Руханият • 04 Қараша, 2020

Тамырластық рухы

417 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай жылы ел көлемінде кеңінен аталып өтіп, халықаралық деңгейде де көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Хакімнің шығармалары шетел тілдеріне аударылып таратылды.

Тамырластық рухы

Әуелден ғаламға ортақ мәдениетті әрбір ұлттың таным-түсінігінің үздік сипаттары мен ойшылдардың шығармашылығы түзетіні белгілі. Даналыққа ту тігіп, тұғыр сайлаған ұлылар өз халқының төл танымының асылын аршып, адамзаттық өре биігінде тоғыстырды. Міне, сондай алыптардың қатарында түркі жұртының текті перзенттері Абай мен Науаи де бар. Өз заманының заңғар тұлғалары саналы жанның рухани кемелденуіне негіз болып, рухизаттың шөл басар кәусар бұлағына айналды. Бұған «Ұлылардың үндестігі: Науаи мен Абай» атты алқалы жиында тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Бұлай арыдан сөз салмақ­тауы­мыздың өз себебі бар. Неге десеңіз, Халықаралық Түркі акаде­миясының мұрындық болуымен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өзбек тіліне аударылған шығармалары және шығыстың даңқты шайыры Әлішер Науаидің қазақ тілінде жарық көрген «Хамса» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. Аталған кітап Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл құнды еңбектер – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдение­ті­нің арасында шекара болмай­ты­нын тағы бір дәлелдеді.

Әлқисса сөздің басы руха­ниятқа қосылған тың туындыны таныстыруға бағытталып, алқалы жиынға арнайы келген Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа ұсынылды.

– Ел іргесі бекігелі Қазақстан мен Өзбекстанның туыстық қаты­насы артып, көрші ғана емес, серіктес мемлекет ретінде де әлем­ назарын өзіне аударды. Бауыр­ластықтың алтын қазығын екі елдің тұңғыш президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов қалап берген еді. Сол дәстүрдің заңды жалғасы ретінде қазіргі Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шав­қат Мирзеев осы байланысты одан әрі нығайтуға баса мән беріп отыр. Қазақстанда Өзбекстан жылы­ның, Өзбекстанда Қазақ­стан жылының жоғары деңгейде өткізілуі де көп жайтты аңғар­тады. Алдағы уақытта қазақ пен өзбектің өзара достығы мен ынты­мақтастығы одан әрі арта түседі деп сенеміз. Абай қазақтың ғана ақыны емес. Ол – барша адам­затқа ортақ ғұлама. Ақынның ой-толғамдары мен өсиеті барша түркі жұртына арналған десек те, артық бола қоймас. Абай Науаиді өзінің рухани ұстазы санап, оның өлеңдерінен тағылым алғанын бәріміз жақсы білеміз. Осы тұр­ғыд­ан келгенде, екі бірдей кемең­гердің еңбектерін қатар аудару­дың символикалық мәні бар, – деді М.Әшімбаев.

Сенат Төрағасының лебізінен кейін, жаһанды жайлаған індеттің салдарынан аталған іс-шараға онлайн қатысқан Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының Төрайы­мы Танзила Нарбаева сөз алып, бұл күннің қазақ және өзбек әде­биеті әмбе тұтас түркі жұрты үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Түркі өркениетінің дамуы­на айтарлықтай үлес қосқан қос алыптың еңбегін қалай дәріп­тесек те жарасады. Сіздер үшін Абай – руханияттың темірқазығы болса, біз үшін Әлішер Науаи бабамыз – кемеңгерліктің биік шыңы. Осындай игі іске бастау болған Халықаралық Түркі академиясына алғысымды айтамын. Кемеңгер ғалым Әлішер Науаи есімі, оның шығармалары қазақ халқы арасына да кең тарағандығы көпке аян.  Қазақ поэзиясының шұғылалы шыңы, данышпан ақын Абай Құнанбаев кесел мен кесапаттың аражігін жырмен ажыратып, жіктеп беріп, елдің ертеңіне алаңдап өтті. Болашақ екі алыптың інжу-маржандарынан рухани нәр алары сөссіз. Сондықтан бір атаның егіз баласындай қос ғұламаның шығармашылығын насихаттап, ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет», деді Т.Нарбаева.

Ұлттық академиялық кітапха­на­да өткен рухани іс-шараның тіз­гі­нін Халықаралық Түркі акаде­мия­сының президенті Дархан Қыдыр­әлі ұстады. Ғұмыры ғиб­рат­қа толы абыз ақындардың жаңа жи­нақ­тарының салмағын, жақұт жазбаларының тереңдігін, маз­мұн­дылығын маздата айшық­таған кештің модераторы ғұламалардың асыл қасиетіне тоқталып отырды.

Ізгі тілектердің арты осы кеш­тің басты оқиғасы – тұсаукесер рәсіміне ұласты. Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев пен түркі руха­нияты үшін жасалған иігілік­ті істің ақ бастауында тұрған Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы «Хамса» кітабының лентасын қиса, өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов пен Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың шығармалары топтасқан жинақтың тұсауын кесті.

Иә, бұл кітаптар Ұлы Дала ділмарларының даналық шиырлары жинақталған, жауһарлары тізіліп, асылдары сүзілген туындылар. Қай уақытта да қабырғалы қазақтың қасиетті сөз өнері өзге құндылықтардан биік тұрған. Сондықтан да болар, кеудесі кенді жандар артына бөз аманаттамаса да  сөз қалдыруға тырысып отырған. Әрине, бәрі ұрпақ үшін. Сонымен қатар олар ел болашағын ойлағандықтан жүрегінде жатқан көмбе жауһарларды қаламның құдіретімен хатқа түсіруден жаңылмапты. Ал, сол нәсілі асыл перзенттерінің еңбегі мен ішкі мақсат-мұратын парасаттылықпен пайымдай білетін текті жұрт ақынын ардақтап, қаламгерін құрметтеп жатса, арда өнердің арнасы кеңейгені деп ұқанымыз абзал. Бұл ретте «Хамса» – Әлішер Науаидің әйгілі бес дастаннан тұратын еңбегі. Қазақ тілінде жарық көрген кітапқа «Ләйлі-Мәжін» және «Ескендір қорғаны» атты екі дастан енген. Қос шығарманы көне өзбек тілінен қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлы аударған. Өз сөзінде автор: «Кезінде Шоқан Уәлиханов өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаиды Еуропа және Азия ғалымдары арасында бірінші болып, ерекше құрметпен тілге тиек еткен екен. Ол өзінің 1857 жылы Қашғария жайлы жазған очеркінде: «Қара түнекті халықтың жалғыз сәулесі – Әлішер Науаидың шығармалары болды» – десе, әйгілі ғалым Мұхтар Әуезов: «Түркі тілдес халықтардың көпшілігінің әдебиеті мен мәдениетін өсіруде Науаи мол әсер еткен», – деп тұжырымдаған. Міне, бұлардың бәрі ұлы ақынның кемеңгерлік тұлғасын, ұлылық сипаттарын одан әрі биіктете түсетін соны туындылар. Құдай қуат берсе ғұлама еңбегін толық аударуға ниеттімін» десе, Абайды өзбекше сөйлеткен жазушы Қозоқбай Йулдашев ұйытқып соққан замана желінің бағдарын айқындап, жұртына бағыт сілтеген данамыздың еңбегінен көңілге көп нәрсе түйгенін тілге тиек етті. Қос қаламгер де шалқар шабытпен, асқан шеберлікпен тәржімаланған жауһар туындылар бауырлас екі ел арасындағы әдеби және мәдени байланыстардың алтын көпіріне айналарына сенеді.

Ұлт мұрасын сөз өнерінің құдіретті күшімен ұрпаққа жеткізу – жазарман қауымның жазмышына берілген ұлы мүмкіндік. Осы орайда даналар даналығы топтастырылған туындылардың тұсаукесерінде сөз алған Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов Әлішер Науаидың Орталық Азиядағы халықтардың руханиятына жасаған әсері ерекше екендігін атап көрсетті. «Түркі тілдеріндегі классикалық әдебиет шын мәнінде Әлішер Науаидан басталған деуге де болады. Науаиға дейін жыр тілі фарси саналып келгені анық ақиқат. Ол өмір сүрген заманда түркі тілі жыр жазуға оралымсыз, қарабайыр тіл деп қаралатын. Науаи – ғасырлар бойы қалыптасқан, ойда әбден орныққан сол түсінікті төңкеріп түсірген адам. Әлішер ғазалдарынан кейін фарси жалғыз әдеби тіл мәртебесінен айырылған еді. Науаи есімінің біз үшін ерекше қадірлілігі – түркі тілінің поэзиялық қуатын алғаш танытқандығында, бүкіл әлемге мойындатқандығында.