20 Қараша, 2013

Барды ұқсатудың басты мәселелері

207 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкімет жер телімдерін игеру мен «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалу барысын қарады

Премьер-Министр Серік Ахметов төрағалық еткен Үкіметтің кешегі селекторлық режімдегі отырысында өзекті екі мәселе – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шарасы мен «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

 

Үкімет жер телімдерін игеру мен «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалу барысын қарады

Премьер-Министр Серік Ахметов төрағалық еткен Үкіметтің кешегі селекторлық режімдегі отырысында өзекті екі мәселе – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шарасы мен «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. «Елімізде түгендеуге жатқызылған 90,0 млн. гектар ауыл шаруашылығы алқаптарының 30,6 млн. гектарына түгендеу шарасы жүргізілді. Былтыр 7004 шаруашылық субъектілерінде 3100,6 мың гектар пайдаланылмаған жер анықталып, оның 400 мың гектары егістік екені нақтыланса, биыл бұл жұмыс одан әрі өрістеді. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жер учаскелерінің иелері анықталып, әкімшілік жазаға тартылды. Жалпы сомасы 4 170,8 мың теңгенің айыппұлы салынды», деді министр.

Сонымен, 2013 жылы қо­сымша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 8,8 мың пайдаланылмаған жер телімдері анықталған. Жоспар бойынша барлық жұмыс кешенін толық аяқтауға 53 әкімшілік аудан мен 6 қала және 80 ауылдық округ қамтылған. Жыл соңына дейін түгендеу шарасы қорытындыланып, заңмен белгіленген тәртіпте тиісті шаралар келесі жылы қабылданбақ. Тапсырмасын лайықты орындамағаны үшін жер инспекцияларының лауа­зымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Министрдің айтып өткеніндей, жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерін түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мұнда жер телімдерін пайдаланбағаны үшін 1235 жеке тұлға жалпы сомасы 81,6 млн. теңге айыппұл төлеген.

Қазіргі таңда жерді тиімді пайдалануға қатысты кешенді жоспар дайындалуда. Сондай-ақ, салаға қатысты заңға түзетулер мен толықтырулар енгізілетін көрінеді. Онда міндетті түрде, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің жер қорына қайтару қағидалары нақты көрсетілмек.

Жер телімдерін түгендеу тақырыбы бойынша Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов пен Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі А.Мырзахметов сөз сөйледі. Олар өз өңірлеріндегі салаға қатысты мәселелерді ортаға салды.

Аталған мәселеге байланыс­ты талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұ­мыстарында белсенділікті барынша арттыру қажет екенін тағы бір еске салды. Қайтарылған жерлер – экономикамыздың қосымша резерві екендігін атап көрсеткен С.Ахметов салаға қатысты заңға толықтырулар мен түзетулер енгіз­генде жерді пайдалануға берудің және қайтарып алу мен бақылауда ұстаудың тетіктерін жетілдіру керектігін де шегелеп өтті.

Өңірлік даму министрі мен Ақмола облысының және Астана қаласының әкімдеріне Астананың маңындағы жерлерде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жерді игерудің кешенді жоспарын жасап, Үкіметке ұсыныстар енгізуді тапсырды.

«Астана қаласы маңындағы 30 шақырымдық аймақта бар­лық ауылдық елді мекендер елордамыздың сыртқы келбетіне сай болуы тиіс. Мұнда проблемалармен қатар үлкен мүмкіндіктер мен үлкен әлеует те бар», – деген С.Ахметов Үкіметтің инфра­құрылымды дамытуға және Астана айналасындағы ауылдардың сыртқы келбетін өзгертуге қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өңірлік даму министрлігіне ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерді түгендеу жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды жүктеді. Ал облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жеке тұрғын үй салуға беріліп, бірақ игерілмеген иесіз жер телімдерін қайтару, жерлерді өз бетімен басып алуға жол бермеу жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыруды, тоқсан са­йын Өңірлік даму министрлігіне атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп отыруды міндеттеді.

Үкімет отырысында, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асы­ру мәселелері де талқыланды. Оны жүзеге асыру барысы туралы Өңір­лік даму министрі Б.Жәмішев, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров баяндама жасады. Сонымен қатар, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов пен Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетовтің жұмыстары тыңдалды.

Мемлекет басшысының тап­сырмасымен су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағ­дарламасын әзірлеу аяқта­лып келеді. Онда 2020 жылға де­йін халықты ауыз сумен қам­тамасыз етуді шешудің жолдары қарастырылған», – деп сөзін жалғаған С.Ахметов осыған дейін жүргізілген жұмыстарда бюджет қаражаттарын ұрлау және мемлекеттік сатып алу про­цедураларын бұзу секілді келеңсіздіктердің орын алған­дығын атап өтті. Жергілікті ат­қару­шы және құзыретті органдар тарапынан құрылысты жүргізу мен бюджеттік қаражаттың жұм­салуына лайықты бақылаудың болмай отырғандығын, сөйтіп, бұл мәселенің Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысының әділ сынына ілік­кенін еске салды. Аталған мәселе бойынша, бірқатар тапсырмалар берді.

Өңірлік даму, Қоршаған орта және су ресурстары, Индустрия министрліктеріне бағдарламаны жүзеге асыру барысын, ал облыс әкімдеріне сумен жабдықтауды және су бұру нысандарын жобалау­ды жүктеді. Бұдан өзге, нысандарды пайдалануға беру мерзімдерінің орындалмауына және қаражаттың игерілмеуіне жол берген лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілік мәселесін қарауды қадап айтты.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар