Руханият • 02 Қараша, 2020

Қазақ айтысының «Дәридайы»

1581 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Айтыс – қазақтың қанында бар қасиетті өнер. Бұл өнер түрін сонымен қатар синкретті сала деп саралаған жөн. Тапқырлық та, өрнекті өлең де, әуезді ән мен мың құбылған мақам да айтыстың бір бойынан табылады.

Қазақ айтысының «Дәридайы»

 

Ал енді сол сан тарау сөз сайысын сахнада домбырасыз елестетіп көріңізші?! Біз елестете алмаймыз. Бірақ бұл сұраққа сонау сексенінші жылдардың сері буыны ойланбас­тан «елестете аламыз!» деп жауап берер еді. Олай дейтін себептері айтыс аламанына домбырасыз түсіп, қарсыласын «Уай, дәридай, дәри­дай» деп отырып-ақ дедектетіп сала­тын ақтаңгер ақын – Мұқаш Сейт­қазиновты ол буын жақсы таниды. Атағы аспандап, дүйім жұрт «Дәри­дай» деп білетін ақынның таны­мал­дығы сонша, сол кезде оның есімі Мұқаш екенін, азан шақырып қой­ған аты Мұқанбетқали екенін де көб­ісі біле бермепті. Бұл, әрине өнер өкіл­дерінің кез келгеніне бұйыра бермес бақыт деуге болады.

Жалпы, Ұлытаудың қасиетті топы­­­рағынан қанат қаққан, тасқыны тау қопарар талантымен талайды там­сандырған айтыстың нағыз ақтаң­гері туралы сөз бастау оңай емес. Десек те, аз ғана сөзіміздің ішінде осынау ақын туралы ең қажетті ақпарат­тарды барынша қамтып кеткіміз келеді.

Сөздерінің салмағы қорғасындай ауыр болатыны сол шығар, Мұқаш ақынның кіндік қаны тамған киелі топырақ – бұрынғы Жезқазған облысына қарасты Қорғасын деген ауыл. Бұл ауылды көбісі Шеңбер деп те атайды. Киелі мекен сонау Ұлытау мен Торғайдың шектесетін тұсындағы шеткері қонысқа жатады. Қазақтың қай қиыры болсын құтты аймақ қой. Дегенмен Қорғасын ауылының қасиеті Мұқаш ақынға ерекше шабыт беріпті.

Шалғайда тудым екен деп шалағай өлең жазар Дәридай емес. Шеңберде туса да, шеңберге сыймайтын ойлар­дың иесі Мұқаш ақын айтыс десе арқаланып, өлеңге өз өрнегімен еркін келген нағыз дегдар. Кейіпкеріміз асау арынымен елді өзіне бірден қаратады. Мұқаш Сейітхазиновтың есімі Сыр бойынан Манап Көкенов, Көкшетаудан Көкен Шәкеев, Сырда туып, Сәтбаевта өскен Шынболат Ділдәбаев тәрізді ақындардан соң іле-шала шығады. Додаға домбырасыз да түсе беретін дарынымыздың алғашқы ай­тысы туралы, ақын Айтақын Бұл­ғақовпен болған атақты сөз сайысы төңірегіндегі әдемі естеліктерді белг­ілі журналист, ақынның замандасы Айтбай Сәулебек тамаша жазады. «1990 жылы бір қызық болды. Алматылық Айтуған Шәйімов деген мықты айтыскер Айтақын Бұлғақовпен сайысуға тиіс-ті. Белгісіз себептермен Айтуған айтыстан шеттетілді. Әлгіні естіген Мұқаштың басына бір ой сап ете қалмасы бар ма? «Мен Айтақынмен айтысамын» деп Жүрсін ағасына жетіп барды. «Отқа түсіп не қыласың? Айтақын­ның аруағы басым» деп тоқтау айтты жерлесі. Бірақ Мұқаш қыңқылдап қоймады. «Жарайды, – деді бір кезде Жүрсін, – бірақ, Ұлытауды ұятқа қалдырып жүрме».

 Бұлғақов нағыз ақын екен. Өзінің жеңілгендігін мойындап, Мұқаштың қолын алды. Қолына домбырасын қыса ұстап тұрып:

– Мен елді өлеңіммен көрікті етем,

Осындай өлең сөзден желіп кетем.

Келесі кездескенше үйренерсің,

Мен саған домбырамды беріп кетем, –

деді де үкілі домбырасын сыйға тартты. Өкініштісі сол, Мұқаш сол домбыраны бәрібір үйрене алмады», дейді А.Сәулебек.

Бұл айтыс Алматы қаласында Наурыз-думанға арналған xалықара­лық ақындар айтысы екен. Аламанға 70 ақын қатысып, Мұқаш ақын жүлделі үшінші орынды жеңіп алыпты. Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман үлкен додаға тұңғыш рет қатысып тұрған, ешкім танымайтын жас жүйрікті сонда: «Ұлытаудан – Тайжаннан кейін айтысқа шығып тұрған ақын», деп таныстырса керек. Осы айтыстан кейін Мұқаш Сейт­қазинов ел арасында «Дәридәй» ақын атала бастапты... Жалпы, Сейт­қазинов ұзын саны 60-қа жуық республикалық және xалықаралық айтыста өнер көрсетіпті.

1

Домбыра шерте алмайтындығы «Дәридайға» қазіргі тілмен айтқанда, керемет пиар болады. Домбырасыз дүлдүлдің дауысы алыстарға осылай шарықтаса керек. Жалпы, додаға домбырасыз түсетін ақын дегенге қу тақтайды қолына мүлдем ұстамады деген сөз емес. Мына бір ескі суреттен көріп отырғанымыздай, ақынның қолында қарағай қара домбыра бар. Алайда оны ақын тартып жарытпайды, тек қағып-қағып жіберіп ар жағын «дәридайлата» салады екен. Фото 1995 жылы түсіріліпті. Ақынмен сахнада сөз сайыстырып отырған қазақтың аяулы ақын, сазгер қызы – Елена Әбдіхалықова. Білетіндер, бұл айтыста да Мұқаш ақынның жұлдызы жанып жеңіске жеткен деседі.

Жоғарыда да айтып кеткеніміз­дей, ақынның атағы мен аңызы қоса аспандапты. Мұқаң туралы көптеген әңгіменің бірін осы жерде айта кетуімізге болады. Бірде сол кездегі Мәдениет министрі «Домбыра тартпайтындар айтысқа қатыспасын!» деп жарлық шашыпты-мыс. Кейіннен сол министрді Ұлытауда кезіктіріп қалған Мұқаш ақын іркілместен: «Қара өлеңге баруға Қадыр ағамыздан қорқамыз, Айтысқа баруға сізден қорқамыз» деп қойып қалыпты. Әлгі жерде Қадыр Мырза Әлі ағасы да тұрыпты. Министр қатты сасса керек. Айтқан сөзін журналистерге жауып зорға құтылыпты.

Бұдан біз Дәридай ақынның бойындағы нағыз ақынға тән найзағай мінезді аңғарамыз. Әйтпесе министр көрсе, мініс атындай басын шұлғи беретін ақындар бұндай сөзді өмірі айта алмас еді. Шайырдың шатақтау шаруалары туралы әңгімелер әлі де көп. «Мына заман қай заман?» деген толғауы үшін ауылдың әкімі қызметінен де қуылған кездері болыпты. Бірақ қайда жүрсе де өлеңге берген сертіне адал азаматтық ұстанымынан еш тайқымаған.

Мұқаш Сейітқазиновтың тағы бір ерекшелігі бұл өнерпаз – айтыс пен поэзияны алаламайтын ақын. Қайта Дәридай деген атты айтыста жүріп иеленсе де, поэзияға көбірек қалам алады. Әлі де қолынан қаламы түспеген ақын түйіні шешілмей, қоғамда қордаланып қалған күрделі мәселелерге үнемі үн қосып келеді. Күйінішін де, сүйінішін де қара қаламынан төгілген көк сиясына ақтаратын ақжүрек ақынды Серік Ақсұңқарұлы ағасы да ерекше жақсы көреді. «Айтыстың алақұйыны» деп еркелетіп: «Айтыс ел-жұрттың мұң-зарын айтып, Алашына ақжолтай болып тұрған кезеңде Ұлытаудан «дәри­дайлап» Мұқаштың сахнаға шығуы ұлттық руханияттағы өзінше бір оқиға болып еді», дейді. Тағы бірде Дәридай ақынның поэзияға деген адалдығын аңғарған Ақсұңқарұлы көкесі:

 «Ұлытауда Ұлар жүр көзге түспей,

Сол Ұлардың қасында бір ақын жүр», деп шайыр образын шынайы суреттейді.

Мұқаңның ауыз толтырып айтар бар атағы – Ұлытау ауданының Құрметті азаматы деген атақ. Оның өзін бертінде иеленіпті. Осыншама абы­ройы бар шайырыңызды ел әлі күнге дейін Еңбек сіңірген қай­рат­кер деп емес, еңбек пәнінің мұға­лімі деп таниды. Мәдениеттің маңайын­дағылар қозғала қоймаған соң, меценат Бекзат Алтынбеков биыл «Тұлға – 2020» сыйлығын тапсырыпты. Сол сыйлық басқа марапаттарға жолбасшы болсын дейміз, қайтеміз?

Бұған ең алдымен Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласы жақтағы сең қозғалуы керек шығар. Шынболат ақын Жезқазған өңірінің бас ақыны деп баға беріп кеткен шайырды шең­берден шығармайтындай не күн туды деп ойлаймыз? Егер ақын дер кезінде елеп-ескеріліп жатса мынандай шумақтар тумас еді-ау:

Ақын жүрмес жарылыссыз,

 дүмпусіз,

Дәридәйға дау айтарсыз

мүмкін сіз?

Алпыс жасқа келгенімде ауданым,

Теріс қарап жатып алған

үн-түнсіз...

 

Жырым мәнсіз, қашан да

 Ұлытауымсыз,

Әнім әлсіз Алтын бесік – ауылсыз.

Кеше ауылым жыр кешімді өткізді,

Ал ауданның жақсылары

тағы үнсіз.

 

...Ел емес пе ек өнерімен еңселі,

Айтыс соның бөлінбес бір бөлшегі.

Сейтқазының Мұқашы емес мені

 елім –

Ұлытаудың Дәридәйі деуші еді.

Шын мәнінде кейінгі буын Дәри­дайды жайлап ұмыта бастағандай. Оған әлбетте жас ұрпақтың еш кінәсі жоқ.

Егер біз айтып отырған бірегей ақын­ның кітабы мемлекеттік тап­сырыс­пен уақытында шығып, одан үлкені бар, кішісі бар, жапатармағай алып жатқан сыйлық, марапаттар бұл ақынға да бөгетсіз бұйырып жатса, біздің кейіпкер осыншалық тасада қалмас еді.

Дәридайдың осы күнге дейін мақтанып айтар марапаты жоқ деген сізге де, бізге де сын сияқты. Жалпы, бұл мәселеге Мәдениет және спорт ми­нистрлігі бейжай қарамағаны дұрыс.

Жә, сыйлы адамға сыйлықтан да жоғары марапат ол – халықтың ыстық ықыласы мен соңынан ерген сойлары сұрапыл шәкірттері шығар. Мұқаңнан тікелей тәлім алмаса да қазіргі айтыс аламандағы кіл жүйріктердің көбі өздерін осы аға буынға рухани шәкірт санайды. Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Қалиолла: «Мұқаш ағамыздың өлеңдері домбыра тарта алатын біразымыздан сауатты ғой» десе, жас жүйрік Мейірбек Сұлтахан: «Ағамыз саздан тосылса да сөзден тосыл­майтын талант. Біз секілді бір ойды отыз қатарға шұбыртпай-ақ төрт қатар қара өлеңге қанша ойды сыйдыра салады», деп талантты ағаларына лайық тамаша лебіздерін аямайды.

Шәкірттерінен бөлек өнерін жал­ғастырар лайықты ізбасары бар ақын­ның аты ешқашан ұмытылмайды. Мұқаш ақынның кенже ұлы Мұқағали Сейітқазы да өлең өлкесінен алыс қонбаған азамат. Әкесінің ізімен ол да айтыс аламанына ат ерттеп, қара өлеңге өз қолтаңбасын қалдыруға талаптанып келеді.

Тырнақалды жыр жинағын шыға­рып үлгерген Мұқағали да әкесі секілді өзі туған атамекенде қызмет істеп жатқанын осы жерде ерекше айта кетуіміз керек. Туған жерге ту тігудің нағыз үлгісі осы – әке мен бала. Белгілі эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазып жүрген Мұқағалидан әкесі үлкен үміт күтеді.

Айтпақшы, Мұқаңның сөз өнеріне адалдығын тағы мынадан көруге болады. Біз айтып отырған ұлының есімін мұзарт Мұқағалидың құрметіне қойса, немересінің есімін Маралтай деп атағанын естіп мағмұрландық. Сол асау мінез арқалы ақындардың жолын Мұқаш ақынның ізбасарларына берсін деп тіледік.

Өлең өлкесіне тіккен туын үнемі биікте желбіретіп келе жатқан Дәридай ақынға ұзақ ғұмыр тілейміз. Өзі шықпаған биіктерге ақын перзенттері қол жеткізіп жатса еңбектің ақталғаны сол емес пе?!