Руханият • 04 Қараша, 2020

«Толық адам» тағылымы

26908 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Абай өз шығармаларында адам болу­дың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік танымы тұрғы­сынан өскелең ұрпақтың адам­шылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абай­дағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам.

«Толық адам» тағылымы

Абайдың толық адам жа­йын­­дағы танымын ғылыми тіл­мен оқырманға тереңінен тү­сін­діріп берген ғалым М.Мыр­зах­метұлының 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абай­тану проблемалары» атты моно­графиясында алғаш Абай­дың исламиятқа қатысы мен мо­раль философиясына қатысы зерт­теліп, бір ізге түсіріледі. Ғалым сөзіне ден қойсақ: «Адам­зат қоғамы тарихында адам­гершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атау­лының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағ­дайында ұлы ойшыл алдына да қойылды».

«Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы болған философ – Сократ. Абайдың толық адам туралы та­нымы сол Сократтан бастала­тын Платон, Плотиндердегі сүю­ші сүйеніш, тірек еткен адам, қы­тайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно муд­рый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсани мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыс­тасып жатады. Абайдың адам­гершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы». Абай адамның рухани жағынан ке­мелденіп жеті­лу жолында то­лық адам ұғымын адамшылық саты­сының ең жоғар­ғы басқышына қояды. Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақ­сат­тарының ең биік қол жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына қа­жетті үш нәрсе ыстық қай­рат, нұр­лы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап, толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден ­туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген иман­дылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл, қайрат, жүректі бір­дей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – дегенде, Абай то­лық адам хақында ұстанған көз­қарасына сай сипаттарды атай­ды. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілік­ті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларын­да да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады. Ғылым-бі­лімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары баға­лайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі шексіз мол деп санайды.

«М.Әуезов Абайдың мораль философиясына қарым-қатына­сы жайлы мәселеге ертедегі әрі соң­ғы жылдардағы зерттеулерінде ерек­ше мән бере қараған. Абай шы­ғармаларындағы мораль философиясы туралы ойларының желісін сөз еткенде, Әуезов оларды өзі атап көрсеткен «нравст­вен­ная личность» мәселесімен тікелей бірлікте, байланыста қа­растырған». Абайта­ну сала­сын­­дағы зерттеулерінде Әуе­зов «нрав­ственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді беріп отырады. Абайдың қарасөздерін зерттеген еңбегінде бұл ойын былай деп береді: «Он жетінші сөзде Абай­дың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойлар».

Бұл Абайдың 38 қарасөзінде қолданылатын «толық адам» деп аталатын сөздің тікелей баламасына келеді. Кемел адам мәселесі мұсылмандық әлемнің сопылық ағымында ХІ-ХІІ ғасырда-ақ қа­лыптасып, шырқау биігіне же­тіп, сол негізде 1069 жылы Жү­сіп Ба­­ласағұнның «Құтадғу Білік» дас­танында толық баян­далып суреттелген болатын. Сопылық «хал ілімі» саласында негізі қа­ланып, даму жолына түскен сопы­лық адамшылық ілімді Абай өз заманы талабына орай дәстүрлік жалғастықпен дамыту арқылы қа­зақ даласында – адамшылық­тың толық адам ілімі деп аталатын жаңа түрі дүниеге келді.

«Толық адам сопылық ілімнің адамгершілік негізінен туындайтын «камили инсани» деп аталатын ар ілімімен іштей сабақ­та­сып жатқан қастерлі рухани құбы­лыс болатын-ды. Толық адам терминін М.Әуезов өзі жасаған алмағайып заманда бір тамыры жағынан, сопылық хал ілімінен туындайтын камили инсани (кемелденген адам) танымымен, Шәкәрім тілімен айтқанда, ар ғы­лымымен ұштасатындықтан, өз қалпында, яғни Абай қолданған нұсқасымен атай алмады. Толық адам термині абайтану саласын­да тек қана 1963 жылдан бас­­тап ғылыми айналымға түсе бас­та­ды». М.Әуезовтің ғылыми шы­­­ғармашылық зерттеулерінде Абай­­дың адамгершілік мұрат­та­рының негізіне айналған өте күр­делі ұғым мен танымнан тұ­ратын толық адам мәселесі елеу­сіз қалыпта көркемдік тәсілмен беріліп отырады. Мұның сыры, жазушының өмір сүріп отырған қатал заманындағы таптық идео­логиялық жағдайлар мен саяси ахуалдың өршіп, оны партияның қалт жібермей аңдып отыруынан туындаған автордың шара­сыздық тәсілі еді. Яғни Абай дү­ниетанымын терең танып біліп отыр­ған М.Әуезов зерттеулерінде «нравственная личность», «гармоническая личность» деген тер­­миндік сөздермен атап қа­на өте­ді. Ал бұл ойларын автор «Абай жолы» роман-эпопеясында көркемдік тәсілмен өткізіп, та­ратып келтіреді. Абайдың дү­ниетанымына бойлаған адам бұл жағдайды «Абай жолы» эпопея­сын оқып отырғанда анық аң­ғарып отырады. Мысалы, «Абай жолындағы» Бөжей, Құ­нанбай тартысы, осы күрестің Қар­қа­ра­лыдағы көрінісін еске ала­йық­шы? Бала Абай от пен судай екі мінездің, яғни қатігездік пен рахым, шафағат­тың ортасында қалыптасып өсіп келе­ді. Әке жолы суық ақылдың, рахымсыз қа­талдықтың өрісін танытса, ха­лық анасы Зере мен Ұлжан әрі Абай нәр алған парсы, түркі тілін­дегі кітаптардағы гуманистік ойлар төркіні рахым, шафағатты аялай­­тын нұрлы ақылда жатыр.

Жалпы, М.Әуезов Абайды тек ақын, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар асқан ойшыл, гуманист ретінде танытады. М.Әуе­зов Абай шығармаларындағы ақыл, қайрат, жүрек жайлы түбір­лі терең танымның ақын санасын­­да сонау жігіттік шағында-ақ, өзі таныған әлеуметтік орта мен шы­ғыс кітаптарын оқу арқылы өз бойына дарытып, өзіндік етіп қо­рытқан ой қазынасы екенін хабарлайды.

Абайдың күллі этикалық, гу­ма­нистік танымының негізгі же­лісін жазушы шығармада кейіп­керлер сөзі арқылы, ақынның ойы негізін­де көркем тілмен та­ра­­­тып бере­ді. Абайдың дүние­та­нымындағы өзекті ойларын М.Әуе­зов эпопеяда нақтылай тү­­­сіп, әрі дамыта отырып, өзі­нің көзқарасын да білдіреді. «М.Әуе­зов қаншалықты ғылыми те­­рең таным екенін білу үшін айрық­ша мән беріп отырған ойы Абайдағы толық адам жайлы шоғырланған түбірлі ойдың төр­кініне, ақын шығармасында уағыз­далатын ой желістеріне на­­зар салып көрейікші? Сонда ұлы жазушының не себепті ақын мұ­расын таныту жолында осы та­нымға шешуші мән бере қарап, ғы­лыми зерттеулері мен «Абай жолында» өз ойын қатар дамытып отыратын себебіне де көзіміз жете түседі».

«Абай жолы» эпопеясының «Қия­да» тарауында Құнанбай­дың жа­сы болса жетпіске тақап қал­ған. Енді ер жеткен балаларының ішінен өз орнына кісі қамдай­тын да мезгіл жеткен. Ел арасы болса бүгін қиындап барады. Алыс пен тартыстың басы тағы шығып, Балағаздар сияқты тынышсыздық деген тағы шықты. Осының бәрін ойлап, таразыға салып келіп, жаңа болыстыққа Абайды лайық деп көрген. Құнанбай ел басқару ісіне лайық Абайдың бойынан биік қасиеттерді көретін. Мәселен, «Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлім­нің мол екенін әкесі танитын». Әкесінің Абайға іштей берген бағасы осы еді. Осы қасиеттерін бағалап, Құнанбай Абайды ел бас­қару ісіне лайық деп табады.

«Абай аға» атты тарауда «Кең маңдай, қайратты жүзі көкшіл тартты. Реңіне ыза шыққандай. ...Жүрегінің басынан удай боп төгілген шер болса, оның бәрі бұл отырғандар туралы ой емес», деген үзіндіні оқуға болады.

Ұзақ жылғы айдаудан оралған Базаралы Семейге келгенде, оны қарсы алған көңілдес ағайын қо­нақ етеді. Жиренше пәтерін­де жиыл­ған топтың ортасында отыр­ған Ба­заралы басынан өткен қапырық ойларды ойлайды. Жазушы эпо­пеяда Базаралы бейнесін арыстай сом тұлғалы, бұл өңірдегі ең қым­бат жан деп басқа кейіпкерлер­ден даралап бейнелейді. М.Әуезов Базаралы тұлғасын сипаттаған­да, Абайдың толық адам болудағы «үш қасие­тін», әсіресе қайрат сөзін көп қол­данады, яғни қайратты жүзі мен шерлі жүрегін атайды. Бұн­дай мысалды «Кек жолында» ат­ты тараудан да кездестіреміз. Дәр­кембай Базаралыға: – Қайра­тың болса, қажырың жетсе, қа­мы­рығың бір халқыңмен болсаң­шы... Базаралының қазіргі Дәр­кем­байдан алған қуат сөзі оған қа­нат бітіргендей. Қайратты ер ен­ді қалжың тәрізді бір ой тастап сөй­леді: – Ақылың ақыл-ақ! Бірақ маған тағы бір ой келеді».

Абай айналасындағы адам­­­дар­дың бойында ақыл, қайраттың ­кем болғанын айтып, заманды бұзып отырған осы қасиеттің жоқтығы екенін байқайды. Адамдарды азды­ратын қылықтарды «улы сия, ащы тілмен» ақын жырлай­ды. «Бойда қайрат, ойда сөз, Бол­маған соң айтпа сөз», – Абай қайрат пен ақыл­дың тапшылығын баса айтқан болса, М.Әуезов бұл мәселені «Абай жолы» эпопея­сында реалистік тәсілмен көр­кемдеп суреттейді. «Абай жолы» эпопеясындағы тоң­­мойын, то­мы­рық Әзімбайға ыза болған Абай былай дейді: «...Оны­мен жа­ғаласқан жан құры­сын... қанша жыл жақсылық жолыңа тү­сіп, қажыған қайрат етіп ең? Бәле деп, жуандық деп, мал деп көз аштың. ...Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек керек дейді жақсылық! Естіп көріп пе ең, сен мұндайды!».

Жазушы Абай айтқан жақ­сы­­лық, аяныш, әділет, адал жү­рек деген қасиеттерден Әзімбай­дың жұрдай екенін аса жиір­ке­­нішпен айтады. Адамдық қасиет­­терден ада болып өсіп ке­­ле жат­қан, Әзімбайдың азуы шық­­­қан қатал, асау, зорлықшыл кей­пін жа­зушы шынайылықпен бе­дер­­лейді. Абайдың осы сияқты айналасындағы адамдардың жи­ренішті қылықтарына ыза болып, оларға адамдық қасиеттер жайлы айтқан толғаулы уағыздары мен ақынның терең ойларын М.Әуезов эпопеяда жиі келтіреді. Шұбар жайындағы Абайдың ойын жазушы былай береді: «Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күші мен кәрін қолымен де батырып жі­бере алады. Абай жағынан азар болса, көретін жазасы «ар, ұят, адамгершілік» деген жөнде. Шұ­бардың өзіне жол еткен мінезі бойынша, ол «ар, ұят» дегендер кеңшілікте, тыныштықта, келіп кетері жоқ мәжілісте ғана және Абай қасында ғана сөйленетін ермек қана».

Абайдың Шұбарға беретін тағлымы ар, ұят, адамгершілік жө­нінде екенін жазушы түсіндіреді. Шығармадағы бұл үзінді Абай­дың мына өлең жолына үндес ке­леді: «Жаман тату қазады өзі­ңе ор, Оған сенсең, бір күні болар­сың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор».

Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып келетін адамның өмірдегі көрінісі өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді. Абайдың толық адамға қойған талабы – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бір­лігі Әбдірахманның бойынан табылады. Эпопеяда өзінің жас­тығына қарамастан, ол үлкен ойдың, кең талғамның адамы ретінде көрінеді. Жазушы Әбішті ел қамын жейтін, жауыздыққа қарсы алысатын адам етіп суреттеген. Бұл ретте роман кейіпкері Әбіш пен оның прототипінің, сол сияқты Абай өлеңдерінде бейнеленген Әбіштің арасындағы ұқсастық, жақындық мол екенін атап айту керек. Абайдың сүйік­ті ұлы Әбдірахманға арнап шы­ғарған өлеңдері «Абай жолы» эпо­пеясында мол қамтылған. Бұл өлеңдері арқылы жазушы қай­рат, ақыл, жүректің бірлігі бойы­нан табылған, Абай аңсаған толық адам болудың талабынан шыққан Әбдірахман бейнесін эпопеяда қазақ даласында ешкімге ұқсамайтын жаңа тұрпатты ерекше ғазиз жан ретінде бейнелейді.

Қорыта келгенде айтарымыз, Абай поэзиясында негізінен сөз болатын адамгершілік мәселесі мен талап қоятын адамдық қасиет­тері «Абай жолы» роман-эпопеясында жалғасын табады. Абайдың аңсаған, армандаған толық ада­мын М.Әуезов оқырманға көр­кем образдар арқылы шебер тілмен жеткізеді. Абай поэ­зия­сы­ның алтын арқауы – толық адам жайлы ойшылдың танымын М.Әуезов дамыта отырып, оған өз көзқарасы тұрғысынан гу­манистік мәселелерді өзек еткен прозалық туындыларында ке­ңінен толғайды.

 

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық

колледжінің оқытушысы, филология ғылымдарының

кандидаты.