Өнер • 02 Қараша, 2020

«Астана Балет» театрындағы премьералар кеші

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Демалыс күндері «Астана Балет» театрында өткен қос премьера хас өнерге сусап қалған астаналық көрерменнің жан сарайын жадыратқан кеш болды. Екі күн бойы қазіргі заман хореографтары Рикардо Амаранте мен Дэвид Джонатанның жаңа спектакльдері сахналанды.

«Астана Балет» театрындағы премьералар кеші

Кеш шымылдығын Рикардо Амарантенің «Longing» («Құш­тар­лық») бір актілі балеті ашты. Адамдардың қарым-қатынасы жайлы ой толғайтын балеттің әлемдік премьерасы әлімсақтан бері мазалап келе жатқан сұрақ­тардың жауабын заманауи хореография тілінің көмегімен іздеуге талпыныпты.

«Рикардоның стилін біз толық меңгеріп алдық: оның балет­терін қалай билеу керегін ұмыт­қан жоқпыз, сол себепті хо­рео­графияның өзі қиынға соқ­п­ады. Репетиция жыл басында өтіп, көктемде премьерасы өтуі тиіс еді, бірақ карантин жарияланғандықтан, премьера күні шегерілді. Сахнаға қайта оралып, көрерменді көру, оның энергетикасын сезіну ерекше қуаныш сыйлайды. Менің ойымша, осы премьералардан кейін әртістердің бәрі бақытқа бөленген шығар», дейді жетекші солист Фархад Бөриев.

Рикардо Амарантенің айтуынша, бұл қойылымның да көркемдік безендірілуінде минимализм басым. Жарықты ойната отырып, балетмейстер мен жарық дизайнері Роберт Даутов сахнадағы әрекетті тамашалап отыр­ған көрерменді түс көрген­дей әсерде қалдырды.

«Мұндайда сахнадағы әрекет айқын көрінбейді, қара түнек жарқ еткен сәулемен бір сәтке ашы­лады. Осы атмосфераны сах­нада жарық, түтін мен экран арқы­лы беруге тырыстық», дейді хо­рео­граф.

Костюм суретшісінің айтуынша, балеттегі әр бейне кө­мек көрсетіп, жол сілтейтін се­кіл­ді. «Ақ түс – сахнадағы әре­кет­тің түс екенін меңзейді. Мұн­да оған періште бейнесіндегі мін­сіз тұлға елестейді, қара түс шы­найы өмірді білдіреді. Ал үшінші бөлімде әртістер адам тәні түстес киім киіп шығуы, бұл – материалдық әлемнен ада адам жанының аллегориясы. Бұл бөлімде адамдар жандармен кездеседі», дейді Паула Роза Сантана.

«Longing» – Рикардо Ама­рантенің «Астана Балет» театрына арнап қойған оныншы балеті. Осы туындысымен балетмейстер елордалық театрдағы жұмысын тәмамдайды.

Екінші бөлімде көрермен назарына «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті ұсынылды. Астаналық көрермен «Астана Ба­лет» театрының жетекші со­листі Дэвид Джонатанның қоюшы-хореограф ретіндегі ең­бегі­мен алғаш таныс­ты.­ «Маған осыншалықты се­нім артқаны мен үшін зор мәрте­бе. Бұл театрдың әртістері ға­ла­мат. Олар менің стилімді, қимылдарымды жылдам үйренді. Бұған алғысым шексіз, себебі дайындалуға уақытымыз өте аз еді», деп атап өтті хореограф. Абстракциялы балетте хореограф жақын адамыңнан жырақта қалу тақырыбын қозғайды. Қазіргі пандемия мен шекараның жабылған тұсында бұл өте өзекті тақырыпқа айналды. Мұнда біртұтас музыка мен пластика кездесуге асық жандардың ішкі күйінішін суреттейді.