Руханият • 04 Қараша, 2020

Жаратылысы жұмбақ «жетілік»

1021 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үнді халқының мифологиясында жеті арал, жеті өзен, жеті қат аспан, жеті қат жер, сондай-ақ жер асты жеті әлемі дейтін ұғымдар бар. Назар аударарлық жайт – олардың мифологиясындағы бүкіл кейіпкерлер осы жетінің маңайына шоғырланған. Жетілік ұғымына қатысты айтқанда ең алдымен Джамбудвипа аралы еске түседі. Аралда адамдар тұрады. Аралдың ортасында Меру алтын тауы бар. Оның биіктігі жер бетінен 84 мың йорд жан. (Бір йорд жан шамамен 14 километрге тең). Ал жер астына 16 мың йорд жаны жасырулы.

Жаратылысы жұмбақ «жетілік»

Меру лотос гүлі секілді. Оның шыңында және дәл ортасында Брахма қаласы бар. Маңайында Индра қаласы орналасқан. Кейбір деректерде Меруді Гималай тауы қоршап тұр деп жазылса, кейбірінде сол Мерудің өзін Гималай тауына теңейді. Жалпы, Джамбудвипа төңірегінде қазіргі ғылымда түрлі пікірлер бар. Мысалы ғалымдардың бір тобы оны жоғалған Атлантида, Гиперборея, Лемурия аралдарымен салыстырып, жоғалған өркениет ретінде бағаласа, кейбір ғалымдар сол арал қазіргі Үндістан мемлекетінің өзі дейді, ал кейбір оқымыстылар Джамбудвипа – жер шары деген тоқтамға келеді.

«Философский период познания природы. Мифы и натурфилософия Индий» атты мақалада жердің қалыңдығы 70 000 йорд жан екені баяндалған. Осыдан кейін жер астының жеті әлемі басталады. Ол әлемдерде асуралар (әзәзілдер) мен жартылай құдай якшастар өмір сүреді. Бұл әлемдердің өз аттары бар: Атала, Витала, Натала және т.б. Жеті әлемнің астында қара жыланның құдығы орналасқан. Бұл жыланның аты – Шеша. Вишну құдай осы құдықта демалғанды жақсы көреді. Қазақ ертегілерінде де жер асты әлемі айтылатыны бар емес пе? «Жылан Бапы ханның елі» деген тіркес санамызда балталаса бұзылмайтындай боп орныққан. Ал енді осы жер астының жеті әлемінің ең астында 28 деңгейлі тозақ бар. Онда Яма билік етеді.

Үнді мифологиясында жер Бхурлока деп аталады. Ол өзінің мұхиттарымен, тауларымен Ай мен Күннің жарығы түсетін кеңістікті алып жатыр. Жердің үстінде аспан әлемі бар. Күн жерден 100 лиг қа­шықтықта орналасқан. Одан әрі Шукра (Венера), Куджа (Марс) сынды басқа да ғаламшарлар бар. Ғаламшарлық жүйенің орталығы – Дхрува (поляр жұлдызы). Бүкіл ғалам ғажайып қабықпен қоршалған. Су массасы отпен қоршалған, от ауамен, ауа санамен, сана барлық тіршіліктің бастауы Субстанциямен қоршалған. Міне, бұл ежелгі үнділіктердің жаратылыс туралы алғашқы білім қоры.

Тағы бір деректе Күн жүйесінен
10 000 йорд жан (140 000 км) төмендегі Раху планетасы айтылады. Ол Айдан да, Күннен де төмен орналасқан. Одан
10 000 йорд жан төменде Сиддх, Чаран және Видьядхар планеталары тұр. Ал одан да төмен Якшолака және Ракшолака бар. Жеті қат аспаныңыз осы: Ай, Күн, Раху, Сиддх, Чаран, Видьядхар, Якшолака және Ракшолака. Жерден төменде төменгі ғаламшарлар жүйесі, яғни, жеті қат жер түгел аталған: Атала, Витала, Сутала, Та­ла­тала, Махатала, Расатала және Патала.

 Жеті қат аспан, жеті қат жер түсінігі біздің танымымызда да бар. Бірақ бі­луі­мізше, бұл түсініктің мифологиялық жағы бұлыңғыр. Көбінде Құраннан алын­ған мәліметпен нақтыланған болса керек деп ойлаймын. Құран Кәрімде: «Алланың жеті аспанды қабат-қабат жа­ратқанын көрмедіңдер ме?» (72-сүре, 14-аят), Алла тағала аспанға «айды нұр, күнді шам қылды» (72-сүре, 15-аят) деген сөйлемдер кездеседі. Мұсылмандық түсінікте Алланың патшалық тағы же­тінші аспанның үстіне орналасса, же­тін­ші аспанның өзінде жұмақ бар. Ал, бірінші аспаннан төменірек тозақ орна­­ласқан делінеді. Аспанның басқа қабат­тарында нұрдан жаралған періштелер мен мәлеиктер өмір сүреді. Жеті қат көкті астрономиялық таным бойынша, белгілі жеті ғаламшармен де түсіндіруге болады. Олар – Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Марс, Юпитер және Сатурн. Әрине, бұл астрономиялық білім бергі заманның жемісі екені түсінікті. Сондықтан Үнді мифологиясындағы жеті қат көкті біз тек Құранмен, сондай-ақ, берідегі кітаби біліммен ғана салыстыра аламыз. Бірін­шіден, Үнді мифологиясында адамнан басқа тіршілік иелері (ракшастар, әзәзілдер) жеті қат жерде өмір сүреді. Құ­ранда ол жеті қат көкте. Сондай-ақ Құран­да жұ­мақ, тозақ ұғымдары да көк­пен байланысты. Ал үнді мифологиясында ­жеті қат жер астында уайым-қайғысыз, ауру, кәрілік, өлім дегеннің не екенін білмей, молшылықта өмір сүріп жүрген тұрғындар бар. Жалпы, көптеген халықтардың мифологиясында аспан, жер қабаттары туралы мифологиялық түсінік болғанымен, олар жеті қат аспан, жеті қат көк деп нақтыланбайды. Мысалы, Америкадағы майя, ацтек мифологиясында көк 13 қа­батты болып, оның әр қабаты әлдебір құбы­лыстың, не тәңір-иенің тұрағы ретінде бей­неленеді. Көне түркі және моңғол мифо­логиясында аспан күмбез немесе төң­керілген қазан түрінде, оның жиектері жер бетіне тақалып тұрады делінеді. Алтай­лықтар мен тывалықтардың мифінде аспан қабаттары жетіден 16 – 18 қабатқа дейін, саха мифінде – тоғыз қабатқа дейін жеткізіледі. Яғни бұл шын мәнінде де мифологиялық түсінік. Ал үнді халқының мифологиясындағы жеті қат көк пен жеті қат жердің ғылымилығы басым, ақиқатқа жақын. Қараңыз, Құранда жеті қат көк пен жеті қат жерді жаратқан Алла тағала екені айтылады. Қазіргі ғылым жеті қат көкті дәлелдеп шықты. Жер бетіндегі атмосфера қабаты Тропосфера. Стратосфера. Мезосфера. Термосфера. Экзосфера. Ионосфера. Магнитосфера деп аталатынын біз мектеп оқулықтарынан білеміз. Дегенмен, қазіргі ғылымның жеті қат жерді нақтылауға әлі де шамасы келмей жатқанын да айтуымыз керек. Жер әзірге бес қабатпен шектеліп тұр. Олар – Ішкі өзек (ядро). Сыртқы өзек. Төменгі мантия. Жоғарғы мантия. Жердің жоғарғы қыртысы. Бірақ, бұл жердің қабаты бесеу ғана деген ойды білдірмеуі керек. Имам Бухари мен имам Муслим Сағид ибн Зәйдтен жеткен бір хадисте Мұхаммед пайхамбар «Қиямет күні зұлымдықпен бір қарыс жерді иеленгеннің мойнына жеті қат жер асылады» деген екен. Сондықтан біз жеті санының киелілігіне, жеті санының жаратылыспен байланысты екеніне ешқандай да шек келтірмейміз.

Ғалым С.Қондыбай жетіліктерге барынша мифологиялық, лингвистикалық талдау жасайды: жеті, жеті кәміл пір, жеті абдал, скифтік жетілік, шумер-аккадтық жетілік, мұсылмандық жетілік, Қорқыт атаның жеті кебі, Алаша ханның «жеті әкесі», найман шежіресіндегі жетілік, ұлы жүздің шежірелік жетілігі, т.б осылай кете береді. С.Қондыбай «Арғықазақ мифологиясында» «Жетілікті» «Ілкі төрдің қорушылары» деп есептейді және мифологиялық қисындарға сай «жеті рух» деп те қабылдауға болатынын жазады. «Жетіліктің қалыптасуының өз реті жөн-жосықтары бар, яғни белгілі бір жетілік категория уақыт өте басқа жетілік категорияға айналып кетіп жатады, олардың барлығы бірдей тәптіштеп жатудың пәлендей қажеттілігі жоқ, сондықтан, ең бастысы – «аталған жетіліктердің барлығы да ортақ қайнарға ие және бірінен екіншісі өрбіп шыққан» деген қорытындымен шектелгенді жөн көремін» – дейді ол.

Біз ежелгі үнді мифологиясындағы жеті қат көк, жеті қат жер, жеті арал мәселелері туралы өз шамамызша әңгімеледік. Бірақ жеті аралға қатысты қолда бар деректер­дің аздығы белгілі бір түйін жасауға мұр­ша бермеді. Екіншіден, «жеті арал» «жо­ғал­ған өркениет» қисынына бастай бер­ді. Яғни, Атлантида, Гиперборея, Лему­рия қатарында Джамбудвипа да аталады. Мұ­ның өзі ежелгі үнді-арий өркениетінің алдында тағы бір өркениет өмір сүрген жоқ па екен деген дүдәмалдау болжамға да итермелейді. Себебін жоғарыда айт­тық. Тағы да қайталап айтамыз. Үнді ми­фологиясының философиялық, діни жа­ғымен қатар ғылыми сипаты да бар. Оның бірден-бір дәлелі жеті қат аспан болсын, мейлі, жер мен тау, жер асты әлемдері болсын барлығының өз есімдері бар, бәрінің өз өлшемі, орналасу реті, тәртібі, сипаттамасы бар. Сондықтан оны тек мифтік мәтін ретінде қарастыру аздық етеді.