Технология • 29 Қазан, 2020

Мобильді қосымшадағы қолайсыз жағдай

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі күні қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды қолай көретін жұрттың қатары көбейіп, Kaspi.kz қосымшасы біраз шаруаны жеңілдетті. Күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен бұл жүйеден кеше аздаған уақыт іркіліс байқалғаны көпшіліктің көңілін күпті етіп қойды.

Мобильді қосымшадағы қолайсыз жағдай

 

Қазанның 28-і күні таңер­тең­нен бастап аталған қосым­шадан ауытқулар байқалып, іле-шала оның қызметі уа­қы­т­ша қолжетімсіз болды. Банк клиенттерінің есеп­шо­тын­­дағы қаржысының дұ­рыс көрсетілмеуі түрлі алып­қашпа әң­гімеге жетеледі. Бірінің қар­жысы кеміп, тіпті минусқа кіріп кетсе, енді бірі есебінің есе­­­леніп кеткенін айтып жатты.

Банк қосымшасындағы бұл бей-берекет кибершабуылдың кесірінен болды деп бағам­да­ғандар да көп кездесті. Әлеу­меттік желіде хакерлердің клиент­­тердің картасынан 79 млн теңге тонағаны туралы хабар тарады. Алайда көп ұзамай банк өкілдері мұндай фактіні жоқ­­қа шығарып, техникалық ақау болғанын, клиенттердің ақша­сы сақталатынын мәлім­деді.

«28 қазан күні Kaspi.kz қосымшасында техникалық ақау туындады. Нәтижесінде, клиенттердің шоттарындағы қаржы көлемін қате көрсетуде. Өкінішке қарай, картамен төлем жасау, банкоматтардан ақша шешу, толықтыру, тө­лем­­дер мен аударымдар уа­қытша қолжетімсіз. Ком­па­­ния бар­лығын тез арада қа­лыпқа кел­тіру үшін жұмыс іс­теуде. Әлеу­меттік желілер мен мессенджер­лерде мұның ки­бершабуыл екені тура­лы жалған ақпарат тарады. Еш­қандай кибер­шабуыл болма­ғанын хабарлаймыз, клиент­тердің қаражаты түгел­дей өз қал­пында және ақау ретке кел­­тірілгеннен кейін қосым­шада дұрыс көрсетіледі», деді аталған банктің баспасөз хатшысы Ербол Азанбек.

Расында, көп ұзамай қосым­шаның қызметі қалпына кел­ді. Бірақ бәрібір сыр берген жүйеден секем алып қалғандар банктегі есепшотының қауіп­сіз­­дігіне алаңдаушылық білді­ріп жатыр. Ши шыққан сол ша­ма­лы уақытта халық шулап кетіп, біраз фейк ақпараттар да тарап үлгерді. Қосымшадағы іркі­ліске қатысты әзіл-шыны ара­лас әңгімелер әлеуметтік желі­нің сол күнгі тақырыбына айналды.

Банк өкілдері орын алған бұл олқылық үшін кешіріп сұрап, 29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi QR арқылы жасалған әрбір төлем үшін 5% бонус сыйлайтынын хабарлады.