Оқиға • 29 Қазан, 2020

Қостанайда кәрізде 3 жыл жатқан мәйіт табылды

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда кәрізден қаңқалы мәйіт табылды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда кәрізде 3 жыл жатқан мәйіт табылды

12 қазанда Қостанай қаласының ПБ кезекші бөліміне қоңырау келіп түсті. Жеке үйдің иелері септиктен адамның қаңқасын тапқанын хабарлаған. Ерлі-зайыптылар жағымсыз иісті сезіп, кəрізді тазартпақ болған. Алайда күтпеген жағдайға тап болып, тез арада полицияға хабар берген.

Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі "кісі өлтіру" бойынша СДТБТ-де тіркелді. Оқиға орнына 10 тәжірибелі қызметкерден тұратын жедел-тергеу тобы аттанды.

Тұрғындардың айтуынша, септик үйдің ауласының сыртында, қоршалмаған аумақта орналасқан. Беті темірмен жабылған, бірақ құлыппен бекітілмейді.

"Бірінші кезекте біз біреу қылмыс жасап, денені осы кәрізге тастап кеткен деген нұсқаны қарастырдық", деп атап өтті Қостанай қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Ербол Қарымсақов.

Кейінірек бұл нұсқа қарастырылмады. Себебі, люк бөтен адам оны байқай алмайтын жерде орналасқан. Мұны ескерген полицейлер кісі өлтірілген уақытта осы аймақта болған күдіктілерді іздестіруді бастады. Сонымен қатар, жедел уәкілдер мəйіттің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізді. Тəртіп сақшылары із-түзсіз жоғалғандардың тізімін тексерді. Олардың назарына 2017 жылдың қарашасынан бері хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қала тұрғынының іздестіру ісі ілікті. Табылған мəйіттегі киім қалдықтары да ер адамның жоғалғандағы сипаттамасына сәйкес келді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ерлі-зайыптылардың үш жыл бұрын өрттен кейін үйді қалпына келтіру үшін жұмысшыларды жалдағанын анықтады.

Полицейлер аталған үйді жөндеуге қатысқан жұмысшыларды, күдіктілерді құрықтады. Қазіргі уақытта олар қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында өлген адамның жеке басын толықтай анықтауға, сондай-ақ, осы қылмыстың себептерін және күдіктілердің әрқайсысының оған қатысу дәрежесін ашуға көмектесетін төрт сараптама тағайындалды.