Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады.
Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әнші Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 2013 жылдың 16 қарашасында 88 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ермек Серкебаев ұлт мәдениетінің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өнердегі жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқи жүріп, 1947 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің классикалық туындысы – «Абай» операсындағы Абай партиясын орындаудан бастады.
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады.
Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әнші Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 2013 жылдың 16 қарашасында 88 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ермек Серкебаев ұлт мәдениетінің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өнердегі жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқи жүріп, 1947 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің классикалық туындысы – «Абай» операсындағы Абай партиясын орындаудан бастады.
Бұдан кейінгі жылдарда қазақ және әлемдік опералардағы: Қожағұл, Амангелді (М.Төлебаев, «Біржан-Сара» мен «Амангелді», соңғысы Е.Г.Брусиловскиймен бірге), Тарғын, Артем (Брусиловский, «Ер Тарғын» мен «Дударай»), Алпамыс (Е.Рахмадиев, «Алпамыс»), Панфилов (Ғ.Жұбанова, «Жиырма сегіз»), Евгений Онегин, Мазепа (П.И.Чайковскийдің осы аттас опералары), Олег Кошевой, Владимир Ульянов (Ю.С.Мейтус, «Жас гвардия» мен «Ағайынды Ульяновтар»), Фигаро (Дж.Россини, «Севиль шаштаразы»), Дон Жуан (В.А.Моцарттың осы аттас операсы), Эскамильо (Ж.Бизе, «Кармен»), Жермон (Дж.Верди, «Травиата») т.б. партияларды зор шеберлікпен орындады.
Ермек Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, Кеңес Одағы және дүние жүзі композиторларының таңдаулы туындылары кеңінен орын алды. Ол бірқатар фильмдерге («Біздің сүйікті дәрігер», «Ән қанатында», «Тақиялы періште»), т.б. түсті.
Ол көптеген халықаралық конкурстар мен дүниежүзілік фестивальдарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазақтың ән өнерін Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінде және АҚШ-та өткен қазақ мәдениетінің күндерінде кеңінен насихаттап, әлемдік биікке көтерді.
Е.Серкебаев – ұлағатты ұстаз, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ән мектебін қалыптастырды.
Ол тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігіне қуанып, Елбасына үнемі қолдау көрсетіп отырды. Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залының салтанатты ашылуында өнер көрсетіп, батасын берді.
Е.Серкебаев «Отан» орденімен, 2 рет Ленин орденімен, Октябрь Революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, т.б. көптеген наградалармен марапатталды. КСРО және Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды.
Лира шоқжұлдызының бір жұлдызы Е.Серкебаевтың есімімен аталған.
Қазақ өнерінің тарланы, көрнекті мәдениет пен өнер қайраткері, абзал азамат, ұлағатты ұстаз, әлемге танылған әнші Ермек Серкебаевтың есімі әрдайым ел жадында сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі.
ҚОШ БОЛ, ЕЛДІҢ ЕРКЕСІ!
Көзін жұмды қазақтың шын дүлдүлі,
Ақжарқын, айқын бекзат, бұлбұл ұлы.
Әншілік аспанында бір жұлдыздың,
Әлемді таң қалдырған сөнді нұры.
Аты аңыз ел еркесі Ермек еді,
Тұлпардай сергек еді кермедегі.
Әрқашан қаз дауысы биік заулап,
Сағынтар көкке құлаш сермегені.
Ұлтымның ерен әнші көп баласы,
Солардың ғайып болды таңдамасы.
Абайдың әнін шырқап, боздатқанда,
Жазылып қалушы еді жан жарасы.
Найзағай дәл түскендей бүгін көктен,
Сұм ажал тез ұғындық сырыңды өктем.
Қазақтың Фигаросы ғайып болды,
Сахнаны Карузоша дүбірлеткен.
Күңіренді Көкшетау, Қызылжарың,
Сен едің мақтанышы, үздік дарын.
Ақша бұлт Алатауды алты айналып,
Азайтты көңіл айтып, мұңын қалың.
Ұқсаған шаң жұқпайтын сәйгүлікке,
Үлгі едің әсем, кербез сәнділікке.
Жан аға,
Топырағың торқа болсын,
Жол тартты атақ-даңқың мәңгілікке.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.

ЕНДІ СІЗДЕЙ ӘНШІ ҚАЙДА...
Дүниедегі тағы бір ең асыл адамымды жоғалттым. Асқар таудай еңселі Ермек ағамыз енді жарқылдап, жаны қалмай жағдайымды сұрап, алдымнан шықпайтынын ойлағанда қайғыдан ішім құлазып, алай-дүлей күй кешіп, күйзелгенімді қайтіп айтып жеткізерімді білмей қалдым. Бұл дүниеде мәңгі ештеңе жоқ қой, әрине. Өмірден ағып өтіп бара жатқан ғұмыр-көшке дауа бар ма? Бірақ...бірақ, «әттең-ай» деп қабырғаң қайысатын мұндай тұлғаның қазасына қазір қайғырмай қалған қазақ жоқ шығар, сірә.
Қайран, Ермек аға-ай! Енді сіздей өмірде ер туа ма десейші. Енді сіздей өнерде ән туа ма десейші. Қазақтың дауысы қайда десе, Алатаудай асқақ өр тұлғаңызды көрсетер едік. Қазақ деген халық қандай халық дегенде, алдымызға тағы да сізді тосып тұра қалған сәттердің әсері қандай еді, шіркін! Сыртқы келбет пен ішкі келбеттің кестелі сұлу бейнесі өзіңіз едіңіз-ау. Сол көркемдік бүгін көкжиекке сіңіп ғайып болды. Сізсіз енді маған сахна – жетім. Ағалы-қарындастай екеуміздің қаншама спектакльдерде жолымыз тоғысқан еді. «Алпамыс», «Травиата», «Севиль шаштаразы», «Дон Жуан», «Еңлік-Кебек» ...Құдай-ау, өткен күнге көз тіксең, қазақ операсының тарихы да, тағылымы да сіз жүріп өткен іздің өрнегінен құралады екен ғой. Бұл ғана емес, қазақтың халық әндерін өзіңіздей аялап асырған абзал азамат бар ма? «Көкшетау» әнін сізден естігеннен кейін басқалардың орындауында қабылдай алмай қалғанмын. Сол әнді неге ұмытпай қалдым екен... Ән деген құдіреттің, бәлкім, сіз өзіне айналып кеттіңіз бе екен, аға.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
КСРО халық әртісі.
ҚАТАРЛАСЫМ, ҚАНАТТАСЫМ
Өзім қатты сырқаттанып ауруханада жатып, өнерде қос өрімдей болған қанаттасым Ермек Серкебаевтың дүниеден озғанын естіп қапалы күй кештім. Қазақтың музыка мәдениеті үшін орны толмас ауыр қаза екендігіне сөз бар ма. Операның қара шаңырағына бір уақытта қатар келдік, көптеген операларда сахнаға бірге шығып жүрдік. Аллаға тәубе, өмір-бақи Ермекпен достық, әріптестік қарым-қатынасымыз әуелгі риясыз ыстық қалпында сақталып қалды. Сағынышымыз да, саламатымыз да бір еді. Өнерде бірге дәурен сүрдік. Қатар жүріп, бірге қартайдық. Ол да, мен де әншілігімізге қоса тәлімгер ұстаз, консерваторияда профессор болдық. Сәті түскенде, егделігімізге қарамай сахнаға да шығып қоятын едік.
Ермектің жан-жүрегі жұмсақ, кәусардай таза болатын. Бойында қыздарды сыйлайтын, басқаның талантын бағалай білетін бекзаттық бар еді. Қасиетті ән өнерінің табалдырығын аттаған жас шағынан-ақ солай-тын. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде біздің Ермек досымыздың жұлдызы айрықша жарқырады. Соның алдында ғана – 32 жасында «Қазақстанның халық әртісі» атағын алған-ды. Онкүндік қорытындысында оған «КСРО халық әртісі» атағы берілді. Сөйтіп, бір жылда екі бірдей ең жоғары атаққа қол жеткізу сирек кездесетін құбылыс еді. Мұндай шырқау биікке Ермек сияқты топжарған саңлақтар ғана самғап көтеріле алатын.
Осы жолғы онкүндікте мен де жаңағы жоғары марапат алғандардың қатарында болдым. Ермектің мен үшін риясыз қуанғаны, тілеулес болғаны, қолдап-қостағаны, жақтап пікір айтқаны есімде. Ермек Бекмұхамедұлының бір қасиеті, өнерді бағалағанда тек әділдікке жүгінетін, адалын айтатын, мынау жақыным еді, анау досым еді деп бұра тартпайтын. Сол себептен де, оның пікірі біз үшін әрқашан қымбат еді.
Кейіннен Ю.Мейтустың «Ағайынды Ульяновтар» операсында ол қырықта болса да жасөспірім Ульянов-Ленинді, ал мен Лениннің анасының партиясын жұптасып бірге орындадық. Одан соң тағы да сол автордың «Жас гвардия» операсында Ермек Олег Кошевой, мен Ульяна Громова болып, басты рөлдерді бірлесе шырқадық. Сол жолы екеуміз тағы да бірге марапатталып, Мемлекеттік сыйлық алдық. Ол да бір дәурен екен!
Қатар құрбы, өнердегі тағдырласым Ермектің өмір дәурені өткенмен, өнерінің дәурені мәңгі жас қалпында халқының жүрегінде сақталып қалады. Қош, ән өнеріндегі аққудай қанаттасым!
Роза ЖАМАНОВА,
КСРО халық әртісі.

ӨНЕРДІҢ СЕРКЕСІ
Ол 60 жылдан астам уақыт бойы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында жетекші әнші-солист болып жемісті еңбек етті. Осы жылдар ішінде Қазақстан композиторлары жазған опералардағы Абай, Ер Тарғын және әлемдік классикадан Жермон, Онегин, әсіресе, Фигаро бейнелері мен музыкалық партияларын кемеліне келтіріп, тартымды етіп орындады. Сонымен қатар, ол концерттік сахналарда қазақтың халық әндерінің інжу-маржандарын, Қазақстан және дүние жүзі композиторларының әндерін нақышына келтіріп шырқады.
Әсіресе, ол салған «Отаным менің», «Надо мной небо синее» және Фигароның каватинасы бүкіл әлемді шарлап кетті. Ермек – көптеген шетелдік гастрольдік сапарларда болып, өзіне тән орындаушылық шеберлігімен тыңдаушыларын ерекше тамсандырған әнші. Ол – ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында әншілер даярлайтын арнайы жеке класс ашып, жастарға әншілік өнердің қыр-сырын үйретіп, ондаған дарынды шәкірттерді баулып шығарған ұлағатты ұстаз-профессор.
Ермек 80 жастан асып, егде тартқан шағында тағы да бір ерлік жасады. Ол Алматы мен Астанада, Мәскеу мен Петербургте екі сағатқа созылған жеке концерттік қойылым көрсетіп, талғампаз да кірпияз өнерсүйер қауымды дүр сілкіндіріп, тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленді. Мұндай құбылыс әншілер арасында өте сирек кездесетін жағдай. Осындай ғажаптар тек әншілік және сахналық өнердің қыр-сырын жетік меңгерген дара дарын иесінің ғана қолынан келетін дүние.
Ермек – өзінің әншілік өнерімен әрдайым қазақ халқының мәртебесін биіктетіп, бүкіл ғаламдық шартарапқа паш еткен өнер тарланы. Сондықтан да ол елінің еркесі, өнердің серкесі болды. Оның өнерін билік пен туған халқы жоғары бағалады.
Ермектің өнер жолын қуған екі ұлы бар. Олардың бірі Алмас көрнекті композитор. Екіншісі, Байғали әйгілі «А-Студио» эстрада ұжымының жетекшісі. Ал қызы Ирина жақсы журналист, жазушы. Әкесі туралы тартымды кітап жазып шығарды.
Қорыта айтқанда, Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев – ғасырларда өмірге бір келетін ұлы әнші, ерекше тұлға. Оның есімі Қазақстан мәдениетінде, қазақтың музыка тарихында алтын әріппен жазылып, ерекше ою-өрнекпен көмкеріледі. Ермек Серкебаев сияқты қайталанбайтын біртуар әнші, өнер саңлағының аты қазақ халқының жадында әрқашан сақталады. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын, Алаштың ардақты перзенті!
Жексенбек ЕРКІНБЕКОВ,
Қазақстанның өнеріне еңбек сіңірген қайраткер,
1976-1987 жылдардағы Мәдениет министрі.
ХАЛҚЫНА ӨЛМЕС ӨНЕРІН ҚАЛДЫРДЫ
Біз Ермек екеуміз консерваторияда оқуды бірге бастап, қатар бітірдік. Ол үшінші курстан бастап опера театрына жеке әнші болып орналасты. Ал мен филармония әншілігіне қабылдандым. Содан кейін біздің татулығымыз, жолдастығымыз үзілген жоқ. Бірімізді біріміз әр уақытта іздеп тұрушы едік, үнемі қонаққа шақырысып, өмірде де, өнерде де тығыз араласып жүрдік.
Ол өзі жүрегі ашық, пейілі кең, керемет адам еді. Өзінің саналы ғұмырын бекзат өнерге арнап, артында елі ескерердей елеулі із қалдырды. Халқымыздың қадау-қадау тұлғаларының ішінде де Ермек досымның пешенелі жұлдызы ерекше жарқырап, ұлтымыздың мақтанышына айналғанына мен де талай мерейленгенмін.
Ермек Серкебаев опера сахнасында Батыстың, Еуропаның және қазақ композиторларының туындыларының баршасын дерлік орындап шықты. Еңбегіне қарай жақсы, сырлы да сұлу өмір сүрді. Лайықты марапаттарды еншілеп, өнерсүйер халықтың ыстық ықыласына бөлене білді.
Енді, амал қанша, уақыт жетті де, ол бізді тастап, бақилық сапарға көшіп жүре берді. Халқына өлмес өнерін қалдырды. Марқұмның жатқан жері жарық, иманы жолдас болсын. Жасаған жақсы амалдары ескеріліп, жаны пейіште шалқысын деймін.
Бекен ЖЫЛЫСБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі, профессор.
КӨП ҚАЗЫНА ІШІНДЕ КЕТТІ
Ерекең, Ермек Серкебаев жөнінде жасы сексенге толғанша бірде-бір жөні түзу кітап жазылмағанын ескерді ме екен, марқұм Баққожа Мұқаев бірде күтпеген жерден: «Мен келістім, сұхбат жасауға рұқсат берді, соны өзіңіз қолға алсаңыз, әрі қарай жалғастыратын жағдай болса, бәлкім, түбі кітап етіп шығарармыз», деген соң, ұзамай ұлы әншінің үйіне барып әңгімелесудің сәті түсті. Ол жарық көрісімен, екінші, үшінші сұхбат жалғасып, жыл бойы ай сайын көл-көсір суреттермен бірнеше санда жарияланды. Солайша, «Парасат» журналында жарық көргені, көрмегені бар, қомақты кітап дүниеге келіп, Ерекеңнің сексен жылдық мерейтойына тарту етілді.
Кітапта тек ұлы әншінің өз аузынан айтылғандары ғана қамтылып, өзіне белгілі, өзі білетін тың, өзгелерге беймәлім оқиға, дерек, мәліметтер сөз болды. Әкесі Бекмұхамедтің Мағжан Жұмабаевпен бала кезден дос болып, Уфада бірге оқығаны, пьесалары сахналанып, «Белеет парус одинокий» және «Ташкент – город хлебный» деген романдарды қазақша сөйлеткені, сондай-ақ, советтік дәуірде қазақ өнерінің өсіп-өркендеп, әлемге танылғаны, өнердегі ұлы тұлғалар туралы өз білігі тұрғысынан талай-талай миятты әңгіме-сыр шертілді. Олар енді тарих, тәбәрік іспетті.
Ерекең қатты толқып, риза болып жүрді. Көкейінде әлі де айтылуы, жарыққа шығуы тиіс шежіре-хикаяттар тасып-төгіліп жатқанын өзі де, мен де сезіп, біліп жүрдік. Өкінішке қарай, екінші қайтара сұхбаттасудың жөні келмеді. Бірде олай, бірде бұлай дегендей себептермен. Қайтеміз, сол кітаптың әр екі жылда қайталап басылып, алты-жеті жылда үш рет жарық көргенін, одан тыс, жеке тарауларының мерзімдік басылымдарда сан рет басылғанын дәтке қуат етеміз де. Айтары мол еді. Көп қазына ішінде кетті...
Ұлы әншінің артында қалған бай мұрасы – өз орындауындағы халық әндерінен бастап, әлемдік классикалық ән, романс, ариялар болса, екінші олжа – аталмыш кітаптағы өз аузынан хатқа түскен естелік, ұсыныс, пікір, көзқарас, азаматтық қырлары дер едік.
Бақұл бол, қайран Ереке! Асыл аға! Нұрың пейіште шалқысын!
Зәкір АСАБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.