Қоғам • 29 Қазан, 2020

Антына адал сержант

354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде індет басталғалы дәрігерлер мен медбикелер аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа індетпен, қауіпті дертпен күрестегі күрделі қызметтің ауыртпалығы төл әскеріміздің медицина мамандарына да түсіп отыр.

Антына адал сержант

Осынау қиын-қыстау сәтте осы саладағы әріптестеріміз өз қаруластары және әскердің негізгі құрамы – жауынгерлерді аталған вирустан қорғауға жан­таласа қызмет етіп жүр. Мың жерден бұл олардың бер­ген сертіне сәйкес міндеті десек те, ақ халаттылардың вирус­ты жұқ­тыру қаупі жоғары екенін ескерсек, бұл нағыз жанкештілік қызмет дер едік. Осы бағытта талмай ең­бектеніп жатқан маманның бірі кіші сержант Нұрсұлтан Ноғаев. Ол  2014 жылдан бас­тап Жаңаөзен қаласында ор­на­ласқан 5548 әскери бөлімі 3-жедел мақсаттағы ротасында санитарлық нұсқаушы болып қызмет етеді.

Нұрсұлтан  Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында  дүниеге келген. Арал­дағы орта мек­­­­­тепті, сосын Қызылорда қа­ла­­­сын­да­ғы «Өркениет» ме­ди­ци­на­лық кол­леджінің «Емдеу ісі» факуль­тетін сәтті аяқтады.

Мамандығы бойынша жұ­мысқа кіріспес бұрын, «Мен ең бірінші кезекте азамат ре­­тінде Отан алдындағы бо­рышымды өтеу – негізгі мін­детім» деп, өз қалауымен әс­керге аттанды. Қысқа мер­зімдік әскери қызметін Отар қалашығындағы 30212 әскери бөлімде абыроймен атқарды.

Нұрсұлтан 2011 жылдың қараша айында Қызылорда қаласындағы  «Айдан мұнай» компаниясына фельдшер болып жұмысқа орналасып, жас маманды ұжым жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмектерін аяған жоқ.

Жастың аты жас емес пе, асқан ыждаһаттылықпен, ынтамен ол да барынша өзін жақ­сы қырынан көрсетті. Ет­кен еңбегі еленіп, қызмет еткен жыл­дарында қалалық же­дел медициналық жәрдем стан­сасы әкімшілігі, қалалық ден­сау­лық сақтау бөлімі, об­лыс­тық денсаулық сақтау депар­таменті тарапынан алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.

Алайда сонау бала кезінен дәрігер болуды армандаған Нұрсұлтан мамандығын енді әскери өмірмен ұштастырып, өзін әскери медицинада сына­ғысы келді. 2012 жылы Ұлттық ұланның Жем қаласындағы  6655 әскери бөлімінде келісім­шарт бойынша бекет бастығы, яғни сақшы  болып әскери қызмет жолын бастады.

Ал 2014 жылдан бастап Жаңаөзендегі 5548 әскери бө­лі­мінің 3-жедел мақсаттағы ро­тасының санитарлық нұсқау­шысы лауазымында бүгінге дейін қызметін мінсіз атқарып келеді.

Нұрсұлтан ұжымға жаңадан келгенде бағыт-бағдар беріп, ерекше ықылас танытқан сол кездегі медициналық пункті­нің бастығы, аға лейтенант Құдай­берген Бекмырзаевқа, бар білгенін үйретіп, әр­дайым оның білікті медици­на қызметкері ретінде қалып­тасуына көмек көрсетіп жүр­ген бөлімнің медициналық қызметінің бастығы, медицина қызметінің аға лейтенанты Жеңіс Нарымбетовке деген алғысы шексіз. Осы әске­ри дәрігерлердің арқа­сын­да өз саласының қыр-сы­рын меңгеріп, кәсіби тұр­ғы­да же­тілгенін үлкен ризашы­лық­пен айтады.

Нұрсұлтан Тастемірұлы үшін Жаңаөзен шаһары бү­гінде туған өлкесіндей болып кеткен. Оған осы қа­ла­ның көше тазалығы, түзу ниет­ті­ тұр­ғындары мен тілеу­лес әріп­­­­тес­тері ұнайды екен. Бұл жөнінде өзінен сұраға­ны­мызда:

– Маған Жаңаөзен қаласы бірден ұнады, себебі ауа райы біздің Сыр елінің ауасына ұқсайды екен. Осында келіп, мамандығым бойынша әскери медицина қызметін атқарып жатқаныма қуаныштымын. Дәрігер ретінде алдыма кел­ген әскери қызметшіге әр­дайым жылы қабақ танытып, олар­дың жанына батқан дерт­ті сезінемін. Ақ халаттыдан кө­­мек сұраған әр жанның ор­нына өзімді қойып, оның көмекке қаншалықты зәру еке­нін түсінемін. Осылайша мейірім танытып, қолымнан келген ем-домды жасап, аурудан тез арада айығуына қолдан келгенше көмегімді аямаймын. Әскери бөлім ұжымында өте сауатты жандар жетерлік. Олармен ешқашан дауыс кө­теріп сөйлескен емеспін. Әр­дайым сыпайылық танытамын. Дәрігерлерді көпшілік ақ халатты абзал жандар деп сыйлап жатады. Сондықтан осы сыйластыққа біз әбден лайықты болуымыз керек, – дейді ол.

Міне, осындай ұстаныммен қызмет ететін кіші сержант Нұрсұлтан Ноғаевқа сарбаздар да өте риза. Оған әрдайым алғыс білдіріп жатады.

Міне, жеке құрамның жа­нына демеу болып, Гип­по­кра­тқа берген антына кір кел­тірмей, ақ халатты абзал жан атына лайық еңбек етіп жүр­ген кіші сержант Ноғаев секіл­ді нағыз әскери медицина маманын біз де көпке үлгі етуді жөн көрдік.

 

Ерболат МЕРСАЙЫНҰЛЫ,

подполковник