Өнер • 27 Қазан, 2020

Өзбек шеберлерінің өзгеше өрнегі

521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында «Өзбекстан кескіндемесінің антологиясы» атты өнер жәрмеңкесі көрерменге жол тартты. Көрме осы жылдың қыркүйек айында дүниеден озған заманауи өзбек суретшісі Анвар Бахтеевтің рухына (1945-2020) құрмет ретінде ұйымдастырылып отыр.

Өзбек шеберлерінің өзгеше өрнегі

Заманауи өзбек бейне­леу өнерінің өресі биік өкілі Анвар Бахтеевтің есім-сойы 1970-1980 жылдары күллі шығыс халық­тарының өнертану­шыла­рына тегіс тарады. Өнерге өзгеше ек­пін, соны серпін, тың леп алып келген қылқалам иесі шы­ғар­машылығының алғашқы кезе­ңінде-ақ классикалық реа­лизм­нің орнына келген маз­мұнсыз кескіндеменің хас жүй­­рігі ретінде мойындалды. Қа­рапайым өмір суреттері өріл­ген натюрморттардың өзінде су­рет­шінің қалам қуаты көрермен көңілін мың сан ойға жетелейді. Сезімін тербейді, сағынышын шымшылайды, жігерін жаниды. Композициялардың басты ерекшелігі тіршілік иірімдері бедерленген берік өрнектер.

 Өнертанушы Л.Кодзаева оның қолтаңбасы хақында: «Ан­вар Бахтеевтің еңбектерінде В.Кан­динский мен К.Малевичтің, П.Мондриан мен Р.Делоненің, Х.Арп пен Х.Мироның, С.Дали мен Р.Магриттің мұраларымен белгілі бір үндесулер бар. Бұл олардың тікелей өзара байланысын білдірмейді, танымы терең көрерменге өнертанулық салыстырудан тәуелсіз «бөлекше параллелизм» феноменінің дербес табиғатын көрсетеді. Сурет­шінің кейінгі кезеңдердегі шы­ғармашылық ізденістері оның абстракционизм, сюрреализм және дадаизм өнеріне деген құштарлығын байқатады. Бұл қоршаған әлемді бейнелейтін жаңа формаларды интерпретациялауда айқын көрінеді», деп атап өтті.

1

Айтулы көрмеге есімдері Өз­бек­стан мен Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия шека­ра­сынан тыс жерлерге де кеңінен танымал суретшілердің туын­дылары қойылған. Олар­дың барлығы өзбек сурет мек­тебінің көрнекті өкілдері. Еуро­палық кескіндеменің үздік дәс­түр­ле­рінде орындалған Шы­ғыс әйе­лінің бейнесі басым келетін ро­мантикалық кенептердің авторы, заманауи Ташкент сурет­шісі Зебо Шарипова, туған өлкесінің табиғи ерекше­лік­те­рін бейнелейтін көркем пейзаж­дардың авторы Абдурашид Юсупов, еңбектері Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галерея­сының коллекциясына көрік берген, күрделі және көппішінді сарындардағы импрессионистік кескіндеменің жарқын өкілі – Лев Резников, Ұлы Жібек жолының тарихын кенеп тілінде сөйлеткен Сардор Аллабергеновтердің біре­гей қолтаңбасы бауырлас ел­дің бейнелеу өнерінің беделін биіктетіп тұрғандай.

Әсіресе Өзбекстанның Ха­лық суретшісі, тамаша реңші, көпте­ген портреттер мен пейзаждардың авторы Рузы Чарыевтың туындылары бірден өзіне назар аудартады. Оның шығармашылық көзқарасы табиғат бейнелеріне, адамдардың күнделікті өмірі мен психологиясына жақын.

Психологиялық портрет жан­ры­­ның шебері әрі реалистік мектептің дәстүрін ұстанушы Тачат Оганесов туындыларында суық түстер басымдыққа ие. Оның кенептерінің түстік гаммасы адамның эмоциялық күйін дәл бейнелеуімен ерекше. Сондай-ақ есімі Өзбекстан бейнелеу өнерінің қалыптасу тарихына нық еніп, ұлттық кес­кіндеме мектебінің негізін қа­лаған Михаил Есиннің ға­жайып пейзаждарын да нақ осы көрмеден тамашалауға болады. Шығармаларда өзбек кескіндеме мектебінің қалыптасуы мен даму тарихындағы маңызды кезеңдер қамтылған. Әр картинаның өне бойынан өзбек халқының ұлт­тық болмысы мен рухани әлемі, таным-түйсігі сыр шертеді. Экспозицияға Бахтеевтің 1996 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта кескіндеген 13 туындысы мен танымал өзбек шебер­лерінің 50-ге жуық картинасы қойылған.

1

 

АЛМАТЫ