Технология • 02 Қараша, 2020

Instagram-дағы жаңашылдықтар

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта инстаграм желісін қолданушылар арасында күтпеген жаңалық орын алды. Күтпеген деуге де негіз бар. Инстаграм арқылы миллионер атанып жүрген көп блогер мұндай өзгеріс болатынынан үміт үзіп кетіп еді. Бірнеше жылдан бері жаһандық трендтен түспей тұрған «фото галерея» әлемі блогерлердің екінші тынысын ашқандай.

Instagram-дағы жаңашылдықтар

 

Жаңартулардың алғашқы легі 50 000 блогерге қуаныш әкелді деуге болады. Өйткені инстаграм осынша адамға ақылы стикер таратты. Жазылушы саны миллиондаған блогерлер тікелей эфир арқылы ақылы стикерлерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Стикерлердің бағасы 0,99, 1,99 және 4,99 долларды құ­райды. Сатып алғаннан кейін олар тіке­лей эфир чатындағы пайдаланушы аты­ның жанында пайда болады. Олар­дың көмегімен көрермендер тікелей эфир­­дегі адамға қолдау көрсете алады. Бұл ауыз толтырып айтар жаңалық болма­са да, жасөспірімдер мен инстаграм фа­нат­тары үшін қуанышты жаңалыққа ай­нал­ды. Әсіресе танымал блогерлерге жа­зы­лу­шыларының ықыласын білдірер «ойын­шыққа» айналып үлгерді деуге болады.

Ал екінші жаңалықтың біршама маңызды екенін атап өту керек. Енді инс­таграмда чат боттарын құруға болады. Жаңартылған Facebook Messenger API-і батырмалары мен медиа файлдарды пайдаланып Direct-тегі сұраныстарға автоматты түрде жауап беруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ бұл батырмалар корреспонденцияны CRM-ге біріктіруге мүмкіндік береді.

Үшінші жаңарту инстаграмда 15 секундық қысқа видео-жазба қалдыруға құмар жандарға арналыпты. Әрине, оларға ұнай қоймайтын жаңалық болуы мүмкін. Өйткені әдетте лентадан жылтың ете қалатын тұтас жарнамалардың орны енді Stories-Selection-ға ауысты. Бұл – жарнаманың жаңа форматы пайда болды деген сөз. Мұның ерекшелігі де жоқ емес. Бір жарнамада бірден бірнеше өнімді көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда танымал Instant Experience сияқты шаблон негізінде жарнама жасауға болады. Десе де, жаңа формат әлі барлық жарнама берушілерге қолжетімді емес. Құрастырушылар бұл үшін аздаған уақыт керек екенін айтып отыр.