Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ресми өкіл Алтай Әбибуллаевтың қатысуымен апталық брифинг өтіп, онда бірқатар маңызды шаралар жайы баяндалды.
Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ресми өкіл Алтай Әбибуллаевтың қатысуымен апталық брифинг өтіп, онда бірқатар маңызды шаралар жайы баяндалды.
Брифингті ашқан ресми өкіл 20 қараша күні Астанада Қазақстан судьяларының VI съезі болатынын, оған сот органдарынан 700-ден астам делегат пен 20-дан астам шетелдік делегация қатысатынын жеткізді. «Қазақстан Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, съезд жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде сот жүйесін одан әрі дамыту мәселелері және V съезде алға қойылған міндеттердің орындалуы бойынша сөз сөйлейді», деді А. Әбибуллаев.
Сонымен қатар, ол 20 қарашада Серік Ахметовтің қатысуымен Санкт-Петербург қаласында ТМД елдері Үкімет басшыларының кеңесі өтетінін, отырыста сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, энергетика және қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылатынын атап көрсетті. «ТМД елдері Үкімет басшыларының кеңесі алаңында Премьер-Министр Серік Ахметов бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді, сондай-ақ Ресей Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен келіссөз жүргізеді. Ал 22 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің «Сарапшы-200-Қазақстан» форумының жұмысына қатысуы көзделуде», деді А.Әбибуллаев.
Бұған қоса, ресми өкіл 19-20 қараша күндері Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың жетекшілігімен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша ауылдық округ әкімдеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтетінін жеткізді. «Ал 21-22 қараша күндері Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Конференция аясында еліміздің өнеркәсіптік саясатын дамытудың негізгі мәселелері, Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы өнеркәсіптік байланыстар мен Қазақстандағы өнеркәсіптік саясатты жетілдіру шараларын талқылау жоспарлануда», деді ресми өкіл бұл орайда.
Сонымен қатар, ресми өкіл 22 қараша күні Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың, министрлік қызметкерлері мен Астанадағы басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен «Қыс – 2013» республикалық командалық-штабтық жаттығуы өтетініне, 21-22 қараша күндері Атырауда Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен холдинг өкілдерінің қатысуымен ATYRAU INVEST-2013 халықаралық бизнес-форумы ұйымдастырылатынына тоқталды.
Ресми өкіл еліміздің сыртқы саясат ведомствосы басшысы Ерлан Ыдырысовтың қатысуымен өтетін шараларға да тоқталып өтті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».