Қоғам • 02 Қараша, 2020

Азаматтық қоғам қалыптастыруға жасалған қадам

704 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Азаматтық қоғам қалыптастыруға жасалған қадам

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президент осы Жарлыққа орай халыққа жолдаған үндеуінде пар­тия­лық тізімге жастар үшін 30 па­йыздық квота енгізілгенін атап өтті. Бұл – жастарға берілген үл­кен мүмкіндік, мемлекеттік қол­дау.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ізгілікті істердің белортасында жүрген буын өкілдері. Азаматтық көзқарасын ашық ай­тып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жас­тар­дың заң шығарушы мінбе­ден, мемлекеттік маңызы бар шара­лардан төбе көрсетіп, игі істердің басы-қасында болуы өте құптарлық іс. Бұл – азаматтық қо­ғам қалыптастыруға жасалған қадам.

Өскелең ұрпақ еліміздің өр­кен­деуі мен дамуына қосар үлесі ай­рықша. Өйткені болашаққа ұм­тылу, жанқиярлықпен жұмыс істеу, өнімді еңбек ету, т.б. сипат­тар жастарға тән табиғи құбы­лыс­тар. Жас буынның өзіне тән осындай әлеуетін қажетті уақытта, тиісті орынға сарп ету дұрыс ойдан, әділ шешімнен туған бастама дер едік.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутат­та­ры сайлауын тағайындау тура­лы халыққа жолдаған үн­де­уінде: «Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғы қарсаңында еліміз кемел­дене түсіп, дамудың жаңа ке­зеңі­не шығатынымыз анық. Мем­ле­ке­тіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сай­лауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын» деді.

Бірлікке ұмтылған ұлт қашанда игілік пен нығметке бөленеді. Сын­дарлы сәтте халыққа аса қажет, баршаға ортақ құндылық – бір­лік. Расында, Алланың алдында сүйкімді адамдар елді бірлікке шақырғандар, алауыздыққа жол бермегендер. Екі дүниенің бақытына жетелейтін Құран кәрімнің «Ху­жу­рат» сүресінде: «Ей, адамдар! Негі­зінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық әрі сен­дерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің тақуаларың»,  делінген.

Алла тағала халқымыздың ырыс-несібесін молайтып, ауыз­біршілігін арттырғай. Тәуел­сіз­ді­гімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти