Қоғам • 02 Қараша, 2020

Жарты құртты жарып жеген...

490 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көзі ұшына ілінер қара табылмайтын Қиманың жалпақ даласы үнсіз мүлгіп тұрған. Зират басы құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Әншейінде көмейінен күй төгіліп, бір тынбайтын бозторғайлар да күңірене оқылған құран сүресіне қорғасындай балқып, елжірей елітіп, беріле тыңдап тұрғандай үнсіз қалыпты. Әке зиратынан бір шөкім топырақты айыр мен күректің сабынан сүйелдене, мүйіздей болып қатқан алақанына салып уқалады. Сол сәтте бойына бір жылы ағыс келіп құйылғандай болды. Қазақ топырағы ғой, шіркін деп іштей толғанған. Алыстан арып-ашып келгенде аман алып қалған да, асырап-жеткізген де осы топырақ. Енді міне, бірінің атасы, бірінің әкесі жатыр. Атасы Хатоға топырақ осы жерден бұйырған.

Жарты құртты жарып жеген...

 

Аруаққа иман байлығын тілеген. Ана сүтімен алпыс екі тамырына сіңген өз ті­лін­де емес, жөргегінде жатқанда жұқ­қан қазақ тілінде.

–Тарихты кейін індете іздедік қой, – дейді Руслан Аубакирұлы, – жас кезімде кім керек қылыпты? Бүгінде 87-ге келген әкем бала кезімізде айтып отыратын, қа­зір де айтады. Ел басына күн туған 1944 жылы күштеп қоныс аудартқан ғой. Дәм-тұз осы Қиманың даласынан бұ­йы­рыпты. Атамыз Хато бала-шағасын қа­на­тының астына алып, ес кетіп, жан шы­ғардай болған шақта қайырымды қазақ­тың құшағына күмп ете түскен. Осы Жақсы ауылында тұрдық. Екі отба­сы­ға лайықталған бір үй. Ертеректе сон­дай кеңшар салған үйлер көп болды ғой. Қабиден ағамен бір шаңырақтың ас­тын­­дамыз.

Әуелі кейіпкеріміздің тіліне таң­дан­ған­быз. Қазақ тілінде ұғынықты, көркем сөй­лейді екен. Іштей сүйсінісімізді жазбай аңғарды.

– Әкем менен де жақсы сөйлейді, – деді ол,– өмір бойы қазақ ішінде тұрсақ, қалай сөйлемейміз. Жалғыз тіл ғана емес, мазмұн-мағынасы мол әдемі салт-дәстүрін де бір адамдай мең­­гердік. Меңгеріп қана қоймай, бұл­жыт­пай сақтап келеміз. Әйтпесе, үзең­гі қағыстырып жүрген жора-жолдас үйің­нен омыртқа мүжімедік деп өкпе­лейді. Тіршіліктің қуанышы мен қай­ғы­сын бірге көріп келеміз. Бұл қазақтың қалжыңы керемет. Менің бір айтатын сөзім бар, «құрдастың қалжыңы кісі өлті­реді» деп. Ащылығын, өткірлігін айтып жатқаным ғой. Елуге толғанда құр­бы-құрдас қажасын-ай келіп. Қой сойып, қо­лымды қусырып қарсы аламын, басын мү­жітемін дедім. Олар болса менсінер емес, сиыр соямын дедім, жатып кеп күл­сін бәрі. Ақыры болмаған соң жылқы сойып құтылдым. Өздері отыра қалғанда бірі қыпшақ, бірі арғын болып бөлінеді. Руға бөлінген жақсы емес, әрине, ру түгіл ұлтқа бөлінбеу керек қой деймін мен. Ақыры болмаған соң Есілдің бергі қаба­ғында қалың арғынның ішінде өскен мен арғын болып алдым. Арғын аға баласы ғой, аналарға ағалық ақыл айт­қан­да жақсы, әйтпесе інілікке де жарап тұрмын.

Әкелері Аубакир Зарахов 1961 жылы отбасымен Кавказға көшкен. Жерсініп кетуі әбден мүмкін еді. Қанша дегенмен атажұрт. Он жыл тұрды. Бірақ Қиманың зиратында жерленген әке аруағы еске түсе бергені. Күндіз ойынан, түнде түсінен шықпады. Өкпелейтіндей. Неге туған жеріңнен безіп, мені жалғыз тас­тап кеттіңдер дейтіндей ме, қалай? Таң алдында талмаусырап, сарытап сағы­ныштан өзегі өртеніп жатқанда көз алдында әке бейнесі елес беретін еді. Шыдай алмады. Шыдамаған соң 1971 жылы әкесіне топырақ бұйырған қа­сиетті Қиманың даласына қайтадан қоныс аударған. Артта мәңгілік мұз көм­керген Кавказдың апайтөс шыңдары қайы­рымы мол, шарапаты көп қазақ даласына аттанған Зараховтар әулетін қол бұл­ғап шығарып салған.

Русланның айтуына қарағанда, өз үйлерінде алты бала, көршілері Қабиден ақсақалдың үйінде сегіз бала өрбісе керек. Араларын бір ғана қабырға бөліп тұрғанымен, екі отбасының арасында шектеу болатын шекара жоқ. Бозала таңнан бір шатырдың астындағы он төрт бала елбесіп-селбесіп мектепке аттанады. Өзі Қуанышбекпен бір партада отырса, інісі Ақылбекпен бір партада. Қалған балалар да солай. Мектептен шыққан соң да бір-бірінен қара үзіп кетпеген. Ал кешкілік ел жатарда бұл Қуанышбекті құшақтап, інісі Ақылбекті құшақтап бірде өз үйлерінде, енді бірде көршілерінің үйінде қона салатын. Өне бойы жұптары жазылмай жүргендіктен бір үйдің балаларындай болып кеткен, әлі күнге дейін солай.

– Шын достық балалық кезде болады ғой деймін. Кейін Қимадан Атбасарға көшсек те бір-бірімізге деген сыйластық, ізет қалды, – дейді Руслан Аубакирұлы, – қарбалас тіршіліктен қол тимей жатса, телефон шаламыз. Әйтсе де, жүзбе-жүз көрісіп, сөйлескенге не жетсін?! Целиноград қаласындағы құрылыс инс­титутында оқып жүргенімде Ахмедия Ақпанов, Амангелді Алшынбаевтармен бір бөлмеде тұрдық. Студенттік шақтың думанды кезін бірге өткіздік. Осы күнге дейін қазан-ошағымыз араласып, жұп жазбай келе жатырмыз.

Қазақ даласынан дәм-тұз бұйырған 1944 жылы әкесі Аубакир қабырғасы қатып, буыны бекімеген он жастағы бала екен. Бірден жұмыс істеген. Бір отар қой бағыпты. 13 жасында тылдағы сұрапыл еңбегіне сай медаль алыпты. Еңбегі үшін, қоғам байлығын еселеуге қосқан үлесі үшін. Қазір он жасында қой бағыпты десе, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ бұл запыраны көп заманның ащы шын­дығы. Атасы 41 жасында өмірден өткен. Қайғыдан қайтыпты. Тұлымы жел­біреп Қиманың қызғалдағындай қыл­тиып өсіп келе жатқан қызының өмір­ден өткені жүрекке түскен үлкен сал­мақ болыпты. Көшіп келген соң жер­гілікті жұртпен тонның ішкі бауын­дай араласып кеткен. Ол уақытта ер азаматтың бәрі майдан даласында. Елдегі шаруаға Төлеубай ақсақал екеуі ие болса керек. Ал шаруа шаш етектен еді дейді. Жаңа жұртта тамырын тереңге жіберіп, еңсесін тіктеген соң ел ісіне араласып, шаруаға бас-көз болса керек. Қиын заман, дәм-тұзы таусылып өмірден өткен адамдарды жерлеудің өзі оңай-оспақ іс болмаса керек.

– Сенің атаң қайырымдылығымен тәмам елді тәнті еткен жан, – деп айтып отырады әкесі, – қазақ та қайырымды, жаны жайсаң жұрт.

Жайсаңдығын бұл да көрген. Қабиден ақсақалдың дастарқаны жиылмайтын. Төрде үлкендер, есікке таман балалар отырады. Кейін заман түзелгенде уысына жарты құрт емес, шала туралған жілік, бүтін бауырсақ тиетін болды. Ақсақал өз балаларынан бұрын сыбағаны көршінің балаларына беретін. Қазаққа қонақ риза болса болғаны ғой. Үйдегі балалар азға да қанағат етеді.

Русланның өзінің айтуына қарағанда, ең қызығы айт мерекесі екен. Тәмам бала Қиманың көшесін шаңдатып, айттық сұрар еді. Сол кездегі жұрттың пейілін-ай! Ешкім де қалтасынан қол салмай қайтармайтын. Әжелер құрт-ірімшігін ұсынса, кейбіреулер жарқыраған ақ күміс ұстататын. Ал бақыр берсе, көңіл­дері қоңылтақсып, азсынып та қала­тын. Сөйтсе ырым екен ғой. Мәселе айт­тық­тың аз, не көптігінде емес, ниеттің түзу­лігінде. Ал көрші Қабиден ақсақал баланың нәзік алақанына кетпектей етіп бір сом салар еді. Жалғыз өзіне ғана емес, алты балаға түгел. Бір ба­йып қалатын. Қашан айт мерекесі болар екен, атам қашан айттық берер екен деп тосып жүретін.

Қазақтан көрген жақсылығы таусылмайтын жыр. Бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген бауырмалдық. Әкесінің айтуына қарағанда, жергілікті жұрт­тың да аузынан ақ май ағып отыр­маған. Бірде тоқ, бірде аш заман. Бірақ пейіл кең, ниет түзу. Ингуш деген жұртты бәлкім естіген, бірақ, түстеп тани­­тын, тілдесіп көрген ешкім жоқ. Сөйт­се де кеудесінен кері итермеген, бауы­рына басқан, алға жетектеген.

– Кейде бір қырсық шалып, ойдағың орын­дала қоймағанда, қабақтың түк­сие­ті­ні бар, – дейді Руслан Аубакирұлы, – сондай бір кезеңде түнеріп отырсам, төргі бөлмеден әкем шығады. Аз-кем отырған соң жайымды сұрайды. Мен болсам, дүниені қара су басқандай күйініп, салым суға кетіп отырғанымды айтамын. Сондай сәтте әкем «дастарқаныңа қара» деген жалғыз ауыз сөзін айтады. Ал­ғаш­қы бетте мән бермеппін, кейін ойлап қарасам, «сабыр ет, ұлым, тәубаңа кел» деген сөз екен ғой. Қазақта жаратқан ие берер жақсылығын сабырлыға береді деген ұғым бар. Сабырлының сыбағасы да алысқа ұзап кетпейді.

Өзі әкесі туған жеріне көшіп барғанда, Кавказда дүниеге келген. Балалық шағы қа­зақ даласында өтті. Қазір құрылыс сала­­сында еңбек етеді. Бір кезде атасына пана болған, әкесі өсіп-жетілген, ұрпа­ғын жайған қазақ даласын сәулетті құры­лыс­пен сәндендірсем деген сәулелі ойы бар. Сол ойы оңынан оралғай!

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы