Оқиға • 29 Қазан, 2020

Жас ақын жанарындағы от

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіні оңды-солды қолданып жатқандар көп. Алайда парақшасына пайдалы жазбаларды жиі жүктеп тұратын жастар да жоқ емес. Солардың бірі жас ақын – Нұркен Нұрғазы есімді азамат. Оның пайдалы жазбаларынан бұрын пәлсапасы терең поэзиясымен қаламгерлер қауымы жақсы таныс. Десек те, айтпағымыз жас ақынның шығармашылығынан бөлек ерекше жайттарға елеңдей жүретіндігі.

Жас ақын жанарындағы от

Мысалы, жуырда фотожурналистика ба­ғы­ты бойынша өтетін World Press Photo бай­қа­уының 2020 жылғы номинанттары мен жүл­де­герлері туралы жазған Нұркеннің кішкентай ғана ақпараты оның ерекше ойлау жүйесін, зер­десін, жаңа көзқарастарын аңғартты.

Аталған байқауда жапониялық фототілші Ясуеси Тибаның «Тұнық дауыс» атты суреті үздік деп танылғанын жазған Нұркен суретте қолына жарығы қосылған ұялы телефон ұста­ған жастар мен әлемді бейбітшілікке шақы­рып өлең оқып тұрған судандық азамат бей­несіне ерекше үңіледі.

Суреттегі ақын жанын Жер шарының әлде­бір бөлігіндегі екінші бір ақын­ның қапысыз сезінуі бізді бейжай қалдырмады. Бізді сондай-ақ Нұр­кеннің бұл кішкентай ғана жазбасы қазақ­тың ақиық ақыны Мұқағалиды есімізге түсірді.

Мұзарт Мұқаң «Чили – шуағым менің» деген өлеңінде:

Барлық ақын – баласы бір ананың,

Ақын келсе өмірге, қуанамын,

Ақын өтсе өмірден – жылағаным.

Барлық ақын – баласы бір ананың.

Барлық ақын – бауыры тірі адамның!

– деп жырлайды. Бұл өлең және үлкен поэма­ның алғашқы шумағы. Поэманы ақын Мақа­таев Пабло Нерудаға арнайды.

Жә, суретке оралайық.

Суданда қарсылық акциялары 2018 жыл­дан басталып 2019 жылға дейін жал­ғасқан. Жергілікті билік бейбіт шеруді тоқтату үшін электр қуаты мен интернет желісін сөн­діріп қойған.

«Бұл Судандағы мен көрген халық жаппай қатысқан жалғыз ғана бейбіт шеру болды. Сол күні шеруге қатысқан халықтың қайтпас қайсарлығы қайта тұтанған көмірдей екенін сездім», депті фотограф.

Қазылар алқасының мүшесі Крис МакГрат суреттен алған әсерімен бөлісе келіп: «Бұл бүкіл әлемде бейбітшілік орнауын қалайтын жандар мен сол шеруге қатысқандардың ішкі қарсылығын көрсетіп берген ғажап туынды», деп түйеді.

Әлемдік фотобайқауда жеңімпаз болған суретке қарап тұрып ұялы телефондардың жарығынан да жарық ақын көзіндегі отты көр­меу мүмкін емес. Оны байқаған біздің жас ша­йырдың жүрегі де жап-жарық екенін сезесің...

Қудаланған, жәбір көрген, зорлықтан көз ашпаған, түнектер мен қапастарда жатқан халықтарды осындай отты көздерден тараған жарықтар ешқашан адастырмайтынына се­нуіміз керек.