Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Полигон зардабын тартқандарға жеңілдік бар ма?

940 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елуінші жылдарға дейін тіршілігі қыж-қыж қайнаған Абыралы атырабы сонау замандағыдай емес, даласы меңіреу күй кешкен. Полигон тауқыметін тартқан тұрғындардың көбі атажұрттан кіндік үзуге мәжбүр болған. Оңай ма, қырық жыл ішінде 470 жойқын жарылыс жасалып, 500 мыңдай адам зардап шеккен. Зардабын жұрт әлі тартып келеді. Ал мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек қандай?

Полигон зардабын тартқандарға жеңілдік бар ма?

Суретті түсірген автор

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Семейге келген сапарында «Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Үкі­мет­ке полигон аумағындағы ха­­­лыққа берілетін әлеуметтік кө­­мектің мөлшері жөнінде нақ­ты ұсы­ныстар әзір­леуді тапсыра­мын», деген еді.

Содан бері Семей ядролық полигонынан зиян шеккен аза­маттарға жеңілдік қарас­тырылып жатыр деген жағымды жаңалыққа құлақ түріп жүрген халық Прези­денттің тапсырмасынан нәтиже шығады деген үмітте.

– Полигонның зияны Семей, Абай, Абыралы, Курчатов өңірле­рімен қатар, көрші Қарағанды облысына да әсер етті. Дегенмен Абы­ралыға көп жайылды. Салда­рынан ел көшті. Бұрынғы аудан орталығы ауыл деңгейіне түсті. Үлкен аумақ бос қалды. Ерек­ше көңіл бөлінетіндей жер еді, – дейді ауылдың бас дәрігері Әкімбай Боранбайұлы.

Бас дәрігердің айтуынша, Абыралы өңірінде туу көрсеткіші де төмендеп кеткен. 1990 жылдары мұнда жылына 300 нәресте дүниеге келсе, қазір 50-70-тің айналасында ғана. Оның өзінде аяғы ауыр әйелдерді алдын ала генетикалық тұрғыда тексеріп, баланың денсаулығын іште жат­қанда-ақ бақылауларына алады.

Сөйтіп, денсаулығында кінә­раты бар балаларды алғы­зып тастауға кеңес береді. Мұн­дай ұсынысқа ата-аналар да тү­сініс­тікпен қарайды екен. Өкі­­нішке қарай бұл жағынан көрсеткіш жоғары. Жоғары болатыны, сол баяғы қазақ даласына жайылған полигонның уыты.

– Жалпы, жергілікті халық­тың денсаулығы нашар. Бір адамның бойында бірнеше ауру бар. Полигон радиациясының ең үлкен зияны – адамдардың өмір сүру жасын қысқартты. Көбі 55-60 жасында-ақ кетіп қалып жатыр. Абыралылықтарда «Ал­пысқа жету арман» деген тәмсіл бар, – дейді Әкімбай Шақ­антаев.

Өңірдегі ауылдарда обыр ауруымен ауратындар да аз емес көрінеді. Дәрігерлердің сө­зінше, оларды республикалық реестрге кіргізу үшін толық тексеруден өтуі керек. Ал науқастар белгіленген талап бойынша тексеруден өт­кен­ше, өздері өмірден өтіп кетіп жата­ды екен. Бұл өз алдына үлкен про­блема.

Бүгінде Абыралы өңірінде бар-жоғы бес ауылды қосқандағы халық саны 3,5 мыңның айнала­сында ғана. Орталықтан алыс жатқан ауыл болғанымен, мұнда терапевт, рентгенолог, невро­патолог сынды дәрігерлер бар. За­манауи үлгідегі рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Қажет болса УЗИ-ге де түсуге болады. Ал оку­лист, лор сынды мамандарды ұстауға мүмкіндік жоқ көрінеді. Арнайы дәрігерлердің көмегі керек бола қалған жағдайда, Семей қаласындағы мамандардың кө­мектеріне жүгінеді. Ауылдағы дәрігерлердің мақсаты – алғаш­қы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда қалаға жөнелту. Олар қаладағы ауруханалармен келі­сімшарт негізінде жұмыс істе­седі. Бас дәрігердің сөзінше, ке­лісімшарт жасасқан ауруханаға да берешектері көбейіп кеткен сияқты. Одан бөлек, аурухананың жөндеу жұмыстарына да қаржы таба алмай отырған көрінеді.

Ал ауылдықтардың ең негізгі тілегі – Қайнардағы емхананы оңалту-сауықтыру орталығына ыңғайлап, білікті мамандар елдің денсаулығын түзетуге септессе, Үкімет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілсе деседі.

– Абыралы – қасіретті де қа­сиетті жер. Қасіретті деп отыр­ғаным, жерінде жылдар бойы қаншама дүмпу болды. Ал қасиетті дегенім, ақындар, ға­лымдар шыққан құтты мекен. Мұнда қазір ата-бабасының же­рінен табан аударғысы келмеген нағыз жерін сүйетін батыр халық тұрады. Сондықтан мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек. 1958 жылдың 6 шілдесіне дейін жәрдемақы беріліп келді де, мо­ра­­торий жарияланды. Содан бе­рі тып-тыныш. Өзімде қант диа­­беті бар. Мен сияқты азаматтар қан­шама?! – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Талғат Сал­менов.

Ядролық полигонның зарда­бын тартқан тұрғындардың көбі заңымыз Ресейдегідей болса деген соң, 2002 жылы қабыл­дан­ған көрші елдің полигон туралы заңын парақтап көргенбіз. Қазақшаласақ, «Федералдық заң Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан радиа­циялық әсерге ұшыраған Ресей Федерациясының азаматтарына әлеуметтік қолдау шараларын қам­тамасыз етуге бағытталған» деп басталады. Сонымен қатар «са­наторий-курорттық немесе басқа ден­саулық сақтау ме­кемесіне жолдамамен жыл са­йынғы ақысыз қамтамасыз ету, ал жолдама беру мүмкін бол­маған жағдайда, оның орташа құн мөлшерінде ақшалай өтем­ақы төлеу. Санаторий-курорт­тық емделуге жолдамалармен қамтамасыз ету, ал жолдама беру мүмкін болмаған жағдайда оның орташа құн мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу тәртібін Ресей Феде­­рациясының Үкіметі ай­қын­дайды» деп жазылған. Көрші елдің заңын тізе берсек, же­ңілдік көп. Тіпті поли­гон ай­ма­ғында өмір сүрсе, зей­нет­­кер­лікке он жыл бұ­рын ерте шығады екен.

Ал бізде он күн экологиялық демалысыңыз бен ай сайынғы жалақыға 4167 теңге үстемеақы қосылады, сонымен болды.

«Көп тілегі – көл» деген. Се­мей – Қайнар жолына асфальт төселіп жатыр. Су мәселесі де шешімін тапқан. Ендігі жылы Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай қазақ даласындағы қасі­реттің зардабын тартқан тұр­ғын­дарға әлеуметтік көмек көр­се­­тіліп, бірқатар жеңілдік жа­­салса, алғыс жауған күн болар еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы