Руханият • 28 Қазан, 2020

Намысын ту еткен

907 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ізгілікке білте суарған қазақтың дара данасы Абай атамыз отыз тоғызыншы қарасөзінде «бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болса да, артық екі мінезі бар» деп алыстан сермей келіп, «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Көш қоңды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады. Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе-араздыққа қарамай, жанын салысады», деп сәулелі сөзінің түбіне шамшырағын түсіреді.

Абыз ақын бұл жерде елдіктің белгісін, бірліктің үлгісін айтып отыр. Өз ырқы өзінен кетіп, елдігінен ажыраған кей ағайынның ат құйрығын кесіскендей ара бөліп, аярлық ақпарға қанығып жүрген заманда ынтымақ пен ымыраға қазық байлаудың жолын көрсетті. Бес жасар баласынан жер бесікке таяп қалған қартына дейін адалдықты дәріптей білген халықтың ең басты ұстанымы ауызбіршілік екенін шегеледі. Кешегі бабалардың ерлігі мен елдік дәстүрін жоғалтпай, жүректің түбіне тұмар етіп тағуды тұспалдады. Бұл – ақылманның халық ғұмырына мәңгілік азық болар парасатты толғамы.

Рас, қай кезеңде болмасын елдің берекелі бірлігін бекемдеу абыздар мен алыптардың ең басты парызы саналған. Сондықтан сонау Күлтегін жазбаларында, Білге қаған өсиетінде бекті-халқының жауласқаны, ағалы-інінің дауласқаны салдарынан елдігінен айырылған қағанаттың қайғылы тарихы баяндалады. Ел айырылған тұста Сыпыра жырау, Асан қайғы секілді алыптарымыз аталы сөздің ардасы, арлы мәтелдің жорғасы осы татулық пен тектіліктен тамыр жаятынын нұсқады. Би бабалардың түбін тауып шегелеп, шешендіктің шеңберін кеңейткен бірлік хақында ойлы да зілді өсиетнамалары көп. Болу немесе бордай тозудың алдында тұрған кезеңде қалың елі қазағының қайғысы қабырғасына батқан дала ділмары Абайдың да «единица болмаса, не болады өңшең нөл» деуінің астарында үлкен мән жатыр. Халық танымының асылын аршып, адамзаттық озық үлгілермен сабақтастырған данышпан тұлғаларға сенім арта сөйлеп, сын сағатта жұмылып жұдырық болуды көздейді.

Асықтан сақа шығаруға құмар қоғамда асыл іске қол созу, мәйекті сөздердің нәрлі сөлімен ауыздану арда туған азаматқа парыз болса керек. Таным мен түсінудің аражігін ажырата айтсақ, барына малданған, дүниеге алданған ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңдаған данышпан ақын, халықтың бірлікті бесігінде тербетер табанды тау тұлғалардың бекзат болмысына зәру екенін сезді. Сондықтан оның әр сөзінде тау мүжіліп тас болмасына, жақсының елге қас болмасына сенер жұрттың сәулесі жарқырап тұр. Ғасырдың суық желі ессе де, дауыл борап, бұрқасын булығып жетсе де сөнбек емес. Себебі онда көкіректің көзі болып саналар жұдырықтай етке бекініп, бекем бірлікке шақырған, Ұлы далаға жарық шашқан рухани шам бар. Сол шамды жаққан, ұлттың жаңа болмысын түзуде аянбай еңбек еткен Алаштың арыстары еді. Сайын сахарада жанартаудай жарылған жалын жүректі Алаш арыстарының аңсары ел көсегесін көгертумен астасты. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп, мұнармен бүркелген қараңғы қоғамды қысастық пен құсалықтан құтқаруды армандаған арыстар бір тудың астынан табылып, халықтың намысын қайрап, бірлікке шақырды.

Ежелден ұлысты ұйыстырып, нар намысын оятқан, елдік бірлік пен мемлекет тұтастығының бас рәмізі тұғырлы ту, желкілдеген айдынды байрақ болғаны белгілі. Теңге бұлт жүзген зәу жүзінен төгілген алтын сәулеге көз тастасаңыз, осы бір ырысты ынтымақ пен бүтін бірліктің жарқын көрінісі бағзыдан бері байтақ даланы ен жайлаған қайсар халықтың байрағында бейнеленгенін аңдайсыз. Ел басына екіталай күн туса, ардан да биік тұратын тұғырлы тудың жығылмауы «жаным – арымның садағасы» деп білетін халықтың ең ұлы ерлігі. Бүгінде ел азаматтарының әлеуметтік желіде сайқымазаққа қарсы «Мен туымды мақтан етемін» деп лебіз білдіруі – сол аспан түстес көк байрағына деген перзенттік сезімінің ұшқыны іспетті. 

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Twitter желісінде жастарға үн қосып, азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің тұмары болған көк байрағымызды патриотизмнің көрінісі ретінде еркін қолдануға, мақтан етіп әр үйдің төріне ілуге мүмкіндік беру туралы толғана айтуы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Өйткені Алаштың абыройын асқақтатқан аспан түсті көк байрағы – ұлттық тұтастығымыз бен елдік бірлігіміздің мызғымас айбары, рухымыздың асқақ айбыны, абыз Абай айтқан ауызбіршілік пен намысымыздың асыл қайрағы. Сондықтан ол әрбір үйдің шаңырағында, әрбір мекеменің төрінде, әр қаланың ең көрнекті жерінде желбіреп тұрса, ұлттық рухымыздың да асқақтай түсері анық.