«Әліппені» әзірлеуге бағытталған жұмыс тобы қорытындысын шығарды. Осы уақытқа дейін бағдарлама, оқулық жасап жүрген нақты авторлардан құралған бұл топ 20-дан аса отырыс өткізді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша, «Әліппені» оқу бағдарламасына дайындау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстың соңы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізіледі. Бұл үшін министрлік апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізімін бекітті. Осы бекітілген мектептерде «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. Содан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңінен толық өтеді. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. Жалпы, «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланып отыр.
– «Әліппені» оқытудың үш кезеңі қамтылған. Олар – «Әліппеге» дейінгі кезең, «Әліппе» кезеңі, сондай-ақ «Әліппеден» кейінгі кезең. Осының екі кезеңі «Әліппе» оқулығы арқылы іске асырылады. Ал кейінгі кезең мектептерде «Ана тілі» оқулығы бойынша жүргізіледі. Бұрынғы оқулықта «Әліппеге» дейінгі кезеңге көп көңіл бөлінген. Қазіргі оқытылып жатқан пәннің ішінде де осы ерекшеліктерге тоқталған, бірақ өз ерекшеліктері нақты оқуға байланысты берілген. Содан кейін ата-аналардың түсініспеушілігін тудырып жатқан тұстары бар. Оның бәрі қаперге алынып, қазіргі оқулық баланың физилогиялық жас ерекшелігін ескере отырып дайындалуда. Ең маңыздысы – «Әліппе» кезеңі. Онда әріп, дыбыс пен буындар үйретіледі. Сондықтан осы кезеңге баса назар аударылған, – деді Ш.Каринова.
Бұрын «Әліппемен» қоштасу желтоқсан айында өтетін. Қазіргі принцип те осыған негізделді. Одан әрі қарай «Ана тілі» оқулығына көшіп, оқушының сөз талғамы, сөзжасамын дамыту осы кезеңде жүргізіледі.
«Әліппе» 105 жылдан кейін, яғни 2016 жылдан бастап мектеп табылдырығын аттайтын оқушыларға оқытылмайтын болып, оның орнына «Сауат ашу» оқулығы енгізілген еді. Осыны еске салған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім орталығының директоры Манара Адамова ендігі оқулықтың қалай оқытылатынын атап өтті.
– Ата-аналар тарапынан «Әліппені» іздегендер көп болды. «Сауат ашу» мен «Әліппенің» айырмашылығына тоқталсақ, «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары «Сауат ашудың» ішіне кіріктірілген еді. Енді қазір әзірленіп жатқан оқу бағдарламасына сәйкес шығарылатын «Әліппе» оқулығы мен «Ана тілі» бөлек болады. «Әліппе» 96-98 сағат көлемінде бірінші жартжылдықта оқытылады. «Әліппеге» дейінгі кезеңге 2 апта уақыт бөлінеді. Одан кейін «Әліппе» оқулығы бойынша оқыту жалғастырылады. Қаңтар айынан бастап, яғни үшінші тоқсанға көшкен кезеңнен оқу мен жазуды жетілдіру үшін «Ана тілі» оқулығының аясында оқыту жалғастырылады, – деді М.Адамова.
Бұған қоса басқа да «Әліппе» жаңа оқу бағдарламасына қатысты ойларын ортаға салды. Абай атындағы ҚазҰПУ «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева «Әліппедегі» дыбыспен жаттығу әдістемесіне тоқталды.
– «Әліппе» жаңа оқу бағдарламасы А.Байтұрсынұлының ұстанымдары негізінде жасалды. Сол ұстанымдардың бірі – дыбыспен жаттығу. Яғни дыбыспен жаттығу «Әліппеге» дейінгі кезеңде тікелей басшылыққа алынды. А.Байтұрсынұлы балаларға алдымен әріп көрсетпей тұрып, дыбыспен жаттықтыру қажет дейді. Себебі оқуға келген балалар сөйлеуді білгенімен, олар өз сөздерінің дыбыстан тұратынын білмейді. Осы орайда дыбысты білмей тұрып, сөздің ішіндегі дыбыстарды тізбей тұрып, оқу мен жазуға үйрету қиын. Сондықтан дыбыспен жаттықтыру қажеттігі ескеріліп отыр, – А.Жұмабаева.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Әліппені» жасау барысында баланың тілдік ерекшеліктері, қазіргі қазақ баласы ең жиі қолданатын сөздер ескерілгенін алға тартты.
– «Әліппеде» қай әріпті бірінші үйретеміз, одан кейін қай әріптерді қоямыз? Осы мәселелер барынша объективті түрде қаралды. Әріптердің ретін анықтау кезінде оның А.Байтұрсыновтың «Әліпбиіндегі» әріптер ретіне біршама ұқсас болып шықты. Яғни қазақ тілінің заңдылығы бойынша әріптердің реті қазіргі «Әліппеде» де әзірленді. Біздің институт қазақ әріптерінің қазіргі заманауи мәтіндердегі жиілігін анықтау мақсатында жұмыстар атқарды. Нәтижесінде, «Қазақ әріптерінің жиілік сөздігі» әзірленді. Сөздіктің негізінде қазақ мәтіндерінде жиі кездесетін әріптердің және әріп тіркестерінің реті көрсетілді. Біз анықтаған әріптер жиілігі қазіргі қазақ мәтіндерінен алып отыр. Яғни бала өмірінде күнделікті кездесетін мәтіндерден ғана емес, жалпы 5 стильдегі мәтіндерден алынып отыр. Мұндай жағдайда лингвистикалық білімдерге түзету қажет болды. Біз оны жасадық. Бұл сөздік таза лингвистикалық мәліметтер алу үшін ғана емес, сонымен қатар түрлі әдістемелік құралдар әзірлеу үшін де қажетті білім береді, – деді А.Фазылжанова.
Өз кезегінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов «Әліппе» ұғымы қазақ халқының түсінігі мен дүниетанымында қастерлі пән ретінде қалыптасып қалғанын атап өтті.
– Егер әрбір азамат алғашқы мұғалімін қаншалықты қадірлейтін болса, қазақ азаматы «Әліппені» де сондай қадір тұтатын болған. Сондықтан «Әліппе» күн тәртібінен түсіп қалған кезде бүкіл халық болып осы оқулықты іздеді. Ал енді «Әліппені» қайтару қазақтың рухани әлеміндегі жаңа оқиға сияқты көрініп отыр. Осының барлығы ұлттық рухымызды көтеруге ерекше әсер етеді. Алғаш оқулықты «а» әрпінен бастағаннан баланың жүрегінде ұлттық рух қалыптасатын болса, ол азамат ертең өз елінің үлкен патриоты болатыны айдан анық. Сондықтан әріптердің, дыбыстардың реттілігінің бәрі Ахмет Байтұрсынұлы анықтаған ұстанымдармен сәйкес келуі бұл жаңа «Әліппенің» үлкен ұлттық рухтағы жаңалығы деп айтуға болады, – деді К.Матыжанов.
Сондай-ақ көпшілікті «Әліппе» оқулығын жаңартуға қатысты қанша қаражат бөлінгені және қай басылымда басылып шығатыны қызықтырды. Бұған вице-министр Ш. Каринованың жауабын ұсынамыз.
– Біріншіден, оқулық шығаруға мемлекет тарапынан қаражат жұмсалмайды. Өйткені қазіргі кезде жалпы оқулық жасау бағыты бәсекелестік ортаға берілген. Қазіргі келіп түсіп жатқан оқулықтардың барлығы шамамен 15 баспадан жіберіледі. «Әліппеге» байланысты жасалып жатқан жобалар бар. Сондықтан бұл тұрғыда Үкімет қаражаты жұмсалмайды. Ал оқулық сатып алу мәселесіне келсек, бұл – бөлек жағдай. Оқулық дайындалып, шығарылғаннан соң, оқулықты таңдау кезінде әрбір жергілікті атқарушы органның көлемінде белгіленетін жоспарлы қаражат бар. Ол бес жылда бір оқулықтардың жаңартылуына қарастырылады және өзгерген бағдарламаға байланысты болады. Осы орайда тиісті қаражат бекітіліп, жергілікті органдарда ескеріледі. Алдағы оқу жылында «Әліппені» сатып алу жұмысын жоспарға сай жергілікті әкімдіктер, білім басқармалары жүргізеді, – деді ведомство өкілі.
Сонымен, көптен күткен жаңа «Әліппенің» мазмұны бекітіліп, оны оқу бағдарламасына енгізу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ «Әліппе» әзірлеу кезеңінде орыс тілді жұмыс тобы да жұмыс істегенін атап өткен жөн. Яғни орыс тілінде оқытатын мектептердің жайы да ескерілді. «Әліппе» мен «Букварь» – бірыңғай оқулықтар. Жұмыс топтары осы екі оқулықты, ең алдымен, мазмұндық жағынан үйлестіруге бағытталған. Оқулықтардың мазмұны бойынша Қазақстан біздің ортақ Отанымыз екені айтылып, қазіргі заманғы өмір шындығын қамтуға тиіс. «Әліппе» мен «Букварь» әріптері мен дыбыстарының реті, қолдану жиілігі ескеріледі. Белгіленген кезеңдер екі оқулықта да бірдей.