Бүгінгі таңда Қазақстандағы бетонды жолдардың ұзындығы 1,6 мың шақырымды құрайды. Мұндай жабынды "Нұр-Сұлтан-Шортаңды", "Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті", "Алматы-Шелек-Қорғас", "Алматы-Талдықорған", "Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент", "Шымкент-Түркістан", "Нұр-Сұлтан-Қарағанды" тасжолдарының учаскелерінде бар.
Жолшылар цементбетонды "қатты жол киімі" деп атайды. Айтуларынша, аталған жабынды 30 жылға дейін қызмет көрсетеді.
"Бетоннан жасалған жолдар 25-30 жылға дейін шыдас береді. Асфальтбетон жабындысы болса, 9-20 жылға дейін қызмет көрсетеді. Бетон жолдар, негізінен ауыржүктасығыш көліктердің жүрісін қамтамасыз ету үшін салынады. Мысалы, Қазақстан Республикасында "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің жартысы цементбетоннан төселген. Өйткені аталған жол ауыржүкті көліктердің ұзақ мерзімді қозғалысына арналған. Сол үшін аталған күре жолдың құрылысында цементбетон қолданылды", дейді "ҚазжолҒЗИ" АҚ президенті, профессор Бағдат Телтаев.
Көп жылдар бойы қызмет көрсетуге қауқарлы, тозуға төзімді әрі берік бетон тасжолдары үнемі жөндеуді қажет етпейді. Осылайша өзінің құрылысын ақтайды. Мамандардың сөзінше, аталған материалдың тағы бір маңызды басымдығы – жарық шағылыстыратын қасиеті бар. Бұл осындай жолды жарықтандыруға қажетті шығындарды 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бетоннан төселген күре жолдар біздің елге климаттық жағдайлары ұқсас мемлекеттерде, атап айтсақ, Канада, Швеция, АҚШ, Германия, Корея мен Қытайда ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келеді.
Тау етектеріндегі аудандардың бетоннан төселген жолдары көктайғаққа бейім болады. Сол үшін де құм-тұзды қосындыдан бөлек, түрлі тұзды құрамдар себіледі. Олар небәрі 10 минуттың ішінде көктайғақтан арылуға көмектеседі. Бұдан бөлек, цементбетонды жабынды бар учаскелерде эмульсия-минералды қоспалардан тұратын жіңішке тозу қабаттары төселеді. "СларриСил" немесе "Микросюрфейсинг" қоспаларын қолдану шиналардың ілінісу көрсеткіштерін арттырып, жол жамылғысының бұзылуына жол бермейді.