Қоғам • 02 Қараша, 2020

Иесіз жер – халық игілігіне

247 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Агломерация есебінен ұлғайып келе жатқан Алматыдағы бос жатқан жерлерде тұрғындар ортақ игілігін көретін қоғамдық орындар пайда болды. Жуырда Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы Абай даңғылының бойындағы ағаштарды қайта отырғызуға шешім қабылдағанын және дәл осы күндері бұл іске тиісті мекемелер кірісіп те кеткенін жазған едік.

Иесіз жер – халық игілігіне

 

Таяуда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданын аралап, қо­ғамдық кеңістіктердің абат­тандырылу барысымен және инфра­құрылымдық мәселелердің қа­лай шешіліп жатқанымен танысты. Шаһар басшысы иесіз бос жатқан жерлердің орнында пайда болған бірқатар демалыс орындарында болды. «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» аясында «Ақбұлақ», «Шапағат», «Қа­расу» шағын аудандарында скверлер салынды және жөн­дел­ді. Сонымен қатар Мөңке би көшесінде воркаут алаң іске қо­сыл­ды.

Осы жұмыс сапары туралы қала әкімі өзінің Instagram па­рақ­­­шасында «Спорттық және ба­ла­лар аймағы балдырғандарға толы болса, аллеяда ақсақалдар сер­уендеп жүр. Тұрғын үйлердің маңайы қаңырап бос тұрды де­ген­ге сену қиын. Мұндағы тұр­ғын­дармен әңгімелесіп, жаңа қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұс­тау­ға шақырдым», деп жазды.

Сондай-ақ қала әкімі 78 гектар жерге әлеуметтік белсенділер мен эко-белсенділердің күші­мен жыл басында салынған қара­ғай­лы орманды абаттандыру бары­сымен танысты. Жол картасы шеңберінде онда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, суа­ру жүйесі қарастырылған. Жалпы, Алатау ауданында жасыл желектердің аумағы екі есеге жуық көбейеді, жасыл желек­тер саны 355 мыңға жетеді, оның 176 мыңы биыл Jasyl Almaty бағ­дарламасы аясында отыр­ғы­зы­ла­ды.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев жол салу және жөн­деу учаскелерін қарап шығып, «Ұлжан» және «Өжет» шағын аудан­дарында инже­нер­лік же­лі­лер мен сыртқы жарық­тан­ды­ру жүйесін салу барысымен та­ныс­ты.

Осыдан кейін қала басшысы арнайы барған «Бақытты отбасы» аудандық көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау орталығында жыл ішінде жүргізілген өз­ге­­ріс­тер­­дің нәтижелері таныс­ты­рылды. Оның нәтижесі көп­балалы аналардың белсенді өмірге араласуы десек болады. Жыл басынан бері 25 мың әйел «Isker ana» бағдарламасы бойынша не­гіз­гі тренингтер мен курстардан өтті. 537 әйел «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқыды, оның 300-і грант алып, әртүрлі бағытта өз кәсібін ашты.

 

Электрокарларды тіркеу қыз­меті іске қосылды

Сәтімен басталған сәрсенбіде қа­лалық Жасыл экономика бас­қар­масы «Медеу» мен «Шым­бұ­лақ» тау шаңғысы курортына кедергісіз жету үшін тоқпен жүретін көліктерді тіркейтін электронды онлайн сервисті іске қосты. Бұл қызмет кіріп-шығуға мәліметтер базасына енгізу іс-әрекетін жеңілдету үшін жасалған. Бұрын электромо­биль­дер иесінен «Медеу» сая­ба­ғының кеңсесіне келіп, тиісті өтініш жазу талап етілетін, ал бұл қолайсыздық тудырады.

Жаңа қызметте қарапайым форманы толтыру жеткілікті және қарастырғаннан кейін 1 жұ­мыс күні ішінде автокөлік элек­тронды базаға енгізіледі. Ме­деудегі шлагбаум автоматты түрде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін оқып жұмыс істейді. Онлайн-өтінімді басқарманың www.almatyeco.gov.kz ресми сайтында «Электромобильдерді тіркеу» бөлімінде қалдыруға болады.

Бұл арада 2016 жылдан бері қозғалыс жүктемесін және қор­ша­­ған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында осы аумақта тұратын жеке және заңды тұл­ғалар мен қызмет көрсететін қыз­меткерлерден басқа, «Шым­бұ­лақ» трактінің ерекше қор­ға­ла­тын табиғи аймағына автокөлік құралдарының кіруіне шектеу қойылғанын еске сала кету керек. Бірақ электромобиль иелеріне ерек­­­­ше қорғалатын табиғи аумақ­қа шек­теусіз кіруге рұқсат еті­леді.

«Сонымен қатар ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтарда эл­ек­тромобильдер үшін барлық қа­жетті инфрақұрылым бар еке­нін хабарлаймын. «Медеу» табиғи саябағында 4 қуаттандыру стансасы, ал «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында 3 қондырғы бар, оның әрқайсысы 22 кВт-тық Type 2, Mode 3 типті екі портпен жабдықталған», дейді Қоғамдық насихат және жасыл экономика қызметінің басшысы А.Райымбаев.

 

АЛМАТЫ