Руханият • 02 Қараша, 2020

Тарихи атауларды анықтауға арналды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмо­ла облысында «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты облыс­тық онлайн (ZOOM платформасында) байқауы өтті, деп ха­бар­лайды ҚазАқпарат облыстың ішкі саясат департаментіне сіл­теме жасап.

Тарихи атауларды анықтауға арналды

Аталмыш шара Ақмола облысында жергілікті атқарушы органдардағы ономастика бөлімдерінің жұмысын күшейту, сала мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіру және дамытуға ынталандыру, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру және күшейту мақсатында ұйымдастырылды.

Байқауға аудандар және Көкшетау, Степногор қалаларының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тілдерді дамыту мәселесіне жауапты мамандар, ауылдық округтердің мамандары қатысты.

Қатысушылар 2015-2020 жылдар ара­лығын­да ономастика саласында атқарылған жұмыстар (жалпы аудандағы атаулар, қайта аталғаны, атау берілгені, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар, т.с.с), түсіндіру жұмыстары, тарихи атауларды анықтау жұмыстары қамтылған, толық талдау жүргізілген 7 минуттық слайд дайындады. «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңынан, ономастика саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерден, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» қойылған сұрақтарға жауап берді.

«Бұл байқау биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Дайындалған слайдтар об­лысы­мыз­да­ғы ономастиканың жай-күйі­нен хабар береді. Жергілікті мамандар да өздерінің білімдерін сынады. Байқау барлығымыз үшін өте пайдалы болды», – деді қазылар алқасының төрағасы, об­лыстық ономас­ти­ка комиссиясының мүше­сі, облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің директоры Қ.Шақшақов.

Байқауға ұсынылған материалдармен танысып, қатысушылардың слайдтары мен жауаптарын талдай келе, қазылар алқасы Көкшетау қаласы Мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің бас маманы Дина Бейсембековаға І орынды, Ақкөл ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгерім Түменбаева мен Целиноград ауданының маманы Ақбота Амангелдиеваға ІІ орынды берді.

Ал Бурабай, Ерейментау аудандары мәдениет және тілдерді дамыту бөлім­де­рінің мамандары Динара Хамзина мен Аяулым Балтабайқызы Қанапияноваға ІІІ орынды беру туралы, Біржан сал, Зе­ренді, Жарқайың аудандарының мамандарын ынталандыру сыйлықтарымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ байқауға қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.