«Қыс – қатал сыншы» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. 2012 жылдың соңы мен биылғы қаңтар-ақпанда Кенді Алтайдың күре жолдары қалың қар мен ақтүтек боранның салдарынан 78 күн бойы жабық болып, жолаушылардың жол азабын тартқанын қалай ұмытайық.Тіпті техникаға бой бермей, тазаланған қардың күре жолды айналасы бес, он минутта басып қалғанына куә болдық. Үстіміздегі жылдың ақпанында Зайсан ауданына сапарға шыққан біздер Қалбатаудан аса алмай, барарда және қайтарда екі күн бойы жолда түнеп, ақыры Шар арқылы поезбен жеткеніміз есте қалыпты. Ал биыл қалай болмақ?

Сенбі күні Өскемендегі Республика алаңында 2013-2014 жылғы қыс маусымында қар тазалайтын техникалардың әзірлігі жайында тексеріс болып, өңір басшысы Б.Сапарбаев арнайы мекеме, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке қарасты бөлімдердің, облыстық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Жұмаділовтің есебін тыңдады. Қаз-қатар тұрған жүзден астам қуатты техникалар көздің жауын алады. Тіпті, ауа райы күрт бұзылып, қар астында қалып қойған жағдайда адамдарды іздейтін иттер де сапта тұр.
– Биыл қар тазалайтын 677 техника толық дайын. Оның 30-ын жаңадан сатып алдық. Аса қауіпті жерлерге қар тоқтататын қорғаныштар қойылып, жол белгілері мен жылынатын баспаналар әзірленді. Жанармай қоры жеткілікті. Жолдар жиі жабылып қалатын жерлерде ескерту белгілері қойылды, егер боран тоқтамайтын болса кешкі 17.00-де жолдарды жауып, таңертең тазаланып болғанша көліктерді тоқтатып қоятын болдық, – деп Нұржан Жұмаділов хабардар етті.
– Өткен жылы жолда қалып қойған жолаушыларды құтқарып қалғандарыңызды білемін. Облыстық әкімдік жанармайға, бірнеше техника сатып алуға қаржы бөлді. Әсіресе, мынадай қарды лақтыратын шнегі бар техникалар ауадай қажет. Биыл қар қалың жауып, қыс қатты болады дегенді айтып жатыр ауа райын зерттеуші мамандар. Демек, қатал қысқа әзір болуымыз керек, – деп өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы ескерту жасады. Жалпы алғанда облыстағы мекемелердің қысқа әзірлігіне облыс әкімі ризашылығын білдірді.
Өткен жылы қатты аязда жолда қалып, адамдарды үсік шалу оқиғасы орын алған жоқ. Тікұшақпен жүздеген көлік иелері тиісті жеріне жеткізілді. Алайда, сақтанбаса болмайды. «Жолға шыққанда жылы киім, пима алып, арнайы ыдыстарға жанармай құйып алған жөн» деп тиісті мекеме басшылары кеңес береді. Тіпті, қарапайым ғана майшам көліктің жанармайы таусылғанда бірнеше сағат бойы жылу ұстап тұрады екен. Иә, «жолаушы мұраты жету» деген. Бірақ қауіпсіздік шараларын сақтағанда ғана адам өмірін сақтап қалатынымызды ұмытпағанымыз жөн.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.
--------------------------------
Суреттерде: Республика алаңында техникаларымен сапқа тұрған маманданған қызмет өкілдері қыс қиындығына әзір.
Суреттерді түсірген автор.