Технология • 04 Қараша, 2020

Ақылды көліктерге ақыл қосқан

467 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Білім іздеп, арман қуып шетелге аттанған жастарымыз көп. Олардың еңбегі еленіп, аты шығып жатса, апыр-ай қазақтың баласы ғой деп, сырттан сүйсініп отырамыз. Сондай дарынды жігіттің бірі Ержан Байымбетов 10 жылдан аса Еуропада қызмет етеді. Еңбек жолын дербес компьютерлер шығарушы IBM компаниясынан бастаған ол түрлі жетекші компанияларда жемісті қызмет етіп келеді. Бүгінде Мюнхенде тұратын оны көбі BMW-ның «миын» жазып шыққан қазақ деп біледі. Әңгімеге тартпақ болып, келіскен уақытта хабарласқанымызда дәл немістер секілді тура уақытында қоңырау шалдыңыз десіп әңгімесін бастап кетті.

Ақылды көліктерге ақыл қосқан

– Ержан, біз сіздің оқушы кезі­ңізден математика мен физи­каға құш­тар болғаныңызды естідік. Сол қызығушылық сізге үлкен мүм­­­к­ін­діктерге жол ашты, бүгінде ше­тел­дік алпауыт компаниялар жа­­рыса жұмысқа шақыруда. Бәрі не­­ден басталған еді? Қарапайым уни­­вер­ситет оқытушысы әйгілі дер­­бес компьютерлер шығарушы IBM компаниясына қалай жолдама алды?

– IBM – дербес компьютерлерді алғаш шығарған әлемдегі ең мықты технологиялық компания. Оның ғы­лыми орталықтары әлемнің бірнеше қаласында орналасқан. Мен Цюрих қаласындағы орталықта өндірістік тәжірибеден өттім. Ол үшін ең әуе­лі IBM компаниясы жыл сайын ұйым­дастыратын Great Mind Challenge атты сайысына қатысқам. Додада бағым мен бабым қатар шауып бірінші орынды қанжығаға байладым. Кейінірек жарыс ұйымдастырушылары мені IBM-ның Швейцарияда орналасқан ғылыми орталығына Edison атты жо­басы аясында тәжірибеден өтуге ша­қырды. Онда Балтық теңізінде орна­ласқан Дания Корольдігіне тиесілі арал тұр­ғындарын жаңғыртылған энергия­мен қамтамасыз ететін жобаға эксперимент жасадық. Мен сол жобаның бағдарламасын жаздым. Бұл ғылыми орталықта білікті про­фессорлар, ға­лымдар және шетелдің түрлі мықты мамандары әр апта сайын бізге дәріс оқитын, соңғы трендтерден хабардар ететін. Аталған орталықтың басты миссиясы инновацияға жақын ақылды адамдарды әлемнің түпкір-түпкірінен бір орталыққа жинау еді.

Кейінірек 5 айға жуық уақытқа созылған тәжірибем аяқталған соң Қазақстанға оралып, ҚБТУ-да­ғы оқы­тушылық қызметімді әрі қа­рай жал­ғастырдым. Одан кейін Аустрия­ның Линц қаласында орналасқан Иоганн Кеплер атындағы университет­ке док­торантураға түстім. Онда мо­бильді те­лефон арқылы адам эмоция­сын анық­тау тақырыбы бойынша зерттеу жүр­гіздім.

– Ақылды көліктер құрастыру ісінде де тәжірибеңіз бар екен. Көлік жасау индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі BMW-ның Мюнхен қаласында орналасқан штаб-кеңсесіне қалай жұмысқа қа­был­дандыңыз?

– Қазір әлемде барлық автокө­лік­терді автоматтандыру үрдісі жүріп жатыр, олардың көптеген сервисін интернетке қосу қолға алынған. Яғни, сіз интернет арқылы өзіңіздің маши­наңызды басқара аласыз. Ол көлік ішінде орналасқан сенсор арқылы басқарылады. Таяу болашақта осы ақыл­ды сенсорлар көмегімен көліктер өздігімен жүретін күнге жетеді. Ол уақытта сіз машинаңызды қосып қо­йып, өзіңіз телефонмен сөйлесіп, кітап оқып немесе сол сияқты кез келген басқа да әрекеттерді істей аласыз. Ал машина өздігімен жүре береді. Бұл ретте түрлі мобильді қосымшалар бар. Мысалы сенсорларды интернетпен басқарудан бөлек, машинаның қайда орналасқанын білуге болатын функция да кездеседі.

1

Бүгінде машина құрастырушы ком­­панияларға IT-бағдарламашылар мен инженерлер ауадай қажет. Жаңа заманда барлық дүние цифрландырылып жатқанда кез келгені трендтен қалып қалмауды ойлайды. Сол үшін қазір IT инженерияға көңіл бөлу маңызды. Ол болмаған жағдайда индус­трия­­дан кетіп қалудың қаупі жоғары. Қа­зір­гі уақытта IT департаменті оған өте көп көңіл бөліп жатыр. Солардың бірі – BMW компаниясы. Көлікті пи­лотсыз жүргізумен қамтамасыз ете­тін көптеген сенсор бар, мен сол сен­сор­ларға арналған бағдарлама жаз­дым. Қазақша айтқанда BMW-ның «миын» жазып шықтым. Бұл мен үшін өте қызықты тәжірибе болды, өйткені бұ­рын-соңды көліктерге арналған бағ­дарлама құрастырып көрмегенмін әрі мұның қалай іске асырылатыны мен үшін қызық болды. Мұнда жұмысқа орналасуымның себебі – осы. Маған компания аты емес, жо­ба идеясы маңыздырақ еді. Сөйтіп Линц­тағы оқуды бітіргеннен кейін Headhunter-ден BMW компаниясы­ның ІТ-маман іздеп жатқанын біліп, он­­да құжаттарымды тапсырдым. Компа­нияның кадр бөліміндегілер мені Мюн­хен қаласына әңгімелесуге шақы­рып, жұмысқа қабылдады.

– Германиядағы ең үлкен CHECK24 атты компанияға жұмыс­қа шақырылғаныңыздан да хабарымыз бар. Онда қандай қызмет ат­қардыңыз?

– BMW компаниясынан кейін бірнеше шетелдік компанияда жұ­мыс істедім. Оның әрбірінде тамаша тәжірибе қорын жинақтадым. Олар­дың әрқайсысы бір-біріне ұқ­са­майды, бағыттары бөлек. ІТ-сала­сын­да бағдарламалар жиі жаңарып оты­ратындықтан бізге білімімізді үне­­мі дамытып отыру маңызды. Егер өз-өзімізді жан жақты дамытпасақ, екі жылдан кейін біз технологиялар­дан қалып қоюымыз бек мүмкін. Сол себепті тағы бір жаңа технологияны игеру үшін жұмысымды басқа ба­ғытқа ауыстырмақшы болдым. Сөй­тіп жүргенімде мені fintech саласы бойынша Германиядағы ең үлкен компания CHECK24 жұмысқа шақырды. Бұл елде 600-дей банк бар, несие алуға мәжбүр тұрғындар банкке бармай-ақ, біз құрастырған жүйеге кіріп, 2 ми­нутта несие ала алады. Қолданушы­лар­ға тиімді болу үшін біз ол жүйенің мобильді қосымшасы мен сайтын жа­сағанбыз. Адамдар сол платформа­ға кіру арқылы кез келген уақытта өзі­не қажетті несие, сақтандыру, заттар са­тып алу, демалысты жоспарлау сын­­ды көптеген нәрсені жылдам, он­лайн ала алады. Мен осы жүйенің жұ­мы­сына жауапты болдым. Мұнда екі жарым жылдай қызмет еттім. Ал қа­зір Мюнхен қаласында орналасқан, жыл­дық айналымы 25 млрд еуроны құ­райтын Еуропадағы ең ірі ритейлер компания – Saturn Mediamarkеt-ке жұмысқа орналасып жатырмын. Ме­ніңше, технологияға қызығатын маман әр­түрлі техноалаңдарды көру қажет. Өйткені ІТ мамандарына бір жерге бірнеше жылға тұрақтау тиімсіз, себебі жоғарыда айтып өткендей, жаңа технологияны меңгеріп алған соң өзге де тың нәрсені үйрену керек.

– Шетелдік ірі компаниялардың кадр бөлімдері бірінші кезекте қыз­меткердің қай қасиетіне көңіл бө­леді? Қызметкерлерді жұмысқа алу тәртібі қандай? Біздегідей сынақ мер­зімі бар ма?

– Мұнда жаңадан жұмысқа қабыл­данған қызметкер 3 айдан 6 айға де­йін сынақ мерзімінде жүреді. Кадр бөліміндегілер бұл аралықта қыз­меткердің бірнеше қасиетіне мән береді. Ең бірінші кезекте оның кә­сіби біліктілігі назарға алынады. Оның жаңа технологияларды қан­­ша­лықты білетіндігіне немесе игеріп ке­те алуына қарайды. Бұдан соң оның әріптестерімен қарым-қатынасы ма­ңызды. Бұл салада белгілі бір дүние жа­сау үшін бір ғана адамның жұмысы аз­дық етеді. Күрделі технологиялық қыз­меттердің әр тетігін әр адам жасай­тындықтан мұнда командамен жұмыс істеу маңызды. Сол үшін олармен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Ағылшын тілінде мұны soft skills дей­ді. Яғни, оның кәсібилігі мен мінез-құлқы арасындағы үйлесім тапқан тандемді айтады. Бұл технологиялық жұмыс болғанмен де коммуникация, адамдармен жақсы қарым-қатынас­та болу, өзінің креативті ойын жеткізе ­алу деген сынды адамның жеке қасиет­тері ескеріледі. Сондай-ақ әр жұмыс­та талап етілетін маңызды бір пункт – жауапкершілік. Батыс елдерінде кәсіби және кәсіби емес маман­ның айырмашылығы – жауапкершілікте. Мұнда кез келген істе жауапкершілікке мән беріледі.

2

– Қазақстандағы IT-индустрия мен батыстағы жағдайды алып қа­ра­­сақ, бізге қандай дүниелер жетіс­пей­ді?

– Бізге бірінші кезекте Назарбаев Университет, ҚБТУ сын­ды мықты жоғары оқу орындар санын көбейту керек. Сапалы уни­верситеттерді көбейту арқылы онда білім алып шығатын мықты ғалым­дардың санын арттырамыз. Сондай-ақ студенттер тәжірибе алмасу үшін шетелге барып келе алатындай жағ­дай жасау маңызды. Екіншіден, бізге ашық ғылымға шығу керек. IT-ин­дустриясында шекаралар жоқ. Сол себепті біздің ғалымдар шетелге барып, ондағы инвесторлар бізге ер­кін келіп тұру керек. Сондай-ақ аутсорсинг ісін жаңғыртуға болады. Мысалы бүгінде көптеген ком­пания өз өнімдерін, идеяларын екін­ші бір басқа компанияға сатып жа­тады. Ба­тыс Еуропада бірқатар ком­пания өз өнімдерін Шығыс Еуро­паға әрі қа­рай дамыту мақсатында жиі береді. Осындай аутсорсингпен айналысуға Қазақстанның да әле­уеті бар. Біздің елімізде өте жақсы бағдар­ламашылардың барын мен жақсы білемін. Неге бізге де шетелдік компаниялар сияқты өз өнімдерімізді аутсорсинг арқылы да­мытпасқа? Бұл үшін біз Еуропа және Америкамен арадағы байланысты ны­ғайтуымыз қажет. Бұдан соң елдегі биз­нес климатты дамытуға болады. Қал­талы азаматтар қазақ компанияларына инвестиция жасап жатса, ол арқылы жастардың түрлі стартаптары көбейер еді.

– Қазір IT саласының бағыты тарам-тарам екенін көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Бірі те­мір-терсектен теңдесіз дүние құрас­тырады, бірі мобильді қосымша ойлап табады, енді бірі ақпараттық технологияның жілігін шағып, ма­йын ішеді. Соның ішінде табысы мол бағыты қайсы?

– Мобильді қосымша болсын, сайт жасау бар, тағысын тағы мұның бәрі IT-саласындағы құрал ғана. Олардың әрбіріне қазір сұраныс жоғары екені белгілі. Кез келгені адамның өмір сүру тәртібін жеңілдету үшін қызмет ат­қарады. Қоғамда оларға сұраныс бар болғандықтан, табысы да соған сай келеді. Алайда сөзіңіздің жаны бар. Бұл салада бірегей бағыттар да баршылық. Мұнда, әсіресе жасанды интеллект пен Big data-да жұмыс іс­тейтіндердің болашақта жұмысы кө­бірек болады. Өйткені индустрия осы дүниелерге бет бұрып келеді. Болашақ IT-инженерлер осы бір сұранысқа ие трендтегі бағыттарды көбірек мең­герсе болады.

– Қарап отырсақ, түрлі салада тәжірибе жинақтап жүр екенсіз. Белгілі бір білім мен біліктілік қо­рын жинақтаған соң, жұмыс күші­ңізді қай арнаға бұрасыз? Елге оралып, өз жобаларыңызды дүниеге әкелу ойда бар ма?

– Жақын арада әлі де болса тәжі­рибе жинақтаймын. Өзімді әрі қарай да жан-жақты дамытқым келеді. Тех­нологиялар үнемі жаңарып отыр­ған соң олармен ілесе жүріп даму біз үшін маңызды. Осы уақытқа дейін түр­­лі бағытта қызмет етіппін. Бір ға­на қа­лыпта, бір орында тоқтап қал­ғым келмейді. Біраз білім қорын жи­­­нақ­­таған соң оны өзгелермен бө­лі­­су ойымда бар. Осыдан екі жыл бұ­­рын өзімнің семинарларымды өт­кіз­­генмін. Алда мұндай дәрістерді әлі де жасап тұруға тырысамын. Біл­ген-көргенімнің басқаларға пайдасы тиіп жатса, мақсаттың орын­дал­ғаны деп білемін.

– Меніңше, бізде табиғатынан дарынды мамандар өте көп. Өкі­ніш­тісі, олар шетелге тәжірибе жи­нақ­тауға кетіп, отанына қайта оралмайды. Бұған не себеп? Әлде олар үшін бізде қолайлы орта жоқ па?

– Әр сала маманының өзіндік се­бебі болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл көбінде индустрияға байланысты болады. Мысалы, IT-саласын алып қарасақ, кейбір бағыттар бойынша оқыған адамдар үшін Қазақстанда жұмыс табылмай жатады. Өйткені IT-индустриясында жаңалықтар мен өзгерістер көп. Олар – үнемі ізде­ніс­­тің адамдары. Сол сияқты елдегі мұ­най, газ, машина және тағы басқа ин­дустрия­лар дамыған сайын олармен қа­тар жүретін ақпараттық технологиялар саласының адамдарын да дамытып отыру керек.

2

Мен танитын жастардың көбі ел­ге оралатынын айтады. Отанымыз Қа­зақстан ғой. Сыртта білім алып, жұ­­мыс істеп жүрген әр жастың бо­йын­да патриоттық сезім берік екеніне шү­бәм жоқ. Олар мүмкін 5 жылдан кейін, мүмкін 10 жылдан кейін оралуы мүмкін. Белгілі бір тәжірибе қо­рын жинақтап болған соң елге келіп мүм­кін өз компаниясын аша жатар. Оның барлығы – уақыттың еншісінде. Бүгінде елге келуге асықпайтын жас­тар­дың жай-күйін дұрыс қабылдау керек. Одан кейін біздегі талантты жі­гіттер мен шетелдегі жастар арасында бай­ланыс орнату қажет. Өйткені көп жағдайда сыртта жүрген қыз-жігіттер елдегі IT индустрияның жай-күйінен бейхабар болып жатады. Елде не болып жатқанын көп біле бермейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Egemen Qazaqstan»