– Бүгін Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар осы ведомствоның басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Өздеріңіз білетіндей Түркия біздің стратегиялық әріптесіміз саналады. Бұл стратегиялық әріптестіктің берік негізі ең алдымен екі мемлекеттер басшыларының өте жақын, сенімді, достастық қарым-қатынасы деп білеміз. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары барысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Әскери ынтымақтастық жөнінде және құпия мәліметтерді сақтау жөнінде келісім жасалды. Ал енді құқықтық базаны нығайту мақсатында екі протокол дайындалып жатыр, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Осылайша Қазақстан мен Түркия қорғаныс саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға әзір екендігін растап отыр. Бұл ретте Қазақстан Түркиямен көп жоспарлы стратегиялық қатынастарды нығайтуға үлкен мән береді. Екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуде біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы достық пен өзара түсіністік ахуалы шешуші рөл атқаратынын да айта кеткен жөн.
– Қадірлі әріптесім әрі досым Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен жемісті кездесу өткіздік. Біз екі ел арасындағы қорғаныс мәселесіне қатысты ынтымақтастығымыздың ауқымын одан әрі кеңейтуді және нығайта түсуді талқыладық. Мемлекеттер басшыларының өзара диалогы мен тығыз қарым-қатынасының арқасында біздің жұмысымыз аса жеңіл жүрді деп айта аламын. Осылайша біз қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мәселесін кеңестік. Мен енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барып, Бейбіт Атамқұлов мырзамен кездеспекпін. Онда біз қорғаныс өнеркәсібі туралы әңгімелесетін боламыз. Сондай-ақ осы мүмкіндікті пайдалана отырып, маған және мен бастап келген делегацияға зор құрмет көрсетіп жатқаны үшін әріптесім Нұрлан Ермекбаевқа шынайы алғысымды білдіремін. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлесін қосып жүрген қорғаныс ведомствосының басшылығына, барша әскери қызметшілерге алғыс айтамын, – деді Х.Акар.
2018 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Анкараға ресми сапары барысында бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға, соның ішінде әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Түрік Қарулы Күштері мен Бас штабы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Қарулы Күштеріне олардың қалыптасуы мен дамуының бастапқы кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетті.
Түрік Республикасы 1990 және 2000 жылдардың басында ұйымдастыру техникасын, картографиялық жабдықтарды, байланыс құралдарын, жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдерді қоса алғанда, қазақстандық Қарулы Күштер үшін өтеусіз негізде әскери мүлік жеткізді.
Бұдан әрі тараптар көпмақсатты жеңіл броньдалған автомобильдерді, оптикалық-электрондық құралдарды жеткізу және бірлесіп өндіру жолымен өзара тиімді өзара іс-қимылға көшті. Әскери білім беру шеңберінде Түркияның әскери училищелерінде курсанттарды оқыту жүргізіледі, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін түрлі оқу орталықтарында даярлау жүзеге асырылады. 2020 жылға қазақстандық тараптың өтініші бойынша «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша оқыту үшін квоталар бөлінді.
Өз кезегінде, өткен жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігі алғаш рет түрік әскери қызметшілерін Ұлттық қорғаныс университетінің базасында оқытуды ұйымдастырды. Келіссөздер барысында осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы шешім қабылданды. Жауынгерлік даярлық саласындағы ынтымақтастықтың неғұрлым өзекті бағыттарының бірі – арнайы операциялар күштерін даярлау (диверсияға қарсы, тау-кен, сүңгуірлік даярлық, қалалық жағдайлардағы іс-қимылдар).
Қазақстандық әскери қызметшілердің Түркия аумағында қысқы кезеңде төмен температуралар кезінде өткізілетін «Эфес» көпұлтты оқу-жаттығуына және «Кыш» оқу-жаттығуына қатысуы жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға, сондай-ақ әртүрлі жағдайларда жауынгерлік іс-қимылдар дағдыларын пысықтауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Түркия Қорғаныс министрінің Қазақстанға сапарының қорытындылары әскери және әскери-техникалық саладағы екіжақты өзара іс-қимылға жаңа серпін беретінін және қауіпсіздік мүдделеріне қызмет ететінін атап өтті.