Технология • 04 Қараша, 2020

Қай мобильді қосымша сіз жайлы көбірек ақпарат жинайды?

598 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, ақпарат заманында мобильді қосымшалардың рөлі зор. Apple және Google қолданушылары осы жылдың үшінші тоқсанында рекордтық 33 млрд бағдарлама жүктеп, 28 млрд доллар қаржы жұмсаған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 20% артық. Бұған себеп – әлемді індет жайлап, оқшауланған жұрт­тың интернет арқылы байланыс орнатуы.

Қай мобильді қосымша сіз жайлы көбірек ақпарат жинайды?

Өзіміз кезінде геолокация қосу, кейбір ме­диа­файлға рұқсат беру сияқты талай мобильді қосымшаға есікті ашып бердік. Шетелдік Clario компаниясы ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша мобильді қосымшаларға зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесінде біз пайда­ланатын Facebook, Instagram қосымшасы өз қолданушысы жайлы ең көп ақпарат жинайды екен. Одан кейінгі орында – Tinder қосымшасы.

Бұл қосымшалар телефон, пошта, геолока­ция, үй адресі, салмағыңыз, бойыңыз, туыс­тарыңыз, достарыңыз, сіз қызықтыратын посттар, дауыс хабарламалары – барлық қажетті ақпаратты өзі­нің серверлеріне сақтап отырады. Мұның бәрін не істейді дейсіз? Бұл ақпарат – үлкен Big Data, көп ақша. Адамдардың қызығушылығын білген компаниялар өзі немесе өзге компаниямен келі­сіп, сіз ұнатқан тауарларды, коммерциялық ұсы­ныстарды ал­дыңызға шығара береді. Осындай қажетсіз жарнамаларға жем болмау үшін программаға рұқсат берудің алдында өзіңізге не керегін біліп, саралап алған жөн.

Sophos компаниясының сарапшылары Apple Store жүйесінде Fleeceware типіндегі алаяқ­тықпен айналысатын қосымшалардың бар еке­нін анықтады. Fleeceware қосымшаларын жүк­тегенде қолданушыға белгілі бір сынақ мер­зімін белгілейді. Қолданушы мобильді қосым­шаны өз телефонында өшіргенімен, жүйеде саңылауларды тауып, пайдаланушының шотынан ақша шығарып отырған.

Кейбір мобильді қосымшалар шпиондық құ­рылғы тәрізді телефонда сіз терген мәтіндерді өзіне сақтап, ұзақ уақыт өткен соң ақпаратты өз пайдасына асыруы мүмкін. Сондықтан ресми App Store, Play Market-тe жүктелген мобильді қо­сым­шаларға досыңдай сене берудің қажеті жоқ.

IBM компаниясының мамандары өздерінің жылдық «Cost of a Data Breach Report» есе­бінде хакерлердің іс-әрекетінен 500 компания мен ұйым­ деректерінің жарияға шығып кетуін зерттеді. Зерттеу нәтижесі бойынша әр ақпараттың қолды болуы компанияға шама­мен $3,86 млн шығын келтіргенін анықтады.

ХХI ғасырдың басты байлығы ақпарат бол­ғандықтан, өзіңізге және өзіңіз істеп жүрген мекемеге шығын келтірмеу үшін мобильді қо­сым­шаларды жүктер алдында зерделеп ал­ған жөн.

 

Ғасыр ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ,

ІТ маманы