Қостанай қаласындағы «Достық үйінде» өткен дөңгелек үстел мәжілісінің түйіні осы ойға келіп тірелді. «Замандар көшеді, көршілер қалады». Кеңқолтық қазекең көрші хақысына жіті қараған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деген ғой. Көршілікке, жақсы көңілге шекараның қызыл сызығы да кедергі емес.
Қостанай қаласындағы «Достық үйінде» өткен дөңгелек үстел мәжілісінің түйіні осы ойға келіп тірелді. «Замандар көшеді, көршілер қалады». Кеңқолтық қазекең көрші хақысына жіті қараған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деген ғой. Көршілікке, жақсы көңілге шекараның қызыл сызығы да кедергі емес.
Ресейдің іргелес Қорған, Челябі облыстары Қостанаймен қашаннан араласып-құраласып жатады. Талай заманның желі қатар жатқан орыс пен қазақтың басынан бірдей өтті. Шекараның іргесінде болғандықтан, Ресейдің осы екі облысында да қазақтар аз емес. Ал Қостанайда орысың толып жүр.
Бұл жолы Қостанайға Зауралье халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрағасы Владимир Уфимцев Қорған облысының делегациясын бастап келді, ал Челябіден облыстық «Челябинский рабочий» газеті редакторының орынбасары, халықтар достығы тақырыбына қалам сілтеп жүрген журналист Лев Лузин келіп қатысты. Қорған делегациясының құрамында қандасымыз, Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы төрағасының орынбасары Жақсылық Шайкенов те бар.
Дөңгелек үстелге қатысқан ресейлік қонақтар мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, журналистер «Ресей мен Қазақстанның шекаралас облыстарының ақпараттық ынтымақтастығы» деген тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды.
– Қорған мен Қостанайдың іргесі ажырап көрген емес. Кеңес Одағынан бұрын, Кеңес Одағы кезінде, одан кейін әрқайсымыз өз алдымызға тәуелсіз ел болғанда да қос халықтың көршілік көңіліне қаяу түспеді. Өйткені, қатар жатқан екі облыстың тұрғындары туыс, ағайын. Біреудің інісі Қорғанда тұрса, ағасы Қостанайды жайлап отыр. Бұл – өмір, оған ешқандай саясаттың қатысы жоқ. Қорғанда 20 ұлттық-мәдени автономия бар. Солардың арасындағы белсендісі де – қазақтар, – деді Зауралье халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрағасы Владимир Уфимцев.
Қазақстанда халық Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Елдің экономикасы тұралаған қиын жылдар еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірлік болса, тірлік болатынын ойлады. Ресейде халықтар Ассамблеясы 2000 жылы құрылды. Челябілік әріптесіміз Лев Лузин Қостанайдағы Достық үйіне қызыға қарайтынын жасырмады. Қорған мен Қостанай облысының саяси-экономикалық байланыстары берік. Жыл сайын екі облыста жастар фестивалі кезек өтеді. Осы мәжілісте философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып географиялық тұрғыдан мәңгі көрші, экономикалық тұрғыдан мәңгі әріптес, қорғаныс жағынан мәңгі одақтас ресейліктермен түрлі шараларды әлде де қолға алуға болатынын айтты.
Қазір Қазақстанда туризм енді дамуға бет алып келеді. Мұны екі жақтың да жастары, оқушылары арасында қолға алған дұрыс. Екі жақтың студенттерін археологиялық, тарихи зерттеу жұмыстарында ынтымақтастыруға болады, – деген ғалымның ұсынысы көпке ұнады. Қостанай облысындағы кіші ассамблея жанындағы сараптамалық топтың мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, еңбек ардагері Өмірзақ Ихтиляпов халықтар достығына сына қаққысы келетіндердің табылатындығын, көрші екі халықты, екі елді жаман ниеттерден сақтау үшін барлық жағдайды жасау керектігін тілге тиек етті.
Достық тақырыбы жібек жіптей судырап өрілген мәжіліске қорғандықтар құрқол келмепті. Владимир Уфимцев «Костанайские новости» газетінің редакторы Сергей Харченко мен облысқа белгілі шаруашылық ұйымдастырушы, кәсіпкер Өмірзақ Ихтиляповке Зауралье халықтары Ассамблеясының «Алтын медалін» табыс етті. Сергей Васильевич – Қостанайдағы, Қорғандағы халықтар достығына дәнекер болып жүрген тұлғалардың бірі. Ал Өмірзақ Бекділдаұлы Қорғандағы мұсылман мешітін, православие шіркеуін салуға, сондағы қазақ диаспорасы ақсақалының қажылыққа баруына, Қостанай облыстық газеттерін сондағы ағайындарға жаздырып беруге демеушілік көрсеткен еді.
– Біздің халықтар өмірлік тәжірибе мектебінен өткен. Аштық, қуғын-сүргін, соғыс, одан қалды тың көтеру – осының барлығы да достықсыз, бірліксіз өмір болмайтынын көрсеткен еді. Ресейліктермен ішкен суымыз, жұтқан ауамыз бір. Толеранттылық демей-ақ, бір-бірімізге құрметпен, сыйластықпен қарасақ, бағаласақ, міне, бәрімізге ортақ байлық осы. Ал бүгінгі мәжіліс – нағыз халықтық дипломатия болды, – деп мәжілісте бір ауыз сөз алған қостанайлық профессор Владимир Гершуннің лебізі осы кездесудің әділ бағасындай еді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.