Қазақстан • 04 Қараша, 2020

Атқарылған іс те, атқарылар шаруа да ауқымды

517 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған COVID-19 індеті жаңа сын-қатерлерді туындатты. Оқшаулана түскен жаһан жұртынан Қазақстан да сырт қалмайтыны, барынша сақтанумен бірге өзіндік икемді даму жолын іздейтіні белгілі. Осы орайда елімізде эпидемияның алдын алуға барлық қам-қарекет жасалғанын, мемлекет пен қоғам бір мақсат пен бір мүддеге жұмыла білгенін, бұл – елдігіміздің көрінісі екенін атап айтуға тиіспіз. Қазақстан пандемия зардаптарымен күресуде тек денсаулық сақтау мен білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласының қордаланған мәселелерімен ғана бетпе-бет келген жоқ. Соңғы ғасырларда болмаған бұл індет интеграцияық қарым-қатынастың жетілген заманында алапат ауқымға ие болғандықтан, одан Тәуелсіздік жылдарында дүниенің төрт тарабымен де терең байланыс орнатқан отандық экономика да ойсырай зиян шеккенін көріп отырмыз.

Атқарылған іс те, атқарылар шаруа да ауқымды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында күрделі кезеңдегі күш-жігерімізді біріктірудің жолын көрсетіп берді. Президент экономикалық қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатынын жеткізіп, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінетінін атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін құруда негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуы керектігі сөз болды. Парламент палаталарының атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тегжейлі баяндалатын нормаларды да қарастыруға мәжбүр болып отырғаны айтылды. Яғни мемлекеттік аппараттың қызметін қайта қарауда қолға алынатын түбегейлі реформалар барысында заң шығарушы органның да иығына түсетін салмақтың жеңіл болмайтыны, жауапкершіліктің жүгі ауырлай түсетіні байқалды.

Биылғы Жолдауда атап көрсетілген экономиканың даму бағдарына негіз болатын жеті қағидат пен теңгерімді аумақтық даму міндеттері аясында қолға алынатын жұмыстар өте өзекті. Мәселен, Президент еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерінің өнер­кәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керегін жеткізді. «Аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсіптің өзге де салаларына баса назар аудару қажет» деді Президент.

 

Мақта шаруашылығын мандытпаған мәселе

Парламент депутаттары бұл мәселеге ұдайы назар аударып келеді. Мәжілістегі партиялар фракциялары мен депутаттық топтардың, Аграрлық мәселелер коми­тетінің мүшелерімен бірге және дербес түрде дүркін-дүркін депутаттық сауалдар Үкімет басшыларына жолданып, нәтижелі шаралар қабылданды. Менің өзім 2016 жылы 24 наурыздан бастап VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер коми­теті­нің мүшесі ретінде заң жобаларына 100-ден аса ұсыныс бердім, сонымен бірге осы уақытқа дейін 150-ге жуық өтініш қаралды. Соның бірі – аграрлық секторда айтарлықтай маңызы бар мақта шаруашылықтарын дамыту мәселесі болатын.

Елбасы – Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты 2017 жылғы 31 қаң­тар­дағы Қазақстан халқына Жол­дауын­да еліміздің жаһандық бәсекеге қабі­леттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа моделін құру міндетін қойды. Жалпы, Қазақ­станның агроөнеркәсіптік кешені­нің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша әлемдегі ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. «Made in Kazakhstan» брен­ді осындай өнімдердің эталоны болуы қажет. Біз 2016 жылдың қазанында еліміздің Премьер-Министрінің атына мақта саласына қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Бұл мәселеге айналып келе беретініміз, мақта шаруашылығы да Қазақстанның экономикасында ерекше орын алады. Түркістан облысы ауылдық жерлерінің 500 мыңға жуық тұрғыны осы салада жұмыс істеп, табыс табады. Жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әл-ауқаты, көбінесе, мақта шаруашылығының тиімділігіне байланысты. Мақта өндіру бүгінгі таңда нарықтық емес, әлеуметтік мәселеге айналды. Өзін өзі жұмыспен қам­тығандар мен жұмыссыздар эконо­микалық өсудің резерві болып саналады. Мысалы, 15 жылға жуық уақыт бұрын шикі мақтаны жинау – 460 мың тонна, ал егістік алаңы 200 мың гектарды құрады. Бұл кеңестік кезең көрсеткішінен 60%-ға жоғары. Экспорт 147 млн долларды құрады. Өндірістің өсуіне екі негізгі фактор әсер етті: біріншіден: кәсіпкерлер мақта талшығын экспорттау арнасын ұйымдастырды; екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне фьючерс сызбасы ұсынылып, оған несие тартылды. Мақта зауыттары саланың негізгі инвесторлары болды. Мәселен, 2004-2007 жылдары мақта шаруашылығына жекеменшік инвестициялардың көлемі 6 млрд теңгеден астам қаржыны құрап, аталған сала әжептәуір өркендеді.

Ал бұдан кейінгі жылдарда егістік алаң­дарының жартысына дейін қыс­қарып, тұқымдық материалдың тозуы салдарынан мақтаның сапасы нашарлап кетті. Бұл, бірінші кезекте, 2007 жылы мақта қолхаттары жүйесінің енгізілуіне бай­ланысты еді. Бұл тиімсіз болып, қар­жыландырудың қолданыстағы жүйесін бұзды, сайып келгенде саланың құлдырауына әкеп соқты. Екіншіден, нарықтағы бүкіл ойыншылар қаражатты долларлық баламада тартты, алайда доллар курсының күрт өзгеруіне байланысты, қаражат тарту мүмкін болмады. Мемлекеттің субсидия түріндегі әрекеті де көмектеспеді. Айталық, 2015 жылы 2007 жылмен салыстырғанда мақта шикізатын жинау 450 мың тоннадан 255 мың тоннаға дейін төмендеді, егіс алқаптары 200 мың гектардан 99 мың гектарға дейін азайды. Ақшалай есептесек,  2007 жылы экспорт 147 млн долларды құраса, ал 2015 жылы 49 млн долларға дейін түсті. Осыған орай 2016 жылдары Премьер-Министрге, Премьер-Министрдің орынбасарына және Ауыл шаруашылығы министріне жолдаған сауалдарымызда шұғыл шараларды қабылдайтын кез келгенін, өйткені саланың тоқырауы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы­на теріс әсерін тигізуі мүмкін екенін жеткіздік.

Мақта шаруашылығының әлі күнге дейін әлеуеті зор. Мемлекеттік орган­дардың, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың мақсатқа сай жұмысы болса, мақта шаруашылығы экономиканың рен­табельділігі жоғары секторы болуы мүмкін. Осы айтылғандарға бай­ланыс­ты және еліміз үшін мақта саласы­ның әлеуметтік-экономикалық маңызды­лы­ғын ескере отырып, сондай-ақ инвес­тициялар тартуға жағдай жасау мақ­сатында келесі шараларды қабыл­дауды сұрадық. Біріншіден, мүд­делі мем­лекеттік және жергілікті атқару­шы ор­гандарға, мақта нарығына қатысу­шылармен бірлесіп, проблемалы мә­селелерді қарау. Екіншіден, мақта сала­сын қаржыландыру үшін қаражат тар­тудың күрделілігін ескере оты­рып, займ негізінде ұзақмерзімді қар­жы­ландырудың баламалы тетіктерін (екінші деңгейдегі банктерден басқа) қарастыру. Үшіншіден, сапалы тұқымдық материал­ды алудың өзектілігін ескере отырып, осы мәселені шешу жолдарын іздеу.

Депутат ретінде осы мәселенің заң­намалық негізімен шұғылданғаныма, яғни жұмыс тобының төрағасы ретінде айналысқаныма төрт жылдың жүзі болғанымен, бұл сала аграрлық секторда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан маған етене таныс. Біршама жыл мақта шаруашылығында орны бар «НИМЭКС» корпорациясының құры­лымдық бөлімшелерінде, осы серік­тестікке қарасты Шардара мақта тазалау зауытының директоры бо­лып та жұмыс істегендіктен ілгері­де қабылданған «Мақта саласын да­мыту туралы» заңның мақта өсіру­шілер мен өңдеушілердің аяғын тұсау­лап тастағанын білемін. Жуырда осы толайым еңбектің нәтижесінде қарал­ған бұл заңның кемшіліктері рет­теліп, аталған саладан күдерін үзген агро­өнеркәсіп кешенінің өкілдеріне үлкен үміт сыйлайтынына сенімдімін. Бұл агроөнеркәсіптегі маңызды саланың қайтадан қалпына келуіне жол ашады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне сабақтас сумен қамту, су ресурстарын тиімді пайдалану, трансшекаралық өзендерді әділетті бөлісу, ауыз су мәселесін шешу, жылыжайлар жұмысын жандандыру бойынша да көптеген ұсыныстар депутаттық сауал түрінде салалық ведомстволарға жолданды.

 

Әуе тасымалының әлеуетін көтеруге бағытталды

Еліміз «Жаңа Жібек жолы» жобасына белсене қатысып, халықаралық көлік-байланыс ағынының мүмкіндік­тері ая­сында сауда, инвестиция және технологиялық хабқа айналуды көз­дейді. Бұл ретте Елбасы Үкіметке 2020 жылға қарай жолаушылар тасымалдау транзитін 4 есеге, жүкті 7 есеге, тран­зиттен түсетін табысты 4 млрд дол­ларға дейін көтеруді жүктегені бел­гілі. Осы орайда елімізде отандық әуе компа­нияларының тарифтері бұрнағы жылдарда қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салатын. Бұл ретте «Ашық аспан» келісіміне қатысушылар қатарын арттыру арқылы бәсекелестікті көтеру, тасымал құнын төмендету, әуе тасымалы көлемін ұлғайту мәселесін депутаттық сауал ретінде көтерудің нәтижесінде Бас прокуратура тарапынан тиісті тексерулер жүргізіліп, анықталған құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл салынып, билет құнын айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік.

«Ашық аспан» жүйесіне көшкен ел­дердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл сыртқы әлеммен интеграциялық үрдіс­терді жеделдетіп, барыс-келісті оңай­латады, адами және басқа да ресурс­тардың қозғалысы мен сыртқы сауданы кеңейтеді, туристік саланың өсіміне мүмкіндік береді. Мәселен, Мароккоға 2006 жылы 22 жаңа шетелдік әуе компаниясы өз рейстерін орындай бастады, 2010 жылы аталған елге 6 млн турист келді, ал тікелей шетелдік инвестиция 20 млрд еуроны құрады. Мұндай мысалды Израиль мен Оңтүстік Корея елдерінен де көруге болады. Әуе тасымалындағы әкімшілік кедергілерді азайту шын мәнінде аталған саланың либералдануына, ішкі және сыртқы жолаушылар ағынының артуына, сол арқылы әуе кеңістігі әлеуетінің артуына, «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы іспетті алаңдардың тиімді жұ­мыс істеуіне, туристердің елімізге кедер­гісіз әрі қолайлы жетуіне, әуе инфра­құры­лымының дамуына мүмкіндік береді.

Депутаттық сауал аясында көтерілген өзекті мәселенің бірі – ұлт денсаулығын нығайтуға назар аударуға байланысты болды. Мәселен, бұқаралық дене шы­нықтыруды дамытуға ешқандай қаржы қарастырылмайды. Ал елімізде жұ­мыс істейтін 45 футбол клубы жергілікті бюд­жеттен қаржыландырылады және ква­зимемлекеттік сектордың демеу­шілік салымдары бар. Қаржыландыру көлемі­нің үлкен болуына қарамастан, қазақстандық футболға әлемдік аренада әзірше орын жоқ. Басқа спорт түрлерінің қаржыландырылуы әлдеқайда қара­пайым болса да, Олимпия ойындарында, әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал клубтардың кредиторлық бере­шегі де азаймайды. Әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде барлық спорт түрлеріне бюджеттік шығындарды қайта қараудың уақыты келді. Еуропа елдері, сондай-ақ Ресей мамандар мен легионерлерден бас тартуды жақтады. Қазір бұқаралық дене шынықтыруды дамыту мәселесі маңызды. Осы ретте шетелдік мамандар мен спортшыларды тарту тәжірибесі­нен бас тарту; барлық спорт түрлеріне жұмсалатын шығындарды аймақтар бо­йынша талдау әр спорт түріне бюджеттің бірыңғай нормаларын орнату мәселелері өте өзекті.

 

Орманға ойлы

көзқарас қажет

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдағы бес жылда орманды алқапқа 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш отырғы­зылатынын айтты. Жалпы, биологиялық алуан түрлілігі мен ландшафттардың байлығы жөнінен Орталық Азияда алда тұрғанымен Қазақстан орманы аз мемлекет саналады. Орман ел аумағының төрт пайыздан жоғары бөлігін ғана қамтиды. Бұл көрсеткішке сексеуіл екпелері арқылы ғана қол жетіп отыр. Өйткені сексеуіл орман алқаптарының жартысына жуығын алып жатыр. Орман саласының проблемаларын шешу жөніндегі мемлекеттік органдардың күш-жігері жүйесіз және берекесіз сипатта қалып келеді. Жергілікті ат­қарушы органдар тарапынан облыс ор­та­лықтарының төңірегінде жасыл аймақ­тарды дамытуға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбейді. «Қалалардың жасыл аймақтарының құрамы және мөлшері» мемлекеттік стандартына сәйкес, жасыл аймақтар көлемі 326 мың гектар болуы тиіс. Алайда республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының жасыл аймақтарының көлемі 111 мың гектарды құрайды. Орман – эколо­гияның тірегі. Яғни климатты, өзендер ағысын реттеуде, ауа бассейнін тазарту және топырақты эрозиядан қор­ғау­да, көміртегінің орасан зор жыл сайынғы мөлшерін жинаушы ретінде және басқа да маңызды экологиялық қызметінің толық тізбесін айтып өтуге болады. Мысалы, Шығыс Қазақстанның майқарағай ормандары Ертіске келіп құйылатын негізгі сағалар саналатын Үбі, Үлбі, Бұқтырма, Қара Ертіс өзен­дерінің ағыстарын қалыптастырады. Орманның су қорғаудағы орасан зор рөліне де жүргізілген зерттеулер дәлел. Өйткені осы өзендердің жоғарғы саға­ларында өнеркәсіптік мақсатта жаппай ағаш кесудің салдарынан Ертіске құятын суының жыл сайынғы ысырабы 1,5 млрд текше метрге, маусымдардағы өзен деңгейлерінің айырмасы 3 метр­ге дейін жеткен. Осының бәрі Шығыс Қазақстанның майқарағай ормандарын сақтау қажеттілігін аңғартады. Сондай-ақ эндемикалық, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді, бірегей және эталонды учаскелерді, жалпы алғанда табиғи экожүйелерді сақтау­дың неғұрлым тиімді шарасы ретінде дүниежүзілік қоғамдастықтың ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) жүйесін құруды мойындағанын атап өту қажет. Қазақстанда жаңа ЕҚТА-лар құру жүзеге асырылмай отыр. Бастапқы деректер бойынша республикада есепке алынбаған шамамен 300 мың гектар орман бар. Есепке алынбаған ормандарды түгендеп, кейіннен мемлекеттік орман қорының құрамына қосу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралмаған. Ағаштың жаппай заңсыз кесілуі, су қорғау ай­мақ­тарының шекарасында жұмыс істей­тін табиғат пайдаланушылардың бақылаусыз қызметі орман қорының азып-тозуының басты факторына, жағалаулардың бүліну себебіне айналып отыр. Орман, аңшылық және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақы деңгейінің төмендігіне байланысты оған ешкім қызығушылық таныта бермейді. Яғни Парламент қабырғасында орман шаруашылығы экономикасының орнықты дамуына және салада қордаланып қалған проб­лемалық мәселелерді шешуге ба­ғытталған стратегиялық құжат қабылдау қажеттігін де көтерген едік.

Бүгінде елімізде Экологиялық кодекс әзірленіп, қоршаған ортаға қол сұқ­қандарға жаза қатаңдатылып, эколо­гиялық акциялар халықтық сипат алды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы тікелей назарына алып, салалық ведомство да құрып берді. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының тиянақтылығы да – осыда!

 

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты