20 Қараша, 2013

Тереңіне тартқан тұңғиық

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ештен кеш жақсы» деген қазағымның даналығына тағы бір айқын көз жетіп, көңіл сенгендей болды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын мерзімі сырғытылғанымен тағылымды болып өтті.

 

«Ештен кеш жақсы» деген қазағымның даналығына тағы бір айқын көз жетіп, көңіл сенгендей болды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аса көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын мерзімі сырғытылғанымен тағылымды болып өтті.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы осы «әкем театрда» Әзағаңның 85 жасқа толу мерейтойы мәңгілік махаббатқа бағындырып, Ербол мен Меңтайды сағындырып, Бауыржан батыр ерлігіне табындырып, ел іші оқырмандарын сабылдырып, бір демде өткенінің куәсі болып едік.

...Содан, иә, содан! Тіл бармаса да тіленіп тұрған сөзге не шара?! Осы шаңырақтан махаббат жыршысын ақтық сапарға аттандырғанбыз...

Енді, міне, «әкем театр» Әзағаңды бауырына қайыра бір басқысы келгендей, оның ойлы көзінен сыр ұшқындаған, жүзінен нұр тамған дара келбетін өз төріне әспеттеп іліп қойып, 90 жылдығын жалындатып өткізіп жатыр еді.

Ә.Нұршайықовтың өз оқыр­мандарынан жасырған сыры әсте жоқ шығар. Осы кеште енді тыңнан не айтуға болар еді? Классик жазушының тылсымы тұңғиық екен-ау. Айтылды! Айтыла бермегі сезілді де. Соның біраз тұшымды қайырымын салтанаттың беташар сөзін салмақтап түйіндеген сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалинның аузынан естіп, мархабаттандық. Әдепті, иманды, күрескер, қам­қоршыл, әділдік жолында турашыл Ә.Нұршайықов әлемі кең айдынды, мол қазыналы, терең ағысты, орасан табысты күйінде қазақ әдебиеті асқар тауының сұлу бір шоқысындай көз қызықтыра бермекші екен.

Бастапқы сөз саптау қалай болса, былайғысы да бал дәміндей тамсандыра түспек. Соның мысалы: қабырғалы қаламгерлер С.Досановтың баяндамалық сарындағы – қазақ әдебиетінің әлемдік көркемсөз додасындағы даралығын Әзағаңдай талантты тұлғамен келістіріп, әдіптеуі; Т.Кәкішевтің «Махаббат, қызық мол жылдарды» қолжазба күйінде оқып, батагөй атанғанының нәсібі, міне, мол болғанын тарқатуы; М.Айтқожинаның осы таңда алтын шапаққа шарпылып туған жырындағы мейірім шашқан ағасының өр бейнесін өшпестей етіп таңбалауы, мына бір: «Қадірі асып жұртына, құрбысына, Ұшып кетті, айналып жыл құсына... Туған елі риза, туған елі, Әзағаңдай, Махаббат жыршысына!» – деген жыр жолдарынан айқын байқалуы; С.Сматайдың Әзағаңның өзін бір сәттік мақтауының тұмыл­­дырығын ашып, ғұмырлық мар­қаюына себеп болғанын тұз­дықтауы; С.Ақ­таевтың қазақ әдебие­тіндегі ең бір тәрбиешіл, тәлімгер жазушының өнегесі хақындағы тәмсілі, бәрі-бәрі әркімді ынтықтыра тартты.

Өз кезегінде осы жолдардың авторы Ә.Нұршайықов мерей­тойы­­­ның Алматыдағы жоғары оқу орындарында, «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық қорының (төр­ағасы Ә.Нұрманов) бастама­шыл­дығымен Шымкентте, Аста­­­­нада аталып өткенін «Фо­лиант» баспасынан (директоры Н.Исабеков) «Әйгілі Әзаға», «Құдай-ау, қайда сол жылдар» есте­лік­терінің шыққанын, Өске­мен­нен «Әзаға» кітабы, жазушы «Естеліктерінің» екі томдығы, қызы Ж.Нұршайықованың құ­растыруымен қос жинағы оқыр­мандар қолына тигенін рухқа тағзым ретінде бағалады.

Кешті қорытындылаған Әз­ағаңның немересі Дина Жаннұр­қызы атасының мол деректі мұрағатының халық игілігіне айналуы орайында атқарылып жатқан толымды істер туралы, соның бір парасы – ғаламторда арнайы парақша ашылғанын хабардар етті.

Мерейтой кешінің өмілдірігі мен құйысқанын келістіріп, келелі әңгіменің желісін сәтті суырт­пақтай білген белгілі ақын Бақыт Беделханұлының тап­қырлығы көңіл сүйсіндірді.

Қайсар ӘЛІМ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар