Таным • 02 Қараша, 2020

Әлем түркологиясындағы алып шынар

374 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Шығыс – мажарлар үшін қасиетті тарихи-мәдени ұғым. Себебі ежелден әмбеге аян. Құрлықтық Еуразияның шығысынан баяу жылжи отырып, Ұлы даланың батыс шебіне – Карпат қойнауына қоныс тепкен, сөйтіп Еуропада мемлекеттілігін құрып, адамзат көшінде өзіндік орнымен ерекшеленген мажарлар Шығысты қастерлейді, құрметтейді. Сондықтан да Шығыстану ғылымының сан саласы Мажарстанда ұлттық сипаттағы ғылыми пән ретінде ертеден жолға қойылған. 1926 жылы Бакуде ұйымдастырылған (бүкілодақтық деп келген, шынтуайтында халықаралық), келелі түркология конференциясында неміс ғалымы Теодор Мензел Мажарстан түркологиясын «Hockburg der Turkologie –түркітанудың қамалы» деп бағалауы бекер емес.

Әлем түркологиясындағы алып шынар

Шығыс тілдері мен тарихын, мәдениетін зерттеудің бай дәстүрі бар Мажарстанда түркі тілдерін оқытудың үш ғасырлық тарихы бар. Әлемде алғаш рет 1867 жылы Будапешт университетінде түр­кология кафедрасы, 1897 жылы Коложвар (Трансиль­ванияда) уни­верситетінде алтаистика және компоравистика кафедрасы құрылған. Осындай дәлелді уәждер өте көп. Әлемдік түркологияның берік қа­ма­лына айналған мажарстандық мек­тептің ең көрнекті өкілі, тегі құман-қыпшақ Немет Дьюланың туға­нына 130 жыл толуы кеңінен аталып өтуде.

ХІХ ғасырдың орта шенінен ­бастап әлемде белең алған тап­тау­рын тұжырым мен пайымдар­ды қайта қарастыруға деген құл­шыныстан ғылымда «ка­бинет­тіктен» гөрі, зерттеу нысанына барып тікелей мәлімет жинай оты­рып, шендестіре зерттеу бағыты орны­ға бастады. Осы тұс­та мажарлар­дың арасынан сан он­даған мамандар шығысқа – Азия­ның түкпір-түкпіріне ғылы­ми миссиямен аттанды. Олар­дың бәрі туралы сөз қозғау мүмкін ­емес, тек Көрөчи Чома мен Вамбери Арминді атасақ жеткілікті. 1848 жылғы халық­тар көктемі лебімен рухтанған мажарлар ұлттық жаң­ғыруға етене мән бере отырып, дербес­телу саяса­тын қарқынды қолға алды. Ең бірін­ші мәселе – мажар тілі қандай тілге туыс, нендей топ­қа жататындығы, халықтың тегі мен болмысы туралы сауал көп­ті толғандырды. Бұл саладағы «май­дан» түркі мен фин-угор бағы­тының арасында жү­ріл­ді.

Осы тұста Мажарстанда  мажар тілін жаң­ғырту, білімге құштарлық куль­ті ерекше еді, экономикасы да қа­рыштай түскен кез. Осындай мамы­ражай тұста дүниеге келген Немет Дьюланың пешенесіне ел өмі­ріндегі аса маңызды салада дендеп еңбектену бұйырыпты.

1890 жылдың 2 қарашасында шағын кәсіпкердің отбасында дүниеге келген Дьюланы екі аға­сының жолымен орта мектепті бі­тірген соң қолғабыс болып, отба­сы­лық кәсіпті (тігін ательесін) дөң­ге­летеді деп күткен еді. Бірақ мектепке бармай тұрып-ақ оқып-жазып үйренген әлжуаз, бірақ тумысынан зерек, зерделі бала ғылым жолын таңдады. Оған отбасының қаржылық жағдайы қолдау болды. Гимназияда досы Дьөрфи Ишт­ван (мажар этнографиясының көр­нек­­ті тұлғасы, Карцагтағы Құмания ­мұ­ражайы оның есімімен атала­ды) оны түрік тілімен шұғылда­ну­ға үгіттейді. Осман түрік тілін екі жыл үйренген гимназист Немет шығыспен етене жақын танысу үшін 16 жасында Ыстанбұлды, келесі жылында Айдын, Ізмір (Смир­на) қалаларын аралайды. Бұл са­пар­ларда үйрену, ел-жермен таны­суы өз алдына, сабақ беріп, тіл үйретіп қаржы айыруға мүмкін­­ді­гі болған екен. Мұндай іздену сапары түркіге қоса, орыс тілін үйрену мақсатында 1909 жылы Қырымда жалғасады, ол жақтан ғылыми әде­биеттерді арқалап келеді. Сөй­тіп Будапешт университетіне еш кедергісіз оқуға қабылданған Не­мет Дьюланың ғылыми дайын­ды­ғы мен тәжірибесін ескерген ға­лымдар 1-курсын бітіре сала оны Кавказдағы түркілерді зерттеу­ге жібереді. Халықаралық Азиятану қауымдастығының мажарстан­­дық комитеті стипендиясына ие бол­ған жиырма жасар жігіт ірі олжа­мен оралған: жинақталған материалдары арасында Иырчы Қазақ, Ма­гомед Эфенди Османоглы­дан бас­тап құмық, малқар ауыз әдебиеті мен тіл тарихына қатысты мәліметтерді жариялайды, 4 тілді сөздік дайындайды. Ол үшін атал­ған тілдерінің табиғатына үйлескен әліп­биді өзі құрастырған (!). Атал­ған ұйым 1913 жылы Неметті Өфе өңіріндегі чуваштарды зерт­теуге аттандырады.

Немет 17 жасында хабарла­­ма мақала, ал жиырмасында тыр­­нақ­алды ғылыми мақаласын жа­­рия­­лаған. Ғылыми ұстанымды этимолог, алтаист, фонетик Гом­боц Зол­тан мен фин-угорист, этно­граф Мун­качи Бернаттан үйрен­ген­дігін жазған. 1911-1914 жыл­дары Лейпциг, Киль, Берлин уни­вер­ситеттерінде Ганс Штумме мен Георг Иакоб секілді про­фес­сорлардан дә­ріс алды. Мұ­нан кейін 2-3 жыл бойы білігін шың­дауға бел буған зерт­теуші Гер­мания, Франция, Ресей, Польша, Чехия, Бұлғария кі­тапханаларында жұ­мыс жасайды.

Зерттеу нәтижелерін мажарша және шет тілдерде үзбей жариялап отырған Немет 1916-1917 жылы түрік тілінің грамматикасы, тілдескіш, сөздік қатарлы бірнеше еңбегін неміс тілінде жарыққа шығарады. Бұл осман түрік грамматикасы Не­мет үшін алғашқы ірі баспалдақ қана емес, оның өміріне үлкен бет­бұрыс әкелген, Ататүрікпен ара­дағы байланысқа арқау болған еді.

1916 жылы Немет Дьюла Буда­пешт уни­верситетінің түркология кафедрасына ерекше құқықтағы ұс­таздыққа шақырылады. Білігі ке­мелдене бастаған Неметке бұ­йыртқан бұл мүмкіндік оның ғы­лыми мұратының өз ырғағымен жү­зеге асуына қолайлылық тудырды. Сөйтіп ол Мажар шығыстануының дамуына оңды бетбұрыс әкеліп қана қойған жоқ, мажарлардың көне тарихы, тілі мен мәдениетінің тың серпінмен дамуына, сол арқы­лы әлемдік түркологияға тың леп ашты деуге болады.

Немет шығармашылығы алтаистикадан басталғанымен (тіпті мажар тіліндегі моңғол кірме сөздері туралы мақала да жариялаған) тарихи лингвистикаға қарай ойысты. 

Неметтің ғылыми миссиясы­­ның басты нысаны – Хонфоглалаш, яғ­ни мажарлардың Отанға (Еуропа­ға) қоныстану мәселесі, дәлірек айт­сақ, Карпат қойнауына қоныс­­та­ну үрдісінің алғышарттары, тарихы, этнос ретінде қалыптасу мәселесі болды. Бұл мәселені саралауда мажарлардан бұрын тарихи сүрлеуді салып өткен, көне хроникаларда мажарлардың бабалары ретінде қарастырылатын (ал мажарларды – түркі деп таңбалайды жылнамаларда!) Аттила ғұндарынан бастап, Арпад патшаның мажарларының қалыптасуы, тілі, мәдениетінің өзге жұрттармен тарихи байланысын ғылыми тұрғыдан анықтауды мақсат етіп қояды.

Мажар тарихы мен мәдение­ті­нің терең қойнауына дендеп бой­­лау үшін Немет тарихи лин­­г-­­
вис­­тиканың, әсіресе эти­моло­гия мен ономастиканың мүм­кін­­­ді­гіне сүйеніп қана қойған жоқ, оны әдістемелік және маз­мұн­­­дық тұрғыдан байытты. Өмі­­рі­нің елеулі бөлігін ар­наған «A honfoglaló magyarság kialakulása» – Отан­ға қоныстанушы мажарлар­дың қалыптасуы» атты монографиясын 1930 жылы жарыққа шығар­ды. Онан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі де құндылығы мен кон­цептуалды арқауын жоғалтпа­ған еңбектің ғылыми, практика­лық маңыздылығы кеміген жоқ. Еңбектің алғысөзінде автор былай деп толғайды: «Мажарлар­ Ор­талық Еуропалық қауым­дас­тыққа қосылардан бұрын шама­мен мың жылдай (!) уақыт бойы түркі жұрттарымен бірге (együtt!) өмір сүрді. Бұл бірге өмір сүрген кезең тарихы, оның жағ­­дайына (обстоятельство) қа­тыс­ты тари­хи дереккөздерде сөз бол­­маған. Дегенмен, түркі халық­та­рына қатысты тарихи деректер, этно­графиялық сипаттамалар мен тілдік мәліметтерге сүйене оты­рып, сақталып қалған ортақ атаулар мен олардың түйінін шешу арқылы мажарлар өзіміздің байырғы кел­бетіміз туралы «картинаны» тірілте аламыз».

Бұл – Немет Дьюланың таға­ны, қағидаты болды. Бұл жолда ғалым түркілердегі есім бе­ру, атау жүйесіне қатысты мәселе­лерді зерттей отырып, оны клас­си­калық ономастиканың жаңа әдіс­­темелерімен толықтыра, түр­кологиядағы білігімен ұштасты­ра са­ралады. Нәтижесінде соны қоры­тындыға қол жеткізді. Шы­ғыс Еуропадағы түркілердің тарихы­ның ғұндардан бастап, мажарларға дейінгі кезеңін саралау барысында ортаға бұлғар-түріктерді «қойды». Алтаистикадағы ламбдаизм, ротацизм сияқты тарихи фонологиялық құбылыстардан туындайтын тар­тыстарды сәтті талдай отырып, Густав Рамстед сынды түркологтардың пікірінің орынсыз екенін сынады. Рамстедтің түркілердің атажұрты Қиыр Шы­ғыста Хянган жоталарына қарай, шалғайда деген уәжінің қисынсыз екенін дәлелдеген Немет түркінің отаны Ертіс бойында, Батыс Сі­бірдің оңтүстігінде тохарлар мен көне иран ықпалы жеткен тұста деген көзқарасты ұсынды.

Түркі мен орал тілдеріндегі ор­тақ жалғау, жұрнақтар әрі сингормонизм құбылысынан басқа син­таксис пен грамматикалық ­ұқ­­сас­тықтарға ден қойды. Сөй­тіп чу­ваш пен сақа (якут) тілі ор­тақ түркі тіннен ерте алшақтап шық­қанын дәлелдеді, орал және түркі тілдерінің аражігін, типологиясын ажыратуға атсалысты. «Бұлғар» эт­нонимінің мәні – аралас, қосылыс, түзіліс дегенге саятынын, оның себебі Аттила патша өлімінен ке­йін Паннониядан Кавказдың теріс­кейіне қарай шегінген ғұндар 465 жылдар шамасында сол аймаққа қарай ойысқан оногурлармен араласудан туған деген байламға келді. Осылайша бұлғарлар чувашқа тән тілдік ерекшелікке («р» дыбысы) қоса, Аттила культін ала келді. Кейін аталған сипаттар түркі-бұл­ғарлардан қоңсы мажарларға қа­рай ауысты дейді. Тарихи және тіл­дік деректерде сақталған бұл ке­зеңге тән оногур, савир, түрк эт­ностық атауларының мәнін аш­ты. Мұндағы оногур – унгар, хун­гар, венгр аталған мажар, ал грек, араб деректері түрк деп атауы да мажарлар, тіпті Константин Пер­фирогенитос (Багрянородный) жыл­­намасында саварто асфолой, яғни савир деген атпен мажар­лар­ды атаған. Демек, Теріскей Кав­каз бен Қазар (Каспий) аумағын­да­ғы тарихи-этностық болмыс ма­жар­ларға қатысты өрбиді.

Монографиясында Немет мажар этносының құрылымына түр­­кілік сипаты тән екендігін ай­та отырып, оны құрушы 7 тай­па­ның атауын былай деп түсін­ді­­реді: оның екеуі угор текті: бі­рісі – Ниек мағынасы – жиек, атыз, шет, екіншісі – Медьер, Ма­дьяр угорлардың ортақ атауы медь+ері түркілердегі адамы деген жіктік түрде (түркман сияқты) қалыптасқанын айтады. Ал қалған тайпа атаулары түркілік сипатта: Кабар (қабаруы, ісіну, қарсылық танытушы), Дьармат (шаршамас), Күрт (қар үйіндісі), Тариан (қо­салқы билеуші, жалған бек), Иенө (уәзір, уәли), Кери (орасан, дәу) Кеси (бөлік, үзік) деген мәнін ашып көрсетеді. Ғалымның па­йымдауынша, мұндағы Ниек – қорғаушы, Медьер – жетекші (ноқ­та аға), Күртдиармат – екі тайпадан тұратын, ал Тариан мен Иенө мажарларға ертеден қосылған, Кері мен Кеси кештеу келіп қосылған тайпа деп қорытады. Түркілер өзі­нен әлдеқайда төмен, әлсіз ұйым­дастырылған угорлардың ба­сын қосып ұйыстырған, бірақ ке­йін өздері оларға сіңіп кеткен. Не­меттің пікірінше, башқұрлар түр­кіленген мадиярлар, XII ғасырда шы­ғыстағы туғандарын іздеген мажар саяхатшыларының жолығып, тіл қатысқан бауырлары солар бол­ған.

Ол байырғы түркілердің ота­ны қайда деген мәселеге, жоғарыда айтып өткеніміздей, лингвис­ти­ка арқылы жауап іздеді. Атти­ла­ның ғұндары Азиядағы қытай жыл­намаларындағы хунну, сүнну (сюнну) аталған Азия ғұндарымен байланысы қандай, жылнамалар мен аңыздарда мажарлар ғұндардың ұрпақтары деуі қаншалықты се­німді деген сауалдар алаңдатты. Не­мет осы мәселеде төрт бірдей әріп­тесімен Лигети Лайош, Ваци Пе­тер, Феттич Нандор және Экхард Шандорлармен бірлесе отырып, 1940 жылы шыққан «Attila és Hunjai» (Ат­тила және оның ғұн­дары) атты кө­лемде коллектив­тік монография­сында жауап беруге тырысты. Қо­ры­тындысы мына­дай: Еуропа ғұндарының тілі бұл­ғар-түркіге жа­қын деген гипотеза ұсынды. Аттила ғұндарының билеушілері ғана ғұндар, ал қол астын­дағы жұрты гот, неміс, слав тайпалары болған.

1799 жылы табылған Нойд-Сент-Миклош немесе Аттила қа­зы­насы деп аталған 23 дана алтын ыдыста таңбаланған үлкенді-кішілі жазудың сыры ұзақ уақыт бойы ғылыми полемикаға айналды. Оған қатысты Шебестьен, Надь сын­ды мамандардың зерттеулерін сын тезіне алған Неметке атақты Вил­гельм Томсеннің Буйла ес­керткішінің жазуын саралаған пікірі ой салады. Немет екі бір­дей жалқы есімдегі таңбаны анық­тап, ақыр соңында оның печенек тілінде жазылғанын, оның қып­шақ тіліне жақын тұрғанын, шын­­туай­­тында мажар руникасымен жаз­ылғандығын жаңалық ретінде ұсы­нады.

Немет – ғылыми шығарма­шы­лығында көп мәселемен қатар айналысқан маман. 1921 жылы мажар тіліне түркілерден енген кірме сөздің төркіні туралы ма­қала жариялаған ол мажар мен түр­кілердің байланысы барысын­да алмасқан кірме сөздерді үш кезеңге бөліп қарастырған: біріншісі – мажарлардың Карпатқа қоныстанардан бұрынғы сөздер (бұ­ған чуваш сипатты түркі лексикасы тән); екіншісі – ортаңғы ке­зеңді қыпшақ пен печенек сөздері құрайды; үшіншісі – кейінгі ке­зең немесе Осман түріктерінің отар­шылдығы кезеңінде енген сөздер (үшінші топтағы 6-8 жүз сөзді тал­дамақ болған, оның 30-40-ы әлі де мажар тілінде қолданыста).

Ономастика саласындағы ең­бек­терінде ол мадьяр тари­хын­дағы көптеген тұлғалар мен ру тай­палардың атауын (Кеан, Шалан, Булчу, Хорка, Тетень, Каролду, Шаролту, Айтонь, Бухна) жер-су атауларының түпнегізі (Карцаг, Дебрецен, Колдуш, Өзөн, Маклар, Чепел, Шолиом, Карвай, Көрө) түрік тілінен екендігін, тарихи-этномәдени байланыстың тамыры тереңде әрі тінін үзбей ұзаққа жалғасқандығын ғылыми тұрғыдан тиянақтаған.

Әу баста мажар-түркі байла­ны­­сы­ның жанды тұсы Еділ бұл­ғарлары арқылы жүрілді деген тұжырымында қалған Немет өмі­рінің соңына дейін Бұлғариядағы түріктердің тілін зерттеуді қатар жүргізіп отырды және диалектология мен этнография, ауыз әде­биеті үлгілерін топтастырған іргелі еңбекті шығарды. Өзінің жаны­на жақын тақырыбы башқұрт-мажар ру-тайпаларының атауы, тілдік байланысы тақырыбындағы зерттеулерін жалғастырған.

Неметтің абыройын асқақ­­тат­қан бір жайт – оның жас кезінде жа­рыққа шығарған түрік тілінің грамматикасы еңбегі. Оқиға жаз­­мышы былай болған екен: Ос­ман империясына қызмет еткен не­міс жауынгерлеріне арна­лып дайын­далған Неметтің Tür­kische Grammatik еңбегін Агоп Мар­та­рян (ол кейін түрік тіліне ең­бек сіңір­г­ен ғалымға айналған) есімді оқымыстының қолынан көр­ген түріктер оны жансыз деп күдік­те­ніп, Пашаның алдына апарады. Шынтуайтында, басқаша жайт екен­­дігін түсіндірген.

1917 жылы Шамда болған бұл оқи­­ғаны Кемал паша Түркия Рес­пуб­ликасын жариялаған тұста есіне түсіреді. «Жеңісті енді ғылым са­ла­сында жалғастыру керек» деген Ататүрік жаңа республиканың ал­дындағы бесінші маңызды мәселе ретінде жазу мен тіл реформасын қояды. Ататүрік өзі кірісіп, Вам­бериден бастап Неметке дейінгі ондаған мажар түркологтарының еңбектерімен етене танысады. Әсіресе Неметтің аталған еңбе­гін­дегі түркі сөздерін латын әріп­терімен транскрипциялауы, сөз төр­кінін талдаулары ерекше ой тас­тайды, жазу реформасында арқау еткен бір тірекке айналады. 1928 жылы 1 қарашада қабылданған ла­тын жазуына өту және тілді реформалау шешімінен соң ең әуелі мажар мамандарының қолдауына сүйенеді.

«Неметтің еңбегін етене бой­лаған Ататүрік мажар тілінің да­муының тарихын, оның таза­лы­ғына жете мән беруге, мажар­лар­дың 150 жыл бұрын еңсерген тіл жаңғырту тәжірибесін Түркия прак­тикасында қолдануды, яғни сөй­леу тілі мен жазу тілі арасын­да алшақтық болмауы керек», – деген ұсынысына себепкер болды деп жазды зерттеуші Н.Гүнгөрмеш (бұл Ақаңның – Ах­мет Байтұрсынұлының концеп­туалды тұжырымымен толық үй­леседі). Түрік тілі қоғамы мажар түркологтарымен қоян-қол­тық жұ­мыс атқарды. Тіпті оның ал­ғаш­қы төрағасы Рушен Үнай­дын ІІ соғыс уақытында Буда­пеште ел­ші болды.1936 жылы Долма­бак­­че сарайында өткен Түрік тілі кон­гресінде Неметтің баянда­ма­­сы ерекше қызығушылық ту­дыр­ды. Осындай іргелі істерде Бу­дапешт университетінің түр­ко­логия кафедрасының әле­уеті жұ­мылдырылса, Анкара уни­вер­ситетінде 1935 жылы Хунгарология инс­­титуты құрылады. 1937 жылы Орталық Азия түркілеріне арналған ірі жиынды ұйымдастырған жас ұжым мажар түркологтарының еңбектерін түрік тіліне аудару, насихаттау, шәкірт тәрбиелеу ісінде үлкен жетісікке жеткен. Оған қоса ірі істерде – Түрік этимологиялық сөздігі, Түрік энциклопедиясы сияқты еңбектерді дайындауға мажар түркологтары үлес қосты. Бұл салада Неметтің үлкен ықпалы болғанын мойындау керек.

1923 жылы Мажарстан Ғылым академиясы корреспондент-мүшесі болып қабылданған Немет 1927 жыл­ғы бір ғылыми отырыста «түр­кі жұрттарын зерттеуді мажар-тү­рік тарихи байланысынан іздеуді және оны беріден бастауды қолға ала­тындығын жариялады.

Ол көне, жаңа түрік тілдерін, Осман түрік тілі, этнография, тарихты кешенді түрде оқытуды ұсынды. Немет зерттеуін мадьярлар мен көне және ортағасырлық түркілердің тарихи, мәдени байланыстарына арнады. Шығыс Еуропа аумағындағы руникалық жазу­ларды (әсіресе Нойд-сент Миклош, секей) Орхон, Талас руналарымен салыстыра зерттеп, «құпияларды» ашты. Бұл салада атақты Вилгельм Томсеннің тісі батпаған соны сүрлеуге соқпақ салды.

Атағы мен шығармашылығы жарыса қарқындаған Немет Дью­ла 1928 жылдан «Мажарстан шығыс­тануы» монографиялар сериясын шығаруды қолға алып, небір та­маша ғылыми тиянақталған еңбек­терді халыққа ұсынды. Оның бе­делімен 1930 жылы Түркі филологияс­ы және көнемадияр тарихы институ­ты құрылады. Қызметте де өр­лей­ді: 1932 жылдан Гуманитарлық фа­куль­тет деканы, 1947-1949 жылдары Будапешт университеті ректоры қыз­метін атқарады. Саясат сал­қы­нынан аяғына тұсау салын­ған пәндер қайта оқытылып, Түр­кология, Ішкі азия, синология, Шы­ғыс азия кафедралары қайта құ­рылады. Шығыстану студенттер қауымдастығы да дүниеге келіп, игілікті істерге белсене араласа ­бастайды. Ол студенттердің көбі қазір Мажарстан түркологиясының белді өкілдеріне айналып отыр.

Ғалымның отан алдын­дағы сі­ңірген еңбегін жоғары ба­ғалаған Ма­жарстан үкіметі Не­метті ең жоғары ордендерімен жә­не мемле­кеттік сыйлықпен марапаттады.

Әлемде оннан астам танымал профессор тәрбиелеген ұстаз аз болса, соның бірі – Немет. Немет ең соң­ғы шәкіртінің бірі, жерлесі, туы­сы Мандоки Қоңыр Иштванға қиын қыстау тұста өзі партиялық кепілдеме бере отырып, оның университетке түсуіне себепкер болған, ерекше қолдау көрсеткен.

Мажар елдігі мен болмысын зерттеу саласында іргелі еңбек тындырған Немет Дьюланың мұ­расын отандастары жоғары баға­лайды. Немет салған жол кемел­деніп, дамып құлашын кеңге жаюда. ХХ ғасыр соңындағы жүйе­лердің дағдарысынан кейін тың мүмкіндіктерге жол ашылды. Ма­жар­станда сан салада шығыс ел­дерімен байланысты, көне тарих пен тілдік, мәдени байланысқа қатысты мыңдаған еңбектер жыл сайын жарық көреді. Оған қоса бұрын беймәлім құндылықтар мен жаңалықтармен толығып отырған бұл бағытқа генетика мен антропология, археология мен фольклористика тың серпін беруде. Мажарстандағы «Шығысқа қақпа» мемлекеттік бағдарламасы аясында келелі істер жүзеге асуда. Бүгінде Мажарстан Республикасы Халықаралық Түркі академиясы, Түрік кеңесі, Түрксой, Түркі эконо­микалық ынтымақтастығы, Түрік Парламенттер қауымдастығы сияқ­ты бірқатар түркілік интег­рацияға белсене араласып отыр. Екі жыл сайын Мадияр-Тұран қауымдастығы (жетекшісі Биро Андраш) Мажарстанда ұйым­дас­тыратын ғұн-түркі-мажар халық­тарының Құрылтайы сол бір кез­дері Немет сынды ғұламалар бас­тап кеткен ізгілікті істің нәтижесі, бүгінгі ұрпаққа берер ырыздығы деп бағалауға болады. Дунай бо­йындағы Карпат қойнауындағы бауыр­лардың арғы-бергі тарихы мен Ұлы даламен арадағы байланысын зерттеп-зерделеудегі ғұлама Немет Дьюланың ерен еңбегі мен үлесі өлшеусіз. Сондықтан Неметті түркологиядағы мәуелі шынар демеске лаж жоқ.

 

Хинаят Бабақұмар,

тарих ғылымдарының кандидаты, Мажар-Тұран қауымдастығының қызметкері

 

Будапешт (Мажарстан)