20 Қараша, 2013

Ауыл еңбеккерлері «балапанын санады»

352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

01-ya 3444Жыл сайын қараша айы қостанайлық диқандар мен шаруалардың «балапан санар» уақыты. Алтын күрек соғып, қар көбесі сөгілгеннен қара күз түскенше шаруа мен диқанға дамыл жоқ. Малшының малы төлдейді, шаруа жерге дән сіңіреді. Егін мен малды жазымен өсіріп, астықты қамбаға құйып, малдан салмақ алғанша, сүт пен еттің өнімін көбейтемін дегенше қара күз де жетеді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні олар 2013 жылды қорытындылады. Дастарқандағы нанның оңайлықпен келмейтінін жұрт шамалайды. Ал алты ай жаз маңдайын жел қағып, арқасын күн жеген диқан барлық қиындыққа қарсы тұрады.

 

Жыл сайын қараша айы қостанайлық диқандар мен шаруалардың «балапан санар» уақыты. Алтын күрек соғып, қар көбесі сөгілгеннен қара күз түскенше шаруа мен диқанға дамыл жоқ. Малшының малы төлдейді, шаруа жерге дән сіңіреді. Егін мен малды жазымен өсіріп, астықты қамбаға құйып, малдан салмақ алғанша, сүт пен еттің өнімін көбейтемін дегенше қара күз де жетеді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні олар 2013 жылды қорытындылады. Дастарқандағы нанның оңайлықпен келмейтінін жұрт шамалайды. Ал алты ай жаз маңдайын жел қағып, арқасын күн жеген диқан барлық қиындыққа қарсы тұрады.

Облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов баяндағандай, өткен жылы көктен тамшы тамбап еді, биыл шілденің ортасында жауған жаңбыр егінді жинап алғанша дамыл берген жоқ. Таби­ғаттың осындай құбылмалы қиындығына қарамастан биыл қостанайлық диқандар республикада жиналған жалпы астықтың төрттен бірін берді. Облыста бар­лығы 4,4 миллион гектарға дән себілген болатын, соның 4,0 миллион гектары бидайға тиесілі. Жыл аяғына қарай облыстың ауыл шаруашылығындағы барлық жалпы өнімі 255 миллиард теңге болады, оның 155 миллиард теңгесі егін шаруашылығы, 100 миллиард теңгесі мал шаруашылығының молшылығы. Физикалық кө­лем индексі өткен жылмен салыс­тырғанда 130 пайызды құрады.

Облыстың ауыл шаруа­шы­лығына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектің орны бөлек. Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 12 миллиард теңге қайта­рымсыз қаржы бөлді. Өткен жы­лы қуаңшылықтан зардап шек­кен шаруашылықтар үшін Үкімет көктемгі дала және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рация­сы арқылы 4 миллиард тең­геден астам несие берді. Тұқым өндіру жұмысын дамыту ісіне облыс бюджетінен 250 миллион теңге тағы бөлінді. Осының барлығы да диқандарға көп жеңілдік әкелді. Соның арқасында 4 миллион 400 мың гектар алқаптан 5 миллион тоннаның сыртында алтын дән қамбаға құйылды. Гектар айналымы орта есеппен 11,4 центнерден айналды. Меңдіғара ауданындағы Александр Клименко басқаратын «Заря» шаруашылығында гектар айналымы 22 центнерден келді. Бұл көрсеткішті Қарасу ауданындағы Андрей Дания­ров басқаратын «Агрос» шаруа­шылығы 21 центнерден, Максим Артемук басқаратын «Макс» шаруашылығында 16 цент­нерден қайырды. Жерден жинаған ризық облыс қажетін қамтамасыз етіп қана қоймай, елі­міздің экспорттық әлеуетіне де қомақты үлес қосады.

Соңғы жылдары облыс ди­қандары нарық сұранысына қарай қимыл жасауды үйренді. Жылдан жылға тек бидайға басымдық бермей, майлы дақылдардың да алқабын кеңейтіп келеді. Биыл оны өткен жылмен салыстырғанда 12 мың гектарға артық сепкен болатын. Федоров ауданындағы «Қаржау», «Безбабный В.И.» Қарабалық ауданындағы «При­речное ЛА», «Сана Агро», Меңді­ғара ауданындағы «Каркен», «Азат и Д» шаруашылықтары егіс алқабының 20 пайыздан 47 пайызына дейін майлы дақыл септі. Бұл, облыста май сығатын кәсіпорындар қарасының көбеюіне ықпал етіп отыр.

Облыста мамандандырылған шаруашылықтар биыл 56 мың тонна картоп пен 13 мың тоннадан артық көкөніс жинады. Облыста оны сақтайтын заманауи үлгіде салынған қоймалар жеткілікті. Жылдың қай мезгілінде де қостанайлықтар көкөніс пен картопты басқа жақтан іздемейді.

Базыл Жақыпов мемлекеттік бағдарламалардың арқасында облыста соңғы үш жылда мал шаруашылығын жаңғыртуға мол мүмкіндік туғанын атап өтті. Оның нәтижесі де айтарлықтай. Облыста бүгінде ірі қараның саны 5 пайызға, жылқы мен қой 4 пайызға өсті. Өндірістік сектордағы ірі қараның өнімділігі де артқан. Сиырдың әулиекөл, ақ бас сиыр сияқты асыл тұқымын жоғалтпай өсіріп отырған Зейнолла Жаңбыршинов, Қозыбай Омаров және мал шаруашылығында тамаша жетістікке жеткен Борис Князев, Иван Вечтейн секілді ша­руа­шылық жетекшілерінің іс­кер­лігі, бай тәжірибелері көпке үлгі.

Биылғы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қорытындылаған салтанатты жиында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов молшылық жасап отырған диқандар мен шаруаларды жетістіктерімен құт­тықтады. Үздіктерді «Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сіңір­ген ауыл шаруашылығы қыз­меткері» төсбелгісімен, Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің мақтау қағаздарымен марапаттады. Осы салтанатта ауыл шаруашылығының Кәмшат бас­таған ардагерлеріне де құр­мет көрсетілді. Мереке ән мен жырсыз да болмады. Қос­танай қаласының әкімі Ғауез Нұр­мұхан­бетов, облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов, Қостанай ауданы мәслихатының хатшысы Амангелді Досжанов бастаған шенеуніктер еңбек майталмандары алдында өнер көрсетті.

Ауыл еңбеккерлері осылай кө­ңілді бір демдеді. Алайда, олар үшін жұмыс бітпейді. Қаңтар ауа мал төлдейді, келер жылғы егістің қамына кіріседі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

Соңғы жаңалықтар