Қазақстан • 29 Қазан, 2020

Туымызды неге қастерлей алмай жүрміз?

1107 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет екенін Twitter-дегі парақшасында жазған болатын.

Туымызды неге қастерлей алмай жүрміз?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Парламенттің бірқатар депутаты мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, Мемлекеттік туды кеңі­нен қолдану туралы ұсынысын қол­дай­мын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтқа­нындай, Мемлекеттік туға бай­ла­­нысты мәселе соңғы кезде жиі қоз­ғалып жүр. Әсіресе оның ішінде Мем­лекеттік туды пайдалану төңірегінде. Біздің бүгінгі мақала­мызда да сол туралы.

 Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Жандос Құрманбаев балконына Қазақ­стан туын Г.Головкиннің же­ңісі­не орай ілгенін әлеуметтік па­рақ­шасында: «Қазақстанның жалауын терезе жаққа патриоттық сезім­мен әрі #GGG жеңісіне байланысты ілгенмін. Бүгін жалауды алып тастады. 394 400 теңге айыппұл салды» деп жазды. Оған қатысты «Бұл қалай болғаны? Біз неліктен өз патриоттығымыздан, еліміздің жалауынан қысылуымыз керек? Түркияда, мысалға, ту ілінбеген балкондар мен шатырлар сирек кездеседі», – деп жазады Facebook-ті қолданушылар. Қорыта келгенде, Жоғарғы соттың ұйғарымымен аталған іс қысқартылып, айыппұл алынып тасталды.

2017 жылы қазан айында Қызыл­орда қаласының тұрғыны Сұлтан Ту­ма­шинов билік орындарына шағым­данған болатын. Азамат патриот бол­ғаным үшін заң алдында жауап­қа тартылдым деп ашынып отыр. Мем­лекеттік туды терезесінің алдына іліп қойғаны үшін айыпталған азаматқа 453 мың теңге көлемінде айып­пұл салынған. Қызылордадағы Ішкі істер басқармасының учаскелік инс­­пек­торы тиесілі пәтердің терезе­сін­де ілініп тұрған Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Мемлекеттік туын көріп, осы аза­­матқа қатысты әкімшілік құ­қықбұзу­шылық туралы хаттама тол­­ты­ры­­лып, Жоғарғы соттың ұйға­ры­мы­мен қа­былданған шешімнің күші жойылды.

Елдің рәміздерін құрметтеу де патриотизмнің нышаны. Жоғарыдағы азаматтар мемлекеттік символдарға деген сый-құрметін көрсеткісі кел­гені­мен, ол заңның аясына сыймайтын болып шықты. Ендігі жерде заңдағы осы олқылықтың орнын толтыруға Президенттің өзі ықылас білдірді.

Жалпы, біз тұғырлы тудың қасиетi туралы жиі айтамыз, бiрақ сол қасиеттi қорлап жатқандарға бұл күнi қандай жаза қолдана алдық? Ойландыратын жайт.

«Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым».

Сүйінбай бабамыздың мұндағы «қайдағысы» жанып тұрған намысы ғой! Жазатайым сол бөрілі байрақ құласа, не болар еді? «Бөрілі байрақ құласа, күйремей кеткен жан емен». Ал мынандай бейбіт заманда байрақ құлағаны былай тұрсын, Мемлекеттік туымыз қайта-қайта қорланып жатыр. Ендеше, қорланған туымыз­дың бірнеше хронологиясын жасап, есі­мізге түсіріп көрсек артық болмас.

Арыға бармай-ақ қояйық, әйтпесе сөз ұзарады. Беріден бастайық.

2010 жылы қыркүйек айының басында Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжде өткен сенбілікте көк байрақпен қоқыс тасып жүрген екі студент ұялы телефонға түсіріліп алынған бейнекөрініс масқара болып жарияланған болатын. Алайда атал­ған дерек бойынша қандай да бір шара қолданылғанын естіген жоқпыз.

Сол жылдың желтоқсан айында Талдықорғанның мамандандырыл­ған аймақаралық әкімшілік сотында Мемлекеттік тудан шырша ойыншық­тарына арналған қап тігіп, сатылымға шығарған «Жигули» компаниясының тірлігі май шаммен қаралды.

2012 жылғы наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Бас прокура­тураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ғимаратының төбесінде жыртылып қалған Мемлекеттік ту бірнеше күн бойы ілініп тұрды. Аталған мекеме осы келеңсіздік үшін кешірім сұрауға да жараған жоқ.

Мемлекеттік тудың қорлау фак­тісі 2012 жылғы сәуірдің басында Атыраудағы Орталық шағын ауда­нындағы Көлік прокуратура­сы­­ның ғимараты жанынан көшені таза­лап жүрген гастарбайтерлердің қоқыс­тарды еліміздің көк байрағына салып жүргені байқалды. Атырау облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, атал­ған факт бойынша қылмыстық іс ашылып, күдік­тілерді және еліміз туының олар­дың қолдарына қалай түскенін анық­талып жатқанын хабарлады.

2012 жылдың шілдесінде ХХХ Жазғы олимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында Лондонның орталығындағы Парламент алаңында, күн бейнесінің орнына тесігі бар Мемлекеттік туы орнатылған. Сол туға байланысты «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Перуашев сол кездегі Мем­лекеттік хатшы М.Құл-Мұхам­мед­ке ашық хат жолданған болатын. Алайда осыған тікелей жауапты Мәдениет және спорт министрлігі нақты ресми жауап қайтара алмады.

2012 жылғы қыркүйекте 1989 жылы туған К. есімді Атырау қаласы­ның тұрғыны «Мерседес Бенц – 320» маркалы автокөлігінің алдына Қазақстанның туын заңсыз орнатып, жазаға тартылды. Әрине «атыраулық азамат осылай еліне деген патриоттық сезімін көрсетпек болған шығар, содан көлік капотында да білместіктен жапқан шығар» деген ой келсе де, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі атап өткендей, соттың шешімін қатаң жаза деп санауға болмайды. К. есімді әлгі азамат көлігінің лас капотына туды қалай болса, солай жапсыра салғанын айтты. Бұл қадамға ол саналы түрде барған болып шықты.

2014 жылы шілде айында әлеумет­тік желіде Қазақстанның Мемле­кет­­­тік рәміздерінің бірі – көк туды жүк кө­лігінің брезенті ретінде пайда­ланылған сурет кеңінен талқыланды. Бұл фотоны танымал жүргізуші, шоумен Марат Оралғазин түсіріп, Instagram желісінде жария еткен бола­тын. Суреттен жүк көлігінің Алматы көшелерінде кетіп бара жатқа­нын байқауға болады. Бұл жөнін­де жауапты министрліктерде және Пар­ламентте нақты мәселе ретін­де қарал­мады. Қарасай ауданының тұр­ғыны А.Есімбеков небәрі әкімшілік жазамен құтылып кетті.

2015 жылдың 11 маусымы күні «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-нің жұ­мыс­шылары Шымкенттегі Ғали Іляев көшесінің бойындағы қоқыс контей­нерінен қалдықтарды тазалауға М.Сайлаубаевтың басқаруындағы «Dong Feng» автокөлігімен келеді. Жәшіктен қоқыстарды алып жатқан­да арасынан ақ түсті қалтадан Қазақ­станның Мемлекеттік туы табылады. Жұмысшылар туды жайып, соған қоқысты сала бастаған. Бұл сәттің фото­суреттері сол күні-ақ ғаламторға та­рап кетті. Ал коммуналдық жұмыс­шы­лар туды қорлағандары үшін жазаланды. Шымкенттегі Әл-Фараби аудан­дық сотының 2015 жылдың 8 шіл­десін­дегі үкімімен «Бек-Асыл Сервис» меке­ме­сінің екі жұмысшысы Т.Биболат және Г.Қалдыбаева айыппұл төледі.

2015 жылғы қазан айында қазақ­стандық тәтті құмарлар шоколад қабындағы Мемлекеттік тудың суре­тіне лайықты құрмет көрсет­пейді. Сенаттың жалпы отырысын­да сөз сөйлеген сенатор С.Еңсе­генов Мем­лекеттік рәміздерді пайдала­на­тын­­дарға көңілі толмайтынын жет­кізді. Аталған шоколад «Рахат» АҚ шыға­ра­тын өнім.

Шетелдік компанияларға Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік туын ілу Конституциялық заңмен міндеттеле ме?

Кезінде Парламент Сенатының отырысында «Қазақстан Республи­касы­ның Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына осындай өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс қарал­ды. Өкінішке қарай, аталған заң­ға өзгеріс енгізілгенімен, шетелдік ком­па­ния­­лар кеңселерінің алдында қазақ­тың байрағын желбіретуге аса құштар емес.

2016 жылы Ольга Шумилова Мем­ле­кеттік туды қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына ұшырады. Қоста­найлық әйел халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.

Түркістан облысы Келес ауданы­ның білім ошағында Мемлекеттік туға түйреуішпен дәрі тамызғыш іліп, ем алып жатқан әйелдің видео­сы тара­лып кетті. Оқиға Түркістан облы­­сы Келес ауданына қарасты Абай ауылын­­дағы Саз мектебінде болған. Сары­ағаш ауданының тұрғыны Л.Дар­­ханбаева Facebook желісіндегі парақ­­шасына 2020 жылдың 6 тамыз күні сағат 13:50-де Келес ауданы Абай ауы­лын­да орналасқан Саз мек­тебі бас­шысы­ның міндетін уақыт­ша атқару­шы З.Омарғазиеваның Мем­лекет­тік ту­ды қорлағаны туралы жазба жа­рия­­лаған. Оны Абай балалар Саз мек­­тебінің кәсіподақ ұйымының төрағ­а­сы Е.Асанов есімді мұғалімі ұялы теле­фонының бейнекамерасына түсіріп, әлеу­мет­тік желіге салған болатын. Өкі­ніш­ке қарай,  құзырлы органдар бас­шыға қатысты ешқандай шара қолданған жоқ.

Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік тудың авторы Шәкен Нияз­беков: «Халқыма тек бақыт тілеймін. Білгенімнің бәрін халқымнан үйрен­дім. Менің еңбегімді бағалаған сол ұлтымның әр азаматы, бала-шағасы, немере-шөбересімен бақытты ғұмыр кешсе екен» – деген болатын.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әр азаматтың өзінен басталады. Егер де бөтен елдер Әнұранымызды шатастырып, масқаралап жатса, оның себебін өзімізден іздеуге тура келеді. Ал рәмiздерiмiздi ұлықтау, құрмет тұту – бiр тудың астында берекелi күн кешкен жандарға ортақ мiндет.

 

Руслан ХАМЗА,

Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі  ұлттық орталығының атқарушы директоры

 

Атырау