ал бұл – әлеуметтік-экономикалық реформалардың бас­тауы, – деген ойын білдірді халық­аралық ұйымның волонтері.

Меруерт Сыздықбекованың айтуынша, БҰҰ қатарында жұмыс істеу оңай шаруа емес. Университетте сабақ бергені, білім саласы мен мем­­­лекеттік қызметтегі тәжірибесі кө­мек­тесіп жатқанын айтты. Соны­мен бірге БҰҰ волонтері атану үшін халықаралық ұйымдардағы шешім қабылдау механизмі мен аймақтағы ахуалдан хабардар болудың маңызы зор екенін жеткізді. «Орталық Азия­дағы жағдайды білуім, ол жер­дегі халықтың ойын түсіне алуым жұмысымды жоғары деңгейде атқа­руға, оң өзгерістер әкелуге кө­мек­тесіп жатыр», дейді отандасымыз.

– Дәл қазіргі қызметімде кли­маттық өзгерістер мен қоршаған ор­та мәселелерінің әйелдер мен қыз­­­дар­дың өміріне қалай әсер етіп жатқанын зерттеймін. Түрлі тәжі­ри­белерге сүйеніп, Еуропа мен Орталық Азиядағы ахуалды жақсартуға шешім іздеймін. Негізінде тек жаһандық деңгейдегі емес, ұлттық деңгейдегі кез келген өзгеріс халықтың тұр­мы­сына әсер етпей қоймайды. Бұл жерде тек әйелдердің емес, ер адам­­дардың да өмірін өзгертетінін ес­керген жөн. Кей проблемалардан гендерлік теңсіздік бастау алады. Ал мұндай дағдарыстар әйелдер мен қыздардың өміріне теріс ықпал етуі мүмкін. Мысалы, пандемия кезінде отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көріп отырмыз. Былай қарасаңыз, бұл – эпидемиялық ахуал. Дегенмен адам өміріне әсері зор. Сол сияқты климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның ластануы табиғи құбылыстармен ғана шектелмей, қоғамдағы тамыры тереңдегі мәселелерді қайта қозғап, түгел ха­лықтың өміріне әсер етеді, – дейді Мер­уерт. Бұл зерттеудің маңызды еке­нін алға тартқан жас зерттеуші мәселенің негізін анықтамай, себе­бімен күресудің тиімсіз екенін қа­перге салады.

БҰҰ-ның «Барлық әйел мен қыз­дың мүмкіндігі мен құқығын кеңейту, гендерлік теңдікті қамта­масыз ету» деп аталатын мақсатын жүзеге асыру жолында қызмет етіп жүрген отандасымыз осы саладағы кез келген өзгеріс пен мәселені ес­керу керек екенін айтады. Бүгінге дейін 12 елмен байланыс орнатып үлгерген волонтер Еуропа мен Ор­талық Азия бойынша дерек жинап, климаттық өзгеріс пен адам құ­қық­тарының байланысын саралап үлгерген. Келешекте оны аймақтық құжатқа айналдыруды мақсат етіп жүргенімен де бөлісті. «2 қыркүйекте әріптестерімізбен бірге зерттеу жүр­гі­зіп жатқан елдердегі ұлттық дең­гейдегі мәселелерге климаттың өз­герісі қалай әсер етіп жатқанын, оның салдарын бағамдау бойынша ве­бинар жүргіздік», дейді ол.

БҰҰ құрамында волонтер болу мен қандай да бір құрылымға тәуел­ді болмай қайырымдылықпен ай­на­лысудың айырмашылығын сұра­ғанымызда, Меруерт құрылым бөл­шегі болу теориялық білім қа­лып­тастыратынын айтты. Оның айтуынша, өңірдің әрбір елі бойынша нақты білім, онда іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар туралы жалпы түсінік талап етілетінін жеткізді. «БҰҰ қатарында болу жауапкершілікті арттырып, бір уақытта бірнеше іспен айналыса алу деген міндет жүктейді. Сонымен бірге түрлі елдермен байланыс орнату, оны үзбей жұмыс істеу, үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеп, одан керегін ала білуді қажет етеді. Мұнда үлкен спектрде ойлау керек. Яғни бағдарламаға қатысты жалпы түсінік болғаны абзал», дейді.

Олардан бөлек бұл тәжірибенің бағдарламада орын алған әр қатысу­шының өміріне үлкен өзгеріс алып келеріне сенетін Меруерт қиын тапсырмаларды шешу барысында артатын біліктілік пен жаңа мәдениетті түсіну мүмкіндігі, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестердің баға жетпес тарту екенін жеткізді. «Қазір БҰҰ сияқты жаһандық ұйым­да жұмыс істеп жатқаныма қуа­ныштымын. Студенттік кезде дос­тарымызбен университетте «БҰҰ Моделін» ұйымдастыратын едік. Ол кезде уақыт өте келе БҰҰ-ның мү­шесі болатыныма сену былай тұрсын, елестетудің өзі қиын-ды. Ал қазір өз білімім мен тәжірибемді басқа­лардың игілігіне қолдануға, осылайша өз танымымды кеңейте түсуге мүмкіндік алып отырмын», деп түйіндеді  сөзін Меруерт.