Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Онлайн-алаңның алғашқы жиынында қала мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы арасында 2,7 есе алшақтық бар екені баяндалып, COVID-19 салдарынан айларға созылған карантин елдегі азық-түлік нарығына қаншалықты әсер еткені туралы сауалға сарапшылар жауап берді. Өйткені, жаһандық пандемия кезінде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де денсаулықты сақтау ісімен жағаласып, алдыңғы кезекке шықты. Қысқасы, БАҚ-та, бизнес қауымдастық пен ҮЕҰ секторында орнықты даму мәселелерін көтеруді көздейтін бұл идея БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын танымал етуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам назарын экологияға аударуға, адам құқықтары, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, халықаралық әріптестікті дамыту мәселелеріне жұмыс істейді.
Айтқандай, жобаға «Expo&Women» халықаралық ұйымы, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы», «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» және «Қазақстан еріктілері альянсы» қоғамдық бірлестіктері тобы құрған «Қазақстандағы ОДМ-2030» қоғамдық институты мұрындық болып отыр. Алғашқы онлайн-жиын жоғарыда атап өткендей, «Азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге бизнес-қауымдастықты тарту» тақырыбына арналды. Алдымен сөз алған «Қазақстандағы ОДМ-2030» қоғамдық институтының басшысы Ләззат Асқарова соңғы деректерге сәйкес, әлемде 821 млн адамның тойып тамақтана алмайтынын, бұл аштықты жою мақсатына қол жеткізуге қауіп төндіретінін алға тартты. Мәселен, Қазақстанда коронавирус эпидемиясы кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 32 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан өзін жеміс-жидектермен орта есеппен 80%-ға қамтамасыз етеді. Қазақстан құс етінің 21%-ын, алманың 42%-ын, қанттың 55%-ын, сүттің 500 мың тоннасын сырттан тасиды.
Республика өзін 62% балықпен, 58% ірімшік және сүзбе, 61% шұжықпен қамтамасыз етеді. 2019 жылы 18,7 млн адамға шаққандағы негізгі азық-түлік өндірісі 38,9 млн тоннаны құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 16,8 млн тонна, көкөністер, бақша және тамыр жемістілер – 11,2 млн тонна; сүт – 5,9 млн тонна, ет – 1,1 млн тонна, бұршақ дақылдары – 196 мың тонна, балық – 45,4 мың тонна, жаңғақтар – 3,8 мың тонна. Бір адамды қамтамасыз ету көрсеткіші жылына 1,9 тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш әлемдік көрсеткіштен 2,2 есе жоғары. Алайда осы көрсеткіштерге қарамастан, COVID-19 салдарынан орын алған ұзақ карантин Қазақстанның азық-түлік нарығының импорттық өнімге қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, Қазақстанға импорт жеткізілуі үзілген жағдайда елдің барлық аймағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өндірісті ұлғайту және дамыту қажеттігі айқын көрінді.
Пікірталас платформасында БҰҰ Қазақстандағы байланыс және серіктестік жөніндегі азық-түліктік және ауыл шаруашылығы ұйымдары кеңсесінің басшысы Қайрат Нәжмиденов елімізде БҰҰ жүзеге асырып жатқан жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, негізгі міндет – орнықты даму мақсаттары арқылы ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығына қол жеткізу. БҰҰ азық-түліктік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының бағалауынша, алдағы уақытта әлемде азық-түліктің 30%-ға дейінгі бөлігі жоғалады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы Айхан Сұлтан қазіргі уақыта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесетін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға арналған жаңа бағдарламасын әзірлеу жүріп жатқанын атады. Министрлік ауылшаруашылық субъектілері арасындағы кооперация қағидаты арқылы ауыл шаруашылығының дамуын ынталандыруды жоспарлап отыр.
Стратегиялық әзірлемелер және тұрақты даму орталығының директоры Бақытгүл Хамбар Қазақстанда орнықты даму мақсаттарын іске асыру тәсілдеріне тоқталды. Ол түрлі министрліктердің жанында құрылатын және белгілі бір орнықты даму мақсатының жүзеге асуын реттейтін жұмыс топтары туралы сөз қозғады. Қазақстанда қала мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы арасында 2,7 есе алшақтық бар екенін атап өтті.
Пікірталас платформасында әлеуетті компаниялардың өкілдеріне де сөз берілді. Мысалы, Қазақстан мен Қырғызстандағы «Coca-Cola» халықаралық компаниясының үкіметтік және қоғамдық байланыстар жөніндегі менеджері Александра Аккирман «Coca-Cola белестері» жобасына тоқталды. Осы жоба арқылы әйелдер жыл сайын, әсіресе ауыл шаруашылығы секторында шағын бизнес ашуға гранттар алады. Жоба жұмыс істеген 8 жыл ішінде 30 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер әйел кәсіпкерліктің базалық дағдылары бойынша оқып, өз кәсіптерін құруға қабілетін арттырған көрінеді. Жоба шеңберінде 100-ден астам жұмыс орнын ашқан 60-тан астам шағын бизнеске микро-гранттар арқылы қолдау көрсетілді және осы жылы тағы 20 бастамашы кәсіпкер грантқа ие болып, өз ісін бастайды. Әйелдер ашқан шағын кәсіпорындардың 60%-дан астамы ауыл шаруашылығының түрлі саласында – құс шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндіруден бастап омарта шаруашылығы мен шай шығаруға дейін жұмыс істейді.
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының «Нұр» шаруа қожалығының басшысы, «Кедейлікті жою» 1 ОДМ көшбасшысы Светлана Маутееваның баяндамасы ірімшік, сүт және ет өндірісін қоса алғанда, жеке ауыл шаруашылығы өнімін өндіру тәжірибесіне арналды. С.Маутеева 200 жұмыс орны бар шаруа қожалығын ашты.
Кезегімен сөз алған «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушысы Әсел Ахметова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы фермерлік жобаның тәжірибесімен таныстырды. Компания аталған жобаны 2011 жылдан бері қаржыландырып келеді. Жоба шеңберінде көкөніс шаруашылығында ғылыми және инновациялық тәсілдер енгізілуде, оның арасында зиянкестер санының табиғи реттегіші ретінде пайдалы жәндіктерді пайдалану, сондай-ақ жылыжайларда тек органикалық тыңайтқыштарды қолдану тәсілдері бар. Жоба арқылы 150-ге жуық адам маусымдық кезеңде егістікте жұмыс істейді, жылына 180 шаруа кеңес алады, ал жылыжайларда өндірілетін дақыл көлемі 25 есе ұлғайды. Соңғы 5 жылда 4 365 ауыл тұрғыны оқып шыққан. Шелек шаруаларының моделін Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда пайдалану жоспарланып отыр.
Ендігі жерде «ОДМ және бизнес» онлайн-алаңы ай сайын жұмыс істейді және Zoom-конференциялар форматында өтеді. Талқылауға арналған тақырыптар журналистермен бірге таңдалады. Әрбір кездесуде БАҚ өкілдері сұрақ қойып қана қоймай, спикер ретінде сөз сөйлеуге, талқыланатын мәселелердің қандай да бір қырлары туралы айтуға, сондай-ақ келесі кездесу үшін тақырыптарды таңдауға қатысуға мүмкіндік алмақ.
АЛМАТЫ