Қоғам • 27 Қазан, 2020

Тұрлаусыз уақыт торығуларын жанашыр тірліктер емдейді

506 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам тағдыры ұстара жүзінде тұрғандай тұрлаусыз уақытта ізгілікті, махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін шаралар әрбір адамның жанын жылытады. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы күнделікті жұмыс дағдысына айналдырған. Тоқтаусыз тіршіліктің көшінде қоңырқай күй кешкен жандарға бір сәт болса да жылулық сыйлап, жанын жадыратар бақытты сәттермен қуантуға тырысуда.

Тұрлаусыз уақыт торығуларын жанашыр тірліктер емдейді

 

Ұжымдағы «Жылулық сыйлаймыз» тұжырымдамасы аясында өткі­зіліп жатқан игі шаралардың қатарында, филиал психологі ұйым­дастырған «Жүрегіңді  ізгілікке үйрет» марафонын айтуға болады.

«Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшы­райды. Солай дегенмен де, өмі­р­ге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылу керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай жағдай болсын, бар күш-жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. Осы сенімді адам бойына ұялату үшін біздің психолог маманымыз бір ай бойы марафон жүргізіп отыр. Бұл дәл қазіргі уақытта қажет деп білеміз», дейді филиалдың PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Адамның тұтыну құралдарының дамуы артқанымен, адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылығы кеми түскен мына заманда, күн ұзағы­на пен­­делік қым-қуыт тірлікпен ар­па­лыс­­қан адам, бір сәт жабырқау тарт­қан жанына рухани қуат іздейді. Сол сәтте оның жағдайын түсініп, көмек қолын созатын адам психолог қана. Психологпен әңгімелесу сана­ны сілкіндіріп, тұнық ойлардың тұма көздерін ашары бүгінде дәлел­денген шындық. Бұл мамандық өте төзім­ділікті, шыдамдылықты, білім­ділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білуді керек етеді десек, ұжым психологі Дариға Сәрсен осы үдеден шыға білген маман. Оның ««Жүрегіңді ізгілікке үйрет» марафоны барысында ұйымдастырған шаралары, талай адамның жанына ізгілік нұрын құйып, бойына сенімділік ұялатты.

Қазан айы бойы жалғасып жатқан марафон мақсаты – адамдардың эмоционалды-құндылық саласын дамыту, адамдардың қиын психо­логиялық жағдайдағы әрекет­теріне дұрыс бағыт беру, эмоционалдық стрестен арылу жолдарын көрсету, қоғамдағы мінез-құлық нормаларын қалыптастыру және бір-бірі­мен қарым-қатынас жасау және мәдени мінез-құлықты тәрбиелеу. Қыз­меткерлердің ұжымда жұмыс істей білу қабілетін арттыру, өзін өзі көр­сету үшін жағдай жасау арқылы өзін өзі тану процесіне ықпал ету.

«Жүрегіңді ізгілікке үйрет» ай­лық-марафоны барысында «Қиын психологиялық жағдайдағы қыз­мет­керлердің әрекеттері», «Тем­пера­мент туралы түсінік», «Күйзеліс кезең­дері мен белгілері», «Торығу және одан арылу жолдары» сынды тақы­рыптарда семинарлар, «Тұлға­ның сабырлылығын бағалау» тақыры­бында сынақтар мен Хасай Әлиевтің «Кілт» әдісі бойынша жаттығулар кешенін онлайн режімде жүргізеді.

Жаттығулар мен сабақтар, қара­пайым, ыңғайлы және өте тиімді. Олар күйзеліспен күресуге, жан тыныштығын табуға ғана емес, сонымен қатар проблемаларын шешуге, торығудың теріс энергиясын жоя отырып, дененің сауығуына ықпал етеді. Қатысушыларға тұлға бойындағы қасиеттер жөнінде, темперамент типтері мен мінез түрлері туралы мағлұмат беріп, алған білімдерін кәсіптік қызмет барысында қолдана білуге үйретеді.

«Міне, бүгін тағы да жүздеген жанның ризашылығына бөлендім. Кәсіби білімім арқылы айналама көтеріңкі көңіл күй сыйлау, әріптес­терімнің жаңаша қырынан көрінуіне қолдау көрсету, шығарма­шылық ой-қиялдарына шабыт беру, менің күнделікті жақсы көріп айналысатын ісім. Бұл дегенің керемет емес пе?! Олай дейтінім, қазір мен «Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы қаласы филиалында психолог бола жүріп, күн сайын кездесетін қиын­шы­лықтармен, проблемалармен бет­пе-бет келіп, өз білімімді шыңдау, із­дену үстіндемін. Адамдардың риза жүздерін көргенде еңбегімнің, жұмы­сым­ның жанғаны деп білемін», дейді Дариға Елтайқызы.

«Психологтің марафон барысында бізбен жүргізген «Бала кезімдегі фотодан мені тап», «Менің сүйікті фильмдерім», «Менің отбасым» сияқ­ты басқа да тақырыптардағы онлайн жаттығулары бізді жақындастыра түсті. Жанымызда жүрген жандарды жақын тани бастадық. Бір-біріміз туралы көбірек біле отырып, бір-бірімізге қызықты бола бас­тадық. Өзара ашық араласудан қысыл­майтын болдық, жұмыстан тыс кезде қиын көрінген істеріміздің әріп­тестерімізбен бірге жасағанда оңа­йырақ болатынын байқадық», дей­ді ХҚО қызметкері Айгүл Тұрлы­бекова.

Алматыдағы ХҚО психологі Дариға Сәрсеннің Zoom платформасында онлайн режімде өтетін конференцияларына кез келген адам қатыса алады. Бұл күндері «Ізгі жүректі жандар» айлық-марафонына 3 мыңға жуық адам қатысып үлгерді.

 

АЛМАТЫ