Жетісу жұртшылығына «Ертегіші әже» атанып кеткен Жұмабала апамыз – халық ертегілерін насихаттауға өзіндік үлесін қосып келе жатқан зиялы жан. Биыл Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жас оқырманға жол тартқан сәулелі кітап автордың көптен көкейде жүрген бір тілегі еді. Жас жеткіншектердің жүрегіне жол табар бұл туындының ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.
Ж.Балақаранова жаңа кітабында халық ертегілерінің ең бір шұрайлысын, мазмұны мен мәні тереңін таңдап алыпты. Көп ізденіс, терең талғаммен баспа бетін қайта көрген қазақ ертегілерінің таңдамалысы деп аталған кітапты айшықтауға негіз бар.
Мәселен, тың туындыға енген бір ғана «Сүлеймен патша мен байғыз» атты ертегіні қайта бір еске алайықшы: әйелінің айтқанын екі етпейтін Сүлеймен патша зайыбының өтінішімен құс сүйегінен әлемде жоқ сарай салып бермекші болып, құс біткенді дәргейіне келтіреді емес пе? Сонда байғыз ғана шақыртуға құлақ аспаушы еді ғой. Арнайы шақыртқанда барып патша құзырына жеткен байғыз келмеу себебім көп ойланғаным, дүниеде аз бен көптің парқына жетуге сана жетелеткенім деп жауап беріп, ерден әйелдің көп екенін білгенін, өйткені әйелінің сөзіне ерген ерлерді жаулықтылар санатына қосқанын айтады. Сонда зайыбының сөзіне еріп, құс біткенге залалын тигізе жаздаған Сүлеймен тәубесіне келеді. Міне, осындай мазмұнды да ғибратты ертегілер Ж.Балақаранованың «Ертегілер әлемі» кітабына топтастырылған.
Кітап авторы 2000 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген 6 томдық «Қазақ ертегілері», 1992 жылы «Дәуір» бапасынан оқырманға жол тартқан «Әлем ертегілері», 1983 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Казахские народные сказки» кітаптарынан ертегілерді сұрыптап, ең ғажап дегендерін өзінің кітабына жинақтапты. Аталған кітапта, 260-тан астам қазақ және әлем ертегілері топтастырылған.
Ендеше, жас оқырмандардың олжасына айналар осынау кітап «Ертегіші әженің» руханиятқа қосқан өзіндік үлесі екенін айшықтап өтуге негіз бар. Адам өмірінің нұрлы шағы – балалықтың бағдаршамы болар туындының оқырманы көп болуын тілейміз!