Қоғам • 29 Қазан, 2020

«Аңсаған сәби» бақыт сыйлады

725 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Адамның бір қызығы бала деген...» демеп пе еді Абай?! Өкініштісі, сол қызыққа кенеле алмай, ұрпақ сүюді арман еткен жандар жетіп-артылады. Статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бір пер­зентке зар екен. Кейбір отбасылар ортада бала болмаған соң ажырасып та кетіп жатыр. Ал азаматтардың ұрпақты болуы, өмірге дені сау ұрпақ келуі мем­лекет үшін өте маңызды. Маңызды болған соң да 2010 жылы «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасы аясында тегін экстракорпоральды ұрықтандыру жү­зеге аса бастаған.

«Аңсаған сәби» бақыт сыйлады

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдар­лам­асын жүзеге асыруды тапсырып, экстра­корпоральды ұрықтандыру бағ­дар­ламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек екенін айтқан. Ал елі­міздің отбасылық-демографиялық ахуа­лын жақсарту мақсатында ЭКҰ бағ­дар­ламасы 2010 жылдан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі (ТМККК) аясына енгізілген болатын. Содан бері бұл бағдарлама еліміздегі мыңдаған отбасына бақыт сыйлаған.

 

500-ден аса ана бесік тербеткісі келеді

Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын жүздеген отбасы аталған бағ­дар­ламаға бөлінген квотаға іліну үшін ке­зекке тұрады. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының берген мә­лі­мет­тері бойынша, биыл өңірімізге 80 квота бөлінген. Алайда сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың саны 500-ден асып жығылады екен. Әсіресе Семей, Риддер қалаларынан, Аягөз, Зайсан аудандарынан келіп кезекке тұр­ған отбасылар көп. Медицина саласы мамандарының айтуынша, оның бірден-бір себебі – Өскеменнің өндірістік қала екені. Демек экологияның әсері болуы мүмкін. Ал орталықтан алыс жатқан аудан тұрғындары дәрігердің көмегіне кеш жүгінеді.

– Мұндай жағдайда кінәні көбінесе әйелдерден іздеп жатады. Бұл – қате түсінік. Егер жұп бес жылдан артық нәрестелі бола алмай жүрсе, ерлердің денсаулығына байланысты. Оның себеп-салдары көп. Мәселен, ер-азамат өндірістік орында жұмыс істеуі мүмкін, керісінше офистік қызметте болып, аз қимылдайтын шығар. Сөйтіп гормоналды фонның әлеуеті бұзылады. Бізге келуші пациенттердің орта жасы 21-47 жас аралығында екенін ескерсек, бұл – үлкен проблема, – дейді «Экомед-Шығыс» ЖШС клиникасының директоры, репродуктолог дәрігер Назгүл Махамбетова.

Дәрігердің айтуынша, кейбір жағ­дай­да ер адамның ұрық жүретін түтік­ше­лері бітеліп қалуы да мүмкін. Ондайда бітелген жолдарды емдеп, жазуға болады. Нәтижесінде ерлі-зайыптылардың сәби сүюге мүмкіндіктері бар.

Ал әйелдердегі бедеуліктің бас­ты себептері – жатыр түтікшелерінің қабы­нуы, аналық ұрықтың азаюы. Егер ана­лық ұрық азайса, оны көбейту мүмкін емес екенін алға тартады дәрігерлер. Сол үшін де жергілікті жердегі дәрігерлер бала сүйе алмай жүрген отбасылардың денсаулықтарын жіті қадағалап, дер кезінде шара қабылдағандары жөн.

Жалпы алғанда, облысқа бөлінген квотаға кезекте тұрған отбасылардың саны жеті-сегіз есе көп. Ал Өскемендегі «Экомед» клиникасына бір жылдың ішінде 180-200 отбасы жүгінеді екен. Нәти­жесінде, клиникада емделген әйел­­дердің 60-70-і жүкті болыпты. Баса айта кетерлігі, Өскемендегі кли­ни­ка­да болашақ аналар ЭКҰ процедура­сына да­йындалады, ұрықтары жетілдіріледі. Ал ЭКҰ процедурасының өзі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы эмбриологиялық зертханаларда жасалады. Квоталар эмбриологиялық зертханалары бар клиникаларға ғана бөлінеді. Көрсетілетін қызметтің барлығы мемлекет есебінен жүзеге асады. Тіпті жол ақысын да төлеп береді.

Қазіргі уақытта әйелдер ғана емес, ерлер бедеулігі де өзекті мәселе болып отырғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары да атап өтті.

– Сәби аңсаған отбасылар бақытты болуы үшін медицинада урология, андрология, акушерлік-гинекология, эмбриология, репродуктология саласындағы мультидисциплинарлық тәсіл ерекше рөл атқарады. Мысалы, ЭКҰ-ға квота алу үшін кезекте тұрған жұптардың шамамен 200 жұбында бедеуліктің аралас және ерлер факторы кездеседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қосал­­қы репродуктивтік әдістер мен тех­но­­логияларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Медици­на­лық ұйымдарда ерлер мен әйелдердің бедеу­лігін диагностикалау және емдеу стандарттары қатаң сақталады, – деді облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы басшысының орынбасары Райфа Сафиуллина.

2018 жылы тегін медициналық кө­мек­­тің кепілдендірілген көлемі бо­йын­ша квота алу үшін кезекте тұрғандар саны – 667, 2019 жылы – 594, ағымдағы жылы 600-ден астам жұпты құраған. Ал бө­лінген квоталардың игерілуіне келсек, 2018 жылы бөлінген 65 квотаның 62-сі игеріліп, үшеуі қайта бөлінген. Игерілген 62 циклдың 18 жағдайында отбасы сәби сүю бақытына ие болды, яғни 29 пайызы. Өткен жылы бөлінген 69 квота толығымен игеріліп, 24 жағдайда оң нәтиже көрсеткені қуантқан. Сонда қаншама әулет бала сүйіп, қаншама ана бесік тербетті?! Бақыт емей немене?!

Мемлекеттің осы бағдарламасы арқылы балалы болу бақыты бұйырған ата-аналармен хабарласып көргенбіз. Мемлекетке, дәрігерлерге алғысын жаудырып отырған отбасы пікір білдір­ге­ні­мен, аты-жөндерін атамауды өтінген.

– Балалы үй базар демекші, әр отбасының қуанышы баладан басталады ғой. Бірақ сол бір балаға зар болып жүргендер де бар. Біздің отбасылы болғанымызға 9 жыл толыпты. Соншама уақыт сәбилі болуды аңсадық. Бала тілеп, бармаған бақсы-балгеріміз қалмады. Аталардың басына да түнедік. Сөйтіп жүргенде нәрестелерін қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кететіндерге ашуым келетін. Ең бастысы, жолдасым екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсете алдық. Түсіністік. Құжаттарды әзірлеп балалар үйінен 3 жастағы Даянаны асырап алдық. Бір жылдан кейін танысымыздың ұсынысымен ЭКҰ жасатуға шешім қабыл­дадық. Тәңірдің сыйы болар, барған күннен барлығы сәтті өтті. Қазір кішкентайымызға 1 жас 9 ай болды. Тәубе, өсіп келеді, – дейді өскемендік кейіпкеріміз.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы берген мәліметке сүйенсек, биылғы Шығысқа бөлінген квота арқылы алдағы уақытта тағы бірнеше отбасы балалы болады.

 

ЭКҰ әдісі елімізде ең арзан

Құтыдан тұңғыш сәби 1996 жылдың 31 шілдеде Қазақстан мен Орталық Азияда дүниеге келген екен. ЭКҰ әдісімен туған алғашқы қазақстандық бала биыл 24 жасқа толыпты. Құтыдан шыққан тұңғыш қазақстандық баланың авторы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздарының бірі, биология ғылымдарының докторы, еліміздегі алғашқы және жетекші ЭКҰ орталықтары мен бедеулікті емдейтін «Экомед» клиникасының негізін қа­лаушы – Салтанат Байқошқарова. Егер Салтанат пен жұбайы Батыр Бек­мұсаевтың өздері де жеті жылдай бедеулікпен күреспесе, елімізде мұн­дай әдістің қашан қолға алынарын кім білсін?! Кейін олар құрған зерт­ха­­на­лардың көмегімен мыңдаған бала дү­ние­ге келді, олардың ішінде өзде­рінің екі баласы да бар. Қазір отба­сы­ның күшімен ашылған «Экомед» орталықтары еліміздің бірнеше қала­сын­да жұмыс істеп тұр. Сегізінші клиника өткен жылы ғана Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қала­сын­да іске қосылды.

– Клиника филиалдарының Қазақ­стан­ның бірнеше қалаларында белсенді дамуы – менің соңғы екі-үш жылдағы еңбегімнің нәтижесі деп айтуға болады. Жеріміз кең болғандықтан алыс ауыл-аудандағылар бір орталыққа аяқтары жете бермейді. Алайда қаншама адам балалы болуды қалайды. Менің ойымша, біздің медицинада акушер-гинекологтер көп, ал бедеуліктің себеп-салдарын анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдерін меңгерген репродуктологтар, ЭКҰ-ны жақсы білетін мамандар аз. Сондықтан өңірдегі жұптар репродуктолог іздеп Нұр-Сұлтанға немесе Алматыға сабылмас үшін аймақтарда филиалдар ашу өте маңызды, – деген еді Өскеменге арнайы келген Салтанат Байқошқарова.

Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бедеу жұптардың үштен бірі ғана ЭКҰ-ға мұқтаж, қалғандарына қа­ра­пайым әрі арзан әдістермен-ақ көмек­тесуге болады. Өз тәжірибесінде репро­дуктологтың бір ғана кеңесінен кейін жүкті болған әйелдер бар көрі­не­ді. Өйт­кені білікті репродуктолог жүкті­лік­ке әкелетін жолды дұрыс көрсеткен.

– Біздің міндетіміз – әрбір отбасы үшін қолжетімді болу. Жергілікті жер­лерде филиалдарды ашу. Бізге тек жақын шетел­дерден ғана емес, алыс елдер­ден де емделуге келеді. Бұл да же­тіс­тік көр­сет­кіштерінің бірі, – дейді елге белгілі дәрігер.

Медицина саласы мамандардың мә­лі­метіне сүйенсек, бала көтере алмай жүрген отбасылардың бес пайызын­да ғана туа біткен бедеулік болады. Қал­ған 95-97 пайызында бедеулік жа­сан­­­ды түсік түсіруден кейінгі асқы­ну­­лар­дың, жыныстық жолмен бері­ле­тін ин­фек­ция­лардың салдары екен. Сондай-ақ ма­мандар экологиялық фак­торды, яғни эко­логия адамның репродуктивті функ­­циясына теріс әсерін де жоққа шы­ғар­­май­ды.

Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Қазақстанда ЭКҰ процедурасы басқа елдермен салыстырғанда арзан тұрады, ал препараттары, кері­сінше,­ қымбат. Мысалы, стандартты экстракорпоральдық ұрықтандыру бағдарламасы шамамен 400 мың теңге тұрады, ал медициналық препараттарға 600 мың теңгеге дейін жұмсалады. Егер мемлекет тарапынан квоталар көбірек бөлінсе, онда Еуропадан сатып алынатын медикаменттердің арзандауына қол жеткізуге болатын сияқты.

Әлемде ЭКҰ әдісінің қолданыла бастағанына қырық жылдан асты. Жылдан-жылға бұл тәсіл жаңа технологиялармен толығуда. Мысалы, осыдан он жыл бұрын эмбриондарды мұздату технологиясы болмаған. Қазір жапон профессоры Куваяма ойлап тапқан «крио-консервациясын» бүкіл әлем қолданады. Бұл әдіс пациенттердің биоматериалдарын мұздатып, бала сүюді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға осы әдісті пай­далануға рұқсат берілген. Олар ұрықтарын мұздатып қояды да, кейін қатерлі ісік ауруын емдеп болған соң пайдалана алады.

Отбасылық-демографиялық ахуалды жақсартқанымен, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы мен баспанамен қам­та­масыз етілуі де назардан тыс қалмаған. Мемлекет басшысы биыл 13 мамырда 8 және одан да көп баласы бар отбасы­лар үшін жәрдемақының жекелеген мөл­ше­рін белгілейтін заңға қол қойды. Енді сегіз баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңге, 9 баласы бар отбасы үшін – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген.

Соңғы жаңалықтар