Руханият • 04 Қараша, 2020

Қаралы қарбалас (Күнделіктен үзінді)

937 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қаралы қарбалас (Күнделіктен үзінді)

1 қыркүйек, 1992 жыл. …Иә, сәт, сапар басталды! Белгiлi мiржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов екеумiз қиырдағы Карелия жерiне Мiржақып атамыздың сүйегiн әкелу үшiн ұшақпен Арқалықтан түнгi сағат 2-ден 15 минөт кеткенде ұшып шықтық.

Торғай қаласында Гүлнәр апай жатыр. 24 тамызда келген едi. Ертең 2 қыр­күйекте Торғайдан РАФ көлігімен төрт жiгiт шықпақ. Бiз оларды, Алла қаласа, Сос­новецте күтемiз.

«Еңбекшi Қазақстанда» iстеген М.Дулатұлы нағашымның жолымен тағ­дыр менi сол кiсiнiң тума газетi «Еге­мен Қазақстан» шаңырағына әкелiптi. Ендi өзiн жоқтап үлкен мақсатпен жолға шығып бара жатырмыз. Бұл оқиға күллi журналистiк ғұмырымның, бәлкiм, биiк белесiне айналар-ау!..

Е, Алла, жар болсын де!

2 қыркүйек, 1992 жыл. Орал арқылы Мәскеуге түнгi сағат 4-тен 15 минөт кет­кен­де келiп қондық. Кешкi 18 сағат 22 ми­нөтке – Петрозаводскiге пойызға би­лет алдық.

Осыдан екi жыл бұрын Марат Сосно­вецтегi М.Дулатұлының қабiрiн ашып көрiп, мүрденiң анық-қанығына көз жеткiзгеннен кейiн, түбi бiр елге әкеле қалса басы-қасында болармын-ау деген тәттi тiлек ойға маза бермей жүрген. Ендi соның сәтi түсетiндей…

3 қыркүйек, 1992 жыл. Сосновецке түстiк. Бiз кезiнде Маратқа Мiржақып iзiн көр­сетiп, қабiрiн ашқанда басы-қа­сында болған Клавдия Михайловна Стен­никованың үйiне келдiк. Ақжарқын кiсi екен, етжеңдi, сары, жетпiске келген, жергiлiктi мейманхананың меңгерушiсi. Шайын қойып, барын алдымызға тосып, жiк-жапар болып қалды. Шайға қандырған соң мейманхана кiлтiн берiп, үйiнен шығарып салды.

Жақсылап жайғастық, төрт кереует екен. Барлық жағдай бар. Марат Мiр­жақып, Ағыбай аталары туралы көп ғибратты әңгiме айтты. Бөлме төрiне Мiр­жақыптың өзiмiз ала келген үлкейтiлген суретiн қойдық. «Ертең қайтарда мәшине әйнегiне iлiп қоямыз», – дедi серiгiм…

4 қыркүйек, 1992 жыл. Мiне, сонымен Сосновецтiң алғашқы таңын қарсы алдық. Қоңыр салқын, ылғалды, ашық таң.

Тоғыз сағат қырық бес минөтте Сос­новец стансасының темiржолынан 50 метрдей жерде орман iшiндегi зираттан Мiржақып қабiрiн барып көрдiк… Күн жарқырап тұрды. Ауа тынық, таза. Бiр кездерi дәл осындай жағдайда Мiржақып та елден жырақта, жаны күйзелiп жүрдi ғой. Оның дүние салғанынан 57 жыл өткеннен кейiн қабiрiн iздеп ұрпақтары келерiн сездi дейсiң бе?! Қазақтың данышпаны жүрген жерде болу, бiр жағынан, мақтаныш сезiмiн туғызса, екiн­шi жағынан, аяныш халге түсiредi, егiл­дiредi жан-жүректi. Беу, қилы заман-ай!

Сосновец поселкелiк кеңесiнiң төр­айымы Фролова Светлана Васильевнамен кездесiп әңгiмелестiк. Ол республикалық «Северный курьер» газетiнiң Беломор ауданы бойынша меншiктi тiлшiсi Вол­ко­вамен жүздестiрiп, мәлiметтер алмасуымызға жағдай туғызатын болды.

Поселкелiк кеңестен шыққан соң Выг өзенiнiң жағасына барып, Мiржақыптың көзiмен табиғатты тамашаладық. Кең арналы, арғы бетi қалың жынысты ор­ман, оң жағында Беломор-Балтық кана­лының өзенмен қиылысында бұрын Мiржақыптардың лазаретi тұрған дөң, яғни бекет бар екен. Одан әрi каналдың бiр сағасы орап ағады екен. Сол жерде ғой әлгi тұтқындарды ататын көпiр…

Сосновец стансасының негiзiн (1887 жылы) қалағандар ұрпағының бiрi Ильин Дмитрий Федорович екен. Соның қазiргi тұратын үйiне бардық. Ол үйде әйелі Ғайнижамал мен ұлы Әлiбек Мiржақыпқа келiп бiр ай тұрған ғой.

Бүгiн Торғайға – Гүлнәр апайға, Жақан Қосабаевқа (аудан әкiмi) екi жеделхат жөнелттiк, аман-сау жеткенiмiздi айтып. Көлiктi Жақан сәрсенбiде (02.09.92 ж.) Торғайдан аттандырамын деп едi. Шықты ма екен, сол жағы беймәлiм.

Сосновец түнi жиырма бiр сағат жиырма минөтте түстi. Көз көргiсiз түн, үрейлi түн. Мiржақып осындай түнде туған жерiн ойлап, аласұрған шығар… Сосновецте тұтқындарға арнап тiлашарлар жасады, өлеңдерiн жазды, сағынышты сәлем хатын жолдады ауылына. Соның бiразы Гүлнәр апайдың қолында бар екен.

5 қыркүйек, 1992 жыл. Таңертең жаңбыр жауып тұрды. Сыртта 20 минуттай бой жаздым. Сағат он кезiнде жиналып Беломор қаласына автобуспен 40 минуттай жүрiп бардық. Жағалай орман.

Бiздi республикалық «Северный курьер» газетiнiң Беломор ауданы бойынша меншiктi тiлшiсi Наталья Волкова пошта аялдамасынан қарсы алды.

Өлкелiк мұражайды көрдiк. Онда Мiр­жақыптың төрт суретi бар екен: Мелейко. Вит. Бронославович (ленинградтық кинорежиссер) «Канал имени Сталина» деректi хроникасын шығарғанда сол суреттердi пайдаланыпты.

Мен мұражайға «Чернобыль қаһар­маны» кiтабымды табыс еттiм. «Беломор мұражайына. Мiржақып Дулатұлының туысы Қайсар Әлiмнен ескерткiш» деп жаздым қолтаңбаны. Марат мұражайға мыналарды тапсырды: «Мiржақып Дулатовтың шығармалары», «Авторефераты» және бiрнеше құжат көшiрмелерi.

Мұражай қызметкерлерiне Қазақстан туралы, Мiржақып Дулатұлы жайлы қы­зықты әңгiмелеп бердiк. Соловкиде М.Дулатұлы төрт дәптер түрiкше-қазақша-орысша лагерь сөздiктерiн жасаған. Соның бiр дәптерi Лондоннан табылыпты.

…Сосновецке қайтарда мотоспортшылар мiнген мәшинемен келдiк. Түстен кейiн күн ашылып, Марат менi М.Дулатұлы тұрған лазареттiң орнына алып барды. Iргесi ғана қалыпты, ағашы шiрiген, жерден жарты метрдей биiкте. Үстiне көтерiлiп суретке түстiм. Бөренелерi әбден мүжiлiп, бой-бойы үгi­лiп, қабықтары қалған екен.

Лазареттен әрi айналып төмпешiкке көтерiлгенiмiзде, соны нұсқап Марат: «Осы жерге тұтқындарды топырлатып көмiптi», – дедi.

Тас жолмен, кеспелтек плиталар төселген жолмен әрi өрлеп 14-шлюз арнасына асыла салынған ағаш көпiрдi тамашаладық. Төменгi қойнауындағы баракты өртегенде, одан қашып сол көпiрдiң үстiнен құлап өлгендердi таңғы сағат 5-те көрген Мiржақыптың жүрегi ауырған ғой. Көпiрдiң ұзындығы 90 метр екен, әдейi адымдап өлшедiм. Канал арнасы жақпар тастар, жарылғышпен тескен үңгiрлерi көзге бадырайып тұр, қолмен қашап, қайламен шауып, ұсатып арнаны ұлғайтқандарын аңғару қиын емес. Суы қандай: қап-қара ма, қоңыр қызыл ма? Айырып болмайды. Бiр кезде Мiржақыптың көзiне түскен қайғылы қатпар арна әлi күнге түсi суық, үрейдi алардай көңiлсiз, күңгiрт екен.

К.М.Стенникова 1925 жылы туған, Сос­новецке 1941 жылы келген. 1991 жы­лы «Канал имени Сталина» түсi­рiл­­генде осы кiсi Серегиндi және бас­қаларды ертiп барып Мiржақып қабiрiн көр­сетiптi. Осы кiсi «Келесi жылы келiп Мiр­жақыптың сүйегiн әкетемiн» деген Марат уақытында көрiнбеген соң, оған: «Неге үнсiз жатырсыңдар, айныдыңдар ма?» – деп хат жазыпты. «Бәтiр-ау, сүйектi танығанымыздан айныды ма екен, – деп ой­ладым», – дейдi шай үстiнде Стен­ни­кова сол қобалжыған сәттерiнен хабар берiп.

Сосновец поселкелiк кеңесiнен кө­шiрiлген құжат: от 8.06.1990, № 283. Исполком Сосновецкого поселкового Совета народных депутатов по запросу науч­ного сотрудника Института литературы и искусства им.М.О.Ауэзова АН Казахской ССР Абсеметова М.О. составила комиссию для определения места захоронения казахского деятеля культуры и науки Мир-Якуба Дулатова, репрессированного в 30-ые годы по ст. 58 и скончавшегося в Сосновецком лазарете 5 октября 1935 года. Акт смерти №533 подписан З.Ф.Бударной – зав.

Сосновецким лазаретом, И.Я.Обла­кевичем – ст. лекпомом и М.В.Аристовой – дежурной по лазарету. Реабилитирован в 1988 году.

Комиссия в составе: Фролова С.В., председатель исполкома; Исаков Б.В., депутат Сосновецкого поссовета; Соколова М.И., старожил, пенсионер; Серегин Н.Ф., старожил, пенсионер; Ильин Д.Ф., старожил, пенсионер; Стенникова К.М., старожил, пенсионер; Куорти А.О., старожил, пенсионер.

После тщательного обследования мест захоронения в поселке Сосновец и заслушивания воспоминаний старожил пришла к заключению: – могила М.Дулатова, умершего 5 октября 1935 года находиться на старом кладбище. На месте захоронения стоит обелиск, сваренный из кусков металла с металлической шишкой и звездой. Пред. Исполкома Сосновецкого поссовета народных депутатов С.Ф.Фролова (қолы).

…Мiне, Сосновецте Марат екеумiз үшiншi түн түнегелi отырмыз. Торғайдан шығатын көлiк қашан келер екен? Шықты ма екен өзi? Гүлнәр апай Торғайда қалай жүр екен? Марат аттанарда дауыс қылып жылап қалған екен… Не ол кiсiнiң Ал­маты­дағы балаларынан хабар жоқ. Марат екеумiзге салса, қорап-жәшiк жасат­тырып пойызбен алып қайтар едiк мүрденi… Көлiктiң бiр хабары болмай ондай тәуекелге бару оңай ма? Кеше Арқалыққа – Алтынға Сосновецтен хат жазып жiбердiм. Мiржақып нағашыма ұқсап елге алыс қиырдан әдейі сәлем жолдадым. Екi түрлi сәлем-ау...

6 қыркүйек, 1992 жыл. Выг өзенiнiң жағасына барып ертеңгiлiк бой жазу жаттығуын жасадым. Бойға қан жүгiрген сайын сезiм сергiп, ой жеңiлейiп, сонау алыс жылдарға санаммен саяхат жаса­ғандаймын. Мiржақып та осынау таңғы күңгiрт аспанға қарап қойып, бәлкiм, елiн, жерiн аңсаған шығар… Выгтың кең қолтықты айдынына көз салғанда өзiнiң Қоңыраулысы есiне түскен шығар. Выг­тың жағасын көмкерген жасыл орман – қанша сұлу, әсем болғанымен Сарықопаның қамысына қайдан жетушi едi. Орманды ауа дейсiң-ау, Қызбел төсi­нiң алуан шөп, гүлдi жұпар ауасы неден кем?!

…Беломор-Балтық каналының тарихынан: «Канал 1 жыл 7 айда 1933 жылы салынып бiткен», – дедi мейманханада көршiлес жатқан мәскеулiк ғалым Сергей Степанович Кирьяков. Ұзындығы – 227 шақырым, енi – 46 метр, тереңдiгi – 4 метр. 19 шлюзi бар. Канал тек тұтқындардың қол күшiмен салыныпты. Оның құрылысына «халық жауы» атанған керемет инженерлер, iскерлер қатысқан. Негiзгi құрал – қайла, арба… Бұл канал Сосновецтен бiр жарым шақырымдай жерде екен.

7 қыркүйек, 1992 жыл. Бұл күнi көршi жатқан Сергей Степановичпен, оның әйелi Валентинамен бiрге Беломор-Балтық каналын мәшинемен барып көрдiм. Кәдiмгi өзiмiздiң ауылдағы Қоңыраулыдай ернеулi, жалпақтығы да соған ұқсас: ернеуiнен тас жақпар текшеленiп көрiнедi. Бiр жағалауына ағаш егiлген, сонымен қапталдас бетон, тасжол төселген. Маңайы қалың жынысты тоғай.

Т е л е ф о н о г р а м м а . П. Сосновец 07.09.1992 г. Принята в 11 час. 15 мин. Фро­ло­вой для Абсеметова. Съемочная груп­па вылетела из Алма-Аты 7 сентября. Расчитываем прибыть в Сосновец 9-го. Дождитесь нас. Ерлан. Приняла: Инс­пектор Сосновецкого пос. Совета Т.Ф.Фомина.

Осы жеделхат Марат екеумiз Алматыға Ерланға (Сатыбалдиев) телефон заказын берiп, Сосновец поселкелік кеңесінің төрағасы С.Фролованың бөлмесiнде отырғанда қолымызға тидi.

Алматымен сөйлесе алмай зарығып отырғанда қолымызға осындай жақсы хабар тидi. Демек, көлiк те Торғайдан шыққан ғой дестiк. Айтуларына қарағанда сәрсенбiде, 2 қыркүйекте аттандыру керек едi. Апай сол көлiк шыққан соң Алматыдағы балаларына хабар берген ғой. Мына жеделхат содан соң салынғаны байқалады.Әйтеуiр, көңiл жайланды. Марат екеумiз «көлiкке не болды?» деп абыржып жүр едiк. Ендi бiрiмiздi-бiрiмiз құшақтап, қуанысып қалдық…

Мiне, осы жолдарды қағазға түсiрiп отырғанда Торғайдан шыққан мәшине «Сосновец, қайдасың?» деп, зуылдап келедi-ау. Е, дәурен, өмiрде осындай да ғажайып құбылыс болады екен. Сол тарихи оқиғаның ортасында жүремiз деп кiм ойлаған? Торғайдан мәшине келiп, Мiржақыптың мүрдесiн әкетедi дегенге бұған дейiн бiреу-мiреудi сен­дiрiп көрiңiзшi. Алдымен келiп алсын да мәшине. Әйтеуiр, тарихи оқиғаға жақын­дап келемiз ғой… Сәтi түссiн.

Карелия жерiн бiле түссек деген ынта-ықыласта шек жоқ. Киоскi көрсек ернеуiне асылып, Мiржақып жатқан осы жер жайлы танымдық бiрдеңе болар ма екен деп, көз сүзiп, сұрастыра бастаймыз. Құрқол да емеспiз, әрине. С.В.Фролова бiздiң бұл таңсықтығымызды басқысы келгендей үйiнен жүгiрiп барып бiр құшақ кiтап әкеп бердi: «Өзiме де керек едi бұлар, – дедi әр­қайсысына қысқаша түсiнiк жасап үлгерiп. – Кеткенше қарап, қажеттерiңмен танысыңыздар».

…Күнделiгiме «Отбасыңды осылай сағындың ба?» деп жазып қойдым да ойға берiлдiм… Мiржақыптың сағынышын өз сағынышыммен салыстырып, өлшеп, безбендей бастаған секiлдiмiн… Мен де тап қазiр Мiржақыптың сағынышындай iңкәрлiгiмдi тежей алмай зайыбым – Алтынды, балаларым – Арай мен Әсе­тiмдi, Баубегiм мен Гауһарымды, кенжем Алауымды әкелiк әлемнiң әдемi әлдиiне бөлей бердiм. О, тоба! Сағынатын жандарым аман-сау болсын…

8 қыркүйек, 1992 жыл. Кешкi 21 сағат 08 минутта пойыздан Ерлан келер ме екен деп стансаға Марат екеумiз барсақ, РАФ мәшинесі алдымыздан шыға келдi. Одан Торғайдың жiгiттерi түсiп келе жатыр: Айдар Талпақов – Жангелдин аудан­дық жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы; Серiк Асқаров – аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерi; Кеңесбай Меркин – Арқалық автобус паркiнiң жүргiзушiсi; Хамит Райымханов – осы парктiң жүргiзушiсi.

Жiгiттер 3 қыркүйекте сағат 14-те шық­қан екен. Жолға бес күн қонып, алтыншы күн дегенде Сосновецке жетiптi. Арып-ашыққан, жол шаршатқан жүздерi межелi жерге жетiп жығылған соң жадырап жүре бергендей.

Олардың жүрiп өткен маршруты қыс­қаша айтқанда былай едi: 3.09.92. Торғай қаласы – Шилi – Толыбай (Ақтөбе oблы­сы) – Урожайное – Хромтау – Ақтөбе. 4.09.92. Қобда – Жымпиты – Орал – Куйбышев. 5.09.92. Самара – Ульяновск – Чебоксары. 6.09.92. Горький – Иваново – Ярославль. 7.09.92. Рыбинск – Чероповец – Тихвинь. 8.09.92. Новоладога – Лед. Поле – Оленец – Петрозаводск – Медвежьегорск – Сегежа – Сосновец.

9 қыркүйек, 1992 жыл. Бұл күн өте тығыз шаруалы болды. Қол тимегендiгi сондай, осы жолдардың өзiн кештеу түсiрiп отырмын. Борис келiп (Клавдия Михайловнаның күйеу баласы) Ерлан Сатыбалдиев пен Халила Омаровтың Алматыдан жеткенiн хабарлады. Ерлан­мен таныстым, нағашым ғой. Ол «Егемен Қазақстанда» Мiржақыптың мүрдесiн әкелуге аттанғанымыз жайлы мақаланың шыққанын айтты. Демек, бұл – оқиғаның барысымен күллi Қазақстан құлақтанып жатыр деген сөз.

Ерланмен бүгiн қабiрдi қазып, сүйектi әкететiн күн туралы мақаланы Алматыға, редакцияға қалай жеткiзу жөнiнде ақыл­дастым. Ол менiң қолжазбамды ертең таңертең Санкт-Петербургтен телефакс арқылы жiбермек болды.

Қабiр басына 9 сағат 40 минөтте жиналдық. Адам көп. Кинорежиссер Халила үздiксiз түсiрiп жатыр. Митинг болды… Екi метр тереңдiктен қабiрдiң тақтай қақпағы көрiндi. Ашылды…

…14 сағат 39 минөтте Сосновецтен 23-19 ТГА нөмiрлi РАФ мәшинесiмен Торғайды бетке ұстадық. Бiз – алтаумыз, табытта Мiржақыптың сүйегi жатыр… Қош, қаралы Сосновец, қош!..

10 қыркүйек, 1992 жыл. Петро­заводск. Таңғы жетiнiң кезiнде ояндым. Тез киiнiп, жiгiттер тұрғанша вокзалға барып билетiмдi тапсырып келдiм. Осы мәшинемен Калинин қаласына (қазiргi Тверь) барып қалуға бекiндiм. Жол аяғына дейiн тұтас жүруге денсаулық шыдамаса да, бiрауық Мiржақып мүрдесi салынған мәшинемен жүре тұрайыншы деген ой да тәттi әрі кірбің арманды оятады.

11 қыркүйек, 1992 жыл. Сағат 6.00. Тверьге келдiк. Жiгiттер елдi бетке ұста­п жүрiп кеттi. Ақ РАФ темiржолдан баяу қоз­ғала бердi… Iшiндегi табытта Мiржақыптың мәйiтi бар… «Ақ жол болсын!» деп, сапарластарыма тiлек айтып қоямын өз-өзiм күбiрлеп. Бiз Қостанайда кездесуге уәделестiк.

…Тверьден Мәскеуге автобуспен келiп, Быково әуежайынан кешкiлiк Қос­танай ұшағына отырдым.

12-14 қыркүйек, 1992 жыл. Қос­танайда Мiржақып мәйiтiн әкеле жат­қандарды күтiп үш күн жаттым. Көшеге шыға қалсам болды «Егемен Қазақстан» газетiнен құлақтанып үлгерген жұрт «Қайырлы болсын, аталарыңның сүйегiн елге әкеле жатыр екенсiңдер!», – деп, тiлектестiктерiн бiлдiрiп, әр нәрсенi қы­зыға сұрайды. Жергiлiктi телерадио арналарынан да Сосновец сапарынан оралушылардың Қостанайға аялдайтыны айтылып, қалың ел елеңдесiп отырды. Осының өзiнен-ақ халықтың аяулы Мiржақыбына деген алабөтен ықыласы аңғарылады.

15 қыркүйек, 1992 жыл. Сағат 15.00. Облыстық «Қостанай таңы» газетiнiң редакциясында қалаға түнге салым келiп жеткен жiгiттердiң басын қосып кездесу өткiздiк. Менiң 22 жыл маңдай терiмдi төккен шығармашылық ұжымым осы оқиғаның ортасында жүргенiмдi мақтан тұтатынын байқатады. Кездесудi газет редакторы Салық Молдахметов жүргiзiп отырды. Кездесуден соң сыртқа шығып, ақ РАФ-ты ортаға алып суретке түстiк. Қостанайда аз-кем «аялдаған» Мiржақып бiр кезде шәкiртi Бейiмбет Майлин негiзiн қалаған облыстық газеттiң алдында өшпес рухымен мiнажат етiп тұрғандай едi…

16-17 қыркүйек, 1992 жыл. Сағат 16.00 М.Дулатұлы атындағы қауымдас­тыққа келiп жеттiк. Ойпаңнан қыратқа көтерiлгенiмiзде алдымыздан мәшинелi, жаяулы қарсы алушылар көрiндi. Тоқтадық. Көңiл толқулы. Алдымыздан Гүлнәр апайдың өзi шығыпты. Мiржақыптың туысы көнекөз Бәйеке Жұмабаев та бар. Сосновецте қабiрдi ашуға қатысқан Мiржақыптың жиенi Ерлан Сатыбалдиев пен кинорежиссер Халила Омаров та осында жүр... Бәрi мәре-сәре болып бiздi қуана құшақтап жатыр. Жерлеудi ұйымдастырушылардың ұйғарымымен мәйiттi жер қойнына екi күннен соң, жұмада табыстауға келiсiлдi.

18 қыркүйек, 1992 жыл. Мiржақып Дулатұлының мүрдесiн ақыреттеп арулап, киiзге орап, сыртынан кiлеммен қапталдап биiк тақта үстiне көлденең қойды. «Әкемнiң артында қалған жалғыз тұяғы едiм, ол асылым барлық қазақтың мақтанышы едi», – деп Гүлнар апай күңiренiп, көзiнiң жасын бұлағанда жан шыдамайды, қабырғаң қайысады… Қаралы жиында он адам сөз сөйледi. Оның қайсыбiрiн тiзейiн… Ауылдық кеңестiң төрағасы Кенжеғали Бекмағамбетовтің сiлтеуiмен азалы лебiздер айтылды…

…Торғай мешiтiнiң имамы Шоқан Ғазезұлы аят оқыды.

Қабір басы... Сыңсып жылау, жоқтау, бас ию. Ауыл күңiренiп кеттi. Жел күшейдi, құм боран тұрды, дүние астан-кестен. Мiржақыпты Табиғат-Ана шашын жұлып жоқтап, дауыс қылып ескерiп-елеп жатқандай…

Туған жерде бiр төмпешiк пайда болды. Мiржақып ендi ғана мәңгiлiк тын­шығандай. Қасиеттi туған топырақ-ай, торқадай есiлiп, жайлы тие көр жамбасына марқұмның!

Арқалық – Мәскеу – Петрозаводск – Сосновец – Беломор – Қостанай – Бидайық – Арқалық.

(1-18 қыркүйек, 1992 жыл.)

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Суретте: М.Дулатұлы мүр­десін Сосновецтен әкелген арнайы экс­пе­дицияға қатысқандар (солдан оңға қарай): Марат Әбсеметов, Айдар Талпақов, Кеңесбай Меркин, Қайсар Әлім, Серік Асқаров, Хамит Райым­ханов. 1992 жыл. Бидайық ауылы