Руханият • 27 Қазан, 2020

Брукс үрейі

363 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

– Отырыңыз Эллис Бойд Реддинг. Лақап атыңыз – Қызыл. Берілген уақыт­тың 40 жылын өтепсіз. Қалай ойлайсыз, тәрбиелендіңіз бе?

– Тәрбиелену? Ойланып көрейін. Бірақ бұл сөздің не екенін түсінбеймін.

– Бұл қоғамға қосылуға дайынсыз ба деген сөз.

– Онымен не айтқың келетінін білем, балам. Мен үшін бұл ойдан шығарылған сөз ғана. Саяси сөз. Сенің негізгі сұрағың ке­летіні – осы ісіме өкінем бе, жоқ па, соны білгің келетін болуы керек.

Брукс үрейі

 

 

«Шынымды айтайын. Өкінбеген бірде-бір күнім жоқ. Алайда бұл жерде болғаным үшін немесе сіз солай ойлағаныңыз үшін емес. Сол кезде жас болғаным үшін өкінемін. Албырттығым үшін өкінемін. Білместікпен қылмысты енді жасайын деп тұрған бозбаламен кездескім келеді. Сөйлескім келеді. Оған барлығын айтқым келеді. Оған жеткім келеді. Бірақ ол бала жоқ. Бар қалғаны осы шал. Сонымен өмір сүруге тура ке­леді. Тәрбиелену деген осы ма?».

Бұл әлемге әйгілі шығарма, бестселлер «Шоушенк түрмесінен қашу»-дағы Қызылдың түрме басшымен болған диалогы. Аталған лагерьде жазасын көп жыл өтегендермен осылай сөйлесіп, босата­тын заң бар. Бұған дейін де Қызылға бұл сұрақ әлденеше рет қойылады. Қы­зыл сол сұрақтардың бәріне «Иә, тәрбие­лендім, қоғамға енді еш зияным жоқ» дейтін. Алайда онысына ешкім сенбейтін, сәйкесінше бостандық мөрін соқпайтын.

Жоғарыдағы әңгімеден кейін Қызыл бостандыққа шығады. Бірақ қайда? Ол үшін бостандық деген не? Өмірінің түгелін түрмеге берген адамдар үшін керісінше бостандық түрмеден бетер қорқынышты бола бастайды. Бұл ащы да болса шындық. Кейде сіздің де өмір бойы шындық деп айтып келгеніңіз өті­рік болып шықса ше? Бұл да тура сол сияқты сезім. Қызыл осыған дейінгі сұ­рақтардың бәріне өтірік жауап беріп келген еді. Бәлкім ол әдейі солай істеуі де мүмкін. Оны шығармада өзі де айтады. «Бұл қабырғалар мені қамап тұрған жоқ, қайта маған қорған сияқты» дейді. Өмі­рінің түгелін түрмеде өткізген адамға бостандықта орын жоқ деп ойлайды. Шынында да оларды қоғамның, олардың қоғамды қабылдауы оңай болмаса керек. Қызылдың бұл түрмеден неге шыққысы кел­мейтінін шығарма барысында түсі­несің. Бостандықта оны ең бірінші Брукс үрейі қарсы алатынын біледі. Брукс – 50 жыл түрмеде отырған қарт кісі. Бостандыққа шығуын шыққанмен ауыр депрессияға түскен ол ең соңында өз-өзіне қол жұмсайды. Себеп көп. Ер­кіндікке еш икемі жоқ Брукс үшін бұндағы уақыттың жылдамдығына ілесудің өзі қиын. Ойлай беріңіз, Брукс түрмеге түскенде көшеде екі-үш-ақ көлік болатын. Елу жылда көше машинадан көрін­бейді. Ақыры Брукс ана әлемді бетке алады. Өкінішті әрине... Қызылдың да үрейі осы. Бірақ Қызылды сол үреймен бірге Дюфрейн мырзаның үміті де өзіне ша­қыратын.

Жалпы аталған шығарма осы Дюф­рейн мырза туралы. Оқиға осы кейіп­к­ердің айналасында өрбиді. Автор­дың бүкіл айтпақ ойы осы кейіпкер ар­қы­лы ашылады. Тіпті Дюфрейннің әре­кет­теріне қарап отырып, Шоушенк түр­месі деп отырғанымыз Дюфрейннің өзі еке­­нін ұғасыз. Қызық. Қызық бол­ғанда – қасірет.

Энди Дюфрейн – әйелінің опасыздығы үшін 28 жылға бас бостандығынан айы­­рылған банк қызметкері. Соттың айыптауынша Энди әйелі мен оның көңілдесін атып өлтірген. Өзінің сөзінше ол ешкімді өлтірмеген. Ақиқат кейін анықталады. Энди ешкімді өлтірмеген. Қоғамға кейде бәрібір.

Әзірге Эндиді Шоушенктің шу-шу еткен тұтқындары мен сұп-сұр қа­быр­ғалары қарсы алады. Жалпы бұл шы­ғарма адамның ішкі сенімі, үміті, психологиялық тұрғыдан сынып кетпеу жайлы айтқысы келеді. Энди үшін Шоушенк өзінің осал мінездерін түзету, тазарту орыны еді. Шығарманы кейде Арылу деп те атауға болады. Жоқ, түр­меге әкелген күні қатты қысыммен су бүркіп тазартуды айтпаймыз. Өзіңнің осал мінезіңді шыңдау да тазару сияқты. Оның үстіне түрме басшысы да сотталғандарға Інжілді оқуын талап етеді. Інжіл де тазару жайлы көп айтады. Тізе берсек бұл шығармада мән беретін детальдар өте көп. Негізінен Эндидің Шоушенктен қашып шығуына көмектесетін екі зат болды. Біреуі – Інжіл, екіншісі – қабырғаның үштен бірін алып тұрған Мэрилин Монроның жартылай жалаңаш суреті. Осы екеуінің өзі шығарманың негізгі кілті деуге болады. Себебі Энди жиырма жыл бойы Шоушенктің қабырғасын қазып шыққан кішкентай балға осы Інжілдің ішінде жасырылып келеді. Ал сол жиырма жыл бойы қазып келген үңгір әлгі суреттің астында болатын. Сайып келгенде бұл бізге ежелден таныс аксиома. Ең құпия зат ең көрнекті жерге жасырылады. Төрде ілулі тұрған мылтықтың ұңғы­сына жасырылған құпия хат сияқты, не болмаса Сталиннің суретінің астына жасы­рылған ақын суреті сияқты, я болмаса өлейін деп жатқан кемпірдің ке­бініне орал­ған қолжазбалар. Энди үңгірі де ту­ра осындай ең көрнекті жер­дегі құ­пия үң­гір еді.

Арылу деп қалдық қой. Шындығында Энди қоғамның лас әрекеттерінен бұл жерде де құтылмайды. Жалған бухгалтериямен айналысып, түрме басшысының 370 мың доллар ақшаны жымқыруына көмектеседі. Өтірік ойдан адам жасап шығарады. Оған құжат дайындайды, көлік куәлігіне дейін дайындайды. Әлгі ақшаның бәрін сол адамның атына түрмеде отырып аудара береді. Не деген қылмыс? Адам өлтірді деп түрмеге түседі, түрмеде отырып ойдан адам жасап шығады. Әділет қайда, адам құқығын бірінші орынға қояды дейтін заң қайда?

Ал енді Энди төзімділігі туралы қалай айтсақ та тауыса алмайтын шығармыз. Оның штат сенатына басында аптасына бір рет, кейін екі реттен хат жазып, кітапхана мен түрме бюд­жетіне ақша сұратуы адамды таңғал­дырады. Алты жыл бойы екі мәрте хат жазып отырады. Есептей беріңіз. Мың­даған хаттарға жауап беру мүмкін емес­тігін ұққан сенат Эндидің талаптарын орын­дауға мәжбүр болады. Сөйтсек бұл Дюф­рейн табандылығының басы ғана екен.

Дюфрейн – Шоушенктен қашып шыққан жалғыз адам. Жиырма жыл бойы Інжілдің ішіндегі кіп-кішкентай балғамен алып үңгір қазып, 450 метрлік дәрет құбы­рымен бостандыққа шығады. Түрме жуын­дырып, тап-таза ғып қабылдаған Энди нәжіс құбыры арқылы еркіндікке ұмтылды.

Шоушенк – Дюфрейннің өзі. Әдетте біз көбелектің әсемдігіне ғана сүйсінеміз. Оның әу баста жұмыртқа ішіндегі сұрық­сыз құрт екенін ойлағымыз келмейді. Энди эволюциясы да осы жаратылысты еске түсіреді. Энди – жиырма жыл бойы түрме қабырғасын емес, өзін өзі қазып шыққан жанкешті адам. Жону, қашау, қазу – Эндидің жалпы хоббиі. Шығарма ба­рысында оны қатты тастардан шахмат тас­тарын жасап жүретінін байқайсыз. Шын мәнінде ол Энди деген фигураны қа­шап жүрді. Елдің бәрі түнімен шықыр-шықыр еткізіп тас фигура қашап келді деп ойлады. Шындығында ол түрменің қабырғасын жиырма жыл үңгіді. Қызыл ол балғаны Эндиге әкеп бергенде: «Бұны қайт­­пексің, бұнымен қабырғаны қашау үшін кемі 600 жылкерек қой», деп күлген еді.

Эндидің кінәсіздігі жайлы айтпай кеттік. Ол кінәсіз еді. Оны түрмеге кейін­­нен түскен Томи есімді жас жігіт ай­­тып қалады. Шындығында Томимен басқа түрмеде камералас болған әлдебір қылмыскер бір жігіттің үйін тонауға барып, үй иелері үйде болып қалады да жігітті өлтіргенін айтады. «Әйелі де қасында болды оны да өлтірдім, себебі ол әйелі емес көңілдесі екен, өз күйеуі банк қызметкері болатын» дейді. Энди шы­нымен де оларды өлтірмеген еді. Өзін өзі ұстай алмаған ол оқиға орын алған жерде не болғанын бағамдай алмай қалады. Шоушенк оған сабырлы болуды үйретеді. Мінезін жүгендеуді, эмоцияға берік болуды танытады.

Түрме басшысы Нортан Томиді шындықты айтып қойғаны үшін өлтіріп тастайды. Айтпақшы, түрменің заңын түсіну мүмкін емес. Карцер деген қара түнек бар. Мысалы Энди түрмеге алғаш түскенде оны әлдекімдер қатты соққыға жығады. Энди бір ай емханада тұра алмай жатады. Ал оны соққыға жыққан оңбаған 1 апта ғана карцерге жатып шығады. Кейін Энди де карцерде жатады.

Энди түрмеден қашатын күні Қызыл­ға көп нәрсе айтады. Біз бағанадан бе­рі түрмеде ұзақ жыл отырғандардың ба­ратын жері жоқ деп тұжырып кел­дік қой. Эндидің баратын жері бар. Ол бостандыққа шықса Тынық мұ­хит жағасынан отель ашатынын, Мек­си­кадағы Сиуатанехо қаласында тұра­ты­нын айтады. «Мексикалықтар Тынық мұхиты туралы не дейтінін білесің бе?» дейді Энди. «Ол ештеңені есінде сақтамайды!». Қабырғалар ше, адамдар ше? Біз бәрін есте сақтаймыз. Ештеңені ұмытпаймыз.

Энди Қызылға бір мекенжай туралы айтады. Бостандыққа шыққан соң сол жерге кел. Саған айтатын сөзімнің бәрі сонда дейді. Ертесіне Дюфрейн түрмеден қашты деген хабар келеді. Ол қашып қана қоймай, түрме басшысының бүкіл ұрланған ақшасын алып, Нортонның қылмысын әшкерелеп газетке мақала бергізіп өзі Мексикадағы жағалауға бет алады. Түрме басшысы өзін өзі атуға мәж­бүр болады. Басқа жол да жоқ. Бы­лай қарасақ, Нортонның да түрмеден басқа мекені жоқ. Барлығы өздерін Шоу­­шенктің қабырғаларына мәңгілік тұт­­қындап тастаған. Күзетшілер де, қыл­мыскерлер де. Уақыт та тұтқындалып қалғандай.

Дюфрейн Қызылға айтып кететін мекенжай – Энди әйеліне ең алғаш сөз салған жер. Дюфрейн ештеңені ұмыта алмайды. Себебі ол Тынық мұхиты емес, ол – Шоушенк.

Шығарма желісін біз режиссер Френк Дарабонттың картинасы арқылы баяндағанымызды айта кеткеніміз жөн. «Шоушенк түрмесінен қашу» – бұл Стивен Кингтің атақты шығармасы. Кей­бір деректерге сүйенсек бұл шығар­маның жазылуына Лев Толстой қатты әсер еткен. Орыс классигінің «Құдай шын­­дықты көреді, бірақ ол жақын арада айтпайды» деген тәмсілі Кингті қатты толқытса керек. Екі автор да өздері жаса­маған қылмыстары үшін түрмеге түскен адамдар туралы жазады.